• Басты
  • Сот-сараптама реформалары: сот дәрігерлерінің еңбекақысы, мәйітхана ғимараттары мен жаңа Заң жобалары

Сот-сараптама реформалары: сот дәрігерлерінің еңбекақысы, мәйітхана ғимараттары мен жаңа Заң жобалары

26 Наурыз, 2021 13:57

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет министрі Бекетаев Марат Бақытжанұлы сот-сараптама саласындағы реформалар туралы айтты. Жаңа реформалар қандай өзгерістерге жол ашатыны туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Қазақстанда тәуелсіздік жылдарынан бері қарай сот ісін жүргізуді және құқық қорғау органдары жүйесін, оның ішінде сот-сараптама жүйесін реформалау саласында ауқымды жұмыстар жүргізілгені белгілі. Осылайша, бірыңғай сот-сараптама қызметі қалыптастырылды. Сот сарапшыларының республикалық палатасы құрылды.

«Осы саланы дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар сот-сараптама жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етті, сот-сараптама қызметтерінің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға ықпал етті», - деді ол.

Әділет министрі сот-сараптама қызметінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен қазір жүзеге асып жатқан шараларға тоқталды.

Бәсекеге қабілетті кадрлық әлеуетті дайындау

«Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияда елу бес сот сарапшысы тағылымдамадан өтті, он алты сот сарапшысы оқуын жалғастыруда. Екі жүзден астам сарапшы Ресей, Америка Құрама Штаттары, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Польша, Түркияда біліктіліктерін арттырды. Сарапшыларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша оқу орталығы құрылды.

«Бүгінгі таңда сарапшы кадрларды даярлаудың қазақстандық мектебінің базасында сот сарапшылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар оқудан өтуде», - деді Бекетаев.

Медициналық сараптама қызметкерлерінің еңбекақы мөлшерін ұлғайту

Министрлік сот медициналық сараптама қызметкерлерінің қолайсыз жағдайда жұмыс істеуіне байланысты олардың жалақысына 30 пайыздан 45 пайызға дейін үстемақы қосу туралы шешім қабылдаған.

Министрдің мәліметтеріне сәйкес, осы мақсаттарға республикалық бюджеттен жыл сайын 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлінетін болады.

Мұнымен қоса Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес қазіргі уақытты бұл категорияға жататын қызметкерлердің негізгі жалақысын 2023 жылға дейін 2,5 есе өсіру туралы мәселені қарап жатыр.

«Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында қызметкерлердің жұмыс қорытындыларын факторлық-балдық шкала бойынша бағалау жүйесі енгізілді. Жалпы алғанда, еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыру сот сараптамасы органдарының 1166 медицина қызметкеріне қатысты болады», - деп сендірді министр.

Бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру

Бәсекеге қабілетті сараптамалық орта қалыптастыру үшін жеке сараптамалық қызметке қатысты сұрақтарды қарастырып, нақты шешімдер шығаруды талап етеді.

Министрлік пен ҚР Жоғары Соты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында сот-сараптамалық институтында пилоттық жоба әзірленген. Жоба азаматтық істердегі жеке сот сарапшыларының соттардың алғашқы сот-құрылыс, тауартанушылық және экономикалық сараптама жасауға бағытталған. Пилот жақсы нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, сараптама жасау мерзімі қысқарып, мемлекеттік сарапшыларға түсетін салмақ азайған. Бұл бағытттағы жұмыстар республиканың әр өңірінде жүзеге аспақ.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету

Сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасы жетпіс пайызға жаңартылды, жаңа заманауи функционалдық зертханалық аспаптар мен жабдықтар сатып алынды, тозу нормаларына сәйкес компьютерлік және офистік техника жаңартылуда.

Нұр-Сұлтан қаласында Сот сараптамалары институтының үлгілік ғимаратының құрылысы жүргізілуде.

2021-25 жж республиканың тағы алты өңірінде ғимараттар салу жоспарлануда. Олар: Шымкент қаласы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Шығыс-Қазақстан облыстары.

Сот-сараптама қызметіндегі цифрландыру мен Заңнаманы жетілдіру

«Е-Saraptama» ақпараттық жүйесі әзірленді. Оны «Төрелік», «Е-қылмыстық іс» және «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйелерімен шоғырландыру бойынша жұмыс жүргізілді.

Ағымдағы жылы өнеркәсіптік пайдалануға қосу және оны тарату жоспарлануда.

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаты бастамашылық еткен сот-сараптама қызметі мәселелері жөніндегі заңнамаға түзетулер жобасы Мәжілістің қарауында.

Заң жобасын қабылдау сот-сараптама қызметі нарығында бәсекелестікті құруға, жеке сот сарапшылары қызметінің ашықтығын, сапаны жүйелі бақылауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сот сараптамасы органдарының қызметін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Сот-сараптама қызметі институтын одан әрі жетілдіру және нығайту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Мәйітханалар үшін жаңа ғимарат

Әділет министріне қойылған сұрақтардың алғашқысы медициналық сараптама жүргізілетін мәйітханалар туралы болды.

Мәйітханалардың елді мекендерге жақын орналасуы қоршаған ортаға, жақын маңда өмір сүретін адамдардың денсаулығына зиян келтірмей ме?

Марат Бекетаевтың айтуынша, сот-сараптама қызметін жаңа заманауи ғимараттарға орналастырылады. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы Атырау қаласында салынды.

«Отставкаға кетпеймін»

Әділет министрінің отставкаға кетуіне қатысты сұрақты екі бірдей журналист қойды. Бір топ адвокат, заңгерлер мен нотариустер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әділет министрі Марат Бекетаевтың өкілеттігін тоқтатуды талап етіп, петиция жазған болатын. Қол қоюшылар қолданыстағы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған заң жобасының жекелеген ережелерімен келісіпейтіндерін жеткізген.

Министрдің айтуынша, ол петициямен жақсы таныс. Бұл петицияның мағынасы өтінішке сәйкес келеді.

«Әкімшілік рәсімдер туралы» заң жобасы бойынша петиция бұл - назар аударту. Отставкаға кету туралы шешім қабылдамадым», - деп қысқа жауап берді Марат Бекетаев.

Барлық жаңалықтар