• Басты
  • Төтенше жағдай кезінде мемлекет халыққа қандай қолдау көрсетіп жатыр (ШОЛУ)

Төтенше жағдай кезінде мемлекет халыққа қандай қолдау көрсетіп жатыр (ШОЛУ)

21 Сәуір, 2020 14:22
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті әзірленді. Төтенше жағдай кезінде халықты қолдауға бағытталған пакет 4,4 трлн теңгені немесе 10 млрд долларды құрайды. Мемлекеттің төтенше жағдай кезіндегі халыққа көрсетіп жатқан көмегі туралы Strategy2050.kz дайындаған шолудан оқи аласыздар.

Әлеуметтік төлемдер тағайындалды

ҚР Президентінің тапсырмасымен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізу тапсырылды. Бүгінгі таңда 3,7 миллионға жуық адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты төлемдер тағайындалды.


Несиені кейін төлеу мүмкіндігі берілді

Президент төтенше жағдай кезінде айыппұл мен өсімпұл салмау жөніндегі шектеуден басқа, дағдарысқа ұшыраған халықтың барлық несиелері бойынша негізгі қарызды төлеуді тоқтата тұру қажеттігін жеткізді.

Төтенше жағдайға байланысты жеке тұлғалар жұмысынан немесе өзге де табыс көздерінен айырылған және қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда, 2020 жылғы 15 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде кредиттер бойынша төлемдерді тоқтата тұру көзделді. Қазақстандықтар қалауы бойынша екінші дәрежелі банктерге жүгініп, несиелерін үш айға шегеру мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынған. Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғаларға банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша мерзімі өткен төлемдер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептемейді. Кредиттік ұйымдар осы шараларды жеке тұлғаларға қатысты біржақты тәртіппен, қарыз алушылар тарапынан өтініш беру қажеттілігінсіз қолданады.


Зейнетақы мен жәрдемақыны 10% индексациялау

Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.


Тегін азық-түлік тарату

Президент тапсырмасы бойынша тегін азық-түлік жиынтығы таратыла бастады. Оны азаматтардың 4 санаты ала алады. -Бірінші санат - атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары.  2, 3, 4-санат - карантиндік аймақта тұратын азаматтар. АӘК алатын отбасылардың барлық ересек мүшесі, оның ішінде көпбалалы отбасылар, барлық жастағы 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүгедек балалар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар.


Шілдеге дейін тегін медициналық көмек

Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.


Кәсіпкерлерге көмек көрсету

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің айналым қаражаттарына жылдық 8 пайыздық несие беру үшін тағы 600 млрд теңге бөлуді ұйғарды. Ал іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" арнайы бағдарламасы болмақ. Бұл құрал алдыңғы дағдарыстар кезінде өзін жақсы көрсетті. Президент бағдарламаны қаржыландыруды кемінде 300 млрд.теңге деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.

Төтенше жағдайда зардап шеккен ШОБ субъектілері мен жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін Жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы әзірленіп, іске асырыла бастады. Бағдарлама аясында банктер жалпы сомасы 600 млрд теңгеге 12 ай мерзімге шартты салымдар бөлді. 3 айда игерілуі тиіс қаражатты игеріле бастады. Кәсіпкерлер 647 өтінім берді, 17,3 млрд теңге сомасына 45 займ берілді. 


Ауыл шаруашылығын қолдау

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 70 млрд теңге бөлінеді.Мемлекет басшысыгың биылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының аясында 1 жыл мерзімге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінеді. Бағдарлама қатысушыларының облигацияларды өтеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылады. Көктемгі егіс жұмыстары уақыты басталып, жүзеге асырылуда.


«Biz Birgemiz»

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында мұқтаж қазақстандықтарға әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. «Біз біргеміз!» республикалық акциясы барлық өңірлерді қамтыды. Аталған акция аясында Елбасының тапсырмасымен «Birgemiz» қорынан 152 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде біржолғы көмек көрсетілді.  Сондай-ақ, 23 қалада 50 000 теңге көлеміндегі біржолғы төлем бұрын көмек алмаған 210 мың мұқтаж отбасына қолдау ретінде беріледі.


Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Президент полицияның барлық құрамын оңтайландырып, қажет болған жағдайда басқа бағыттардың күшін қайта бөле отырып, жұмылдыру керек екенін айтты. Сондай-ақ, осы жұмыс үшін Ұлттық гвардияның әскерін тарту жөнінде ұсыныстар енгізді.

Президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлығы жарияланды. Әскери міндеттілердің басым бөлігі өз еріктерімен жүгінген азаматтар. Қазір ұоғамдыұ-ұйымдастыру шараларын жүргізіп жатыр.


Ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етілді

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар кезінде қауесет пен арандатушылық ақпараттардың алдын-алу үшін арнайы бақылау жүргізу қажет екенін жеткізді. Әрі жалған мәлімет таратушыларды анықтап, жазалау керектігін алға тартты. Осы орайда қазақстандықтарға ресми ақпарат тарататын coronavirus2020.kz арнайы сайты жасақталды. Сайт коронавирусқа қатысты ресми ақпараттарды тәулік бойы таратады. 


Жұмыспен қамту шаралары

"Жұмыспен қамту жол картасы" аясында жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 ең төменгі жалақы есебінде немесе 85 000 теңге мөлшерінде тұрақты жалақыға қосымша "көтермеақы" беріледі.

Президент жұмыс берушілер "Бизнестің жол картасы" бойынша жұмысқа тұрғандарды қолайлы еңбек жағдайымен және қорғану құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды.


Теңге  бағамын тұрақтандыру шаралары 

Президент қазіргі уақытта теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыруға қол жеткізу қажеттігін айтқан болатын.

Осы мақсатта Ұлттық банк пен Үкіметке және квазимемлекеттік компаниялардың басшылығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өзінің экспорттық түсімінің бір бөлігін міндетті түрде елдің валюта нарығында сатуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, қолданыстағы бар міндеттемелерді ескере отырып, квазимемлекеттік компаниялардың валюталық депозиттерін Қазақстанның қаржы жүйесіне кезең-кезеңімен қайтарудың жоспар-кестесін жасақталмақ.


Дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының және басқа да мамандардың өз бастарын үлкен қауіп-қатерге тігіп, азаматтық және қызметтік борышын толық көлемде орындап жүргені үшін алғыс айтты.

Осы орайда, республиканың барлық өңірлерінде еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлері еңбекақыларының үстінен қосымша үстемақы алды.


Салықтан босату

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюды, шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.


Үш қалада ауруханаларды жедел салу

Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында жұқпалы ауруханалар салу жоспарланған.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов инженерлер мен құрылыс компанияларының қатысуымен жұмыс тобы құрылғанын айтқан болатын. Оларды 3-4 апта ішінде тұрғызу жоспарланған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Covid-19 науқастарына арналған модульдік кешеннің құрылысы екі апта ішінде аяқталды.

Аягөз Құрмаш

 

 

 

Барлық жаңалықтар