• Басты
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары қандай

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары қандай

12 Ақпан, 2021 15:42

Кез келген уақытта, кез келген қоғамда және мемлекетте сыбайлас жемқорлық әрекеттері және ол әрекеттермен күрес болған. Қазіргі қазақ қоғамындағы өзекті тақырыптардың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Қазақстан азаматтарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастыру жолдары қандай? Бұл сұрақтың жауабы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Сыбайлас жемқорлық ұғымы

Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік құбылыс. Оның себебін, мағынасын толық түсіну мүмкін емес, деп есептейді ғалымдар. Бір ғана факт бар: жемқорлық – қоғамның дамуын тежегіш фактор. Бұл ұғымның ресми түсіндірмесі бар. Латын тілінен аударғанда сыбайлас жемқорлық – сындыру, бүлдіру, зақымдау, құлдырау деген мағынаны білдіреді. Латын термині «corruptio» екі түбірден құралған сөз: «cor» - жүрек, жан, рух, ал «ruptum» - бүлдіру, бұзу. Демек, «сыбайлас жемқорлық» сөзінің астарында тек лауазымды тұлғаның пара алуы немесе бюджет қаржысын қалтасына басуы емес, сонымен қатар әлеуметтік жүйе, мемлекеттік билік жүйесінің құлдырауы ұғымдары жатыр.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана дегеніміз – бұл адамдардың жемқорлық әрекетті әлеуметтік зұлымдық әрі қауіпті әрекет деп қабылдуы, оған қарсы пайда болатын ұғымдар, теориялар, түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың жиынтығы.

Жемқорлықтың қысқаша тарихы

Сыбайлас жемқорлық ежелден келе жатқан құбылыс. Тіпті жер бетіне адам пайда болғаннан бері келе жатқан құбылыс болуы мүмкін. Әрине, тарихи процесс барысында жемқорлық түрлері өзгеріп келеді. Қазіргі таңда жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзге адамның пайдасына шешілген әрекеті үшін ақшалай, бағалы қағаз немесе мүлік ретінде алған парасы, лауазымды адамның қызметін пайдаланып туысын, жақынын қарамағына жұмысқа алу, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігін өз қалтасына салу, мемлекеттің мүлкін талан-таражға салу.

Атақты француз философы Шарль Монтескье: «ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей, қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім тұрады және тиісті шекке жетпейінше, сол бағытта әрекет жасайды», - деп жазды.

Әр елдің тарихында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер туралы жазба деректер бар. Ресей тарихында бірінші сыбайлас жемқорлық әрекеттерін шектеу заңнамасын III Иван жазыпты. ХVI ғасырдың ортасында Иван Грозный парақорлыққа қатаң тыйым салып, өлім жазасына кесуді бұйырған. Ол 1561 жылы Сот грамотасын енгізді, онда жергілікті земство басқармасының сот шенеуніктеріне пара алғаны үшін өлім жазасы түрінде санкция белгіленді. А.М. Романовтың кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жалғыз халықтық бүлік болды. Ол 1648 жылы Ресей жерінде мәскеуліктердің жеңісімен аяқталды. Қаланың жартысы бейбіт тұрғындарымен өртеніп кетті, алайда патша екі министрді — Земстволық бұйрықтың басшысы Л.Плещеевті және Пушкарлық бұйрықтың бастысы П.Траханиотовты көпшілікке азаптауға берді. 1649 жылы қабылданған Соборлық Ережеде парақорлық үшін қылмыстық жауапкершілік және пайда табу мақсатында қызмет бабын теріс пайдалану сұрақтары көрініс табады. Соборлық Ереженің 5 және 7- баптарында сот органдарының лауазымды тұлғаларының сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, ал 6-бапта субъектінің шеңбері кеңейтілді, сот шенеуніктері қызметін атқаратын тұлғаларға пара алғаны үшін жауапкершілік көрсетілген. I Петр кезеңінде сыбайлас жемқорлық етек жайды және онымен қатал күрес жүргізілді.

Зар заман ақындарының шығармаларында жемқорлық жиі сөз болғанына қарағанда, ХІХ ғасырда қазақ даласында сыбайлас жемқорлық болған.

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңдары

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын, сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтардың түрін, сондай-ақ жауапкершіліктің басталу жағдайын белгілейтін «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңды қабылдаған.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы Заң 1998 жылы шықты. Ол заң ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңы деп аталды. 17 жылдан соң 2010 жылы екінші Заң қабылданды. Ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңы деп аталды.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе берілген, сыбайлас жемқорлықты жою және оның көріністерін болдырмау жөнінде қоғамдық және саяси күштермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды науқан жүргізілуде. Қазіргі таңда Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресетін арнайы мемлекеттік орган бар. Ол ҚР Сыайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігі деп аталады. Ведомствоны Алик Шпекбаев басқарады.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында мүдделер қақтығысы «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда осы аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін» деген тармақ бар.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаза аса ауыр: ол ұзақмерзімді бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызметке тағайындалуға өмір бойы рұқсат берілмеу. Соған қарамастан мемлекеттік қызметкерлер бұл әрекетке жол береді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін жоғарылату, адамдар арасында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз – бұл адамның саналы түрде және адамгершілік қасиетімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, пара сұрамау, пара бермеу, мемлекеттің мүлкіне қол сұқпауы.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауалға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің басшысы Расул Медетов жауап берді.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен «Саналы ұрпақ», «адал ұрпақ» деген клубтар құрылды. Жобалардың басты мақсаты өскелең ұрпақ арасында жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру. «Саналы ұрпақ» клубы жоғары оқу орындары студенттері арасында жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қазақстан университеттерінде 800 клуб бар. Онда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мектеп оқушыларын қамтитын «Адал ұрпақ» жобасы 3000 мектепте бар. Жемқорлыққа қарсы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі, жемқорлыққа қарсы балалар шығармашылығының байқаулары ұйымдастырылады», - деді антикор қызметкері.

Агенттік қоғамдық жұмыстардың белсенділігін арттырған. «Адалдық алаңы» деп аталатын жобалық кеңселер ашылды. Қоғам белсенділері агенттік қызметкерлерімен бірлесіп қоғамды жемқорлық дертінен құтқару жолында жұмыс жасалып жатыр.

«Мәселен, пандемия кезінде дәрі-дәрмек қоймаларына рейдке бірлесіп шықты. Агенттік күн сайын мемлекеттік органдармен тығыз байланыста. Жемқорлыққа қарсы жаза аса ауыр. Оның үстіне Президентіміз жемқорлық фактісімен ұсталғандарға рақымшылық жасауды тоқтатты. Қазақстан қоғамында жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сана қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыс көп», - деді Расул Медетов.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті» деп жазылған. Заң талаптарын заңды шығаратын, мемлекеттік қызметкерлердің кейде орындамай кететінін өкінішті. Қоғамда азаматтардың заңға деген құрметін арттыратын сана қалыптастыру да қажет-ақ.

Жемқорлықсыз елдер

Әлемде Дания, Финляндия, Швеция, Жаңа Зеландия, Канада, Нидерланды, Норвегия, Швейцария, Австралия, Сингапур, Люксенбург, Ирландия, Германия, Ұлыбритания, Израиль, АҚШ, Австрия, Исландия, Жапонияда сыбайлас жемқорлық әрекеттері көп болмайды. Себебі билік жемқорлыққа қарсы саясатты табысты жүргізіп отыр. Қытай заңы бойынша парақорлық жасаған адам өлім жазасына кесіледі. ОАР-да сыбайлас жемқорлықты азайту үшін заңдардың көмегімен Үкіметті Парламент алдында есеп беруге міндеттеген. Олар шенеуніктер мен депутаттарға табыстары және басқа да салық төлейтін мүліктері жөнінде декларация тапсыру және мемлекеттік жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін қадамдарды қабылдау арқылы біршама жетістікке жетті.

1995 жылы Ұлыбританияда Нолан Комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағиданы жариялады. Олар:

1. Риясыздық. Лауазымды қызметкерлер қоғамдық мүддені жоғары ескере отырып, бір шешімге келеді.

2. Сатылмастық. Лауазымды қызметкерлердің өздерін басқа бір адамдарға не ұйымдарға қаржылық тәуелсіздікке қоймағаны дұрыс.

3. Әділдік. Жоғары қызметке тағайындау, келісім шарт жасау, марапаттау мәселелері бойынша шешім қабылдағанда лауазымды қызметкерлер үміткердің кәсіби қабілеттерін, іскерлігін ескеруі тиіс.

4. Есептілік. Лауазымды қызметкерлер қоғамның алдында өздерінің істеген ісі, қабылдаған шешімдері бойынша есеп беріп отыруы керек.

5. Ашықтық. Лауазымды қызметкерлердің шешімдері мен істері қоғамға ашық болуы тиіс. Әр шешім дәйектеліп отыруға міндетті.

6. Арды, абыройды сақтаушылық. Лауазымды қызметкерлер өздерінің мүдделері туралы ашық айтып, егер де осы мүдделері олардың істеген жұмысына қайшылық келтірсе, қоғамның пайдасына әкелетін шешімге келуге тиісті.

7. Басшылық. Лауазымды қызметкерлер осы аталған қағидаларды қолдана отырып, басшылықты орындап, өзінің дұрыс істерімен, мінез-құлқымен үлгі көрсетіп отыруға міндетті.

Өткен жылы Қазақстанда 1000-нан аса адам сыбайлас жемқорлықпен ұсталды

2020 жылы сыбайлас жемқорлық әрекет үшін 1000-нан астам мемлекеттік қызметкер сотталды. Олардың ішінде 334 адам пара алған, 256 адам пара берген, 146 адам алаяқтық, 98 адам ұрлық, 120 адам лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны, 26 адам парақорлыққа делдал болғаны үшін және т. б. сотталды. Бас бостандығынан айыруға – 269 адам, бас бостандығын шектеуге – 142 адам, еселік айыппұлдарға – 575 адам, қалғандары шартты мерзімге не үкімнің орындалуын кейінге қалдыруға сотталды.

Ал осы жыл басталған 1,5 ай ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі 250 тергеуді тіркеді. 28 лауазымды тұлға ұсталды, 22 адамға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жан-жақты күрес жүргізіліп жатса да, қоғамға қауіп төндірген бұл дерт ауыздықталмай отыр.

Мектеп қабырғасынан адалдық сабақтарын өткен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастырған ұрпақ мемлекеттік қызметке, ел басқару ісіне келсе, Ұлыбритания мен Сингапурдағы жағдай Қазақстанға да келеді деген үміт бар. Жемқорлықтың салдары елдегі сапасыз жолдарға, ауруханалардағы өлімнің көбеюіне, шатыры ұшқан мектеп ғимараттарының көбеюіне әкеп соқты. Антикор басшысы Алик Шпекбаев айтқандай, Заң аясында сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себебімен күресті күшейту керек.

Барлық жаңалықтар