• Басты
  • Табиғатқа залал келтіргендер жазаланады – Экология министрі
22 Шілде, 2020 16:07

Табиғатқа залал келтіргендер жазаланады – Экология министрі

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев елдегі экологиялық жағдай туралы есеп берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Табиғатқа залал келтіргендер жазаланады – Экология министрі

Министр БАҚ өкілдерінің табиғатты аялауға атсалысып жүргенін айтып, алғыс білдірді.

Ол баяндамасын «Waste to energy» технологиясы бойынша әзірленген заң жобасы жайында айтудан бастады. 

Жоба бойынша қоқысты өртеу арқылы қайта өңдеп, электр қуатын алу көзделген. Бұл жоба инвесторларды қызықтырады. Қоқысты өртеу нәтижесінде алынған электр қуатын сатуға болады. Осындай зауыттардың құрылысы бойынша аукциондар келесі жылы өткізілмек, - деді Мағзұм Маратұлы.
Бас экологтың айтуынша, министрлік әзірлеген бұл құжатты Мәжіліс мақұлдапты.
Күзде Парламент Сенатының қарауына ұсынылады деп күтілуде. Елімізде орта есеппен алғанда қалдықтарды өңдеу үлесі өте төмен. Барлығы 15%. Ал еуропалық елдерде бұл көрсеткіш 2 есеге артық. Жасыл экономика тұжырымдамасына сәйкес, біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 40%-ға дейін жеткізуіміз керек», - деп атап өтті министр.
Дәл қазір министрлік өкілдері Қазақстан бойынша рейд жұмыстарын бастап кеткен. Рейд нәтижесі көрсеткендей, тастанды қоқыстардың көбі құрылыстың қалдықтары екен. Соңғы 10 күнде 1 635 стихиялық қоқыс орны жойылды. Бұл қоқыс орындарының жалпы санының бестен бір бөлігі ғана. Қарағанды және Атырау облыстарында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Заңсыз құрылыс қоқыстарын тастап, ауаны ластайтындарға айыппұл салынады. Өкінішке орай, оларға полигонға апарғаннан гөрі айыппұл төлеген тиімдірек. Өйткені айыппұл мөлшері аз.

Қазақстанда барлығы 7,5 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны табылды. Оларды анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ. Экология министрлігінің тапсырысымен ведомство ірі қалалардың айналасына радиус 50 км жерге мониторинг жүргізді.

Стихиялық қоқыс орны туралы ақпаратты енді кез келген азамат +7 777 595 2490 номері бойынша WhatsApp желісі арқылы министрліктің «жедел» желісіне жіберуге болады. 5 күннің ішінде қазақстандықтардан 223 хабарлама келіп түсті. ІІМ, қоғамдық ұйымдар, волонтерлер және журналистер бірлесіп, бейберекет қоқыс орындарына ауқымды қоғамдық рейдтерге шығады.

712.png

Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев экологиялық заңнаманы бұзғаны және табиғатқа зиян келтірілгені үшін жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырғаны белгілі. Экологтың айтуынша, соңғы бірнеше аптада табиғатқа зиян келтіру фактілері әлеуметтік желі арқылы таралуда. Мәселен, Ақтаудағы итбалықтарды ұрып-соғу, Бурабайдағы қоқыс үйінділері, Алматыдағы Ботаникалық саябақты бұзу және тоғандарда Қызыл кітапқа енгізілген лотос гүлдерін жұлу, Көбейтұз көлінен тұз тасып, оны сату. Бұл бізге мәлім болған жағдайлар ғана. Мұнымен қалай күресеміз? Оның екі әдісі бар: Біріншісі – экологиялық білім. Біз халықтың экологиялық ой-өрісін өзгертіп, балаларға табиғатты аялауды үйретуіміз керек. Мысалы, қоқысты өртемей, оны өзіңізбен бірге алып кету, балаларды өсімдіктер мен жануарларды бағып-күтуге үйрету. Табиғат қорғау қызметіне қатысу, ағаш отырғызу, табиғатты қорғау. Бәрі бала кезден басталады. Сондықтан да мемлекет басшысы жақында Білім министрлігіне мектептерде балаларға экологиялық білім беретін жаңа пән енгізуді тапсырды. Екіншіден, айыппұл санкциялары күшейтіледі. Есесіне, Президент министрге тәртіп бұзушыларды қатаң жазалау туралы тікелей тапсырма берді. Осы сенбіден бастап экологтар полицейлермен бірге ұлттық саябақтар мен демалыс аймақтарында рейдтер өткізеді. Топтарға қоғамдық ұйымдар мен волонтерлер шақырылады.

Еліміздің бірегей табиғи байлығын бірлесіп қана сақтай аламыз. Сондықтан журналистерге, блогерлерге, экологтарға, қоғам қайраткерлеріне, қоршаған ортамыздың жай–күйіне бей-жай қарамайтын жандарға айтарым, барлығымыз бірігіп, өзіміз үлгі болып, қоғамды, әрбір қазақстандықты табиғатты аялауға, оған қамқор болуды үйретуге шақырамын, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Басшының мәліметінше, қазіргі уақытта салалық ведомство халық арасында «кәуәп туризмі» деп аталып кеткен қонақ үйлер мен мейрамхана бизнесін емес, экологиялық туризмді дамытуға баса назар аудара отырып, 11 ұлттық парктің шеберлік-жоспарларын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, елімізде 13 ұлттық парк бар, оның 12-сі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне, 1-і – ҚР Президенті Іс басқармасына қарайды.

Министрдің пікірінше, ұлттық парктерде экотуризмді дамытудың басты ерекшелігі жаяу жүргіншілер жолдарын дамыту арқылы туристерді барынша көп тарту болады.

Журналистің бірегей көлдердің (Көлсай, Есік) жағалауында қонақ үйлер бизнесін дамыту үрдісі туралы сұрағына жауап бере отырып, министр қолданыстағы заңнама аясында табиғатты қорғау аймақтарында заңсыз құрылыс жүргізу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Көл демекші, әлеуметтік желіде біраз талқыға түскен Көбейтұз көлі ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналады. Министр көл тұзының адамның денсаулығына тигізер пайдасының жоқтығын атты. Көлден алынған сынамалар тұздың тек көл үшін ғана маңызы зор екенін көрсетіпті.

Айтпақшы, Көбейтұз көліне көлікпен кіріп, халықтың ашуына тиген азаматқа айыппұл салынды.

Құқық қорғаушылар тәртіп бұзушыны екі бап бойынша әкімшілік жауапқа тартқан. Атап айтқанда оған әкімшілік кодекстің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша ескерту жарияланып, 434-бабының ІІ тармағы бойынша (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл салынды.

Министрліктегілердің айтуынша, Жаңа Экологиялық кодексте заңнаманы бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері артады. Тіпті, қылмыстық жаза да тағайындалуы мүмкін.

Туристердің мұндай іс-әрекеттері су нысанының экожүйесінің бұзылуына әкеледі. Көбейтұз көлінде жиналған қоқыстар үшін бірнеше адам жауапқа тартылды. Бірақ қолданыстағы механизм нәтижесіз, көп жағдайда айыппұл төлеу «арзанға» түседі.

Осыған байланысты Президенттің тапсырмасымен табиғатқа келтірілген залал үшін жазалауды күшейту жұмыстары басталды. Министрлік заңнамалық негіз әзірлеп, оны күзде депутаттардың қарауына ұсынбақ.

Карантин кезіндегі қоқыс көлемінің өскенін де министр осы брифингте мілңм етті. Соған қарамастан, тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және кәдеге жарату штаттық режимде жүргізіледі.

Экоактивистердің айтуынша, карантин кезінде адамдар азық-түлікті көп тұтынады,осылайша тұрмыстық қалдықтар саны өсуде. Іс жүзінде қалдықтарды бөлу және оларды кәдеге жарату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде баяндады.

Еліміздің бас экологы атап өткендей, карантин кезінде қоқыс саны артты, бірақ жергілікті атқарушы органдар қоқысты бөлек жинау және шығару бойынша барлық жұмыстарды штаттық режимде жүзеге асырды.

Дәрілік қалдықтарды, медициналық маскалар мен қолғаптарды кәдеге жаратуға байланысты жағдай туралы түсініктеме бере отырып, министр ірі қалаларда бұл жұмыс қоқыс шығарушы компаниялармен бірлесіп, өңірлік полиция операторы арқылы жүргізілетінін хабарлады.

Біз медициналық қалдықтарға жеке контейнерлерді орналастыруға барынша тырыстық, себебі олар бөлек кәдеге жаратылуы тиіс. Бірінші кезекте қалалар бар, бұл жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған аудан орталықтары. Онда біз тұрғындарды мұндай қоқыстарды жеке пакеттерге жинауға шақырдық, - деп толықтырды министр.
Қоқыс өртейтін зауыттар «Өнеркәсіптік қалдықтар туралы» Еуропалық директиваға балама талаптарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Еуропада мұндай зауыттардың шығарындыларының көрсеткіштері аса төмен. Мысалы, Венадағы Шпиттелау қоқыс өртеу зауытында диоксин шығарындылары жылына 1 граммға дейін жетеді.
Мұндай зауыттарды республиканың 6 қаласында пилоттық түрде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалаларында. Әлеуетті инвесторлармен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, біздің министрлік қазір жер телімдерінің болуы, инфрақұрылым және қалдықтарды кепілді тиеу бойынша мәселені әкімдіктермен белсенді түрде пысықтауда, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Айта кету керек, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында: «Демалыс орындарында жаппай, азаматтарымыздың мәдениеті жетіспейді. Отандастарымыздың бірегей «қызғылт» Көбейтұз көліне келтірген залалы наразылық тудырады. Осы жағымсыз фактілер өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеудегі проблемаларды айқындап берді. Білім, экология, ақпарат министрліктері бұл міндетті басым бағытта ұстануы керек»,- деп жазды.


Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар