• Басты
  • СOVID-19: Елорда «қызыл» аймақта тұр

СOVID-19: Елорда «қызыл» аймақта тұр

12 Қазан, 2021 13:43

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қазіргі эпидемиологиялық жағдай мен инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында қалалық әкімдіктің атқарылып жатқан жұмыстарын баян етті. Ал, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов инфекциялық стационарлардағы науқастардың саны мен қалалық ауруханаларда азаматтарды жоспарлы емдеу мәселелеріне тоқталып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Эпидемиологиялық жағдай

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов пандемия басталғалы елордада коронавируспен сырқаттанушылықтың 144 161 жағдайы тіркеліп, 139 мыңнан астам адам сауығып шыққанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда қала «қызыл аймақта» екендігін баса айтты.Оның мәліметінше, елорда бойынша 990 төсек-орыны бар және 7 инфекциялық стационар қызмет етеді.

«Сырқаттанудың өршуі кезінде 4 мыңға жуық төсек-орын қуаттылығы бар 16 стационар инфекциялық болып қызмет жасады. Таңғы мәліметке сәйкес, 578 адам ковидті стационарларда ем қабылдап жатыр, төсек-орын жүктемесі 58,4% құрайды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.

574 нысанда шектеу шаралары бұзылған

Сондай-ақ, ол шілде айының басында 600 төсеобк-орынға арналған ковидті аурухана ретінде бейімделген Көпбейінді №1 қалалық аурухананы осы аптада инфекциялық ретінде жабылып, аурухана өзінің бастапқы қызметін жалғастыратынын атап өтті. Оның мәліметінше, ағымдағы жылдың 26 ақпан мен 6 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында "Ashyq" жобасына – 13 363 нысан қатысқан. Оның ішінде 1 904 қатысушылар және 11 459 ерікті қатысушылар (кәсіпкерлік субъектілері, мемлекеттік органдар, білім беру объектілері, денсаулық сақтау нысандары, өнеркәсіптік және коммуналдық кәсіпорындар және т.б.), "Ashyq "көшбасшысы" мәртебесі бар 294 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.

Оның дерегінше, мониторингтік топтар 2021 жылдың 20 мамырынан бастап "Ashyq" қатысушыларының 15 725 объектісін тексерген. 574 объектіде шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді бұзу фактілері анықталған. Оның айтуынша, қазіргі уақытта коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы күрес шеңберінде осы жүйені ШОБ объектілерінде, мемлекеттік мекемелер мен білім беру жүйесінде енгізу жалғасуда.

«Қазіргі уақытта қала бойынша КВИ-ге қарсы вакцина алуға тиісті контингенттің көп бөлігі екпе салды. Елорда бойынша вакцина алуға жататын халық саны 647 мың адам. Нұр-Сұлтанда вакцинаның бірінші компонентін 436 мыңнан астам азамат алды, толық иммундаудан 401 мыңнан көп адам өткен», - деді Асхат Оралов.

Вакциналаудан өтуге ынталандыру шаралары

Халықты жаппай вакциналаумен қамту үшін вакцина пункттері 36 медициналық ұйымдарда және қаланың 5 сауда кешенінде ( «Керуен», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия парк»ойын-сауық орталықтары, «Еуразия» сауда үйі) орналасқан. Жаппай вакциналау басталғаннан бері сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде екпені 100 мыңға жуық азамат алды. Халықты вакциналау үшін 300-ден астам медициналық қызметкер жұмылдырған. Бұдан бөлек, екі апта бұрын қаланың темір-жол вокзалдарында және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында егу пункттері ұйымдастырылған.

«Бұл шаралардың барлығы екпе алуда халыққа ыңғайлы болу үшін қолға алынып жатыр. Бүкіл әлемді жайлаған бұл індетті жеңіп, қалыпты өмірге оралуымыз тек вакцина арқылы жүзеге асатынын еске салғым келеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары.

Оның сөзінше, азаматтарды вакциналаудан өтуге ынталандыру мақсатында әкімдік демеушілермен бірлесіп, әлеуметтік желілердегі әкімдіктің ресми парақшаларында апта сайын Нұр-Сұлтанда екпе алғандар арасында бағалы сыйлықтардың ұтыс ойындарын өткізген. Барлығы 22 дана iPhone12, 8 тоңазытқыш, 6 теледидар, 2 планшет, 6 микротолқынды пеш, 5 принтер, 2 бейнетіркегіш, кір жуғыш машиналар, ақылды техника, ылғалдандырғыш және басқалар ойнатылған.

«Өткен аптада отандық телеарнаның тікелей эфирінде («Хабар» телеарнасы) вакцинацияланған азаматтар арасында «G-Park» құрылыс компаниясы ұсынған екі бөлмелі пәтердің ұтыс ойны өтті. Пәтер иесіне мүліктің сертификаты табыс етілді», - деді ол.

Сонымен қатар, тамыз айында «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығы маусым мен тамыз аралығында екі бірдей компонентті орталықта алғандардың арасында Hiunday маркасының автокөлігін ойнатқан. Сондай-ақ, ол КВИ-ге қарсы вакциналау жүргізіле бастағаннан бері Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылығымен, қалалық медицина директорлары, сарапшылар және денсаулық сақтау саласындағы мамандармен вакцинаға деген теріс көзқарас танытқан халық тобымен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.

Азаматтарды жоспарлы емдеу

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов инфекциялық стационарлардағы науқастардың саны, амбулаториялық пациенттерді емдеу және қалалық ауруханаларда азаматтарды жоспарлы емдеу қалпына келтірілетін мерзім туралы мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда қала бойынша 578 адам инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, реанимацияда 56 адам, өкпені жасанды желдету аппаратында 14 науқас емделуде. Ал реанимациялық төсек орындарының саны – 127 құрайды.

Сондай-ақ, ол жаз кезеңмен салыстырғанда коронавируспен науқастарды емдеуге жұмылдырылған стационарлар саны 16-дан 7-ге дейін, ұйымдастырылған төсек-орын саны 4 мыңнан 1 мыңға дейін азайғанын атап өтті.

«12 қазанда АМСК ұйымдарында 2 573 пациенттер коронавирустық инфекциямен, ықтимал жағдайлармен 16 адам ем алып жүр. Мобильді бригадалар күніне 2 мыңға жуық шақыртуларды жүзеге асырады», - деді Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Оның дерегінше, бүгінгі күні қалада 758 бала амбулаториялық және 48 стационарлық ем алуда. Сондай-ақ, ол ауыр жағдайда жатқан азаматтар жоқ екендігін жеткізді.

«Көптеген азаматтар ковидтік ауруханалар ретінде бейімделген қалалық ауруханаларда жоспарлы ауруханаға жатқызу мен емдеуді тоқтата тұру мәселесіне алаңдауды еді. Әрине, бұл жағдай бізді де алаңдатты, бірақ халыққа ауру өршіген шағында бұл қажетті және мәжбүрлі шара болғанын түсіндіргім келеді», - деді Тимур Мұратов.

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру

Сондай-ақ, ол 6 қазаннан бастап №2 Көпбейінді қалалық ауруханада тәуліктік және күндізгі стационарларға жоспарлы емдеуге жатқызу қайта басталғанын айтып өтті. Осы аптада шілде айында инфекциялық стационар ретінде бейімделіп, 4 мыңнан астам науқаста емделіп шыққан №1 Көпбейінді қалалық аурухана пациенттерді қайта жоспарлы емдеуге қабылдайтын болады.

«Вакциналауға жататын халықтың көп бөлігі екпе алды. Бірақ инфекцияны толығымен жеңу әлі мүмкін емес. Бұл мәселеде халықтың вакцинаға саналы көзқарасы және коронавирустың таралуын болдырмауда өзінің азаматтық ұстанымын көрсету шешуші рөл атқарады», - деді Тимур Мұратов.

Сондай-ақ, ол вакциналау және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың арқасында елордада сырқаттанушылық деңгейі төмендегенін атап өтті. «Барлығы 84 вакцинация пункті, сондай-ақ еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін көшпелі бригадалар жұмысын жалғастыруда.Алдын алу шаралары ретінде азаматтарды тұмауға қарсы вакцинациялау жалғасуда», - деді ол.

Оның сөзінше, биылғы жылы эпидемиологиялық жағдай маусымдық тұмау кезеңі коронавирустық инфекцияның өсуімен күрделене түскен. Сондай-ақ, вакцинаны уақытында алу өте маңызды екендігін айтып өтті.

Барлық жаңалықтар