• Басты
  • Түрік тұтастығының темірқазығы (1-бөлім)

Түрік тұтастығының темірқазығы (1-бөлім)

11 Маусым, 2021 13:38

Киелі Өтүкенде Ашина әулетінен тарап, «төбеде көк аспан, төменде қара жер жаралғанда ата-бабасы Бумын, Істеми билік құрған», көкберен сауыт құрсанып, күн түбіне жортқан, тарихын тасқа қашап, бабасының басына Балбал қойған көк түрік – түрік тектес халықтың арғы атасы. Еуразияның апайтөс даласының о шетінен бұ шетіне дейін ойқастап, миграцияның көшіне ілесіп өзге өркениеттің ортасына сіңген, жеңіс пен жеңілісті, азаттық пен аштықты, теперіш пен тегеурінді тартысты қатар кешіп, төрткүл дүниенің бұрышына тарыдай шашылған, бірақ замана көшінен қалыспай, туын тігіп елдік құрған түріктер. КСРО-ның күні батып, тәуелсіздіктің таңы атқан тұста түрік халықтарының бірлігі бекем бола түспесе, босаңсыған жоқ. Осы бір тарихи толқынысты сәттердің куәсі болған Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың естеліктері мен еңбегін құнды дерек ретінде қарастырамыз. Өйткені, тәуелсіздік тізгінін алған Қазақ еліне Түрік интеграциясының қатысушысы ғана емес, инициаторы және архитекторы деп баға берілген.

Түріктің терең тарихы

Қазақстанда түрік интеграциясын, түрік тектес халықтардың тарихы мен лингвистикасын, этногенезін, саяси-экономикалық байланыстарын зерттейтін түріктанушылар мектебі қалыптасты, халықаралық дәрежедегі Түркі академиясы, түрколог-ғалымдарды дайындайтын кафедралар ашылған, түркология дейтін іргелі ғылым саласы бар екені белгілі. Дегенмен, мемлекет қайраткерлері, ел президенттері, саяси истеблишменттің де Түрік әлемі, оның өткені мен болашағы туралы көзқарасы қызығушылық тудырады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Тәуелсіздік белестері», «Ғасырлар тоғысында», «Тәуелсіздік дәуірі» сияқты әр кезеңде шыққан еңбектерінде, қызмет хроникалары, сұхбаттары мен баяндамаларында түріктің тамырлы тарихы, жоқшылық пен тоқшылықты, бостандық пен бодандықты көрген уағы, бертінгі түрік тектес халықтың тас-түйін ынтымағы туралы айтылады. Ол түрік өркениетін, оның мәңгі өшпестей болып, мың жарым жыл бұрын Еуразия құрлығының төсінде бедерленген көне жазбаларын жалпы адамзат өркениетінің қазынасы деп қарайды. Н.Назарбаев бір сөзінде «Түркі әлемі әлі толық зерттелмеген терең тұңғиық. Біздің ұлы бабаларымыз Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы Далада өз билігін жүргізді. Бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, үзеңгіні ойлап тапты» деп мәселенің өзектілігін жоғары қояды. Бұл орамды ойлар еліміздің рухани дамуына соны серпіліс берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарлама-мақалаларда көрініс тапты.

«Тарих толқынында» кітабының бір бөлімі «Қазақ даласы – ұлы түркі елінің қара шаңырағы» аталып, Ертіс, Іле, Сырдария мен Жайықтың, Еділдің жағасында ғажайып астаналар салған орасан зор империя – ғұндардың, түрік қағанаты, қыпшақ конфедерациясы, Ұлық Ұлыстың салтанат құрған кезеңдеріне талдау жасалған.   Этногенетика тұрғысынан Түрік қағанаты сияқты орталықтанған мемлекеттің пайда болуы тілі бір, салт-дәстүрлері ортақ орасан зор далалық қауымдастықтың қалыптасуына себепші болды. Түрік тайпаларының бұл конфедерациясы өзінің айқын мәдени дәстүрлері бар аса қуатты мемлекетті қалыпастырды. Түркі тілдес тайпалар Орталық, Оңтүстік және Кіші Азияда, Сібір мен Шығыс Еуропада күшті қарқынмен кеңінен тарала бастады. Олар өз заманындағы дамудың шырқау биігіне көтерілді және жалпы адамзат өркениетін дамытудың белсенді де қуатты қозғаушысы бола білді. Түрік қағанаты және одан кейінгі мекендеген аумақ Шығыс пен Батысты бір-бірімен байланыстырушы көпір болды және ұлан-байтақ кеңістікте Қытайдың, Үндістанның және Батыс Еуропаның өркениетін ұштастырды. (Тарих толқынында / Назарбаев Н.Ә. - Алматы : Атамұра, 2003 . – 101, 109 б.)

Қазақ КСР Министрлер кеңесінің басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде

Ортағасырдағы Түрік әлемі дүниеге Отырардан шыққан ойшыл, энциклопедист-ғалым әл-Фарабиді, Орталық Азиядан аты әлемге мәшһүр болған Ибн Сина, Аббас Жаухари, Низами Ғанжауи, Омар һайям, Әлішер Науаи, әл-Хорезми, әл-Бируни, кейінгі Шығыстың ұлы ақындары мен философтары Фирдоуси, Бұхари, Самарқанди, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йасауи, Махмұд Қашқари, бертінгі астроном-математик Мұхаммед Ұлықбекті дүниеге әкелді. Тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінде түркі тектес қолбасшылардың арасынан Мысырда мәмлүктің билігін құрған Бейбарыстың, Қалауынның, Ан-Насырдың, Үндістанда болған Ел-Етміштің, Разийяның, Балбанның есімдерін атауға болады. Ресей империясы мен Кеңес үкіметі отаршылдығының орбитасына түскен аралықта Орталық Азия мен түрік халықтарының көрнекті қайраткерлері, ағартушылары тарих сахнасына шығып, ұлттың сана-сезімін оятуға қызмет етті, тоталитарлық тәртіпке тегеурінді түрде қарсы тұрды. Әлемдік мәдениетке үлес қосқан Тұранның данышпан даналарынан бастап қазақтың «Бес ғасыр жырларынан», Қырғыздың «Манасы», Моңғолдың «Гэсэрі», он үш ғасырдан кейін өз отанына оралған Орхон жазуларының құпиясы, Тұрандықтардың Тәңірге табынуы, будда, христиан және ислам діндерінің сабақтастығы туралы айшықты түрде айтуға болады. Түріктің, Тұранның, Дешті Қыпшақтың даласынан шыққан философия мен мәдениеттің, өнер мен әдебиеттің жауһарлары әлемдік өркениеттен ойып тұрып орын алатыны сөзсіз.

Түрік халықтары ерте және ортағасырда, кейінгі ортағасырларда мемлекеттіліктің қалыптасуы мен тайпалық бірлестіктердің этностық ықпалдасуы, түрік халықтарының бүгінгі бейнесін қалыптастыруға тиіс алғышарттардың қилы кезеңдерінен өтіп отырды. Моңғол империясының кезеңінде көптеген түркі тайпалары Жерорта теңізінен бастап, Үнді және Тынық мұхиттарына дейінгі аралықтағы бөтен елдерден бір-ақ шықты. Қазақ, өзбек, түрікмен, қарақалпақ сияқты түркітілдес халықтар Орталық Азияда этногенетикалық және мәдени үрдістер кезеңінде ұдайы тығыз байланыста болды. Бұл халықтар кейінгі ғасырларда дербес этноним болып, мемлекеттік түзіліміне ие болған уақытта да сауда-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани байланыстарының жібі үзілген жоқ. Өзгелерден іргені аулақ салу мәдени томаға-тұйықтыққа және тоқырауға ұрындырмай қоймайды. Елбасы түрік-ислам әлемі ендігі кезекте Батыс мемлекеттері, Араб-Иран әлемі, Ресей және Қытай сияқты мәдени-өркениеттің арасындағы маңызды көпір ретінде көреді. (Тарих толқынында / Назарбаев Н.Ә. - Алматы : Атамұра, 2003 . – 117 б.) 

Кең байтақ алып Еуразияда түркі тілдес халықтар орналасуы жағынан алдыңғы орындардың бірінде. Тарихта әділетсіздікті көп көргендер – түрік тектестер. Ұзын-ырғасы қырықтан астам ұлттар мен ұлыстар басын құрайтын түркі тектестердің тәуелсіз тек бір мемлекеті Түркия болды. Түркі тілдес халықтардың ежелден қалыптасып, тұрақ еткен мекені Еуразияның дәл кіндік ортасы, атап айтқанда, Орталық Азия, Қазақстан, Орта Азия, Оңтүстік Сібір, Еділ бойы және Орал өңірі(9 млн. шаршы шақырым). Бұл жерде қазір түркі тілдес ұлттар мен ұлыстардың жартысынан астамы тұрып жатыр. Түркі халықтарының арасындағы сан жағынан басым ұлттардың бірі – қазақтар. Жазушы, дін ағартушысы Халифа Алтай Қытайдан босып, Тибет, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жетіп, қоныс тапқан қазақтың тағдырлы тарихы туралы жазып кетті. Бұл – Х.Алтайдың ғана емес, қаймана халықтың өмірге деген сүйіспеншілік дастаны,  ұзаққа созылған сапары, шежірелі ғұмыры туралы баян. 20 ғасырдың 30 жылдары Қытай өкіметі, Алтай, Тарбағатай, Іле халқын қыспаққа алып, жерін, қару-жарағын жинап, қатаң саясат жүргізе бастайды. Соған шыдамаған, қарсы соғысқан қазақтар үдере көшуге мәжбүр болады. Шiңгiлден шыққан көш Құмыл, Баркөл асып, Гансуды көктей өтіп, Чиңхайға жетіп, Тибетке көтеріліп, Гималай асқан, аштық пен ыс, обадан ел мен мал қырылып, Үнді шекарасына әрең жеткен. Үдере көшкен халықты қытай әскері, біресе дүнген қарақшылары қуалап, тибет қыспаққа алып әрең аман қалған. Жол-жөнекей қайта қайтқан, қамаққа алынған адамның саны көп. Үндістан мен Пәкістанға, оның ішінде Кашмир, Карачи, Пешаварда барлығы 11 жыл тұрып ағылшын, араб өкілдері, жергілікті өкімет көмектеседі. Ыстық пен жаңбырға төзбеген көшпендінің көбі аурудан қайтыс болған. 1952-1954 жылдары 1400 адам Түркияға табан тіреген екен.(Алтай Х. Алтайдан ауған ел. – Алматы, 2014. – 272 б.) Стамбулдың Зейтүнбұрын, Гүнешлі көй жерлерінде қазақкент ашып, жер, үй беріп, кәсіп ашқан, саудамен айналысқан. Оның ішінде белгілі қазақтар Дәлелхан Жаналтай, Хасен Оралтай, Мұстафа Өзтүрік және т.б бар. Х.Алтай Құранды алғаш қазақшаға аударған, дүниежүзін аралап, ақыры 1992 жылы атамекен Қазақстанға көшіп келген. Осы бір оқиғадан қыр асып, тентіреп жүрген халықтың дәстүр-салты мен дініне беріктігі, қазақтың, түрік-мұсылман халықтарының туыстығы, ағайынгершілігі оны аман сақтап қалғанына көз жеткіземіз. 


Х.Алтайдың Түрік Президенті С.Демирелмен кездесуі / «Алтайдан ауған ел»

Елбасы «Тарих толқынында» кітабында тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің тең институттық тетіктерін жатпай-тұрмай іздестіру туралы жазады. Сыншы Қ.Ергөбектің пікірінше,  бұл – тарихи тамырластықты жаһандану тұсында өзара сабақтастырып, ықпалдастыққа ұластыру талабы. Түркістан қазақ үшін қандай қасиетті ұғым болса, тұтас түрікке де ортақ аңсар. Елбасы Түркістанға барған сайын ұғындырар бір мәселе – Түркістан тарихына адалдық. Елбасы ұғымында Түркістан тарихы – күллі түрік халықтары тарихымен тамырласып жатқан алтын қайнар. «Түркістан ендікпен өлшегенде де, бойлықпен өлшегенде де жер шарының кіндік тұсына орналасқан» дейді ол. Түркістан ұғымы – аядай шаһармен шектеліп қалмасы хақ. Ол Қытай қорғанынан Дунай етегіне дейін керіліп жатқан кең алқап, бөрілі байрақты, байтақ мекен. Ежелгі Жібек жолының бойындағы түрік өркениетінің ошағы болған Түркістанның бүгінде қайта түлеп, «Түрік әлемінің рухани астанасы» атанғаны да сондықтан. Бүкіл түркі тілдес әлем болашақта тіл мен мәдениет жағынан ғана емес, саяси-әлеуметтік тұрғыда біртұтас болып, қайта жақындасуы әбден мүмкін және оған жас ұрпақтың дәнекерлігі негізгі шарт болмақ.



 «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады»(Н.Назарбаев

«Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бәрі де оңай көрінетін. Әсіресе сыртқы саясатымыздың келешегі еш күмән туғызбайтын. Егемендігімізді жарияласақ болды, күллі әлем есігін алдымыздан айқара ашып салады деп ойлайтынбыз. Аса күрделі геосаяси процестер өтіп жатыр. Бәрі де біздің мүмкіндіктерімізге өз әсерін тигізеді» деп еске алады Н.Назарбаев. ҚР Тұңғыш Президентінің осы жолда жүргізген саясатының бір бағыты – тегіміз бір, тарихымыз ортақ түркі тілдес бауырларымызбен іргемізді берік ұстап, олармен қарым-қатынасымызды үздіксіз дамыта беру. Елбасы түрік мәдениеті халқымыздың тарихында елеулі орынға ие екендігіне қашанда көңіл бөліп, тәуелсіз мемлекеттің дамуында түрік әлемімен бірлесу мәселесіне үлкен мән береді. Өйткені, ортақ бабадан қалған мұра – бай рухани құндылықтар жиналған терең мұхит. Түрік тұтастығының темірқазығы ретінде Қазақстанның алатын орны үлкен. Сол асыл қазынаның мұрагері ретінде бүгінгінің мүддесі үшін оңтайлы пайдаланғанымыз тарихи тұрғыдан әділ болмақ.(жалғасы бар)

Барлық жаңалықтар