• Басты
  • Төтенше жағдай аяқталғаннан қандай шаралар жүзеге асырылады
11 Мамыр, 2020 18:03

Төтенше жағдай аяқталғаннан қандай шаралар жүзеге асырылады

Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізді. Ол жиын барысында төтенше жағдай кезінде қабылданған шараларға тоқталып, ТЖ тоқтағаннан кейінгі кезеңде қолға алынатын шаралар жөнінде айтты. Оның айтуынша, ендігі мақсат - барша қазақстандықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру. 

Төтенше жағдай аяқталғаннан қандай шаралар жүзеге асырылады
"Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады", - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Тоқаев қазіргі таңда 1 миллион 100 мыңнан астам азаматтың жұмысқа шыққанын атап өтті. Оның сөзінше, бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. 

"Саябақтар ашылады. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді. Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады. Көптеген шектеулер алынып тасталды", - деді ол.

Ел президенті үкіметке жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуге тапсырма берді. 

"Күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс. Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді. Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді. Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі. Kөшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек", - деді президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Сондықтан адамдардың денсаулығына, ең алдымен, өздері жауапты болуы керек екенін баса айтты.

"Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды. Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда", - деді Тоқаев.

Сонымен бірге президент жақын арада ең өзекті деген бірқатар мәселелерді шешіге тапсырма берді.

"Дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқтала кетейін. Ең бастысы, барша қазақстандықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, азаматтардың табысын арттыру, бизнесті қолдау және оны дамыту, білім және ғылым жүйесін жетілдіру", – деді мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытудың, жұртты жұмыспен қамтудың,  әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторы болуға тиіс.

"Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын.  Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз. Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады. Атап айтқанда 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму және қолдау көрсету бағытындағы «Отбасы банкін» құруға тиіс.  Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады", - деді президент.

Cонымен бірге ол мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуды ұсынып, маңыздылығына тоқталып  өтті.

"Орныққан жұмыс тәсілі ретінде Үкіметтің, министрліктердің, әкімдіктердің түрлі жиындарын қашықтан өткізуді ұсынамын. Қажетсіз рәсімдерді, келісімдер мен кеңестерді, уақыт пен қаражатты шығындайтын басқа да шараларды жою керек. Бұл тәжірибе ескірді. Электронды үкімет тұжырымдамасының мәнін қайта қарау қажет. Кеңес алу, анықтама алу, өтініш беру жөніндегі рәсімдер онлайн режиміне толық көшірілді. Ал «egov» жүйесінің тілін халық үшін қарапайым әрі түсінікті ету қажет", – деді президент.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу үшін пайдалану жөніндегі тапсырмасын 1 шілдеге дейін аяқтауды жүктеді. 

Барлық жаңалықтар
18.232.146.10, 192.168.88.100