• Басты
  • Сыйлық алғаны үшін мемлекеттік қызметкерлер ірі көлемде айыппұл төлейді

Сыйлық алғаны үшін мемлекеттік қызметкерлер ірі көлемде айыппұл төлейді

6 Сәуір, 2021 17:37

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда әкімшілік тәжірибе туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Әкімшілік құқық бұзушылық туралы жаңа Заң

Осы жылдың 20 наурызында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Бұл Заң 5-сәуірден бастап күшіне енді. Жаңа Заң бойынша әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасай алады. Спикер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті.

Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.

Осылайша, Агенттікте қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті барлық құралдар бар.

Бүгінгі спикер ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов атап өткендей, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу – жемқорлық көріністерінің алдын алудың тиімді құралы.

«Жақында ғана осы алаңда мен соттар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлық орын алса, оларға артылатын жауапкершілік күшейтетін Заңның қабылданып жатқанын айтқан болатынмын. Олардың қатарына осы органдардағы пара берушілер де, арадағы делдалдар да кіреді», - деді Бектенов.

Ол қылмыстық жауапкершілік мемлекет тарапынан көрсетілетін ең соңғы әрекет екенін айтты.

«Мен әкімшілік тәжірибені сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар үшін жаңа деп айта алмаймын. Алайда, кодекске өзгерістер енгізу бойынша бірқатар рәсімдерге байланысты, Агенттік бұл құзіретке енді ғана ие болды», - деді ол.

Бұл дегеніміз агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдардың барлық негізгі спектрлеріне ие.

Антикор қызметкері шет мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тәжірибелерінен мысал келтірді.

«Мәселен, француз заңнамасы сыбайлас жемқорлық әрекет жасаған азаматқа қылмыстық емес, әкімшілік жауапкершілік жүктеуді бірінші орынға қояды. Латвияда да жемқорларды қылмыстық жауапкершілікке тартудан гөрі әкімшілік жазаға баса назар аударылады», - деді ол.

Ұсақ құқық бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу арқылы ұстау және қамауға алу, тінту, мемлекетке залал келтіру сияқты жағымсыз сәттерді, сондай-ақ әшкереленген адамдар үшін кейінгі теріс салдардың алдын алуға болады.

Сонымен бірге, таразы басына жемқорлық үшін сотталған адамның мансабы мен алдағы тағдыры ғана емес, оның туған-туыстарының тағдыры да түседі.

Сотталған жемқордың тікелей басшысы да лауазымынан босатуға дейін тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Сыйлық алған шенеуніктер айыппұл төлейді

Олжас Бектенов шенеуніктердің 2 АЕК-ге дейін сыйлық алса, 1,8 миллион теңге айыппұл төлейтінін хабарлады.

«Шенеунік өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса көзделген жауапкершілік туралы айтып берді», - деп ескертті.

Ал егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ол бүгінгі күні 5 834 теңгені құрайды, алдын ала келісілген болмаса немесе сыйақыны қорқытып алмаса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланады.

Қазақстандықтар заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін де ескертті Агенттік төрағасының орынбасары.

«Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге», - деді О.Бектенов.

Бұл ретте, егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн.теңгеден астам.

Мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда заңды тұлға екі есе – 1500 АЕК немесе 4,5 млн.теңге төлейді.

«Қазір заңнамада сыйлықтар беруге және алуға толық тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салғым келеді. Мұндай норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілді», - деді О.Бектенов.

Бектенов мемлекеттік қызметкерлерге арнайы қызметтер көрсеткені үшін материалдық алғыс айту әдетінен бас тартуға шақырды, өйткені мұндай әрекеттер берушілер үшін де, олар берген шенеуніктер үшін де теріс салдарға әкелуі мүмкін.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – оларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады.

Айтпақшы, Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тұрғысынан маңызды саналатын, мемлекеттік орган басшыларының және өзге де лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілігін көздейтін Кодекстің 680-бабы – аталған лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, бұл шамамен 300 мың теңге айыппұл салуға әкеп соғады.

Сонымен қатар, бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік органның немесе ұлттық компанияның басшысы өз қалтасынан 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қарауына ӘҚБтК-нің кәсіпкерлік қызмет саласындағы баптары бекітілген, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу аясында шетелдік және отандық инвесторларды қорғау тұрғысынан Антикордың әлеуетін күшейте түседі.

«Менің ойымша, әкімшілік заңнамадағы жаңа құзырет Агенттік үшін осы басым бағыттағы – кәсіпкерлікті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғаудағы жұмыстың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті О.Бектенов.

Олжас Бектенов айтқандай, бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада орындауға міндетті талаптар мен шаралардың ауқымы өте кең.

Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдау, мүдделер қақтығысын болдырмау, қаржылық бақылау шаралары, басшылардың тікелей қарамағындағы сыбайлас жемқорлық үшін дербес жауапкершілігі және т.б. мәселелер.

Сөз соңында Олжас Бектенов әкімшілік тәжірибені күшейту Агенттіктің алдын алу жұмысына жақсы әсер ететінін қайталады. Антикор әкімшілік тәжірибенің барлық тәсілін тиімді пайдалануға қауқарлы.

«Біз әкімшілік тәжірибенің тәсілдерін тиімді пайдалана отырып, қазірдің өзінде бар алдын алу тетіктерінің – талдау, мониторинг, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер, стандарттар мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның басқа да талаптарының тиімділігін арттырамыз», - деді ол.

Сөзін қорытындылай келе, Олжас Бектенов Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету Антикор жұмысындағы басты міндет екенін айтты.



Барлық жаңалықтар