• Басты
  • Суицидтің алдын алу күні: Қазақстан өз-өзіне қол жұмсаудан 3-орында
10 Қыркүйек, 2020 16:19

Суицидтің алдын алу күні: Қазақстан өз-өзіне қол жұмсаудан 3-орында

Бүгін,10 қыркүйек – әлем бойынша суицидтің алдын алу күні. Осыған орай «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ онлайн форматта баспасөз-конференция өткізді. Конференцияда көтерілген мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


Суицидтің алдын алу күні: Қазақстан өз-өзіне қол жұмсаудан 3-орында

Суицид дегеніміз – бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни әр түрлі себептерден мінез-құлқының өзгеруіне байланысты қабылданатын эгоистік шешім. Бүгінгі шарада «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» Қорының сарапшылары «Қазақстандық жастардың өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқы: әлеуметтік және психологиялық триггерлер» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерін ұсынды. Сонымен қатар жастардың өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқының алдын алу туралы айтып, «әлеуметтік-психологиялық аспектілер» атты оқу-әдістемелік құралының негізгі мазмұнымен таныстырады.

Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева статистикалық деректерді келтірді.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша 2019 жылы 15 жас пен 29 жас аралығындағы 887 қазақстандық өз-өзіне қол жұмсау туралы өмірден өз еркімен кету туралы шешім қабылдаған. 2020 жылы жастар арасындағы өлім саны күрт өсті. Бұл мәселені Парламент депутаттары көтерді. Үкімет те мұны біледі. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша Қазақстан өзіне өзі қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орында, ал Орталық Азия елдерінің ішінде көш бастап тұр, - деді Маргарита Өскембаева.

Айта кету керек, суицид бойынша дүние жүзінде Литва, Ресей және Белоруссия алдыңғы қатарда тұр.

«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ 10 жылдан астам уақыт ішінде аталған мәселе бойынша бірқатар жұмыс атқарды, әлеуметтік зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде Қазақстанда суицид көп шығатын 5 аймақ анықталды. Олар: Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды және Түркістан облыстары. Қазақстан жастарының суицидті мінез-құлқын зерттеу 2020 жылдың наурыз-тамыз айлары аралығында жүргізілді. Зерттеуге 50,4% қыздар мен 49,6% жігіттер қатысты. Олардың жастары 16-29 аралығында. ҚР Заңнамасына сәйкес әлеуметтік-демографиялық топтағы «жастарға» 14-29 жастағы азаматтар жатады. Сауалнамаға республика территориясында өмір сүретін барлық этникалық топ өкілдері қатысты. Бірақ ең көп қатысқан этнос – қазақтар (39%) мен орыстар (23,2%). Олардың білімдері де әр түрлі: жалпы орта білімі барлар 23,1%, арнайы орта білімі барлар – 42,2% және жоғары білімі барлар – 24,8%, жоғары. Жастардың ішінде қалада тұратындар да, ауылда тұратындары да бар. Көпшілігі қаладан болды - 56,9%, сауалнамаға қатысқан ауыл жастары 43,1%-ды құрады. Жастардың ішінде тек оқумен айналысатындары бар, сондай-ақ жұмыс істейтіндері де бар. Әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты оқымайтын, жұмыс та істемейтін жастар ерекше көзге түсті. Оларды қазір Neet-жастар деп атайды. Респонденттердің ішінде отбасылы, отбасын әлі құрмаған және ажырасқандар да болды. Көпшілігі әлі отбасы құрмаған. Сауалнамаға қатысқан жастардың көпшілігі дінге сенетіндер мен ұстанатындар.

Маргарита Өскембаеваның айтуынша, суицидке апаратын негізгі себептер – зорлық әрекеттер, алкоголь ішімдігін пайдалану, психологиялық зорлық, жиі ұрыс-керіс, жақын жандардың салқындығы, экономикалық зорлық, жақын жандардан көп сын есту, қарды тапшылығы, бақылаудың көптігі, қысым көрсету және т.б.

Зерттеу көрсеткендей, жастар өздерінің суицидті мінез-құлқынан секем алмайды және проблемаға стереотипті түрде қарайды. Суицидке итермелейтін негізгі себеп: психиканың бұзылуы, депрессия, қаржылық проблема, жалғыздық, өзін қажетсіз сезіну, ата-анамен конфликттер. Суицидке баратын жастардың көпшілігі қалада тұратын қыздар боп шықты. Көбінесе олар дінге сенбейді және жоғары білімі жоқ, - деді ол.

Зерттеу қазақстандықтар суицид жасағандарды әңгіме ғып айтатынын, талқылайтынын, қолдамайтынын және көмектесуге әрекет жасайтынын анықтады. Суицидке баратын жастардың көпшілігі жақындарымен керісіп қалады, оларға ата-аналарының қатаңдығы мен бақылауы ұнамайды.

Конференцияға қатысушылар суицидтің алдын-алу мақсатында жүргізілетін нақты жұмыстарды талқылады.

Нақты жұмыстар жасалу керек. Мәселен, психолог, әлеуметтік педагог және оқушы немесе студент арасында сенім қалыптастыру, жасөспірімнің отбасымен тығыз байланыста болу, жастарға құпия түрде көмек беру. Жасөспірімдер мен жастар арасында суицидтік әрекетті алдын алу үшін психопрофилактикалық, диагностикалық және коррекциялық, жұмыстар жүргізу шарт. Адам өмірін сақтап қалу – психологтардың ең басты міндеті. Қазақстанның 14-29 аралығындағы азаматтарына осы тақырыпта дәрістер, әңгімелесулер, сұхбаттасулар, кеңес беру, сұрақ-жауап сияқты жұмыстардың көбірек жүргізілгені дұрыс. Өзіне-өзі қол жұмсауға баратын адамдар көбінесе ішкі депрессия, торығуды бастан кешіреді немесе қатты стресс алады, сонымен қатар психикалық ауруларымен, көңіл-күйінің бұзылуынан, бәрін өзіне жақын қабылдаудан зардап шегеді. Соның салдарынан оларға болашақ өмір бұлыңғыр болып көрінеді әрі қызықтырмайды, - деді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының" бас директоры Николай Негай.

30-дан астам ғылыми еңбектердің авторы психолог, тренер, оқытушы Алексина Ли «Жастардың өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқының алдын алу: социо-психологиялық аспектілер» оқу-әдістемелік құралының презентациясымен таныстырды.

Жасөспірімдерді қатерлі қадамнан тек өзін тыңдайтын, түсіністікпен қарайтын адаммен сөйлесу мүмкіндігі ғана құтқара алады. Проблеманың шешімі гейткиперлерді дайындау болуы мүмкін. Гейтпикер дегеніміз – сипаттарды тани алатын және ажырата білетін, алғашқы психологиялық көмек көрсететін адам. Кез келген ынталы адам гейткипер бола алады. Психологиялық білімнің болуы міндетті емес. Мұндай бағдарламаны мектептер мен университеттерде жүзеге асыруға болады. Өйткені суицидке жақын жастар мен жасөспірімдердің көбі мектеп пен университетте оқиды, - деді Алексина Ли.

Оқу-әдістемелік құрал суицид әрекетке жақын адамдар тобымен жұмыс істейтін мамандарға арналған. Олар осы нұсқаулық арқылы кәсіби көкжиектерін кеңейте алады, суицидке бейімділікті анықтауға дағдыланады. Сонымен қатар пайдалы кеңесті мектеп психологтары, әлеуметтік қызметкерлер, сенім қызметінің өкілдері және ата-аналар алады.

Конференцияға қатысушылар суицид түрлерін талдады. Олар: шынайы суицид, демонстративті суицид және жасырын суицид.

Шара соңында спикерлер Қазақстанда өмірін өз қолымен қиған жастар қатары жыл санап артып келе жатқанын айтты. Алайда, суицидті болдырмау шаралары толық жүргізіліп жатқан жоқ. Суицидпен күрес жұмыстарын қоғам болып бірге жүргізуіміз керек деген тұжырыммен шара аяқталды.

Дүние жүзінде өзекті проблемаға айналған өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Суицидке қарсы күрес күнін бекіту бастамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Өзін-өзі өлтіруге жол бермеу жөніндегі халықаралық қауымдастық көтерді.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар