• Басты
  • Түрік тұтастығының темірқазығы (2-бөлім)

Түрік тұтастығының темірқазығы (2-бөлім)

14 Маусым, 2021 16:00

КСРО-ның күні батып, тәуелсіздіктің таңы атқан тұста түрік халықтарының бірлігі бекем бола түспесе, босаңсыған жоқ. Осы бір тарихи толқынысты сәттердің куәсі болған Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың естеліктері мен еңбегін құнды дерек ретінде қарастырамыз. Өйткені, тәуелсіздік тізгінін алған Қазақ еліне Түрік интеграциясының қатысушысы ғана емес, инициаторы және архитекторы деп баға берілген. Сауда соғыстары мен әлемдік саяси аренадағы ірі өзгерістердің ықпалынан өңірлік, оның ішінде түркітілдес мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастық ерекше мәнге ие. Әсіресе, соңғы жылдардағы ҚХР мен АҚШ сауда текетіресі, РФ мен Батыстың санкциялық саясаты түрік елдерінің жаңа ынтымақтастық форматын іздеуге жол ашады. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің әр жылдардағы саммиті жаһандық байланыстың баламасы ретінде қабылданды.

Түркітілдес қоғамдастықтағы көшбасшылық

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Түрік интеграциясын нығайтып, Түркістанды тұғырына көтеруге көңіл бөлініп келеді. Елбасының 1992 жылғы сапарында Өзбекстан Президенті И.Каримовпен кездесіп, ол тарихқа «Түркістан меморандумы» болып енді. Сол кездесуден кейін Елбасы түрік халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратынын мәлімдеген еді. Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған Түркия Президенті – Тұрғыт Озалмен, келесіде Сүлеймен Демирелмен осы тарихи мекенде дидарласты. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы, Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өткізілді, тәуелсіз мемлекет өзінің тарихы мен руханиятын қайта жаңғырта бастады. Елбасы өзінің сөйлеген сөздерінде әйгілі Түрік қағанатының мерейтойын өткізу туралы да жиі көтеріп жүрді. 2000 жылы 20-21 қазанда өткен Түркістанның 1500 жылдығына өткен конференцияда Елбасы «Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы» деген баяндама жасады. Ол осы баяндамасында Түркістанды күллі түркі дүниесінің рухани орталығына, түрік халықтарына ықпалды білім мен ғылымның ортасына айналдыру мақсатын жариялады. 1992 жылы Түркістан Мемлекеттік университетін Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне айналдырып, еліміздегі алғашқы халықаралық университет іске қосылды. Осындай айшықты сәттер Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» деген еңбегінде баяндалған. 1996 жылы Елордамызда Еуразия ұлттық университеті ашылып, оған ресей ғалымы, пассионарлық теорияны зерттеген түрколог Л.Н.Гумилевтің аты берілді. Биыл оқу ордасының құрылғанына ширек ғасыр, осында Орхоннан Күлтегін ескерткіші көшірмесінің әкелгеніне 20 жыл толып отыр.

Түрік елдері басшыларының алғашқы жылдардағы кездесуі 

Қазақстан үшін Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан тәрізді түрік елдерімен тығыз ынтымақтастықта болу ерекше маңызға ие. Тығыз қарым-қатынаста болуға жоғарыда тоқталғандай, тілдік және конфессиялық туыстық, тарихи-мәдени мұраның ұқсастығы негіз болды. Уақыт өте келе ол саяси-экономикалық, инфрақұрылымдық, қауіпсіздік аспектілерімен толығып келеді. 1993 жылы түркітілдес мемлекеттер ТҮРКСОЙ түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы, кейін 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы құрылды. Сол жылы Әзербайжанның Нахичиван саммитінде Елбасы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін және халықаралық Түркі академиясын құруды ұсынды. 2010 жылы Астанада Түркі академиясы ашылып, білім мен ғылымның интеграциясы жаңа сатыға көтерілді. 2011 жылы Алматыда Түркі кеңесінің алғашқы саммиті өтті. «Түркітілдес мемлекеттердің жемісті ынтымақтастығы – Қазақстан Республикасы дәйекті түрде жүргізіп келе жатқан кең және жан-жақты еуразиялық өзара ықпалдастықтың маңызды да қажетті факторы екеніне сенімім зор» дейді Н.Назарбаев. 

Тамыры бір туысқан жұрт арасындағы алтын арқаудың әдебиет екені де даусыз. 2013 жылы заманымыздың заңғар жазушысы Ш.Айтматовтың мерейтойы атап өтіліп, тарихы мен тағдыры ұқсас туысқан елдердің әдеби және мәдени байланысы нығая түсті. Ал түркі дүниесінің бүгінгі биігінде Айтматовтың қуатты қаламынан туған тамаша туындылар мен адамзаттық өредегі асыл ойлардың қосқан үлесі ұшан-теңіз екені белгілі. Сондықтан Шыңғыс Төреқұлұлын іргелі халықаралық ұйымға айналған Түркі Кеңесінің рухани негізін қалаған діңгектердің бірі деп айтуға болады. Ол 1992 жылы мамыр айында «Түркі дүниесі әдебиетіне қызмет» сыйлығының тұңғыш иегері атанды. Сол уақытта Түркия басылымдарына берген сұхбатында Ш.Айтматов шабыттанып тұрып: «Сезіп тұрмын, көзім жететін анық ақиқат бар: біздің ортақ мәдениетіміз үндесіп, қуаттанып, дами түседі. Түркі өлкесі өркениетінің ренессансы бүршік жарды!» деген екен.  «Адамзаттың Айтматовы» атанған қаламгер қырғыздың ғана емес жалпы түркі жұртының мақтанышына айналды. 

Түрік Кеңесінің Қырғызстанда өткен VI саммиті

«Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде еліміздің Түркия Республикасымен қарым-қатынасы жан-жақты баяндалған. Онда Елбасы 2010 жылдардан бері қарайғы екі ел ынтымақтастығының жетістіктерін, атап айтқанда, қос мемлекеттің стратегиялық ынтымақтастық кеңесі, «Жаңа синергия» экономикалық бағдарламасы, темір жол желісін түйістіріп, Оңтүстік Қазақстанда Түркия-Қазақстан индустриялық аймағын құру туралы жоспарын еске алады. Түркия Президенті Р.Ердоғанның сол кездері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгенде: «Біз Қазақстанға келгенде өзімізді ата-бабамыздың отанында жүргендей сезінеміз» деген жылы лебізі қазақ-түріктің бауырластығын тағы бір мәрте дәлелдейді. Қазақстан мен Түркия БҰҰ, ЭЫҰ, ИКҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің шеңберінде өзара қолдау жасап, конструктивті диалог орнатқан. Елбасы өз еңбегінде Түркі кеңесі мен Еуразиялық экономикалық одақтың арасында қандайда бір қарама-қайшылықтың болмайтынын атап өтеді. Ол сонымен қатар Түркі Кеңесінің БҰҰ мен ИКҰ жанындағы бақылаушы мәртебесі, Түркі Кеңесі елдерінің Қытай, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ бен Орталық Азия арасындағы экономикалық, коммуникативтік байланыс көпірі, екенін ерекше ықыласпен жазады.

Н.Назарбаев үшін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы түрік мемлекеттерінің бірлігі, оның ішінде қазақ-түрік қатынасы маңызға ие болды. Ол Түркияның сол уақыттағы Президенті Тұрғыт Озалдың экономиканы құлдыраудан құтқарып, биікке көтерген реформашыл, озат ойлы қайраткер ретіндегі қызметін жарқын әсермен баяндайды. Н.Назарбаевтың Тұрғыт Озал және Сүлеймен Демирелмен байланысы шынайы достыққа ұласқанын Елбасының өз әріптестерінің адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін мақтанышпен жазуынан аңғаруға болады. Ол бір сөзінде Тұрғыт Озалды Мұстафа Кемал Ататүріктің ізін жалғаушы, Түркияны заманауи мемлекетке айналдырған қайраткер деп бағалайды. Түркияның нарық экономикасына көшуі, шағын және орта кәсіпорындарды дамытуы, еркін экономикалық аймақ құрып, түрік бизнесінің қарыштауын үлгі ретінде қарастырады. 


ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев пен Түркия Президенті Т.Озал «Анкара» мейрамханасының ашылуында, Алматы 1993 ж.

Қазақстан Түрік мемлекеттерінің ынтымағы мен бірлігін қолдай отырып, өз тәуелсіздігін қандайда бір мемлекет пен идеяның ығына жығып беруді көздеген емес. Ол туралы да Тұңғыш Президенттің кітабында егжей-тегжейлі жазылған. Елбасының ойынша, Қазақстанға және Орта Азияға жиі келген Т.Озал жаңа мемлекеттермен қатынас орнату үшін ғана емес, кезінде Кемал Ататүрік мирас еткен түркі елдерінің қуатты бірлестігін құруды мақсат етті. Байкалдан Жерорта теңізі мен Дунайға дейін созылып жатқан тұтас түріктердің басын қосуда Т.Озал ең алдымен Ұлы Түркияға, пантюркизм идеясына сүйенетіні белгілі. Аталған еңбекте автор жаңа ғана қол жеткізген тәуелсіздікті ысырып қойып, Кеңестің қамытынан Түріктің тұсауына түсу, көршілермен дәстүрлі байланысты үзу Қазақ елінің принциптеріне қайшы келгенін айтады. Сондықтан Стамбулдағы түрік мемлекеттері басшыларының жиынында Н.Назарбаев түбіміз бір екенін, аталастығымыз да рас екенін мойындай отырып, тек экономикалық, гуманитарлық және саяси байланыстарды жақтайтынын мәлімдеді. Түркия тарапы ұсынған бірлескен мәлімдемеге қол қоюдан бас тартқан ол егемендікті қадірлей отырып, басқа халықтар және елдермен терезесі тең қатынас ұстануды көздейтінін ашық айтқан. Бұл ұстанымды Өзбекстан тарапы да қолдаған екен. Түркия тарапы шынайы дос, жанашыр мемлекет ретінде бұл көзқарасты құптап, өзара қатынасқа қаяу түскен жоқ. Қайта теңдік, достық пен екі тарапқа да тиімді экономикалық байланыс тереңдей түсті. Кезінде арабтар да Орталық Азияның жазиралы алқаптарын басып алған соң, далалық өлкеге аяқ басқанда түріктер тарапынан қарсылыққа ұшыраған екен. Түргештердің қағаны Сұлу «Менің адамдарым түгелдей жауынгер. Сенің адамдарың қолөнерші, етікші, алыпсатар саудагер. Ондай іс біздің қолымыздан келмейді. Олай болса сендердің діндерің де бізге ұнамайды» деп тойтарыс берген екен.

Сауда соғыстары мен әлемдік саяси аренадағы ірі өзгерістердің ықпалынан өңірлік, оның ішінде түркітілдес мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастық ерекше мәнге ие. Әсіресе, соңғы жылдардағы ҚХР мен АҚШ сауда текетіресі, РФ мен Батыстың санкциялық саясаты түрік елдерінің жаңа ынтымақтастық форматын іздеуге жол ашады. Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (Түркі кеңесі) әр жылдардағы саммиті жаһандық байланыстың баламасы ретінде қабылданды. Каспий теңізінің мәртебесі анықталғаннан кейін энергетика және көлік салаларындағы ірі жобаларды іске асыру мақсаты қойылды. Өйткені, өңірлік ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге шығаратын мүмкіндік пайда болды. Еуропалық одаққа қатысушы және түркітілдес елдермен тамыры бір Венгрияның Түркі кеңесі жанындағы байқаушы мәртебесін алуы ұйымның Шығыс пен Батысты байланыстыратын ұйым ретінде маңызын арттыра түсті. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі халықаралық құрылым ретінде 2009 жылы өңір елдерін бір арнаға тоғыстыру мақсатында құрылды. Ұйым төрт елдің – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның бастамасымен іргесі қаланды. Осындай ұйым құру идеясы осыдан бір ғасыр бұрын айтылғанына қарамастан, оның нақты қадамы 1992 жылы Орталық Азияда тәуелсіз мемлекеттер туын көтеріп, түбі бір, түбірі ортақ халықтар жиылып, түркітілдес ел басшыларының кездесулерінен кейін іске асты.

Түрік Кеңесінің 2021 жылғы онлайн режимдегі кездесуі

Түркітілдес елдердің экономикалық әлеуетіне ерекше көңіл бөлінеді. Түркітілдес бес елдің – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанның тауар айналымы 2017 жылдың қорытындысы бойынша 146 миллиард долларға жеткен. Түркиямен бірге бұл көрсеткіш 536 миллиард долларды барады. Түркітілдес бес елге ТМД елдерінің тауар айналымының 16,1 пайызы және әлемдік сауданың 0,5 пайызы тиесілі. Түркітілдес алты ел (Түркияны ескере отырып) әлемдік сауданың 1,4 пайызын құрайды. Түркітілдес елдердің интеграциясы Түрік кеңесіне қатысушы мемлекеттердің дамуы үшін жаңа перспективалар ашады және олардың халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтады.

Қазіргі халықаралық қатынастардағы «түрік факторының» пайда болуы – өзекті тақырып. Ұйымға мүше-елдердің ішінде Нұр-Сұлтан, Анкара және Ташкент интеграция процесінде өзіне басымдық беріп, түрік мемлекеттерінің бірігуіне күш жұмсағысы келеді. Бұл мәселе Орталық Азия аумағында мүдделес және көршілес ірі мемлекеттерді алаңдатпай қоймайды. Түрік елдері басшыларының саммиттері, құрылтайлар, Парламентаралық ассамблея, ынтымақтастық кеңесі, түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммиттері сияқты іс-қимылдың түрлі форматтары, COVID-19 себебінен онлайн режимде де дамып келеді. Түрік республикаларының ынтымақтастығы біртіндеп институттандырылып келеді. Түрік кеңесінің жедел интеграциялануын кейбір қатысушыларының нейтралды ұстанымы тежеп отыр. Дәл қазіргі кезеңде Түрік кеңесін қуатты ұйым деп айтуға ерте болғанымен, жақын келешекте халықаралық қатынастар жүйесіндегі «түркі елдері факторының» рөлі әлдеқайда артуы мүмкін. Бұл бағытта ұйымның қатысушылары Қазақстанның сауда-экономикалық инициативалары, жаһандық қауіпсіздік пен ықпалдастық, мәдени-рухани іс-қимылдарына қолдау көрсетіп отыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі, ЕҚЫҰ төрағасы, ШЫҰ, АӨСШК, ЕуразЭС, ИКҰ әр жылдардағы төрағасы болған Қазақстанның әлемдік және өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы тәжірибесі үлкен. Елбасының осыған дейін түркі халықтарының ортақ тарихын оқыту, Халықаралық түрік орталығын ашу, Түркістанды рухани астана ретінде көтеру идеялары жылы қабылданды. Ресей мен Түркия арасындағы келіспеушілік, Таулы Қарабақ және т.б геосаяси мәселелерде Қазақстан тарапы өзін бітімгер және шебер мәмілегер ретінде дәлелдеп келеді. Каспийдегі Ақтау, Құрық порттарын, Қытайдың «Белдеу мен жол» инициативасын, Баку-Тбилиси-Карс маршрутын ішкі тасымалға тиімді пайдалану туралы жиі айтылады. Тәуелсіздіктің отыз жылындағы осындай еңбегі үшін түрік мемлекеттері Н.Назарбаевты «Түрік интерациясының архитекторы», «Түрік дүниесінің абыз-ақсақалы» деп құрметтейді. 

Барлық жаңалықтар