• Басты
  • СҚО-да мемлекеттік сатып алулар электронды форматқа ауыстырылып, 1 млрд теңге үнемделді

СҚО-да мемлекеттік сатып алулар электронды форматқа ауыстырылып, 1 млрд теңге үнемделді

28 Қаңтар, 2021 16:32

ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Баянғазин «Antikor Live» жобасында облыстың сыбайлас жемқорлықтың орын алу көрсеткіші ең төмен аймақтар қатарының көшін бастап тұрғанын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Агенттік әлеуметтік зерттеулер жүргізуге ерекше көңіл бөледі. «Transparency Kazakhstan» үкіметтік емес халықаралық «Transparency Kazakhstan» ұйымы өткізген зерттеу нәтижелері Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары және төмен аймақтарды анықтайды. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа көп жол бермейтін облыстар санатына енген. Зерттеу қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының 95,5%-ы және бизнес өкілдерінің 99,3%-ы облыстың бірде бір ведомствосында пара сұрау немесе қандай да бір сұрақты «ақшамен» шешу жағдайларына ұшыраспағанын айтқан.

Департамент басышысының айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеменің қоғаммен тығыз байланыста жүргізген жұмысының нәтижесі.

«Біздің мақсатымыз – қоғамның барлық саласында сыбайлас жемқорлықтың болуына жол бермеу. Біз бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейміз. Біріншісі - мемлекеттік қызмет алу механизмін цифровизация арқылы жетілдіру. Екіншісі – мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Үшіншіден, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою», - деді ол.

Басшының мәлімдеуінше, 2020 жылы облыста 6 млн-нан (6 074 134) аса мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның 92,7 % (4 749 125) электронды түрде жүргізілді. Жеке тұлғалардың қатысуынсыз жүргізілген мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлық болу мүмкін емес. Қағаз тасушылар арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік қызмет саны бірнеше есеге қысқарған. Мемлекеттік сатып алулар тек арнайы веб-сайтта жүргізіледі. Бұл да мемлекеттік сатып алулар туған-туысқанға өтіп кетпей, шынайы бөлінетінін көрсетті. «Бірыңғай терезе» 100 мың тауар түрін қамтитын, жалпы құны 10 трлн теңге болатын 5 сатып алу алаңын қамтиды. Мамандар “Сатып алудың бірыңғай терезесі” порталы арқылы мемлекеттік сатып алулардың өту барысын қадағалайды. Яғни, қойылған лоттың бағасының заңсыз өсірілуіне жол жоқ. Арнайы сайт ашылғаннан бері 1 316 937 936 теңге үнемделді. Бұдан бөлек, аймақта «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» белсенді жұмыс істейді. Облыс бойынша 3267 бюджет жарияланған. Бюджеттік картаның жалпы сомасы 543,9 млрд теңгені құрады. Осыған байланысты облыс тұрғындары бюджеттен бөлінген әрбір теңгені бақылап отыра алады: авто жолдарды жөндеу мен салу, әлеуметтік нысандардың салынуы және т.б.

«Халық үніне құлақ асатын» мемлекет концепциясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тармақтарды бекітті. Лауазымды тұлғалалардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне түсірілетін шағымдар азайды. Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың транспаренттілігіне ерекше назар аударады. Осы орайда, Департаментпен Ел Президенті бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қызылорда облысында атқарылып жатқан істерге Ернар Ерболұлы тоқталды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатып, олардың барынша ашық, айқын болуға және қоғам алдында есеп беруге бағытталған жұмыстар жүргізіп отырмыз», - деді ол.

Мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – қызмет алуға барған әрбір азаматты «есту», алғашқы қабылдауда-ақ мәселесін шешіп беру. Солтүстік Қазақстан облысында 14 аудандық/қалалық әкімдікте 14 сервистік әкімдіктер бар. Оpen space іске қосылғаннан бері мемлекеттік органдарда 75 open space пен 60 фронт-кеңселер ашылды. Сервистік әкімдіктерді құрудағы басты мақсат мемлекеттік қызметтерді еш кедергісіз алу.

"Өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті басқарма басшылары арасында пара алу фактілері тіркелген. 9 айдың ішінде 8 мемлекеттік орган жетекшісі бармақ басты, көз қыстылыққа жол беріпті. Лауазымды тұлғалардың барлығы ісіне лайықты жазасын алып, креслосын босатқан. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары мұндай фактілердің алдын алу мақсатында тексерулер жүргізілді", - деп есеп берді басшы.

Мамандар өткен жылдан бері арнайы мониторингілік топпен бірге өңірде салынып жатқан авто жолдардың жағдайын бақылап жүр. Жыл басынан бері 15 учаскеде тексеріс жүргізген.

Өткен жылдың cоңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер бойынша Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент қызметкерлері атқарған істерге директор есеп берді. Бұл ретте бұқаралық ақпарат өкілдерінің қатысуымен брифингтер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстары өткізілген.

«Департаменттің әлеуметтік желілеріндегі жүргізіліп жатқан тікелей эфирлерде, ЗУМ платформасы арқылы мемлекеттік мекемелердің ұжымдарымен кездесу барасында және өңірлік газеттер мен интернет желісінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік және барлық жергілікті ақтарушы ұйым басшыларының қатысуымен өткізілген онлайн мәжілісте жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі заңнамалық шаралардың талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта осы жұмыстар жалғастырылатын болады», - деді ол.

Баянғазиннің айтуынша, «Адалдық алаңы» жобасының танымалдығы артып, қоғам мен мемлекеттік арасындағы қашықтықты азайту, мемлекеттік аппараттың тұрғындар алдындағы ашықтылығын қамтамасыз ету бағытында жобалық кеңсесімен сервистік қызмет көрсету моделіне көшу бастамасы көтерілді.

Барлық жаңалықтар