• Басты
  • Тағы да локдаун енгізілсе, Қазақстан кәсіпкерлерінің көбі банкротқа ұшырайды – А. Мырзахметов

Тағы да локдаун енгізілсе, Қазақстан кәсіпкерлерінің көбі банкротқа ұшырайды – А. Мырзахметов

25 Қыркүйек, 2020 13:53

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тағы да бизнес өкілдерінің мәселелері көтерілді. Қазақстанның бизнес саласының ең басты өкілі пандемия кезінде ел бизнесмендері көрген қиыншылықтары туралы айтып берді. Шағын және орта бизнес өкілдерінің карантиннен кейінгі жағдайы, бизнесін қайта жандандыра алмай отырған кәсіпкерлер, көлеңкелі бизнес, салықтан босату мен несие төлеуді кейінге қалдыру мәселелерін Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар.


Брифинг тақырыбы мемлекет басшысының Жолдауы аясында бизнестің жағдайы және ШОБ саласындағы дағдарысқа қарсы ұсынылған шараларға арналды. Спикер біреу. Ол - "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма төрағасы. 

Ұлттық Кәсіпкерер Палатасы басшысының айтуынша, жыл сайынғы мемлекет басшысының Жолдауы халық арасында үлкен қызығушылық тудырады.

Биылғы Жолдаудың маңыздылығы жоғары. Өйткені пандемия кезінде қоғамның әр саласында өзгерістер орын алды. Мен кәсіпкерлер туралы айтатын болсам, пандемия еліміздің бизнес саласына кері әсерін тигізді. Карантин салдарынан көптеген кәсіпкер табысынан айырылды, шектеу шаралары қысқарса да, кәсібін қайта жандандыра алмай отырған кәсіпкерлер жетерлік. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, - деді ол.

Мемлекет тарапынан бизнеске көрсетілген қолдау шараларына толығырақ тоқталды.

Мәселен, банктерден несие алған кәсіпкерлердің 40 %-дан астамы несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігін алды. Несие төлеуден босату мерзімі 1 қазанға дейін еді, қазір жыл соңына дейін ұзартылды. Бұған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Үкіметке жолдаған ұсынысы нәтижесінде қол жеткіздік. Өздеріңіз білетіндей, жеке кәсіпкерлер салықтан босатылып жатыр. Пандемия 1,5-2 жылға дейін созылуы мүмкін. Қазір жұдырық болып жұмылып, Президент айтқандай, елдегі тұрақтылықты сақтау үшін тиімді шараларды қарастыруымыз керек. Отандақ тауар өндірушілерді қолдау туралы, ауыл шаруашылық саласын дамыту да жолға қою керек. Бизнестің шағымы мен проблемалары ескеріліп, тиісті шаралар іске асырылып жатыр, - деді.

Абылай Мырзахметов 2021 жылды жаңа парақтан бастау керектігін баса айтты.

Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа бейім салаларда процесстерді жүргізуге өзгеріс қажет. Оларға сәулет-құрылыс қызметі, санэпидқадағалау, ветеринария, сертификаттау жатады. Бұл бизнес өкілдері үшін өте маңызды мәселе. Себебі біз қазір көптеген бизнес жүргізу мен рәсімдеудегі шаралар кеңес заманындағы сияқты – бюрократиясы көп. Президент бұл жөнінде бизнестің ашылуынан жабылуына дейінгі шаралар түсінікті, артық қадамсыз, цифрлық негізде жаңадан реттеу керектігін айтты. Келесі жылы көп жұмыс істеу керек: бизнес ыңғайлы жұмыс істеуі үшін нөлден бастап реттеу өрісі керек,- деді Мырзахметов.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында отандық бизнесті қолдау бойынша бірқатар шараларды нақты көреткен еді.

Абылай Мырзахметовке журналистер тарапынан қойылған алғашқы сұрақ көлеңкелі экономикаға қатысты болды. Ірі бизнесмендердің өзі табысын мемлекеттен жасырып, салық төлеуден жалтарып, көлеңкелі бизнес жасайды. Осындай ірі компаниялардың атын атап, «Атамекен» палатасы мен салық органы бірлесіп қалай жұмыс істелу керектігі сұралды.

Абылай Мырзахметов бұл сұраққа Қазақстандағы ірі корпорациялардың көлеңкелі бизнеске бармайтынын ашып айтты.

Біздің елде ірі корпорациялардың саны 1000-ға жуық қана. Олардың көбі мұнай сияқты ірі өндіріс кешендері. Олар мемлекетке ірі көлемде салық төлейді. Ал көлеңкелі бизнесті көбінесе базардағы жеке кәсіпкерлер жасауы мүмкін. Қазір жеке кәсіпкерлер салық төлемейді. Соған сәйкес тауарлар бағасы арзан болады. Қазір ол пайдалы сияқты. Дегенмен, бұл мемлекет үшін де, тұтынушылар үшін де кері әсері бар. Салығы төленбеген тауарлар сертификаттаудан өтпейді. Сертификаттаудан өтпеген тауардың сапасы күмәнді болады. Ал салық төленбегені мемлекеттің қазынасы үшін зиян. Көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюдың бірден бір жолы – қолма-қол ақша төлеуді тоқтату. Барлық сауда нүктелерінде кассалық аппарат болу қажет, сол арқылы тұтынушы банк картасымен төлеп, міндетті түрде түбіртек (чек) талап етуі керек. Цифрлық жүйеге толығымен өтсек, экономикамыз біршама алға қадам жасайды, - деп түсіндірді спикер.

Пандемия адамдарға «маска» кигізіп, біраз саланың «маскасын» шешкені белгілі. Мемлекет басшысы салық саласына толық ревизия жүргізілетінін айтқан болатын. 2022 жылға дейін жаңа Салық кодексі жазылады. Жаңа Кодекс бизнес өкілдері үшін тиімді болуы шарт.

Өткен аптада Алматы қаласы Кәсіпкерлер Палатасының директоры Нариман Әбілшайықов Алматыда 6000 жаңа кәсіпкер пайда болғанын айтқан еді. Осы орайда журналист сауалы мынадай болды: карантиндік шектеу шаралары кезінде елімізде қанша кәсіпкерлер кәсібін тоқтатты? Кәсібін қайта жандандыра алмаған бизнес өкілдерінің нақты саны белгілі ме?

Карантин кезінде 800 000 - нан аса бизнес өкілдері өз кәсібін тоқтатуға мәжбүр болды. Олардың көпшілігі қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер. Карантиндік шектеу шаралары азайтылып, 17 тамыздан бастап көпшілігі жұмысқа қайта кірісті. Бірақ әлі де жұмысын қайта жандандыра алмай отырған 200 000 кәсіпкер бар. Олардың басым бөлігі – тойхана, банкет жасайтындар. Асханалардың 15-20%-ы рұқсат берілгеніне қарамастан жұмысын бастай алмай отыр. Себебі, жабық нысан ішінде адамдардың тығыз отыруына тыйым салынған. Ал далада да отыру қазір мүмкін емес, себебі күн суытты. Олар үшін бизнес табыстан гөрі шығын, - деді «Атамекен» басшысы.

Күзде екінші толқын бола қалған жағдайда ШОБ өкілдеріне мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрақ қойылды. Мырзахметов қазақстандық кәсіпкерлердің пандемия кезінде 6 түрлі қиыншылыққа ұшырағанын айтты. Олар:

-         Салық төлеу;

-         Несие төлемін өтеу;

-         Мәжбүрлі түрде еңбек демалысына шыққандарға айлық төлеу;

-         Жарнама;

-         Ғимаратты жалға алу;

-         Коммуналдық төлем.

Біз пандемия басталғаннан бері Қазақстан кәсіпкерлерімен күн сайын кері байланыс орнатып отырмыз. Бұл қиыншылықтарды бизнесмендермен жасалған сауалнама нәтижесінде білдік. Шағын және орта бизнес өкілдері наурыз айында болған девальвацияның әсерінен шетелден тауар, шикізат алуда біраз қиындыққа тап болды. Одан кейін локдаун болып, көп кәсіпкер кәсібін қатты түсіріп алды. Біз сол кезде Үкіметпен келіссөздер жүргіздік. Экономиканы сақтап қалуға 6 трлн теңге қаражат бөлінді. Оның 2 трлн-ы кәсіпкерлерді салықтан босату үшін жұмсалды. Қалған қаражат та ШОБ өкілдерін қолдау мақсатына жұмсалды. Енді екінші толқын келе қалған жағдайда, локдаунның болуына жол беруімізге болмайды. Егер локдаун бола қалса, Қазақстанның көптеген кәсіпкерлері банкротқа ұшырайды. Қазақстан экономикасы зардап шегеді. Экономикамызды қайта көтеру үшін біраз уақыт пен күш қажет болады, - деді А. Мырзахметов.

Барлық жаңалықтар