• Басты
  • Тәуелсіздікке 30 жыл: Мерейтой қалай тойланады

Тәуелсіздікке 30 жыл: Мерейтой қалай тойланады

14 Мамыр, 2021 15:15

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт мнистрі Ақтоты Райымқұлова Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау жоспары туралы баяндап, өзі басқарып отырған министрлік қандай жұмыстар атқарғаны туралы есеп берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерейтойының мақсаты

Оның айтуынша, жоспарланған әр шара ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ елдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

«Жыл басынан бері БАҚ-та ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылатын шаралар туралы ақпарат таратылды. Қазіргі уақытқа дейін 300-ден астам материал жарық көрді, мәдениет және өнер қайраткерлері мен белгілі спортшылардың қатысуымен 100-ден астам сұхбат берілді. Мәдениет, спорт, туризм жайлы 50-ден астам бейнеролик көрсетілуде», - деді А.Райымқұлова.

Спорттық шаралар

Райымқұлова баяндамасын спорттық шаралар туралы айтудан бастады. Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті. Оның шеңберінде 150-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіліп, #МеніңТәуелсіздіккеүлесім акциясы және «Менің жетістігім-Менің елімнің жетістігі» челленджі іске қосылды. Еліміздің атақты спортшылары туралы «Спорттағы 30 атақты есім» жобасы ұйымдастырылды. Бұл жоба Қазақстанды халықаралық спорттық аренада әйгілеуге түрткі болған спортшыларымыздың жетістіктері, жас спортшыларға мотивация ретінде, сондай-ақ халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

«2021 жылғы 10 ақпанда Қ.Мұңайтпасов атындағы республикалық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде аты аңызға айналған қазақ балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты», - деді министр.

Райымқұлова инфрақұрылымды жақсарту мен спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Оның есебінше, осы жылдың ақпан айында айында дзюдо орталығының салтанатты ашылуы, Ресей, Марокко және Қырғызстаннан 80-нен астам спортшының қатысуымен шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа құрлықтық кубогы, «Құсбегілік», «Қазақ күресі», «Жекпе-жек» және т. б. Қазақстан чемпионаттары өткен.

Мереке қарсаңында қазақстандықтар өз жетістіктерін Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арнап жатыр.

«Олардың арасында, Мария Ауезованы ерекше атап өткім келеді. Ол Эверест тауының Кала-Патхар шыңына (5364 метр) шыққан әлемдегі ең алғашқы мүмкіндігі шектеулі қыз болып, әлемнің аңызына айналды. Күні кеше ғана альпинизмнен еңбегі сіңген спорт шебері Мақсұт Жұмаев жер бетіндегі ең биік тау жүйесі – Гималайдағы Шығыс Лобуче шыңдарын бағындырып, өзінің жетістігін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арнап, 6119 метр биіктікке ту тікті», - деді спикер.

Өткізілетін шаралар барлық өңірде эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, санитарлық талаптарды қатаң сақтап өткізіледі.

Наурыз мерекесіне орай 8000 шара жасалды

Райымқұлова әр айда өткізілген шараларға есеп берді. Мәселен, наурыз айында 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айту – парызым» челленджі және «Медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге алғыс!» акциясы іске қосылды. Республикалық ұйымдар дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған «Мейірімді болайық бауырлар» және «Достардың музыкалық кеші» шығармашылық концерттерін ұйымдастырды. 14 наурызда «Көрісу күні» аясында республика бойынша кішілердің үлкендерге құрмет көрсету, ізгі тілектер мен баталарды айту дәстүріне негізделген бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында берілген тапсырмасы аясында Наурызды мерекелеуге жаңа форматтағы тұжырымдамалық тәсілдер әзірленді», - деді спикер.

Барлық облыста Наурыз мерекесіне қатысты 8 мыңнан астам іс-шара өткізілген.

Ақтоты Райымқұлова театрлардағы қойылымдар жайлы баяндады. Айтуынша, биыл ұлттық қойылымдарға ерекше назар аударылды.

«Неміс театры «Қарагөз» спектаклін, «Астана Опера» театры «Қыз Жібек» операсын, Қ. Қуанышбаев атындағы театр жаңа сахнада «Құнанбай» спектаклінің премьерасын ұсынды, «Ұлытау» мұражай-қорығы «Мәңгілік елдің мәртебесі Наурыз» көрмесін таныстырды», - деді ол.

Айтпақшы, коронавирус пандемиясына байланысты көптеген шаралар онлайн форматты өткізіліп жатыр.

Тәуелсіздік мерейтойын тойлау кезеңдері мен жоспарлар

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында шілде айында 30 жаңа жоғары көркем өнер туындыларын әзірлеу үшін «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурстары басталады, олардың қорытындылары Тәуелсіздік күні қарсаңында шығарылады деп жоспарлануда.

«Тәуелсіздіктің 30-жылдығына арналған 30 кинотуынды» жобасы аясында идеологиялық және тәрбиелік сипаттағы тарихи, көркем және анимациялық фильмдер әзірленеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында ең күтілетін ұлттық киножоба – «Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмінің тұсаукесері өтетін болады», - деп бөлісті министр.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес шілденің бірінші жексенбісінде дәстүрге айналған «Ұлттық домбыра күні», сонымен қатар Елорда күні қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысуымен өтетін «СӘЛЕМ, ЕЛОРДА!» фестивалі ұйымдастырылады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеудің соңғы кезеңі «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ – Тәуелсіздіктің 30 негізі» атты 30 жұлдызды күн болмақ, оның аясында мәдениет ұйымдарының күндері басталады, күн сайын өнердің барлық жанрындағы жаңа туындылардың тұсаукесерлері өтеді.

Жыл бойы өнердің үздік үлгілерін жасауға, бұқаралық спорт пен ішкі туризмді дамытуға және оларды одан әрі ілгерілетуге бағытталған идеологиялық-мазмұнды және сапалы шараларды өткізу жоспарланған.

Ұлттық туризмді дамытуға бағытталған шаралар

Райымқұлова туризм саласында атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар туралы айтты.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында туризм саласында министрлік республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр», - деді ол.

Қазіргі кезде туристік нарықтың қызметін одан әрі ынталандыру бойынша заңнамалық актілер қабылданып, ішкі туризммен танысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, көрсетілетін қызметтер желісі ұлғайтылған. Инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлық жағдайлар жасалуда.

Оның ішінде мәдениет, әдет-ғұрыппен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этно-туризм ерекше өзектілік пен танымалдылыққа ие.

«Осы бағытта маусым-қыркүйек айларында Алматы қаласының туристік тартылыс орындарында қолөнершілердің қатысуымен «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Алматы қаласында ұлттық тағамдары мен Қазақстан халықтарының тағамдарын танымал ету мақсатында «Kok bazar Fest» (2021 жылдың IV тоқсаны), Ақтөбе облысында «Көшпенділер (Номад) мұрасы» (2021 жылдың маусымынан тамызына дейін), Шығыс Қазақстан облысында BUQTYRMA FEST (2021 жылдың тамызы) және Ақмола облысында «Burabike» (2021 жылдың қыркүйегі) сияқты әр өңірге тән фестивальдерді өткізу жоспарлануда», - деді ведмство басшысы.

Туризмді дамыту мақсатында осы жылы Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашылады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» ақпараттық туры және т.б. өткізу жоспарлануда.

Ішкі туризмді дамыту мақсатында әр облыс түрлі шараларды ұйымдастырып жатқанын да айта кетті.

Мәдениет, спорт және туризм министрі айтып өткендей, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстанның қолданыстағы туристік өнімдерінің тізімін қалыптастыру мақсатында елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын 30 жаңа трансұлттық және өңірлік туристік өнімдерді (2021 жылғы тамыз) әзірлеу бойынша арнайы жоба іске асырылады.

«Ұлы Жібек жолы бойында трансұлттық маршруттарды құру және Қазақстанның ТОП-10 туристік дестинациясы жасалады. Сонымен бірге ұлттық және халықаралық деңгейде еліміздің туристік әлеуетін одан әрі ілгерілету мақсатында Қазақстанның 30 туристік өнімдерінің каталогы құрылады», - деді министр.

Биыл туризм саласында жоспарланған 30 зәкірлі инвестициялық жобан ске асады. Ақтау курорттық аймағын дамыту шеңберінде Ақтау қаласында көпфункционалды туристік кешеннің құрылысын жалғастыру (тақырыптық парк, гольф-клуб, сауда орталығы, қонақ үйлер), Маңғыстау облысындағы «Нұр» көпфункционалды емдеу-сауықтыру кешені, Алматы қаласындағы «Holiday Inn Express» қонақ үйі, ТОП-10 туристік дестинациясы және бүкіл ел бойынша бірқатар инвестициялық жобалар бар.

«Жалпы, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 1 трлн теңгеден астам жеке және мемлекеттік инвестициялар тартып, нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда», - деді ол.

Абайдың 175-жылдығы, Әл-Фарабидің 1150-жылдығы

Естеріңізде болса, өткен жылы Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1 150 жылдығы және Алтын Орданың («Ұлық ұлыс») 750 жылдығы өткізілді. Алайда, пандемияға байланысты өз деңгейінде тойланбады. Президент өз сөзінже тойлаудың маңыздылығы жоқ екенін айтқан еді. Ұлыларың мерейтойларында ой толғау, ой – өрісімізді кеңейту үшін шаралар жасалу керек деген.

Министр мәлім еткендей, Абай есімімен байланысты инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар, Абайдың Жидебайдағы қыстағында, «Ұлжан-Зере» кесенесінде, Семей қаласындағы Ахмет Риза мешіті мен медресесінде, Бөрілі ауылындағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары, сондай-ақ Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлының музейінің құрылысы аяқталды.

«Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің бас ғимаратының аумағында Мемлекет басшысының қатысуымен «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіші ашылды. Осылайша, Абайдың «Жидебай Бөрілі» музей-қорығының объектілерінде жүргізілген зерттеу, ғылыми-реставрациялау, жөндеу жұмыстары және музейлендіру шеңберінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қазіргі заманға сай пайдалануға, сондай-ақ оларды сақтауға және өскелең ұрпақ арасында танымал етуге жағдайлар жасалды», - деді ол.

Абай тұлғасын терең зерттеу және іргелі зерттеулер жүргізу үшін Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты құрылды, мәдениет және білім беру ұйымдарының жанынан 40 орталық және Абай бұрыштары ашылды.

Covid-19-ға байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Абайдың әдеби мұрасына арналған бірқатар іс-шаралар онлайн форматта өткізілді. Абай өлеңдерін 8 шет тілінде оқу бойынша «Абай және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, «Abaiworldchallenge» халықаралық бейнемарафоны өтті, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мұражай-қорығында 3D форматында бейне-экскурсиялар ұйымдастырылды, «Абай жолы» телесериалы, «Көзімнің қарасы», «Құнанбай», «Зере», «Абай-Тоғжан» телеспектаклдері, «Абайға-тағзым» виртуалды концерті және т.б. ұйымдастырылды.

Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында Отырар қалашығында орналасқан 10 объектің, атап айтқанда, ежелгі қалашықтың Солтүстік және Оңтүстік қақпаларына, ежелгі тұрғын орамдарына, мешіттерге, шығыс моншасына, қыш шеберханасына, магистральдық көшелерге, қалашықтың бекініс қабырғаларына реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Ежелгі қалашық объектілерін ішінара қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар 2021-2022 жылдары алдын ала әзірленген ғылыми-жобалау құжаттамасына сәйкес жалғасатын болады.

 «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының жаңа визит-орталығында «Әл-Фараби» экспозициялық залы ашылды. Залда Әл-Фарабидің еңбектері, сол кезде қолданған бұйымдары мен музыкалық аспаптарының көшірмелері ұсынылған. Әл-Фарабидің үш тілдегі 7 томдық еңбегі жарық көрді, «Отырар кеше», бүгін, ертең: туристік және зерттеу болашағы республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Алтын Орданың 750-жылдығы

Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы аясында Алаш және Жошы хан кесенелерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары, сондай-ақ келушілер мен туристерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуге және мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыруға бағытталған Қарағанды облысындағы «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің визит-орталығының құрылысы аяқталды.

Қажымұқанның 150-жылдығы

Тәуелсіздіктің 30-жылдығы аясында аты аңызға айналған қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі өтті. 78 маңызды іс-шаралардан тұратын Жалпыреспубликалық іс-шаралар жоспары бекітілді (ҚР Мәдениет және спорт министрінің бұйрығы). Олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында Қажымұқан Мұңайтпасұлының монументін орнату, «Қажымұқан» толық метражды көркем фильмінің тұсаукесері, халықаралық және республикалық турнирлер өткізу, сондай-ақ, Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиада және Паралимпиада, Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақтың ұлы балуанына арналған халықаралық көрмелерді ұйымдастыру.

«7 сәуірде палуанның туған күніне орай еліміздің өңірлерінде спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ақмола облысының Қажымұқан ауылында спорт кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Күш жаттығулары бойынша әлемнің төрт дүркін рекордшысы – Мәдениет және спорт министрлігінің амбассадоры Сергей Цырульников калибрленген тағаларды кеңейту бойынша Гиннестің әлемдік рекордын жаңартты», - деді ол.

 Сонымен қатар, Нұр-сұлтан қаласындағы «Жас батыр» спорт кешенін «Қажымұқан» деп өзгерту туралы шешім қаралып жатыр. Павлодар облысында #Ұлы дала батырымен бір толқынында челленджі, Солтүстік Қазақстан облысында «Атақты қазақ балуаны» кітап-иллюстрациялық көрмесі өтіпті.

Жамбыл Жабаевтың 175-жылдығы

Мәдениет министрі Жамбыл Жабаевтың 175-жылдық мерейтойына да тоқталуды ұмытпады. Қазір жоспар құрлып жатыр.

«Мерейтойлық жыл ішінде республика бойынша 80-нен астам әлеуметтік, ғылыми және танымдық іс-шаралар өтетін болады. Олардың ішінде ақын өмірінен фильмдер түсіру, оның өлеңдерінің жаңа жинақтарын шығару, кітап көрмелерін ұйымдастыру, мерейтойлық монета мен пошта маркасын әзірлеу және т. б.», - деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстанның Халық Қаһарманы Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығын, КСРО-ның Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жылдығын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығына орай министрлік іс-шараларын жоспарын әзірлеп, жүзеге асырады.



Барлық жаңалықтар