• Басты
  • Табиғатты қорғау инспекторларының мәртебесін көтеру көзделіп отыр - министр
10 Маусым, 2020 17:04

Табиғатты қорғау инспекторларының мәртебесін көтеру көзделіп отыр - министр

Табиғатты қорғау инспекторларының мәртебесін көтеру көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзагалиев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Табиғатты қорғау инспекторларының мәртебесін көтеру көзделіп отыр - министр

Министр мемлекет басшысының браконьерлікпен күрес мәселесіне ерекше мән беруге қатысты тапсырма бергенін атап өтті. Оның сөзінше, министрлік ІІМ және БП-мен бірлесіп 2019 жылы браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнамаға түзетулер енгізген.

"Қылмыстық кодекске біз табиғатты қорғау инспекторлары мен қорықшылардың өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық үшін қатаң жаза қарастыратын жеке бап енгіздік. Инспекторлардың ауыр еңбегін сезіне отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша біз инспектор мәртебесін көтеруді көздеп отырмыз. Осылайша, браконьерлікпен күресу үшін қазіргі заманғы құралдарды қарастыратын біздің инспекцияларымызды жарақтандырудың жаңа нормативтері әзірленді. Жақында ғана Мемлекет басшысы браконьерлікке қарсы күрес ісіне қосқан үлесі үшін бірқатар инспекторларды алғыс хаттармен марапаттады", - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Сонымен бірге ол жануарлар дүниесінде жыл сайын сирек кездесетін жануарлар санының артып жатқанын тілге тиек етті. 

 "Жануарлар дүниесінде жыл сайын сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен киіктер санының артуда. Соңғылардың популяциясы 334 мыңға жетті, өсім 55% құрады. Біз осы динамиканы сақтау үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз", - деді министр.

Бұдан бөлек министр экономикада балық шаруашылығы маңызды рөл атқаратынын айтып, 2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда балық аулау көрсткіші артқанын атап өтті.

"2019 жылы 45 мың тонна балық ауланды, бұл 2018 жылғы деңгейден 23%-ға жоғары (36,4 мың тонна). Салада 11 мың адам жұмыс істейді. Елімізде балық өсірумен 180 балық шаруашылығы айналысады, онда 1 мыңнан астам (1126) адам жұмыс істейді. Тауарлық балық өсіру көлемінің өсуі байқалады. 2019 жылы 6,9 мың тонна балық өсірсе, бұл 2018 жылғы деңгейден 19%-ға жоғары. Осы жылға жоспар – 7,8 мың тонна. Өткен жылы балықты қайта өңдеу нәтижесінде жалпы сомасы 60 млн АҚШ доллары болатын 30 мың тонна өнім экспортталды, бұл 2018 жылғы деңгейден 16,6% - ға артық", - деді министр.


Сонымен бірге министр балық саласындағы өткір проблема балық өнімдерінің көлеңкелі айналымы екенін тілге тиек етті.

"Ол балық өндірудің орташа жылдық көлемінен 5 есе артық. Оны жою үшін балық айналымының барлық процесін су айдынынан соңғы тұтынушыға дейін цифрлау қажет. Балықтарды көлеңкеден шығару салық салу базасын 40 млрдтеңгеге арттырады. Каспий теңізінің ресурстарын игеру есебінен отандық нарық көлемін 66-дан 120 мың тоннаға дейін, балық аулау 45-тен 60 мың тоннаға дейін, ал балық өсіру 7-ден 60 мың тоннаға дейін ұлғайтудың жоғары әлеуеті бар. Осыған байланысты, қазіргі уақытта Министрлік балық саласын ұзақ мерзімді дамыту үшін, оның ішінде инвестициялар тартуға және жұмыс орындарын құруға ықпал ететін саланы субсидиялау бойынша бірқатар заңнамалық шараларды пысықтауда", - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Барлық жаңалықтар