• Басты
  • Талдықорғандықтар 100 коттеджге ие болды
4 Қазан, 2019 17:37

Талдықорғандықтар 100 коттеджге ие болды


Талдықорғандағы жаңа «Береке» шағын ауданында 100 коттедж үй салынып бітіп, пайдалануға берілді. Сөйтіп Талдықорған қаласының туған күніне орай көп балалы аналар, ауған соғысының ардагерлері, кезекте тұрған азаматтар қоныстой қуанышына кенелді.
Талдықорғандықтар 100 коттеджге ие болды

Оларға пәтер кілттерін облыс әкімі Амандық Баталов, ұшқыш-ғарышкер, генерал-майор Айдын Айымбетов және басқа да белгілі азаматтар салтанатты түрде тапсырды.

Қолданысқа берілген 100 коттедж қатарымен сап түзеп «Береке» шағын ауданының ажарын ашып тұр. Екі қабатты үйлердің біркелкі тұр-тұрпаты, аршыған жұрмытқадай аппақ шарбақтары алыстан көз тартады. Баспаналы болу бақытына бөленген көпшілік осы салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталовтың қос мерекемен құттықтаған ізгі тілегін ықыласпен тыңдады.

«Шаңырағың биік, босағаң берік болсын дейтін жақсы тілек бар қазақта. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға осындай тілектерді арнап айтқым келеді. Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, іші шаттық пен бақытқа толсын! Бұл коттеджді қалашық біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, құрылысы біраз саябырлап қалған еді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жандандырып, соның 100 үйін аяқтап, көп балалы аналарымызға, баспанаға мұқтаж азаматтарға беріп отырмыз. Елбасы жүргізген, жаңа Президентіміз жалғастырған мемлекеттік саясаттың арқасында осындай зор нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз»– деді А. Баталов.

Мұнан соң қоныс иелері жаңа үйлерінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталовтың, ұшқыш-косманавт, генерал-майор Айдын Айымбетовтің, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіттің қолдарынан алды.

Сонымен қатар тұрғындарды баспанамен қамтуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосқанын атап өту керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ынта танытқандар қатарында «Сарқан Май», «Адал», «Казфудпродакс», «Жаркент Арасан», «Табыс даму», «Нұр-Шапағат», «Ақсу қант», «Вершки» ЖШС-ларының, «Ернар» шаруа қожалығының, Жаркент Крахмал зауытының басшы азаматтары бар. Осы жомарт жандардың бірқатары ортаға шығып, кілт тапсыру рәсімін атқарды.

Шарада көп балалы ана Зылиха Нұрсейітова, Ауған соғысының ардагерлері Мұрат Әмитов пен Шормақ Ілиясов тұрғын үй иелеріне құттықтау лебіздерін, облыс және қала басшылығына алғыстарын білдіріп, кино саласының көрнекті өкілі Әлімғазы Райымбеков ақсақал бата берді.

Облыс әкімі бастаған ресми өкілдер жаңа үйлерді аралап көріп, көп балалы аналар Рысқан Ақбәкірова мен Зылиха Нұрсейітованың шаңырақтарынан дәм татты.

Жалпы, Талдықорғандағы «Коттеджді қалашықта» бекітілген жобаға сәйкес жалпы алаңы 56,4 мың шаршы метр болатын 606 жеке тұрғын үй (коттедждер) салу жоспарланған. Қазіргі кезде мұнда алаңы 13,9 мың шаршы метрлік екі қабатты 155 жеке үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бес құрылыс компаниясы тартылды. Оның 100-і бүгін пайдалануға берілді.

Көп балалы отбасылар үшін "Le Pes» ЖШС жалпы ауданы 10,2 мың шаршы метрлік 125 пәтерлі 2 үй салуда. «7-20-25» бағдарламасы арқылы 8-ші және 9-шы шағын аудандарда аумағы 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысын биыл бастап, келер жылы аяқтау көзделген. Сонымен бірге бюджет есебінен 8 және 9 шағын аудандарда жалпы ауданы 140,5 мың шаршы метр 1 553 пәтерлік 15 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Ал биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында Талдықорғанда 100,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді, бұл 2018 жылдың деңгейінен 1,8 есе жоғары.

Биылғы жылы көп балалы және аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге республикалық бюждеттен 5,6 млрд. теңге бөлінді, оның 3,4 миллиарды – 492 пәтер сатып алуға, 2,2 миллиард теңгесі 180 пәтер сатып алуға жұмсалатын болады. 

Осылайша мемлекеттік бағдарламалардың арқасында халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жылдан жылға қарқын алып отыр.

 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды