• Басты
  • Студенттер жатақханасындағы орын тапшылығы: Мәселе қалай шешіліп жатыр

Студенттер жатақханасындағы орын тапшылығы: Мәселе қалай шешіліп жатыр

13 Шілде, 2021 15:16

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде студент жастардың мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Соның ішінде, үшінші бастама 2022 жылдың соңына дейін студенттік жатақханалардың жағдайын жақсартып, мұқтаж жастардың қажеттіліктерін өтеу. Осыған сәйкес, Қаржы орталығының мәліметінше, келер жылы 100 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Осы орайда, қазіргі таңдағы жатақхана құрылысының қалай жүріп жатқандығы, қажеттілікті қаншалықты өтеп отыр, сонымен бірге жатақханада тұру құны мен болашақта салынатын студенттері үйі туралы толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Жатақхана қажеттілігі

Қазіргі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесі барлық өңірлер үшін өзекті. Осы тұста, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасының үштен бірін іске асыру аясында студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға қатысты 2022 жылдың соңына дейін жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін 75 мыңнан астам төсек-орынмен қамтамасыз ету көзделуде.

Қаржы орталығының дерегінше, қазіргі таңда 63 мың студент жатақханаға мұқтаж. Соның ішінде ең көп қажеттілік республикалық маңызы бар қалаларда – Алматы қаласында 21 510 орын жетіспесе, Нұр-Сұлтан қаласында 17 156 орын және Шымкент қаласында 3 920 орын жетіспеушілігі байқалады.

Сондай-ақ, алдағы уақытта Қазақстанда 2000-шы жылдардағы baby-boom салдары сезілмек, яғни студенттер контингенті ұдайы өсетін болады. Бұл жағдай студенттік жатақханаларға деген сұраныстың артуына әсер ететіні сөзсіз.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 20 870 орындық 77 жатақхана пайдалануға беріліп, 27 525 орындық 76 келісімшарт жасалды.

Жатақхана құрылысы

Қаржы орталығының мәліметінше, мемлекет жатақхана құрылысына он жыл ішінде 118 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Ал келесі жылы-шамамен 100 миллион теңге бөлінеді.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру құрылыс салушылардың және жоғары оқу орындары мен мемлекеттің қатысуымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі бойынша жүргізілетін болады.

«Біз инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалардың құрылысына қаржы салуға шақырамыз.Осы ретте бұл процеске кезектi әлеуметтi объектiнi тұрғызу ретiнде емес, табысты, тұрақты және перспективалы бизнес-жоба ретiнде әлдеқайда ауқымды түрде қарауды ұсынамын. Өйткенi сол үшiн барлық алғышарттар бар», - дедi Асқар Ибраимов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Студенттер үшін жаңа тұрғын үй алаңдарын салумен ЖОО-лардың өздері инвесторлармен келісім бойынша айналысады, ал БҒМ олардың үлгілік жобаларын растағаннан кейін оларға шығындардың бір бөлігін өтейді деп болжануда. Қаржы орталығының мәліметінше, тиісті шығындарды ескеріп ЖОО алатын кредиттік қарыз алуды қаржыландыру көлеміне арналған схема жеке есептелетін болады.

«Тетiктiң тұжырымдамасы мемлекет пен жекеменшiк сектордың әрiптестiгiне негiзделген. Инвестор, оқу орны немесе кәсiпкер тұлғасындағы жекеменшiк құрылыс салушы өз қаражаты есебiнен объектiнi iске қосуды жүзеге асырады. Объектiнi iске қосу сәттi болған жағдайда мемлекет оған мақсатты мемлекеттiк тапсырысты орналастырады», - дедi ол.

Өтемақы мөлшері

Қаржы орталығының дерегінше, өтемақы мөлшері жылына бір төсек-орын үшін шамамен 338 916 теңгені құрайды. Төлем мерзімі-шамамен 8 жыл.

Сондай-ақ, шығындарды азайту мақсатында ЖОО, колледж немесе инвестор ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген дайын үлгілік жобаларды пайдалануға құқылы.

Айта кету керек, квадратурада қатаң стандарттар жоқ. Бір төсек-орын, жалпы ауданы шамамен 11-12 шаршы метрді (душ, жуынатын бөлме, ас үй, дәліздер) құрайды.

Қаржы орталығының дерегінше, мұндай жатақханалар құрылысының орташа құны 1,3 миллиард теңгеге бағаланады. Бағдарламаға салынатын шаршы метрдің құны шамамен 450-500 долларды құрайды.

Нақтырақ айтар болсақ, бір төсек-орын құрылысының құны 2,7 млн теңге. Мемлекеттен өтемақы 1,6 млн теңгені құрайды. Сонда құрылыс құнының 80-90% - ын мемлекет өтейді.

Жатақханада тұру құны

Қаржы орталығының мәлімдеуінше, жатақханаларды мемлекеттің жалға алуы мерзімі 20 жылды құрайды. Осы мерзім ішінде ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынады. ЖОО студенттерге тұрғын үй беретін болса, алынған табыстың бір бөлігі құрылыс салушыларға түсетін болады.

Олардың мәліметінше, қазіргі таңда тоғыз оқу айында жатақханада тұру құны 18 мыңнан 30 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ, докторанттарға, магистранттарға, шетелдік оқытушыларға арналған жатақханада 18-20 шаршы метр тұрғын үй төлемі айына 20 мың теңге шамасында болады.

Алматыда 2022 жылдың соңына дейін 38 студенттік жатақхана салынады

"Nur Otan" партиясының және "Jas Otan" жастар қанатының Алматы қалалық филиалы Алматыда жаңа студенттер жатақханаларын салу сапасына мониторинг жүргізген болатын.

Осылайша, "5 әлеуметтік бастама" шеңберінде басты міндеттердің бірі - студенттердің тұратын орындарының санын ұлғайту және барлық халықаралық талаптарға жауап беретін жаңа қазіргі заманғы ғимараттар салу. Осы бастама аясында, 2022 жылдың соңына дейін Алматыда 25 ЖОО-да 16 мың орындық 38 жатақхана салу жоспарлануда.

Олардың мәліметінше, Алматы жоғары оқу орындары өз студенттерін тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері қалада 1377 орындық 4 жатақхана құрылысы аяқталған.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Каспий университеті 200 орындық студенттер жатақханасын толыққанды қайта жаңартуды аяқтаған болса, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң Академиясы жыл соңына дейін 100 орындық заманауи жатақхананы пайдалануға берген.

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1260 орындық және Абай атындағы ҚазҰПУ-да 370 орындық жатақханалардың құрылысы басталған.

"Jas Otan" жастар қанатының Алматы қалалық филиалы "5 әлеуметтік бастаманың" үшінші бағытының сапалы орындалуы студент жастар үшін қолайлы жағдай жасауды тұрақты негізде бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Олардың айтуынша, студенттік жатақханаларды салу және қайта құру сапасы бойынша қазіргі мониторинг екі жоғары оқу орнында, атап айтқанда Д.Қонаев атындағы академияда және Каспий университетінде жүргізілген.

Каспий университетінің жатақханасында ғимаратты қайта құру толық аяқталған. Соның ішінде әр бөлмеге жеке санитарлық тораптар шығарылып, барлық жиһаз бен тұрмыстық техника жаңартылған. Қаладан тыс жерлерден келген студенттердің тұруы үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалған.

Елордада 680 орындық студенттер жатақханасы ашылған

Қаржы орталығының басшысы Асқар Ибрагимовтың айтуынша, Қазақ технология және бизнес университетінде 680 орындық студенттерге арналған жатақхана ашылған.

«Бұл университет әлеуметтік бастаманы қолға алған алғашқы жоғары оқу орындарының бірі. Жатақхана құрылысы туралы келісімшарт 2019 жылы жасалып, бір жарым жыл ішінде университет өз міндеттерін атқарды», - дедi ол.

Оның сөзінше, жатақханаға мемлекеттік тапсырыс негізінде студенттер орналасады. Осылайша, құрлысқа салынған инвестиция өтеледі екен.

Университет ректоры Мұхтар Байжұмановтың айтуынша, жатақхана құрылысы оқу орнының құрылтайшысы, академик Құралбек Құлжановтың бастамасымен салынған. Құрылыс 2019 жылдың мамыр айында басталған.

Жатақхана бес қабаттан тұрады. Ғимаратта студенттік асхана, душ, демалыс бөлмелері, әр қабатта өз ас үйі мен оқу залдары бар. Бір бөлмеде төрт студенттен орналасатын болады. Барлық бөлмелер жаңа техника және жиһаздармен жабдықталған.

Сондай-ақ ол студенттер үйінде коуоркинг орталығы, тренажер және спорт залдары мен конференция залдары ашылуы жоспарда бар екенін айтып өтті. Жатақхананың оң жақ корпусында қыздар, сол жақ корпусында ұлдар орналасатын болады. Сонымен қатар, медициналық пункт те қарастырылған екен.

Айта кетейік, Білім және ғылым министрлігінің ҚР БҒМ 2019-2020 оқу жылына арналған статистикасына сәйкес, еліміздің жоғары оқу орындарында 562,5 мың студент оқыған. Соның ішінде олардың 40% - ы немесе 225 мыңға жуығы оқу кезеңінде тұрғын үй мәселесін шешуді қажет ететін студенттер болған. Қаржы орталығының мәліметтері бойынша, 45,1 мың студент орын тапшылығын бастан кешуде. Өңірлер бөлінісінде студенттік тұрғын үйдің ең көп жетіспеушілігі шамамен 56%-ы яғни 17,2 мың студент Нұр-Сұлтан қаласында болса, Алматыда 31,1 мың студент. Сондықтан жаңа мемлекеттік бағдарлама бұл өңірлерге көбірек әсер етеді деп айта аламыз.

Барлық жаңалықтар