• Басты
  • COVID19 бен тұмауға қарсы екпе жасату ерте басталады
4 Қыркүйек, 2020 16:55

COVID19 бен тұмауға қарсы екпе жасату ерте басталады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирустық инфекцияның екінші толқынына және ЖРВИ маусымына дайындықты пысықтады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


COVID19 бен тұмауға қарсы екпе жасату ерте басталады

Бағдат Қожахметовтың айтуынша, тұмауға қарсы екпе жасау екі аптаға ерте басталады. Нақты күні: 15 қыркүйек. Дәл қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Коронавирустық инфекцияның екінші толқынына және ЖРВИ маусымына дайындық аясында «СҚ Формация» бірыңғай дистрибьютор тұмауға қарсы вакциналардың 2 060 300 дозасын сатып алды. Бұл республика халқының 11%-ын құайды. Сонымен қатар, аумақтық денсаулық сақтау басқармалары тұмауға қарсы вакцинаның 753 900 доза мөлшерінде қосымша көлеміне тапсырыс берді, - деді ресми өкіл.

Қожахметовтың нақтылауынша, екпе жасауды ерте бастау эпидемиологиялық маусымда айналымда болатын тұмауға қарсы тұратын иммунитеттің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Вакцинациядан кейін тұмауға қарсы иммунитет 6 айдан 12 айға дейін сақталады.

Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5034 егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 мыңнан астам семинар өткізілді. Нәтижесінде 7282 дәрігер мен 14541 орта буын медицина қызметкері даярлықтан өтті, - деді Бағдат Қожахметов.

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков бүгінгі брифингте Қазақстанның фармацевтика саласында 90 кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты. Оның ішінде 33-і дәрілік заттар, қалған кәсіпорын медициналық бұйымдар шығарады. Сонымен қатар Асылбековтің мәлімдеуінше, COVID-19 емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 48%-ын отандық өндірушілер өндіреді.

Асылбеков үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық кәсіпорындар өндірісінің көлемі 23,2%-ға (70 млрд теңгеден астам) артқанын айтты. Дәрі-дәрмек шығаратын 33 кәсіпорынның 17-сі тиісті өндірістік тәжірибе стандарттарына сәйкес келеді, тағы 10 кәсіпорын осы стандарттарға сәйкес келуге дайын екендіктерін жеткізді. Дәрілік препараттар өндірісі республиканың негізгі кәсіпорындарына шоғырланған, олар барлық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар көлемінің 77%-дан астамын шығарады.

Салалық министрлік өкілінің айтуынша, фармацевтикалық өнеркәсіп экспорты 18,9-дан 59 млн-ға дейін 3 есе. Экспорт Ресей, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия сияқты елдерге, таяу Орталық Азия елдеріне жүзеге асырылады.

Фармацевтикалық өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында 10 жылға дейінгі мерзімге дәрілік заттарды жеткізудің ұзақ мерзімді шарттарын жасау арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары іске асырылуда. Бұған дейін 7 жылға дейін жасалған, - деді ол.
Қазақстан коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны сатып алуы жайлы сұраққа да Нұрлыбек Асылбеков жауап берді. Оның айтуынша, келісім жүргізілген.

Екі тарап сатып алу мүмкіндігі туралы келісімге қол қойылды. Бұ тек қана келісім екенін естен шығармауымыз керек. Қазіргі уақытта клиникалық сынақтың үшінші фазасын өткізуді күтіп отырмыз. Таяуда ғана Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы қаңтарға дейін сынақтың үшінші фазасын өткізетіндігін жария еткен болатын. Сондықтан аталған клиникалық сынақтарды өткізу, жанама әсерлерін, жас ерекшеліктерге байланысты қолданылуын ескеру қажет. Содан кейін вакцина бойынша шешім қабылданады. Бұл мәселеде қазір біз таңдау жасау сатысында тұрмыз. Вакцина алынғаннан кейін елімізде 2 миллионннан астам адам егіледі. Егер дұрыс болса, бұл санды 10-15 пайызға арттыруға болады», - деді ол.
Қазақстанда коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында 50 мыңнан астам инфекциялық және провизорлық төсек-орын дайындалды. Жыл соңына дейін елімізде 14 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қожахметов 14 инфекциялық стационар ашылатынын мәлім етті.

Жыл соңына дейін 11 облыс орталығында 2,5 мың төсек-орындық 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын салуды аяқтау, сондай-ақ Өскемен қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасы мен Тараз қаласындағы перинаталдық орталықтың бос тұрған ғимараттарын қайта бейіндеу жоспарлануда. Күзде Қазақстан бойынша 50 978 «ковид» төсек-орын болады, - деді Б.Қожахметов.
Қайта ашылатын стационарлар жеке меншікті клиникаларды, мамандардың нұсқауымен резиденттер мен интерндерді тарту арқылы қазіргі медициналық кадрларды қайта үлестіре отырып, жасақталатын болады.

Қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірлерінде 3640 мобильді бригада құрылды. Олардың негізгі міндеті - қолжетімді, мамандандырылған медициналық көмекті қамтамасыз ету. Мобильді бригадалар 5000 адамға 1 бригада есебінен құрылады, - деді Қожахметов.
Ресми өкіл Қожахметов өкпе желдеткіш аппараттары мен ПТР тесттері жайлы да есеп берді.

Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша тағы 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отандық өндіріс аппараты сатып алынады. ПТР әдісі бойынша COVID-19 бойынша 2,5 миллионнан астам зертханалық зерттеу жүргізілді. Өңірлер бөлінісінде ең көп тестілеу Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өткізілді. Коронавирустың кезекті ықтимал толқынына дайындық мақсатында зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 64 мың тестке дейін артады», - деп қорытты Б. Қожахметов.
"Аңсаған сәби" жобасы қалай жүзеге асады?

 ҚР Президенті өз Жолдауында «Аңсаған сәби» атты бала сүюді армандап жүрген отбасыларға арналған бағдарламаның жүзеге асатынын айтқан болатын. Сонымен қатар ЭКО бағдарламалары бойынша квоталар санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге дейін арттыруды тапсырған еді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір Қазақстанда 9,5 мыңға жуық әйел бедеулік бойынша есепте тұр.

Қазіргі уақытта «пробиркадан» 22 000 астам бала дүниеге келді. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ақпараттық жүйесінің мәліметінше, бедеулікпен есепте 9467 әйел тұр. Қазақстанда әрбір бесінші жұп сәби сүйе алмайды. Өткен жылы репродуктологтар осындай статистиканы жариялап, Денсаулық сақтау министрлігіне Бедеу азаматтардың ұлттық тізілімін құру идеясын ұсынған болатын. Тізім 2021 жылы дайын болады, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.
Айта кетейік, Қазақстанда қазір 26 ЭКО орталығы бар, оның 21-і – жеке меншік орталық.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар