• Басты
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңға қандай түзетулер енгізілді
16 Қазан, 2020 13:08

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңға қандай түзетулер енгізілді

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жаңа заңнамалық бастамалармен таныстырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша заңға қандай түзетулер енгізілді

                                                               Құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынды

Биыл 6 қазанда мемлекет басшысы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша заңға қол қойды. Заң сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған.

Департамент басшысы бірінші орынбасарының сөзінше, азаматтық кодексте мемлекеттік қызметкерлерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады.

«Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларын үйлестіру қажеттілігі Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңның жай-күйі туралы конституциялық кеңестің 2018 жылдың 5 маусымдағы жолдауда көрсетілген», - деді Жазира Жылқышиева.

Оның айтуынша, қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес, пара беру мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғалар, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекетіне әркетсіздігі үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады.

Ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекеті болып табылады.

«Осылайша, қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субьектілеріне олардың лауазымдық жағдайына қарамастан, кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Сондықтан Азматтық кодекстің 509-бабымен кһзделген норманы, қылмыстық және әкімшілік кодекстің нормаларымен сәйкес келтіруге тура келді», - деді ол.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тқлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауға тыйым салынады.

Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, квазимемлекеттік сектордың сыбайлас жемқорлық субьектілері болып табылатын лауазымды тұлғаларының шеңбері кеңейтілген.

«Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті мемлекеттік бюджеттен және ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты дербес құрылымның бөлімше басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субьектілеріне жатады. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді толық көлемде өзіне қабылдай болады», - деді департамент басшысының бірінші орынбасары.

Сонымен қоса сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда неғұрлым ауыр жауапкершілікке тартылатын болады. Бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың тек бірінші басшыларына ғана қатысты болатын.

Жазира Жылқышиеваның сөзінше, бұл түзетулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы «комплайнс» қызметтерді енгізумен бірге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тарапынан теріс пайдалануды болдырмаудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың тиімді шарасы болмақ.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңда және басқа да бірқатар заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берген адамдар мен оларға теңестірілген азаматтар, жақын туыстары, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар, атқаратын лауазымдарда тікелей бағынышты лауазымды атқара алмайтын ғана емес, сонымен бірге жақын туыстары, жұбайлары немесе жекжаттары тікелей байланыста бола алмайтындығы көрсетілген», - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілетін функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар үшін өздері лауазымға орналасуға үміткер болып отырған ұйымның басшылығына, осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы не жекжаттары туралы хабарлау міндеті енгізілген. Сонымен қоса квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылық корпоративті стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы «комплайнс» қызметтер институты енгізілді. Айта кетейік, «Комплайнс» кез келген ұйымда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше.

                                                            Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» бабы енгізілді

Оның айтуынша, мемлекет басшысының 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін заңда жедел іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодексте «қылмысқа арандату» деген 412.1 бап енгізіледі. Ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қамтитын болады. Бұл ретте жедел іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында қылмыс жасауға көндірген заңсыз әркеттері қылмыстық арандатуға жатады.

Айтылған бап әркеттердің ауырлығына және салдарына байланысты үш бөліктен тұрады.

Бұл заңсыз әрекеттердің, зорлық-зомбылықпен не күш қолдану қатерімен ұштасқанына, мүліктің жойылуына немесе бүлінуіне әкеп соққанына, не адамның материалдық немесе өзге де материалдық тәуелділігін пайдалана отырып жасалғанына, қылмыстық топтың мүдделерінде жасалғанында, не олар өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққанына қарай жаза тағайындалатын болады», - деді ол.

Оның дерегінше, жазаның ең төменгі мерзімі - 7 жылға дейін. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру. Ең жоғары санкция белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру.

Сонымен қоса ол осы түзетулерді қабылдау азаматтардың конституциялық құқығын қорғауды күшейтуге ықпал ететінін атап өтті. Лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне қосымша тосқауыл болмақ.

                                               Жедел тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдері белгіленді

Жазира Жылқышиеваның айтуынша, заңмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері белгіленген. Тұрғын үй мәселесін шешу қызметкерлердің тиісті уәждемесін қамтамасыз ету мақсатында ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін де маңызды болып табылады.

Еске салайық, мемлекет басшысы халыққа жолдауында бірқатар жемқорлыққа қарсы жаңа бастамаларды көтерді. Атап айтсақ, президент мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетел банктерінде шоттар ашуға тыйым салды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін, сотталғандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға да тыйым салған еді. Сыбайлас жемқорлық үшін, оның ішінде пара беру мен парақорлықтағы делдалдар үшін жауапкершілікті күшейтуге тапсырма берді. Сонымен қатар мемлекет басшысы мемлекеттік аппараттың қоғам алдындағы транспаренттілігі, есептілігін арттыруға ықпал ететін қоғамдық бақылау туралы жеке заңды әзірлеу қажеттігін айтты. Жазира Жылқышиеваның айтуынша, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға оң әсерін тигізері сөзсіз. 

Барлық жаңалықтар