Басқару

БАҚ өкілдері мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір қызметін атқарады – Г.Әбдіқалықова

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсыру және алғысын жариялау рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы 26 Маусым, 14:54

Рәсім барысында Гүлшара Әбдіқалықова сыйлық лауреаттары мен грант иегерлерін, Мемлекет басшысының алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ Қазақстанның барша журналистер қауымын кәсіби мерекесі – Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күнімен құттықтады.

«Отандық журналистер, баспагерлер, телевидение мен радио қызметкерлері ақпарат жеткізумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір қызметін де атқарады. Шығармашылық саласындағы дәл осы адамдар елімізде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар жөнінде бәрінен бұрын біліп, жұртшылыққа жеткізіп отырады», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы елімізде кейінгі жылдары БАҚ саласындағы бәсекелестіктің артқанына, шығармашылық бастаманың жанданғанына тоқталып, еліміздегі мемлекеттік саясат пен жүзеге асырылып жатқан реформалар бағытының шынайы қабылдануы журналистердің сапалы жұмыстарына байланысты болғандықтан осы саланың мамандарынан жоғары кәсібилік талап етілетінін айтты.

«Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін ынталандыру мақсатымен Елбасының арнайы сыйлығы жарияланды. Бүгін қалыптасқан дәстүр бойынша үздік журналистер мен шығармашылық ұжымдарды марапаттаймыз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мемлекет басшысының өкімімен Президент сыйлығы «іnformburo.kz» интернет-порталының бас редакторы Михаил Викторович Дорофеевке, «Астана» республикалық телеарнасының бас директоры Ләззат Мұратқызы Танысбайға берілді.

Гранттар «Хабар» республикалық телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі Айгүл Нұрханқызы Әділоваға,  «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Мейіржан Әлібекұлы Жиенәліге тапсырылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы «Алматы» телеарнасының, «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің, «Балдырған» республикалық балалар журналының, «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясының» шығармашылық ұжымдарына жарияланды. 

 

 





Яндекс.Метрика