Түркістан декларациясы – Қазақстанның дипломатиялық жетістігі

1 Сәуір, 2021 15:10

Түркі кеңесінің бейресми саммитінді көтерілген мәселелер туралы сарапшылар Strategy2050.kz тілшісіне пікір білдірді.


«Егемен Қазақстан» газеті веб-сайтының бас редакторы Абай Отардың айтуынша, түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде «Түркістан декларациясы» қабылдануы түркі әлемінің ынтымақтастығын нығайтуға зор үлес қоспақ.

«Бұлай пікір айтуымызға бірнеше себеп бар. Біріншіден, түгел түркінің темірқазығы саналатын Түркістан рухани астана болып жарияланды. Болашақта бұл бастама жалғасын тауып, түркі тілдес мемлекеттердегі тарихи қалалар осындай мәртебеге ие болмақ», - деді ол.

Сарапшы жиын барысында күзде Түркияда өтетін VIII саммитте қаралатын бірқатар мәселенің іргетасы қаланғанына назар аударды.

"Атап айтсақ, «Түркі əлемінің келешегі-2040» жəне «Түркі кеңесінің 2020-2025 стратегиясы» жөнінде сөз қозғалды. Аталған құжаттар Анадолыда өтетін саммитте қабылданбақ. Яғни, оған дейін бүкіл мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылады", - деді Абай Отар.

Сонымен қатар ол түркі елдері арасындағы рухани байланысқа да үлкен мән беріліп отырғанын айтты.

«Түркістан декларациясында түркі әлеміне танымал бірқатар тұлғалардың мерейтойын кең көлемде атап өту мәселесі айтылды. Олардың арасында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, Əлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойлары бар. Сондай-ақ Әзербайжанның мемлекеттік тұтастығы қайта орнағаны да сөз болды», - деп қорытты А.Отар.

Тұңғыш Президент қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жұмабек Сарабековтің пікірінше, кешегі саммит мазмұнды, жаңа бастамалар мен мәлімдемелер көтерілген, түркі тілдес елдердің ынтымақтастығын жаңа кезеңге көтеретін келіссөздер жүргізілген жиын болған.

«Кездесуде талқыланған басты мәселелердің бірі – Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ету туралы декларация. Саммит нәтижесінде бұл құжат бір ауыздан мақұлданды. Бұл оқиғаны Қазақстан дипломатиясындағы елеулі жетістік деп білемін. Сонымен қатар бұл оқиға жаңа Түркістан облысының жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік туғызайын деп тұр», - деді ол.

Оның айтуынша, Түркістан облысына ең жақсы мүмкіндік – бұл инвестиция тарту. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Түркістан – мүмкіндіктер мекені, ресурстық базасы да кең.

Қазіргі уақытта Түркістанда жалпы құны $1,4 млрд болатын ауқымды инфрақұрылыстық жобалар салынып жатыр. Түркістанның туристік әлеуеті де жоғары болып тұр. Түркі елдерінің тарихи мұрасын өз бойына жинаған Түркістан туристер үшін қызықты мекен. Жергілікті әкімдік 2025 жылға дейін мұнда 5 млн турист келеді деген болатын», - деді ол.

Сондай-ақ, Сарабеков түркі тілдес елдерінің ынтымақтастығына себепкер болған тұлға Н.Назарбаевтың дипломатиялық беделі туралы айтты.


Барлық жаңалықтар