• Басты
  • Су саласын цифрландыру, заңнаманы жетілдіру қалай жүзеге асуда
6 Қараша, 2020 11:53

Су саласын цифрландыру, заңнаманы жетілдіру қалай жүзеге асуда

Бүгін «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбында өткен арналған үкімет сағатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су қауіпсіздігі мәселесі жөнінде баяндама жасады. Ол баяндамасында трансшекаралық ынтымақтастық, су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру, су саласын цифрландыру, су заңнамасын жетілдіру бағытында қолға алынған шараларға тоқталып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Су саласын цифрландыру, заңнаманы жетілдіру қалай жүзеге асуда

Министр судың ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сондықтан да су қауіпсіздігі мәселелері өте маңызды. 

«Қазақстанның су ресурстары жерасты сулары мен өзен ағындарының қорларынан тұрады. Өзен ағыны ресурстарының көрсеткіштері соңғы жылдары тоқсан мен жүз куб км аралығында. Оның елу бір куб км-ге жуығы - жергілікті ағын, қырық куб.км-ге жуығы трансшекаралық өзендер арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдері мен Ресей Федерациясынан келеді. Ресейге кететін су ағыны орта есеппен жылына он алты жарым куб км-ді құрайды. Негізі экологиялық қажеттілікке елу куб км талап етіледі», - деді министр.

 

Сонымен қатар ол жер асты суларының расталған көлемі он бес жарым куб км-ге тең екенін еске салды. 3500-нан аса су орындары анықталған, дегенмен олардың аумағы біркелкі бөлінбеген. Атап айтқанда, батыста – жиырма пайыздан аз, орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда – отыз пайыз болса, ал еліміздің оңтүстігінде бұл көрсеткіш елу пайызға тең.

«Жалпы жиырма бес куб км су қолданыста. Оның ішінде ауыл шаруашылығына - он бес кубкм, өнеркәсіпке - алты куб км және коммуналдық шаруашылыққа бір куб км жұмсалады. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар үш куб км құрайды», - деді министр.


Мағзұм Мырзағалиев өткен жылғы парламенттік тыңдауларда су саласының жай-күйі мен проблемалары талқыланқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, депутаттар тарапынан ұсынылған он тоғыз ұсыныстың оны орындалған, ал қалған тоғызы орындалып жатыр.

Министрдің мәліметінше, жүзеге асырылатын ұсыныстар шартты түрде 4 блокқа бөлінген.

1.    Трансшекаралық ынтымақтастық

2.    Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту

3.    Су заңнамасын жетілдіру

4.    Білім беру және ғылыми-зерттеу базасын жетілдіру


Трансшекаралық ынтымақтастық

Министрдің айтуынша, Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық. Соның салдарынан еліміз шектес елдердің, атап айтқанда Қытаймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Ресей Федерациясымен су шаруашылығы саясатымен тығыз байланысты.

Қытай Халық Республикасы

Осылайша, министр әр елмен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы су қатынастары Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Осы Келісімді іске асыру мақсатында оның айтуынша, трансшекаралық Өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі қазақстан-қытай бірлескен комиссиясы, сондай-ақ сарапшылардың жұмыс тобы құрылған. 2003-2020 жылдар аралығында бірлескен комиссияның 17 отырысы және сарапшылардың жұмыс тобының 16 отырысы өткізілді. Бүгінде негізгі проблема - Трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауында. Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған.

«Қытаймен өте күрделі келіссөздер өтеді. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел болып табылады. Жалпы біз Келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етудеміз. Қытай тарапы бұған мүдделі емес. Оған қарамастан отандық сарапшылардың табандылығының арқасында өткен жылы тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйелерін сақтау бойынша қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Келіссөздер жалғасуда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Өзбекстан

Өзбекстанда министрдің айтуынша, су шаруашылығы қатынастары Сырдария өзенінің бассейні бойынша жүзеге асырылады және Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасындағы бесжақты келісім шеңберінде реттеледі. Келісім шеңберінде Ведомствоаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы жұмыс істейді.

«Сырдария өзенінің бассейні бойынша негізгі проблема - бұрын Кеңес заманында белгіленген су ресурстарын бөлу тәртібін бұзу. Тәуелсіздік алғаннан кейін елдер тәуелсіз су шаруашылығы саясатын жүргізеді және көптеген жағдайларда төменгі ағыс елдерінің мүдделері ескерусіз жүзеге асырылады», - деді министр.

 

Негізгі су қоймалары орналасқан жоғарғы Қырғызстан мен Тәжікстан елдері электр энергиясын өндіруден пайда алуға мүдделі, ал төменгі деңгейдегі Қазақстан мен Өзбекстан ауыл шаруашылығы өндірісінен пайда алуға мүдделі. Өз кезегінде, Қазақстан төменгі ағысында орналасқан ел ретінде вегетация кезеңінде суармалы судың тапшылығын қатты сезінеді. Осыған байланысты, министрдің пайымынша, суармалы судың қажетті көлемін алу үшін біз тараптардың әрқайсысымен жеке келіссөздер жүргізуге мәжбүрміз.

«Мәселен, биыл Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн м3 көлемінде қосымша су ағызуды қамтамасыз ету үшін электр энергиясымен тауар алмасуды жүзеге асыру бойынша қырғыз тарапымен жеке хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ, Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында Бакри Точик су қоймасының жұмыс тәртібі және Достық каналы арқылы су беру туралы үшжақты хаттамаға қол қойылды. Қабылданған шаралардың арқасында вегетациялық кезеңде Түркістан облысының Жетісай және Мақтарал аудандарының суармалы суға қажеттілігі толық көлемде қанағаттандырылды», - деді министр.

 

Сонымен қоса ол биыл Өзбекстанмен елеулі жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Оның сөзіне сенсек, осы жылдың жаз айында проблемалық мәселелердің барлық спектрін қамтитын және олардың шешу мерзімдерін айқындайтын су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар, 1991 жылдан кейін салынған және қайта жаңартылған су шаруашылығы құрылыстарына бірлескен тексеру жүргізілген. Сондай-ақ, Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы талқыланған.

Бұдан бөлек, трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы келісім жобасы талқыға түскен. Бұл бұрын су балансында ескерілмеген су қоймаларын анықтау үшін жасалды дейді министр. Бүгінде Келісім жобасының мәтіні сексен пайызға келісілген, сондай-ақ келіссөздер жалғасуда. Бұл болашақта министрдің айтуынша, Өзбекстан аумағында орналасқан негізгі су шаруашылығы учаскелерінде су ресурстарын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Қырғызстан

Қырғызстанмен трансшекаралық өзендер саласындағы ынтымақтастық Шу және Талас өзендері бойынша жүзеге асырылады. Су ресурстарын бөлу 1983 жылғы ережелермен реттеледі. Сондай-ақ 2000 жылдан бастап Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы үкіметаралық Келісім қолданылады. Министрдің айтуынша, Қазақстан осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін толық көлемде орындайды. Соңғы төрт жылда Қазақстан 75 млн теңге бөлген. Сонымен қатар, қырғыз тарапы Қазақстанға негізінен Шу өзенінің бассейнінде орналасқан мемлекетаралық арналар арқылы су беру кестесін мерзімді түрде сақтамайды.

«Онымен қоса, біздің өңір қазір суы аз табиғи кезеңге тап болды. Өз кезегінде, су беру кестесін сақтамаудың барлық себептері алдағы қараша айының соңында өтетін Комиссия отырысында талқыланады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

 

Бұдан бөлек министр қазіргі уақытта су беру кестесінің бұзылуына жол бермеу мақсатында, келесі жылдарға нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Оның дерегінше, Қазақстан тарапы Киров су қоймасындағы жөндеу жұмыстарын аяқтады. Бұл су қоймасын жинақтау режиміне өткізуге мүмкіндік берді. Өз кезегінде осы жайт келесі вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін жинау үшін үлкен септігін тигізеді.

Ресей Фдереациясы

Қазақстан мен Ресей арасындағы су қатынастары 2010 жылғы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісіммен реттеледі.

Министр соңғы жылдары Жайық өзенінің экологиялық жағдайы ондағы судың азаюына байланысты ерекше алаңдаушылық туғанын атап өтті. Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Жайық өзені бассейнін сауықтырудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілген. Сондай-ақ, Ертіс өзенінің бассейні бойынша ұқсас бағдарламаны әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі уақытта аталған бағдарламалардың жобаларын келісу рәсімдері жүргізілуде.

Сонымен қатар, осы жылдың қазан айында Новосибирскіде Қазақстан мен Ресей арасындағы барлық трансшекаралық өзендерді гидрологиялық зерттеу бойынша бірыңғай жол картасы бекітілген. Оның шеңберінде Жайық өзенінің гидрологиялық режимін зерттеу бойынша іс-шаралар көзделген.

Сондай-ақ, оның сөзінше, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысындағы Қараөзен және Сарыөзен өзендерінің жай-күйі алаңдаушылық тудыруда. Новосибирск қаласында осы өзендердің су балансын есептеу үшін бірыңғай әдістемелік тәсілдерді әзірлеу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл өз кезегінде, гидрологиялық режимнің проблемаларын анықтауға және олардың жағдайын жақсартуға, бірлескен шараларды қабылдауға мүмкіндік беремек.

Министрдің мәліметінше, су дипломатиясы қажеттілігінің ескере отырып, сыртқы қауіп-қатерлерді бәсендету үшін осы бағыттағы жұмыс күшейтілген.


Биылғы вегетациялық кезең

Бұдан бөлек Мағзұм Мырзағалиев осы жылдың өткен вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы баяндады.

«Өзен бассейндері бойынша жүргізілген талдауға сәйкес Қазақстан суы аз табиғи кезеңге кірді және 2019 жылы жалпы ағын сексен үш куб км-ге тең болды. Айта кететін жайт, соңғы жылдары бұл көрсеткіш тоқсан мен жүз куб км деңгейінде болды», - деді министр.

 

Осыған байланысты, оның айтуынша, суармалы жерлер бойынша жағдай қиын болған, әсіресе, елдің оңтүстік облыстарында қатты сезілген. Өйткені елдегі суармалы алқаптардың тоқсан пайызы осы жақтарда орналасқан. Ал республика бойынша қолданысқа алынатын судың тоқсан жеті пайызы оңтүстік өңірге тиесілі.

Вегетациялық кезеңнің қорытындысы бойынша Алматы облысында өткен жылдармен салыстырғанда қар жамылғысы 35%-ға аз болды. Ал Жамбыл облысында сулылық орташа көп жылдық деректерден он бес-жиырма (15-20%-ға төмен болған. Осындай проблемалармен біз Түркістан және Қызылорда облыстарында да болған. Алайда, су шаруашылығының қолайсыз жағдайына қарамастан, мемлекет басшысы бұл мәселелерді шекаралас елдердегі әріптестерімен кездесу кезінде көтергендіктен, су беру жоспары 90-100%-ға орындалған.


Су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру

Бұдан әрі министр екінші блок бойынша су шаруашылығы инфрақұрылымын қалпына келтіру және суармалы алқаптары ұлғайту бойынша айтып өтті. Оның сөзінше, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін (3) млн га дейін жеткізілуі тиіс.

«Суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып табылады. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы 1,6 млн га құрайды. 2021-2023 жылдар кезеңінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында 274) млрд теңге сомасына 492 мың га суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылады», - деді министр.

 

Министрдің сөзінше, барлығы 88 мың жұмыс орны құрылады. Құрылыс кезеңінде 11 мың жұмыс орны пайда болады. Ең бастысы, қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік туады. Өз кезегінде, оның дерегінше, бұл сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында одан әрі мультипликативтік нәтиже бермек.

Бұдан әрі 2023-2030 жылдар аралығында 1 млн га суармалы жер айналымға енгізілмек. Нәтижесінде жыл сайын (570) млрд теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі қосымша пайда болып, 500 мың жұмыс орны құрылады.

 

Ирригациялық инфрақұрылым

Бүгінде оның дерегінше, республика бойынша 5894 гидротехникалық құрылыс бар. Олардың басым бөлігі кеңес заманында салынған және қазіргі уақытта олар физикалық жағынан да, моральдік жағынан да тозған. Атап айтсақ, каналдар 60-80%-ға, бөгеттер – 40%-ға, дренаж ұңғымалары – 75%-ға дейін тозып біткен. 

«Республикалық меншікте жалпы ұзындығы 19 772 км болатын 3 298 суару желілері бар. Оның ішінде 4 341 км бетонмен қапталған болса, 15 431 км-і жер арнасы ретінде қазылған. Осының арасында 11 881 км желі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Дәл осы суару желісінің нашарлығы түпкі тұтынушыларға дейін суды тасымалдау кезінде жоғары шығындардың басты себебі болып отыр», - деді министр.


Биыл оның дерегінше, 813 км суару желісін қайта құру жоспарланған, оның ішінде қазан айының соңындағы жағдай бойынша, 661 км, яғни 81%-ы орындалған. Бұл көлемі 53,5 жуық га суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік бермек. 

«Нәтижесінде 26 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Ауыл шаруашылығы өнімдері жылдық көлемде 30 млрд теңгеден астам сомаға ұлғайтылады және су шығыны 40%-дан 17%-ға дейін төмендейді. 2023 жылға дейін 2 мың км-ден астам суару желілерін қайта жаңарту жоспарлануда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

 

Сонымен қоса, оның сөзінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада 41 авариялық су қоймасын қалпына келтіру көзделген. Оның ішінде 2017-2019 жылдар кезеңінде 10 нысан пайдалануға берілді. Ал 2-еуі осы жылы аяқталатын болады. 2021 жылы тағы 8 нысанды аяқтау жоспарлануда және қалған 21 нысан 2025 жылға дейін іске асырылмақ.

Бұдан басқа, ол 9 өңірде жалпы көлемі жылына 3,6 млрд куб м болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланғанын атап өтті. Оларды іске асыру үшін 115 млрд теңге қажет.

«Су қоймаларын 70 елдімекен үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға, 394 мың га жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге, сонымен бірге ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға жағдай жасайды. Сонымен қоса, трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділікті алып тастауға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, Қырғызстаннан 30%-ға дейін, Өзбекістаннан 25%-ға дейін, ал Ресейде 15%-ға дейін», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

 

Су саласын цифрландыру

Министр сонымен қоса, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су шығынын азайтып, есепке алу мақсатында су саласын цифрландыру бойынша нақты шараларды қабылдап жатқанын тілге тиек етті.

«Биылғы жылы К-19 магистралды каналын цифрландыру бойынша алғашқы пилоттық жоба іске асырылды. Онда Түркістан облысының Мақтарал ауданында ұзындығы 12 км болатын суармалы жерлердің ауданы үш жарым 3,6 мың гектардан асатын суды есепке алу және бақылау жүйесі орнатылған. Бұл жерде 328 шаруа қожалығы орналасқан», - деді министр.

 

Бұл жабдықты іске қосу арқылы 45%-ға дейін судың артық шығынын анықтауға мүмкіндік берген. Су ресурстарының сенімді есебін жүргізу және үнемдеу үшін таяудағы 5 жыл ішінде елімізде негізгі каналдарды кезең-кезеңімен цифрландыруды жоспарланып отыр.

 

Таза ауыз сумен қамтамасыз ету

Үкімет алдында ауылды елдімекендерді 2023 жылға дейін 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма қойылған. Министрлік осы мәселе бойынша республикалық меншіктегі топтық су құбырларды пайдалану мен дамытуды қамтамасыз етеді. Бүгінде республика бойынша жалпы ұзындығы 15,5 мың км болатын 74 топтық су құбырлары бар. Оның 37-сі - республикалық меншікте, ал қалғаны 37 әкімдіктің меншігінде тіркелген. 

«2019 жылы Павлодар облысында Май және Беловод топтық су құбырлары, сондай-ақ Қарағанды облысында Жәйрем-Қаражал су құбырлары пайдалануға берілді. Биыл Алматы облысында Қаскелең, Қызылорда облысында Талап және Жиделі, Солтүстік Қазақстан облысында Пресновтің екінші кезегі, Батыс Қазақстан облысында Жымпиты топтық су құбырлары бойынша жұмыстар аяқталатын болады. Нәтижесінде 37 ауылдық елдімекеннің 46 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі», - деді Мағзұм Мырзағалиев.


Бұдан басқа, оның айтуынша, 1 қала мен 39 ауылды елдімекеннің ескі су беру жүйесі қайта жөндеуден өтіп, ауыз судың сапасы артады. Өз кезегінде, бұл 286,7 мың тұрғынды қамтиды.

Оның сөзінше, биыл 3 топтық су құбырының құрылысы басталған. Олар жаңадан салынып жатқан Ақмола облысындағы Макинск пен Ақтөбе облысындағы Жаныс би топтық су құбырлары және Қарағанды облысындағы Есқұла топтық су құбырының жаңа бөлігі салынуда. Аталған топтық су құбырлары 2021 жылы пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 3 ауылды елдімекенде тұратын 1,3 мың адам үшін сапалы ауыз су қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, 3 қаланы сумен қамтамасыз ететін құбырлары жаңартылады, яғни тоқсан төрт (94) мың тұрғын үшін берілетін ауыз судың сапасы жақсарады.

 

Топтық су құбырларының жағдайы

Бұдан бөлек министр пайдаланып отырған топтық су құбырларының жағдайына тоқталды. Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін 11 топтық су құбыры қайта жаңартылып, жөнделеді. Оның ішінде, бірқатар су құбырлары ұзартылады. Осының арқасында 87 ауылды елдімекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл 103,7 мыңға жуық адамды қамтиды.

«Сонымен қоса, 321 ауылды елдімекеннің ауыз су беру жүйесі жаңартылатын болады. Бұл, өз кезегінде, 525 мың адамды қамтиды. 5 жылдың ішінде 3 мың шақырымнан астам топтық су құбыры салынады. Ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін жүз 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда», - деді ол.


Су заңнамасын жетілдіру

Көптеген сарапшылардың бағалауы бойынша су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді. Қолданыстағы Кодекске он жеті жыл ішінде 62 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Нәтижесінде құқық қолдану реттілігінің жоғалуы байқалады, бұл тұтастай алғанда су шаруашылығының барлық деңгейлеріндегі жағдайдың нашарлауына әкеледі.

«Сонымен қатар, Кодекс су шаруашылығы құрылыстарын жобалау, салу және пайдаланудың техникалық мәселелерін реттемейді. Бұл мәселелер әртүрлі құрылыс нормалары және ережелерімен, министрліктер мен ведомстволардың бұйрықтарымен реттеледі. Бұл ретте Гидротехникалық құрылыстарға (ГТС) қатысты қауіпсіздік мәселелері арнайы заңмен реттелуі тиіс», - деді министр.

 

Осыны ескере отырып, оның айтуынша, 2021 жылға жаңа Су кодексінің және «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заңының тұжырымдамаларын әзірлеу жоспарланған. Бұдан басқа, су ресурстарын ұлғайтудың балама жолдарын пайдалану, өнеркәсіпте, ауыл және коммуналдық шаруашылықта суды пайдалану тиімділігін арттыру, сондай-ақ су ресурстарын елдің су тапшылығы бар өңірлеріне жіберу мүмкіндігін зерттеуге бағытталған ғылыми блок қалыптастырылған.

Министрдің сөзінше, жоғарыда аталған барлық мәселелердің шешілуі әзірленген Су ресурстарын басқару жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада көрсетілген. Оның айтуынша, құжат бүгінгі таңда президент әкімшілігінде келісуден өтуде.

Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты:

1.    Алғашқы кезекте суармалы жерлерді 1,6 млн га-дан 3 млн га-ға дейін ұлғайту үшін қолданыстағы су балансын барынша сақтау. Ол жаңа ирригациялық жүйелерді қайта құру және салу арқылы тұрақты суару кезінде су шығынын азайту есебінен жүзеге асырылады

2.    Жұмыс істеп тұрған су қоймаларын қайта жаңарту және жаңа су қоймаларын салу арқылы қосымша реттелетін су көлемін қамтамасыз ету

Барлық жаңалықтар
54.39.107.63, 192.168.88.100