• Басты
  • Түзету мекемелерінде сотталғандармен жұмыс қалай жүргізіледі

Түзету мекемелерінде сотталғандармен жұмыс қалай жүргізіледі

22 Ақпан, 2021 12:42

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында өткен брифингте өткен аптаның криминогенді жағдайы хабарланып, сондай-ақ сотталғандардың түзету мекемелеріндегі тәрбелеу жұмыстары туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Ресми өкілдің мәліметінше, бір апта ішінде 3366 қылмыстық іс тіркелді. Оның 2184-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай, 13 кісі өлтіруді, 6 өлімге әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян жасауды, 45 тонаушылықты, 1 қарақшылықты және 511 бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысын ашты.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Есболатов атындағы Алматы академиясының жаңа факультетінің ашылуына қатысты. Бұл факультетте Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамы мен орта басшылық қызметтерінің мамандары даярланатын болады.

«Мемлекет басшысының Ішкі істер органдарының әлеуетін арттыру мен кадрлар дайындау туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында полиция басқармаларының бастықтары мен олардың орынбасарларынан бастап аумақтық полиция бөлімшелерінің бастықтарына дейінгі басшылық құрам лауазымдарына барлық тағайындау, сондай-ақ президенттік кадрлық резервіне қабылдаулар осы факультетте білім алған қызметкерлер арасында жүргізілетін болады», - деді Нұрділдә Ораз.

Академияның профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесуге Ішкі істер министрінің өзі қатысып, нақты тапсырмалар айтқан. Ведомство басшысы сөйлеген сөзінде тыңдаушылардың бірінші легі осы жылдың 29 наурызында келетінін айтты. Дәріскерлер тобына ішкі істер органдарының оқу аппараттарының басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам өкілдері, қазақстандық және шетелдік көрнекі ғалымдар, қоғам қайраткерлері кіреді. Министрге факультеттің ашылу рәсімінде ғылым, білім және полицияның практикалық қызметін интеграциялауды көздейтін ғылыми зерттеу институтын құру жобасы, сондай-ақ халықаралық, интеграциялық және стратегиялық даму, идеологиялық, имидждік жұмысты жобалауды басқару бөлімдері таныстырылды.

Бұл жұмыстардың барлығы ішкі істер министрлігінің қызметін реформалау жұмыстары аясында жасалып жатқанына назар аударды министр.

«Ведомстволық оқуға назар аудара отырып, жаңа форматтағы кадрларды даярлаудың іргетасын қайлаймыз. Алматы академиясы қызметінің басым бағыты – заманауи талаптарға жауап беретін жоғары білімді қызметкерлерді даярлау», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр Ерлан Тұрғымбаев өткен аптада 30 жеке азаматты түрлі өтініштермен қабылдады. Қабылдау онлайн форматта өтті. Ведомство басшысы апта сайын азаматтармен кездесу жүргізіп тұрады. Көбінесе азаматтар ішкі істер органдары қызметкерлері қабылдаған шешімдердің заңдылығын тексеру туралы өтінішпен келеді. Азаматтарды қабылдау кестесі министрліктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында және ресми сайтта жарияланады.

Нұрділдә Ораз әдеттегідей өткен аптада ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысы үшін алғыс білдірген хаттарды оқыды.

Өткен аптада ішкі істер министрлігінің басшысы сенаторлармен бірге елдің пенитенциялық жүйесін дамыту мәселесін талқылады. Тұрғымбаев қамауда ұстау орындарының инфрақұрылымын дамыту, сотталғандарды жұмысқа орналастыру, олардың денсаулығын жақсарту, сондай-ақ мекемелерді бейнебақылаумен жабдықтау туралы айтты. Министр қабылданатын шаралар сотталғандарды ұстауда айтарлықтай жақсартатынын және жазаларды орындау жүйесін ізгілендіру үшін құқықтық жағдайларды қамтамасыз ететінін атап өтті. Бүгін де сотталғандардың азық-түлік, кітаптар, жеке заттар сатып алуға мүмкіндіктері бар. Олар туған-туыстарымен бейне байланыс арқылы сөйлесе алады. Сенаторлар министрліктің бұл жұмысына оң баға беріп, қылмыстық атқару қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқарма бастығы Бибігүл Мұңайтпасова бүгінгі брифингте сотталғандармен тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмысты ұйымдастыру туралы айтып берді.

Оның айтуынша сотталғандармен тәрбиелік, әлеуметтік-психологиялық, адамгершілік, дене еңбегі сияқты жұмыстар ұйымдастырылады.

«Сотталғандармен әр бағытта жұмыс істейміз. Олардың мерзімі мен қылмысты өтеп жатқан мекемесіне, қылмыс жасаған жағдайына қатысты жүзеге асырылады. Олармен жұмыс жеке және топпен жүргізіледі. Тәрбие жұмыстарын психолог, педагогтар жұмыс істейді. Әр қылмыскердің мінез-құлқы мен жасаған қылмысына қарай жеке тәрбиелеу жұмыстары да жүргізіледі», - деді ол.

Осындай тәрбие жұмыстарының қорытындысы бойынша олардың тәртіптеріне баға беріледі. Сотталғандар рақымшылық пен өтініштер беру үшін барлық түзету мекемесінде электронды терминалдар бар. Спикердің айтуынша, бұл сотталғандардың өтініштерін жедел қарауға мүмкіндік береді.

Жақында сотталғандар арасында әдебиеттен байқау өтті. Мұңайтпасова айтқандай, байқаудың тақырыбы «Өкіну мен тәубе. Менің бақытты күнім» деп аталды. Байқау онлайн жүргізіліпті. Қазіргі таңда түзету мекемелерінде кітапхана қорларын толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Кітап сыйла» атты акция да ұйымдастырылды.

Қарағанды облысында шексіз оқу жүйесі бар. Сотталғандар кез келген кітапты оқып, мазмұндап береді. Комиссия олардың жұмысы бойынша қорытынды шығарады. Қорытындыға сәйкес сотталғандар үшін жеңілдік, рақымшылық берілуі мүмкін, - деді Мұңайтпасова.

Мұңайтпасова басқарып отырған комитет 64 үкіметтік емес ұйым мен қорлармен бірге жұмыс істейді.

«Біз жоспарлы түрде сотталғандармен жұмыс істейміз. Сотталғандарды тәрбиелеу бойынша демалыс күндері 5 мың шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 2 мыңнан астамы мәдени тақырыпта, 3 мыңнан астамы спорттық бағытта жүзеге асырылды. Сондай-ақ сотталғандарға бірінші күннен бастап психологияық көмек көрсетіледі. Түзету мекемелерінде 75 релакс кабинеттері бар. Мұның бәрі бостандыққа шыққаннан кейін қоғамда өзін еркін сезіну үшін, қылмысты қайталамауы үшін жүргізеді», - деді ол баяндама соңында.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі ақпан айының ауа-райы құбылмалы екенін айтып, алыс жолға көлікпен шығатын жолаушылар мен көлік жүргізушілерге ескерту жасады.

«Алыс жолды жоспарламас бұрын ауа-райы болжамын қарап алған дұрыс. Қазір тас жолдары көктайғақ. Қалалар арасына көлікпен шығуда абай болған абзал», - деді Нұрділдә Ораз.

Барлық жаңалықтар