Әскери-қорғаныс өнеркәсібінің даму перспективалары

29 Қазан, 2021 16:39

Бүгінде үкіметтің алдына заманға сай, мобильді, жоғары кәсіби әскерді құру міндетін қойды. Өзін-өзі қамтамасыз етуге қауқарлы және технологиялық тұрғыда дамыған қорғаныс өнеркәсібі – уақыт талабы. Бүгінде отандық қорғаныс өнеркәсібі әскери, электрондық, ақпараттық және ғарыштық технологияларды жұмылдырып отыр. Алдағы кезекте бұл экономиканың ғылымға сүйенетін секторларының біріне айналса, жаңа технологиялық, инновациялық шешімдерді іске асыру мүмкіндігі кең.

Қорғаныс өнеркәсібі кешенінің тарихына үңілетін болсақ, Кеңес заманында Қазақстан аумағында ірі әскери-өнеркәсіптік өндіріс жұмыс істеп, 50-ге жуық қорғаныс кәсіпорыны болған екен. Бұл зауыттар жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналарына, артиллериялық жүйеге қызмет көрсетіп, атыс қаруы, әскери-теңіз күштеріне арналған жабдықтар, және авиациялық-кеме шахталары, тактикалық зымырандардың қондырғыларын, жағалау зымырандарын, олардың жабдықтарын, суасты кемелерін басқару жүйелерін де жасап шығарды. Әлеуметтік-экономикалық дағдарыс болған 1990-шы жылдары еліміздің қоғарныс-әскери өнеркәсібінің әлеуетін сақтап қалу мақсатында арнайы Комитет құрылып(1994 жыл), ол 3 түрлі министрліктің құрамында болды. Бұл орган сол жылдардағы елімізді ғана емес, әлемге тараған дағдарыс, өндіріс көлемінің қысқаруы және қаражаттың болмауы жағдайында қорғаныс кәсіпорындарының базасын сақтауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіптік кешені дегеніміз – 9 мыңнан астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отырған 40 кәсіпорын. Сонымен қоса еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің өзегін 2003 жылы құрылып, 20-дан астам машина жасау кәсіпорындарының басын біріктіретін "Қазақстан инжиниринг" Ұлттық компаниясы құрап отыр. 

Қазақстан армиясын құрудың қиын жылдарында Дүниежүзілік соғыстың, Ауған соғысының ардагерлері, осы саладағы тәжірибелі мамандары, нағыз патриоттар мен әскери істің майталмандары күш жұмылдырып, егемен елдің қорғанысын күшейтуге үлес қосты. Президенттің 1992 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Жарлығы еліміздің әскери қауіпсіздік жүйесін құрудағы шешуші құжат болды. Дәл осы құжатта Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер мен олардың мүлкі республиканың юрисдикциясына өтетіндігі айқындалды. Сол күні Мемлекет басшысы жас мемлекеттің қорғаныс саласы үшін аса маңызды "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы" Жарлыққа қол қойды. Осы жарлық бойынша еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С. Нұрмағамбетов тағайындалды. "Халық қаһарманы" С.Нұрмағамбетов бұл кезең туралы: "Мемлекет басшысының Қарулы Күштер құру туралы Жарлығы шыққаннан кейін барлығымызға табанды да үйлесімді жұмыс істеу керек болды. Біз әскер арасында кең түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Президент бұл үдерісті өзі басқарды. Жұмыс кестесіне қарамастан ол барлық гарнизонда болып, командирлерімен, жеке құрам және әскери қызметшілердің отбасымен кездесті. Оларға еліміздің қорғаныс саласының алдағы тағдыры туралы айта келе, Мемлекет басшысы: "Сіздерді ешкім қозғамайды. Біз қаржы бөлу мәселесін шешеміз. Бірақ бірде-бір "ине жоғалмауы керек" екенін ескертемін» деп айтады. Осылайша 1992-1998 жылдары Қарулы Күштер жаңа мемлекетпен бірге қайта құрылып, 1999 жылдан бастап түбегейлі реформа іске қосылды. Офицерлер мен генералдар өтпелі кезеңнің қиыншылықтары мен сынақтарына абыроймен төтеп беріп, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға күш салды.

Әр саланы алға жетелейтін, реформа жасап, тың өзгерістер алып келетін мамандар екені рас. Осынау жылдары қарулы күштердің даму перспективасына қажетті халықаралық стандарттарға сәйкес әскери кадрлар даярлаудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Еліміз бойынша бірқатар әскери оқу орындары, академиялар ашылды, ескісі қайта құрылды. Бүгінде әскери білім үш деңгейлі Болон жүйесіне сай бакалавриат, магистратура, докторантура (PhD) мамандарын даярлайды. Әскери кадрлар Ұлттық қорғаныс университетінде, Құрлық әскерлерінің Әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында, Кадет корпусында дайындалып, жыл сайын әскери жүйеге жаңа мамандар келіп жатыр. Елімізде сондай-ақ республикалық әскери мектептер жұмыс істейді, шет елдегі әскери оқу орындарында мемлекет гранты бойынша оқып жаттар курсанттар да аз емес.

Б.Атамқұловтың ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі кезеңіндегі Парламент депутаттарының алдындағы баяндамасында еліміздің әскери-қорғаныс кешенінің дамуы туралы бірқатар мәселелер айтылған. ҚР Қорғаныс министрлігінің өз мақсат-міндеті бар, ал осы саланың өнеркәсібін дамытудың өзектілігі уақыт өткен сайын арта берді. Тұңғыш Президенттің Жарлығына сәйкес 2016 жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Министрлікке Қарулы Күштерді, басқа да әскер және әскери құралымдарды қажетті қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету тапсырмасы берілді. Осы міндетке сәйкес министрлік өнеркәсіпті дамыту және қазақстандық үлесті кеңейту саясатын алға қойды. Соңғы жылдары қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда айтарлықтай серпіліс жасалды. Бірақ дәл осы министрлікке дейін және кейін де жұмыстар жалғасып жатқанын ескеру қажет. Технологиялар трансфертін қамтамасыз етіліп, бірқатар бірлескен өндіріс, табысты жұмыстар орындалуда. Оған "Қазақстан Аселсан инжиниринг» электронды-оптикалық құрылғылар орталығы мысал бола алады. 2014 жылы іске қосылған осы кәсіпорын еліміздің түрлі қарулы күш ведомстволарына 25 миллиард теңгеден астам сомадан тұратын 12 мың өнім шығарды. Ол әскерге қажетті түнде көру аспаптары, тепловизор және өзге де жабдықтармен қамтуға жол ашты. Аталған компания республикадан тыс жерге де өнімдерін экспортқа шығарды. 2017 жылғы экспорт көлемі 2 миллиард теңге болды.

Сонымен қатар "Қазақстан Парамаунт инжиниринг" компаниясы да 4х4 формуласы бар "Арлан" броньды дөңгелекті машинасын шығарады. "TopGear" журналы бұл машинаны әлемдегі ең мықты көліктің бірідеп атаған. Бұл өндіріс енді басталғанда локализация 20 пайыз болса, 2018 жылы 70 пайызға дейін жеткен. Айта кету керек, түрлі шабуылдардан қорғалған машиналар өндірісі тек - АҚШ, Германия, Польша, Израиль, Оңтүстік Африка және Түркияда бар.

Елімізде "АЛАН" класындағы броньды машиналарды құрастыру жұмысы да ұйымдастырылды. Оның бірнеше партиясы күштік құрылымдарға тапсырылды. Бірнеше жыл бұрын министр Б.Атамқұлов №405 Алматы авиажөндеу зауытының базасында тікұшақ құрастыруды (Ми-8/17) жоспарлап отырғанын айтқан. Мұндай тікұшақтар халық шаруашылығына, Қарулы Күштерге де қажет. 2011 жылы құрылған "Еурокоптер Қазақстан Инжиниринг" өзінің қызметін экспортқа да шығарды. Қазақстан «Еврокоптер" класты барлық тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету құқығын алып, ТМД аумағында жалғыз сертификатталған орталыққа айналды. Осы орталықта Ресей Федерациясы, Украина, Кавказ, Орталық Азия және Моңғолиядан тікұшақтар жөнделуде.

Бүгінде табыстың 50 пайызға жуығы экспорт болса, компания ұшқыштарды даярлау деңгейіне шыға бастады. Бірнеше жыл бұрынғы дерекке сәйкес авиациялық орталықта көршілес елдерге 60 пилот дайындалған екен. Сонымен қоса, "Нұр" радиолокациялық станциясы шығарылып, еліміздің әуе кеңістігін қорғауға қызмет етіп тұр. Қазақстан шетелдік әріптестермен бірлесіп атыс қаруының жаңа үлгісін (калибрі 12,7 миллиметр) әзірлеуді қолға алуда. Жеңіл атыс қару-жарағын өндіру және "Қазақстан инжиниринг" кәсіпорыны базасында автоматтарды шығару да қарастырылып келеді. Әскери кеме жасау саласындағы сұраныс отандық кәсіпорындар есебінен орындалуда. Орал қаласындағы екі кәсіпорын арқасында Қарулы Күштер, Шекара қызметі және Жағалау күзетіне арнайы 27 кеме шығарылды.

Қарулы Күштерге қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық түрлерін енгізу арқылы Қарулы Күштерді ақпараттандыру, роботтандыру және кәсібилендіру жүзеге асыру маңызды болмақ. Қарулы Күштерді қайта жарақтандыру және 2030 жылға дейін қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұған қатысты: «Қарулы күштерді 2030 жылға дейін қайта жарақтандыру және қорғаныс өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы армияны жабдықтаудың ұзақ мерзімге арналған тәсілдерін айқындайды және жаңа технологиялық сын-қатерлерге сай келеді. Отандық қорғаныс өнеркәсібі – қорғаныс қабілетінің маңызды бөлігі, ол Қарулы күштердің сұранысына бағытталған» деп баға берген. 

Ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты дамытуда ғылымның орны бөлек. Ал оны қаржыландыру мәселесі өткір болып тұр. Шет мемлекеттерде ғылыми-зерттеуге бөлінетін жалпы қаражаттың 50 пайыздан астамын ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс саласына жұмсайтын бірқатар елдер бар. Ал Қазақстанда 2016 жылға дейін ол 0,8 пайыз болған, 2016 жылы Қорғаныс бағытының ғылымына небәрі 10 миллион теңге бөлінген. Мұндай тәсілмен, әрине, елдің қорғаныс саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетін көтеру мүмкін емес. Қорғаныс саласы мен өнеркәсібінің дамуын тежеуші фактордың бірі – парақорлық пен жемқорлық. ҚР Қарулы Күштерінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 2015 жылдан 2019 жылға дейін төрт есе азайған. 2019 жылы осындай алты қылмыс тіркелген. Бірақ 2020 жылдың басынан бері ол 76%-ға өсіп кеткен дейді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

Өткен отыз жылда ҚР Қарулы Күштерінің заңнама базасын, тұжырымдамасы мен қажетті тетіктерін әзірлеу, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау мәселелерін шешу, сондай-ақ дербес әскери кадрларын дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Тәуелсіздік алған соң алғашқы жылдары ұйымдастыру шараларының мерзімі қатаң түрде бекітілілді. Еліміз үш айдың ішінде КСРО-дан қалған әскери мұра, мүлік пен объектілер қабылдап алып, әскерді тікелей басқару және ТМД Қорғаныс министрлігінің ведомстволарымен өзара іс-қимыл жасау жүйесін қолға алды. Сондай-ақ тез арада Қазақстан Республикасының әскерін қаржылық, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету мәселелері көтеріліп, тиісті шешімін тапты. Бірақ, жемқорлық фактілері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының кешеуілдеуі оның дамуын тежеп отыр.

Барлық жаңалықтар