• Басты
  • «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістер енді
7 Қазан, 2020 13:04

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістер енді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай әрекеттер жүргізіліп жатқанын, Президент Жолдауындағы тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқаны туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты алдын алу үшін жүйелі түрде қосымша шаралар енгізуге бағытталған Заңға қол қойды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдағы өзгерістерді Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға өзгерістер енді

Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес («Пара беру») мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін құны 2 АЕК асатын сыйлықтар тарту қылмыстық әрекет болып танылып, жауапқа тартылады.

 Азаматтық кодекстің 509-бабында көрсетілген норманы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің нормаларымен сәйкестендірілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлыққа жатады. Құны 2 АЕК құрайтын сыйлық алған уәкілетті тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал құны 2 АЕК жоғары сыйлық алған лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген 412-1-бап енгізіледі. Мұнда тек парақорлық әрекеті емес, сонымен бірге басқа да қылмыс түрлерін қамти алады. Тергеушілер немесе жедел іздестіру қызметкерлері өздерінің қызметтік құзыретін асыра пайдаланып жауапқа тартылған адамды бопсалау, арандату арқылы кінәні мойнына алдыруға көндірген әрекеттері анықталса, қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7 жылға дейін лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылады және 3 жыл бас бостандығынан айырылады.

 Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлық субъектілерін атады. Оның мәліметінше, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, сатып алуды ұйымдастыратын уәкілетті орган, мемлекеттік бюджет есебінен немесе Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іске асыратын тұлғалар енді сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады. Олар жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылады. Мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының басшылары да сыбайлас жемқорлық субъектілері болып табылады. Аталған лауазымды тұлғалар «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда көрсетілген шектеулерді толық көлемде қабылдайтын болады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа жол берсе, қылмыстық жауапқа тартылады.

Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қолданылған. Енді нормаға тиесілі тұлғалар шеңбер кеңейді. Маңызды мемлекеттік жобаларды сатып алуға және оны атқаруға жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшыларын сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу үлкен прогресс болып отыр. Енді олардың бәрі заң алдында бірдей, - деп түсіндірді Олжас Бектенов.

 Құрылымдық бөлімшелердің басшылары өздері немесе үшінші тұлғалар үшін заңсыз, бірақ тиімді шешім қабылдай алады, сондай-ақ өздерінің лауазымдық міндеттеріне байланысты сеніп тапсырылған бөлімше қызметкерлерінің қандай да бір сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысуына жол бермеуге мүмкіндігі бар. Бұл жаңа түзетудің арқасында квазимемлекеттік сектордың қызметкерлерінің жемқорлық әрекеттеріне тоқауыл қойылады.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда және басқа да бірқатар заңдарда мемлекеттік қызметтегі уәкілеттік берілген адамдар, яғни басшылар өздерінің туыстарын, жұбайлары, жекжаттары оған бағынатын лауазымды қызметті атқаруға тыйым салынады.

Мемлекеттік қызметте басшылықтағы лауазымды тұлғалар лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар үшін өздері үміттеніп отырған лауазымға орналасуға ұйымның басшылығына осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы және жекжаттары туралы жазбаша түрде хабарлауы міндеттелді, - деді сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі.

Олжас Бектенов мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы айтты. Мәселен, тергеу қызметкерлерінің ішінде баспанасы жоқ азаматтарға мемлекет тарапынан үй төлемдері белгіленеді. Бұл қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа бару әрекеттерінің алдын алады.

Журналистер тарапынан індет кезінде желіде дау тудырған «СҚ-Фармация» мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бұрынғы басшылығына қатысты сұрақ қойылды. Олжас Бектенов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне сыртқы сараптама жүргізілетінін мәлімдеді. Ол пандемия кезінде орын алған жемқорлық әрекеттерге тоқталды.

«СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерге сыртқы сараптама жақында аяқталды. Жемқорлық тәуекелдерді төмендету, жалпы дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың бірыңғай дистрибьюторы қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді ұсыныстар енгізілді. Індет кезінде облыстарда өкпені жасанды желдету аппараттарын жоғары бағамен сатып алудың бірнеше фактісі анықталды. Дәрі-дәрмек жетіспеушілігін қолдан жасаған әрекеттер орын ады. Біз бұл ақпаратты жан-жақты зерттедік. Қорыта келе, кез келген саладағыдай тәуекелдер, заңбұзушылықтар, жемқорлық әрекеті бар. Бірақ, оларды жаппай орын алып жатыр деуге болмайды. Күні кеше ғана бірлескен бұйрыққа қол қойылып, енді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сыртқы сараптама бастаймыз, - деді Олжас Бектенов.

 

Барлық жаңалықтар