• Басты
  • Тауар нарығындағы теңгерімсіздік, инфляция және мұнай бағасының төмендеуі

Тауар нарығындағы теңгерімсіздік, инфляция және мұнай бағасының төмендеуі

14 Қыркүйек, 2021 09:44

Бүгін үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ҚР сыртқы қаржы және тауар нарықтары мен ішкі экономиканың тамыздағы ахуалы туралы баяндады. Оның дерегінше, биылғы жылғы сәуірден бастап тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-дан 8,7%-ға дейін жеткен. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Тауар нарығындағы теңгерімсіздік

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы жылғы тамызда сыртқы қаржы және тауар нарықтарындағы, ішкі экономикадағы ахуал тұрақты екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұтыну нарықтарындағы теңгерімсіздік аясында әлемдегі инфляцияның өсуі жалғасуда. Сонымен қатар, әлемдегі жоғары іскерлік белсенділік аясында тауарларға сұраныстың артуы бағаның өсуіне әсер ететін ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түскенін жеткізді. Нәтижесінде, инфляциялық процестер тұтыну нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздіктер аясында дамыған елдерде және дамушы елдерде де бұрынғысынша жеделдеп жатырғанын атап өтті.

«Азық-түлік нарықтарындағы теңгерімсіздіктер ең көп әсер етуде. Биылғы жылғы тамызда 2 ай баяулағаннан кейін әлемдегі азық-түлік бағасы қайта өсуін жалғастырды», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның мәліметінше, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) азық-түлік бағаларының индексі жылдық көрсетуде
32,9%-ға ұлғайып 127,4%-ға жеткенін атап өтті. Мәселен, бұл қант, өсімдік майлары мен дәнді дақылдар бағасының айтарлықтай көтерілуіне байланысты орын алған. Сондай-ақ, ол бидай дақылдарынан алынатын астық түрлерінің нашарлауына байланысты дәнді дақылдарға әлемдік баға индексі 129,8-ге дейін, ал өсімдік майларына әлемдік баға индексі ұсыныстың қысқаруы және сұраныстың өсуі нәтижесінде 165,7%-ға дейін, қантқа әлемдік баға индексі Бразилиядағы құрғақшылық салдарынан 2017 жылғы ақпаннан бастап ең жоғарғы баға – 120,1%-ға дейін өскенін жеткізді.

«Азық-түлік нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік әлемдегі, тиісінше Қазақстандағы инфляция динамикасына теріс әсер етуде»,- деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, сұраныстың жылдам өсуі аясында өндірушілер бағасының өсуі түпкілікті өнімнің құнына теріс әсер етеді. Әлемдегі өндірушілер шикізат пен дайын өнімнің жеткізілімдері мен жоғары бағаларының сақталып отырған мәселелері туралы хабарлаған. Сондай-ақ, ол сұраныстың айтарлықтай өсуі аясында өндірушілер негізгі компоненттердің жетіспеушілігіне және шикізат тауарлары бағасының өсуіне тап болып, өнімді тасымалдау мүмкіндігі үшін бір-бірімен бәсекелесуге мәжбүр болғанын жеткізді.

«Бұл фрахт ставкаларының рекордтық деңгейге дейін өсуіне, сондай-ақ экспорттаушылар бағасының жоғарылауына алып келді. Контейнерді жөнелту құны 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4 есе өсті. Бұл бағаның алдағы уақытта көтерілетінін білдіреді», - деді Ерболат Досаев.

Жеткізулер мен шикізат бағасы

Оның дерегінше, Қазақстандағы жеткізулер мен шикізат бағасының жоғары болу мәселесіне байланысты өндірушілер бағасының жылдық өсімі биылғы жылғы шілдеде 14,2%-ға жеткен. Елімізде экономиканы қалпына келтіру дайын өнімге сұраныстың өсуі аясында өндірістік қуат көздері жүктемесі өндіріс көлемінің өсуіне әкеп соғады. Осы орайда, Ұлттық Банк жүргізетін нақты сектор кәсіпорындарының сұранысы кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныстың өсуін көрсетеді.

«Жеткізу тізбегіндегі дағдарыс 2022 жылдың ортасына дейін порттар жұмысының шамадан тыс болуына және контейнерлердің жетіспеушілігіне байланысты ұзаққа созыла бастады»,- деді ол.

Елімізде инфляцияның өсуі

Оның айуынша, Қазақстанда инфляцияның өсуі барынша орнықты сипатқа ие болуда.

«Биылғы жылғы сәуірден бастап тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-тен 8,7%-ке дейін жеткен. Бағаның ай сайынғы өсуі 2008 жылдан бері алғаш рет тамызда ең жоғары болды»,- деді Ұлттық банк төрағасы.

Еттің қымбаттау себебі

Ол маусымдық тазартылған базалық инфляция соның ішінде көкөністер мен жемістер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметтері мен энергия ресурстары бағасының өсуін есепке алмағандағы инфляция тарихи орташа мәндерден 25%- ға жоғары болғанын айтты. Осы орайлда, тұтыну бағасының жиынтық индексінің 51%-ын құрайтын азық-түлік инфляциясы тарапынан бағаларға негізгі қысым көрсетілетінін атап өтті.

«Оның жылдық өсуі бір айда 0,4 %-дық тармаққа жеделдеп, осы жылғы тамызда 11,4%- ға жетті. Ет, көкөністер, май және қант бағасының өсуі байқалады»,- деді Досаев.

Оның мәліметінше, аталған тауарлардың азық-түлік компонентіне қосатын үлесі биылғы жылғы мамыр-тамызда 2,55 %-дық тармақты құраған. Соның ішінде, еттің қымбаттауы осы жылдың 7 айында жем-шөптің 25%-ке қымбаттауына байланысты әлемдік бағаның және ішкі өндірушілер бағасының өсуінен екенін тілге тиек етті.

«Жем-шөп дақылдарының құны ет өндірісінің өзіндік құнының 70%-ін құрайды. Азық-түлікке жатпайтын инфляция тамызда 7,3%-ға дейін 0,1 %-дық тармаққа өсті»,- деді Ұлттық банк төрағасы.

Ақылы қызметтер инфляциясы

Сондай-ақ, ол өндірушілер бағасының өсуі және сұраныстың қалпына келуі аясында жанар-жағармай бағасының өсуі жалғасып жатырғанын тілге тиек етті.Осы тұста, бұл киім-кешек және аяқ киім бағасының да өсуін жеделдететінін жеткізді. Оның дерегніше, азық-түлікке жатпайтын инфляцияға үлесі осы жылдың мамыр-тамыз айларында 0,94 %-дық тармақты құраған. Ақылы қызметтер инфляциясы биылғы жылғы тамызда 6,6%-ға дейін 0,5 %-дық тармаққа жеделдеген.Сондай-ақ, шекті тарифтердің көтерілуіне байланысты электр энергиясы бағасының өсуі 10,1%-ды құраған.

«Сұранысты қалпына келтіру аясында тұрғын үйді жалға алу бағасы, қоғамдық тамақтану, газ және жолаушылар әуе тасымалы бағасы өсті»,- деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, ол болжамдық раундтың қорытындысы бойынша Ұлттық Банк биылғы жылдың соңына қарай инфляция 7,5%-8,5% дәлізінде қалыптасады деп күтіліп отырғанын атап өтті.

Инфляцияға қарсы қысым

Оның сөзінше, халықтың табысы мен тұтынуының өсуі инфляцияға қарсы қысымның қосымша көзі болып табылуда. Осы тұста, сұраныстың қалпына келуі биылғы жылғы екінші тоқсанда халықтың нақты табысының 1,5%-ға өсуі нәтижесінде тауар айналымының қайта жандануымен расталады.

«Өз кезегінде, биылғы жылғы екінші тоқсанда нақты мәнде қызметкерлер жалақысының 10,4%-ке жеделдеуі аясында үй шаруашылықтарын тұтыну өсуде»,- деді ол.

Осылайша инфляцияның өсу серпіні экономиканың қалпына келу қарқыны және сәйкесінше сұраныс тарапынан күшейіп келе жатқан инфляцияға қарсы қысымды ескере отырып, Ұлттық Банк биылғы жылғы 13 қыркүйекте базалық мөлшерлемені 9,5%-ға дейін 0,25 %-дық тармаққа көтеретінін атап өтті.

Мұнай бағасының төмендігі

Ол тамызда Америка құрама штаттары Федералдық резервтер жүйесінің активтерді сатып алу бағдарламасын жақын арада тоқтату және дельта штаммына қатысты алаңдаушылық туралы белгілері салдарынан жаһандық инвесторлардың тәуекел-сентиментінің нашарлауына байланысты мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы байқалғанын жеткізді.Мәселен, бір ай ішінде мұнай бағасы бір баррель үшін 73 АҚШ долларына дейін 4,4%-ға төмендеген. Сонымен қатар, экспорттаушылардың салық міндеттемелерін орындауы үшін шетел валютасын сатуы мұнай бағасының төмендеуі аясында теңгенің құбылмалылығын реттеген.

«Бір ай ішінде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 425,42 теңгеге дейін 0,2%-ға әлсіреді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті сатуы шеңберіндегі сату және бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың қаражатын конвертациялау операциялары да теңгеге қолдау көрсетті»,- деді Ерболат Досаев.

Ұлттық қордың активтері

Оның дерегінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және импорттың 9,2%-ға өсуі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шетел валютасына сұранысты бір деңгейде ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық қордың активтері биылғы жылғы тамыздың соңында 56,9 млрд АҚШ доллары болған. Ол биылғы жылғы тамызда 396 млрд. теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттерді бөлу үшін 845 млн. АҚШ доллары сатылғанын атап өтті.

«Биылғы жылғы тамызда Ұлттық қорға түскен түсімдер 420 млрд. теңге, оның ішінде шетел валютасында 506 млн. АҚШ доллары немесе баламасында 215 млрд. теңге болды»,- деді Ұлттық банк төрағасы.

Барлық жаңалықтар