• Басты
  • Т.Әубәкіров: Ғарышкер болу үшін ғылымға құштар болу керек

Т.Әубәкіров: Ғарышкер болу үшін ғылымға құштар болу керек

13 Мамыр, 2021 11:30

Бүгін ҚР Тұңғыш президенті елбасы кітапханасының музейінде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен онлайн кездесу өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Іс-шара адам баласының ғарышқа алғаш ұшуының 60 жылдығы, Тоқтар Оңғарбайұлының ғарышқа ұшуының 30 жылдығына арналған. Бұл кездесу бағдарлама аясында «Адамға табын, жер енді» халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылған. Көрме атауы Олжас Сүлейменовтің ғарышты бағындырған адамзатты әйгілеп, күллі әлемнен сүйінші сұраған поэмасынан алынған.

Ғарышкермен кездесу маңызды орын - жаңа астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы резиденциясының Алтын залында өтті. Ұйымдастырушалыдардың айтуынша, аталмыш жерде тәуелсіз Қазақстан тарихында, оның ішінде ғарыш саласының маңызды шешімдер қабылданған.

Жиын Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболаттың сөзімен ашылды. Ол шараның басты мақсатына тоқталып өтті.


«Басқосудың да, көрменің де жаңа елордадағы Елбасының алғашқы жұмыс резиденциясында өтуінің өз мәні бар, өйткені оның салиқалы саясатының арқасында Байқоңыр бұрынғысынша өзінің стратегиялық маңызын сақтап келеді. Еліміздің әлемдік ғарыш саласын дамытуға қосқан үлесі туралы айта келе, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Байқоңыр – күллі адамзаттың игілігі, оның әлемдік космонавтикадағы тарихи рөлі зор» деген болатын. Біздің көрме – соның жарқын дәлелі», - деді Бақытжан Темірболат.

Елбасы кітапханасы директорының айтуынша, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қызылорда, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен және «Роскосмос» МК, Қазақстандағы Россотрудничество өкілдігі, Мәскеудегі Ю.А. Гагарин атындағы Космонавтика музейі мен Украинадағы С.П. Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі секілді шетелдік серіктестерімен бірге осы жобаны жүзеге асырған.

Кездесудің бас кейіпкері Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров адамзаттың алғаш рет ғарышқа қазақ жерінен ұшқанын мақтан етінін атап өтті.


«12 сәуір күні кездесе алмадық, алайда бүгін кездесіп отырмыз. Биыл Юрий Алексеевич Гагариннің ұшқанына 60 жыл. Ол кісі біздің елден, біздің жерден ұшты. Ең алғаш Қазақстанның жерінен ғарыш игеріле бастағанына өте қуаныштымын», - деді Әубәкіров.

Сондай-ақ, ол жастарды ғылыммен дос болуға, уақытты құр өткізбеуге шақырды.

«Ал осы кездесуде отырған жастар бұған куә болып қана қоймай, сонымен қатар қатысушы да болуы мүмкін. Бұрындары ғарышкерден мықты денсаулық талап етілетін. Бірақ бүгінде ғарышкер болу үшін ғылымға құштар болудың өзі жеткілікті. Адамның ғылыми білімі ғана оны ғарышқа алып шыға алады», – деді Тоқтар Әубәкіров.

Жиынға қатысқан көпшілікті ғарышкердің бұл салаға қалай келгендігі қызықтырды. Оның айтуынша, ол ешқашан ғарышкер болуды армандамаған. Алайда, бұл салаға келуіне Елбасының ықпалы мол екендігін жеткізді.


«Бала кезімнен ұшқыш болуды армандайтынмын. Гагариннің ұшқан кезінде бәрі ғарышкер болғысы келсе де, мен ұшқыш болам деген ойымнан айныған жоқпын. 1989 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездескен кезімде ол кісі маған ғарышқа ұшу керек екенін айтты, мен қазір мұны істей алмаймын деп жауап бердім. 1991 жылы тағы жолықтық. Сол кезде ол кісі мұның оған, маған емес, халық үшін қажет екенін айтты. Мен келісіп, ғарышқа ұшуға дайындала бастадым. Ғарышқа сапарымды өз халқыма арнадым. Осы күнге дейін мені таңдаған еліме, Елбасымызға алғысымды айтамын. Тағдырыма ризамын», – деді Тоқтар Әубәкіров.

Сондай-ақ жиынға Нұр- Сұлтан қаласының №72 мектеп-лицейінің оқушылары мен Сервис және туризм колледжінің студенттері қатысты. Олар «Жер-Ана. Тұңғыштар тоғысы!» көрмесінің материалдарымен, адамзаттың ғарыш кеңістігіндегі алғашқы қадамдарының хроникасымен, ғарыш ғылымындағы жетістіктер мен алғашқы ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтың ерліктерімен танысты.


Онлайн байланысқа (ZOOM арқылы) Нұр-Сұлтан қаласындағы Басқару колледжінің, Құрылыс колледжінің, Менеджмент және бизнес,Көпбейінді колледждің студенттері, Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің оқушылары, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы Лингва шет тілдері колледжінің білімгерлері, Маңғыстау облысы Бейнеу қаласы мектеп гимназиясының, Ақтөбе облысы Қобда ауылдық мектеп-гимназиясының, Алматы және Тараз қалаларының Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен B. Пацаев атындағы Жас ұшқыштар мектебінің және «Т.Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты» РММ-нің курсанттары шықты.

Студенттер мен оқушылар Қазақстанның ғарыш саласы тарихының өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ Тоқтар Әубәкіровке оның өмірі мен кәсіби қызметі туралы сұрақтар қойып, жауап алды.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар