• Басты
  • Тәжікстанда Қазақстандық медицина күндері өтуде
19 Желтоқсан, 2019 18:02

Тәжікстанда Қазақстандық медицина күндері өтуде

Тәжікстанда қазақстандық медицина күндерінің ашылуы өтті. Іс-шараның мақсаты -  екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру, Тәжікстан мен Қазақстан азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін тәжірибе,  білім, инновация, технологиялармен алмасу.
Тәжікстанда Қазақстандық медицина күндері өтуде

Қазақстандық делегация құрамында  жетекші медициналық орталықтардың, бейінді медициналық және санаториялық-профилактикалық ұйымдардың, медициналық жоғары оқу орындарының, консалтингтік компаниялардың өкілдері бар. 

 Қазақстанның Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев өзінің құттықтау сөзінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар туралы айтты. "Қазақстанда  денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінген. Оған бірден бір дәлел, Қазақстан Үкіметі 2020 жылғы қаңтардан бастап денсаулық сақтауға мемлекеттік шығыстарды кезең-кезеңмен ұлғайту туралы шешім қабылдады.  Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау шығындарын 2025 жылы ЖІӨ-нің 5 пайызына жеткізуді тапсырды. Қазір бұл көрсеткіш 3,2 пайыз. Елбасының тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай МСАК және қоғамдық денсаулық шығындарының үлесі 60 пайызға жетуі тиіс", - деді Олжас Әбішев.

 Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық деректерді цифрландыру мен сапасын жақсарту шараларын  белсенді жүргізуде. "Денсаулық сақтауды цифрландыру емханалардағы кезекті 30 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Медициналық ұйымдар медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшті. Медициналық ақпараттық жүйелерде ел халқының 95 пайызына  жергілікті электрондық денсаулық паспорттары жасалып, толтырылды.  2018 жылы дәрімен қамтамасыз ету орталықтандырылып, дәрі-дәрмектер ашық сатып алу әдісіне ауыстық, тегін дәрі-дәрмек берудің электрондық есебі енгізілді, бірыңғай байланыс орталығы іске қосылды",-деді вице-министр.

  Форумның ашылуының  соңында Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев Тәжікстан тарапына  денсаулық сақтау саласындағы жемісті ынтымақтастық үшін алғыс білдірді: "екі елдің денсаулық сақтау жүйесі саласындағы сенім мен әріптестікті жоғары бағалаймыз және оны дамытудың болашағы зор деп есептейміз. Сондықтан денсаулық сақтау мәселелеріндегі  өзара тығыз іс-қимыл біздің бауырлық байланысымызды  нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететіндігіне сенімдімін".

  Естеріңізге сала кетейік, Тәжікстанның  Душанбе қаласында 19-20 желтоқсан аралығында қазақстандық медицина күндері өтеді. Іс-шараның бірінші күні қазақстандық медицинадағы  жетістіктерге арналаған форум мен көрме өтеді. Форумға қатысушылар Қазақстанның денсаулық сақтау реформалары туралы ақпарат  алады, тәжірибелік медицинада қолданылатын инновациялар және озық технологиялармен танысады.

        Диалогтық алаңдар медициналық туризмді дамыту, кардиологияда заманауи технологияларды қолдану, кардиохирургиялық қызметті дамыту, репродуктивті хирургияға қол жеткізу, денсаулық сақтауды цифрландыру және т. б. мәселелерді талқылауға шақырады.

       Іс-шараның екінші күні Душанбе қаласының жетекші медициналық ұйымдары базасында  қазақстандық дәрігерлер тегін мастер-класстар өткізіп, пациенттерді тексереді, кеңес береді. 

      Айта кету керек, қазақстандық делегация  құрамында 80 жуық адам бар және 30 астам спикер  баяндама жасайды. Сонымен қатар, көрме стендтерінде 15 жоба ұсынылды, ал жалпы көрмеге еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің 20 ұйымы қатысты. Травматология, кардиохирургия, хирургия және онкология бағыттары бойынша  хирургиялық операциялар жасалады, 15 мастер-класс өткізу жоспарлануда.

      Сондай-ақ, Душанбедегі медициналық мекемелерде тәжік пациенттеріне  нейрохирургия, травматология, кардиология, оториноларингология, репродуктология сияқты бағыттар бойынша 10 астам қазақстандық медициналық ұйымның  дәрігерлері консультация береді. Қазақстан мен Тәжікстанның медициналық ұйымдары мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы 20 астам меморандумға қол қою жоспарлануда.

Барлық жаңалықтар
66.249.70.90, 192.168.88.100