• Басты
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Парасат жолы» орталығы өз жұмысын бастады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Парасат жолы» орталығы өз жұмысын бастады

3 Ақпан, 2021 14:17

Бүгін академиялық Ұлттық кітапханада ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақбота Райымқұлова мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Бүгіннен бастап «Адалдық алаңы» жобасы аясында өңірлердегі орталықтандырылған кітапханалар қабырғасында «Парасат жолы» орталығы жұмыс істей бастайды. Жиынға Қазақстанның әр өңіріндегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Елордадан қалалық Жазушылар Одағының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, сатирик Көпен Әмірбек, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Алматыдан онлайн байланыс арқыры ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов, батыстан Ақұштап Бақтыгереева және т.б. мәдениет пен өнер саласының өкілдері қатысты.

Жиынның басты тақырыбы – қоғамды жемқорлық дерттен сақтау. Зиялы қауым сыбайлас жемқорлықтың кең етек жаюына бірден бір себеп – адамдардың кітапқа қызығушылығының жоқтығынан деп есептейді.

ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, Қазақстанның одан сайын дамуы үшін ұлттық құндылықтарға басымдылық берілу тиіс.

«Елімізде жалпыға ортақ адам құқығы толық сақталып, заң мен тәртіп орнауы тиіс. Анархия мен жүгенсіздікдің жақсылыққа апармайтынына тарих куә. Мызғымас бірлігіміздің негізі ұлттық мәдениет және алдымен «адам бол» деген қасиетпен жеткен ұлы дала этнопедагогикасы екенін атап өткім келеді. Бүгін біз қазақ халқының болашағына қандай рухани негіз қалауымыз жайында байыпты әңгіме өрбіту үшін жиналып отрымыз», - деді ол.

Ақтоты Рахметоллақызы парасаттылық идеологиясына назар аударды.

«Осы ретте мәдениет саласы қызметкерлерінің атынан барлық жерде парасаттық идеологиясын ілгерілету және кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбеушілікті қалыптастыру қажеттігі туралы айтқым келеді. Бүгінге дейін «Адалдық алаңы» жобасы аясында мәдениет және спорт министрлігі ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеп келеді. 2019 жылы қараша айында іске қосылған жобалық кеңсе министрлікте және барлық бағынысты мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен оның алдын алуға бағытталған қызметті қызу жүргізіп келеді. Жобалық кеңсе қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз қарым-қатынас орнатты. Агенттік қызметкерлердің қатысуымен министрлікке бағынысты ұйымдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит және ақпарат, қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, әлеуметтік бейнероликтер дайындау сияқты бірқатар іс-шара жүргізіп келеді», - деді министр.

Биыл 8 қаңтарда Орталық кітапханада ашылған «Парасат жолы» жаңа орталығы – «Адалдық жолы» жобалық кеңсесімен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы тығыз әріптестіктің нәтижесі.

«Еліміздің барлық өңірінде облыстық кітапханаларында «Парасат жолы» өңірлік кітапханалардың ашылуына қатысып отырмыз. Жаңа орталықтың мақсаты – адалдық, парасатттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етеді деп үміттенемін. Бүгін қол қойылған меморандумның мақсаты азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту, парасаттылық идеологиясын ілгерілету және кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырамыз», - деп түйіндеді ол.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев өз сөзінде қоғамды түзейтін – адамдардың мәдениеттілігі мен парасаттылығы екенін айтты.

«Қазақстанның әрбір азаматы қоғамда парасаттылықты қалыптастыру үшін үлес қосу керек. Ол жазушы бола ма, мемлекеттік қызметкерлер бола ма, қойшы бола ма, мейлі. Бұл – жаппай көтеретін ортақ жүк. Абай өз заманында қоғамды сынады. Осыған байланысты психоаналиктердің еңбектерін, марксиздік-лениндік философиямен кетіп қалды. Сондықтан Абайды аша алмай қалдық. Еуропаның психоаналитиктерінің айтуынша, кез келген адам іштей болса да өзін қоғамға үйлестіреді. Фрид енгізген терминмен айтсақ, бұл – идентификация. Өзімізді басқа біреумен сәйкестендіру психологиясының себебі әр түрлі. Біреулер ұят деген қағидамен өзін өзгемен сәйкестендеріді. Мысалы, біреу ас беріп жатыр, мен де ас беруім керек дейді. Адамдарды өзгелермен сәйкестендіруге итермелейтін аспект, ол – қорқыныш. Кез келген адамның еркіндігі болады. Бұл еркіндікті сезінбеуге өзін өзгемен салыстыру қасиеті бірден бір себеп. Қоғаммен өзіңді сәйкестендіру саналы, парасатты, мәдениетті деңгейде жүзеге асу керек», - деді ол.

Сатирик Көпек Әмірбек өз баяндамасында салыстырамалы түрде елдердегі сыбайлас жемқорлықтың орын алуы туралы деректер айтты.

«Қазақстанда жылына мыңдаған мемлекеттік қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Олардың көпшілігі сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін жазаланып жатыр. Біз өткен жылы Германияға бардық. 80 млн халық тұратын Германияда соңғы 30 жылда бірде бір шенеунік жемқорлық әрекеті үшін ұсталмаған. Германия билігінің жемқорлыққа қарсы жүргізген күрестерінің нәтижесінде бұл елде бюджеттің қаржысын ұрлау, пара алу деген жойылған», - деді Көпен Әмірбек.

Сатирик осы ретте өз ұсынысын айтты.

«Кеңес заманында «Ара» атты сатиралық журнал болатын. Бұл журналдың бетіне шығатын адамның беті «шиедей» болатын. Өйткені белгілі адамдардың теріс әрекеттері мысқылдап жазылатын. Сол журналдың сайт нұсқасы қазір жарық көрсе, онда пара сұрағыш шенеуніктердің аттары жазылып отырса, қоғамды сыбайлас жемқорлықтан тазалаудың бір жолы болар еді», - деп түйіндеді ол.

Батыстан байланысқа шыққан Ақұштап Бақтыгереева жемқорларды қатаң сыңға алды.

«Қоғам қанша күрессе де, жемқорлардың саны азаймай отыр. Баласы баратын мектептің шатырын ұрлаған, анасы емделетін аурухананың аппаратын ұрлаған жемқорлар «адал бол» деген тәрбиені көрмей өскен. Жемқорлардың көбейіп бара жатқанына бірден бір себеп – адамдардың кітап оқуға деген құлшыныстың жоқтығы. Парасаттылыққа, адалдыққа үйрететін құрал – ол кітап», - деді ол.

Жиын модераторы Дәулеткерей Кәпұлы қазақ жазушыларының еңбектерінде адалдық тақырыбы шығармаға жиі арқау болғанын жеткізді. 

Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінде айтылатын адалдық қазақ оқырмандарына жақсы таныс. Алматыда қазіргі таңда 400-ге жуық ақын-жазушы бар, ал Нұр-Сұлтанда 200-ден аса зиялы қауым бар. Олар өз шығармаларында ардың ұяты, қолдың тазалығы туралы айтып жүр. Сыбайлас жемқорлық туралы сөз болғанда, «ары таза адамның қолы таза» деген ой ойға оралады», - деді Дәулеткерей Кәпұлы.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметіне жоғары баға берді.

«Атынан ат үркитін Антикордан адамдар 5 метр алыс жүретін еді, қазір бұл агенттік адамдар өздері барып, мәселелерін ашық айтатын орталыққа айналды. Антикор – қайнаған қазан, жақсылықтың жаршысы. Себебі мұнда «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері белсенді жұмыс істеуде. Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған жоба қазіргі таңда барлық өңірге таралып, әр өңірден жобалық кеңселер ашылды», - деді ол.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пандемия кезінде дәріханалар мен дәрі-дәрмек қоймаларындағы заңсыздықтарды әшкереледі. Мектептерде адалдық сабақтарының өткізілуіне де агенттік себеп болды. Жиын қатысушылары жемқорлардың баратын орны түрме екенін және жемқорларға шартты жеңілдіктің алынып тасталғаны туралы айтты.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы шариғат заңы бойынша жемқорлықтың күнә екенін ескертті. Ол Шортанбай Қанайұлының өлеңінен келтірді:

Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Бізден бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын, үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Артық дәулет біткендер!

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, қазіргі таңда тек әлеуметтік, экономикалық реформалар жасалып жатқан жоқ. Сонымен қатар қоғамның әр саласындағы оң өзгерістер жолында жаңа бастамалар көтеріліп жатыр.

«Зиялы қауым айтып өткендей қазақ балаға үш ауыз сөзбен тәлім берген: обал болады, ұят болады, сауап болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты міндеті – қоғамдағы жайлаған жемқорлық індетімен күресу. «Ауру батпандап кіреді, мысқылдап шығады» дейді. Жемқорлық дертімен тек құқық қорғау саласының қызметкерлері емес, сонымен қатар қоғамның әр саласындағы белсенділер де қатарға қосылу керек. Бір бұзылмайтын ақиқат бар: әділдік болмай ешбір қоғам, мемлекет өрге баспайды. Біз сыбайлас жемқорлықтың салдарымен емес, себептерімен күресуіміз керек. 1998 жылы «ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күресу» туралы Заңы шықты. Бұл бірінші Заң еді. 17 жыл өткен екінші Заң қабылданды. Ол «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңы деп аталды. Осы заңда жемқорлықтың салдарымен емес себептерінің алдын алу туралы жазылған.

Шпекбаев агенттіктің жұмысына тоқталды.

Біздің агенттікте үш негізгі департамент жұмыс істейді. Олар: превенция, парасаттылық және серіктестік. Осы үш департаментті де шетелде оқыған, дамыған елдердің құқықтық тәжірибелерімен таныс, білімді мамандар басқарады. Біздің барлық бастамамыз айқын құндылықтарымыздың призмасы арқылы жүзеге асырылады. Олар – әділдік, парасаттылық және сенім, - деді Алик Жатқанбайұлы.

Мәжіліс соңында Ақтоты Райымқұлова мен Алик Шпекбаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, әріптестік орнату туралы, қоғамды жемқорлық дертінен тазалау жолында ортақ жұмыс жасау туралы келіссөз жүргізді.

Барлық жаңалықтар