- Басты
- Жаңалықтар
- Симптомсыз коронавируспен ауырғандарға ем тағайындалмайды - эпидемиолог
Симптомсыз коронавируспен ауырғандарға ем тағайындалмайды - эпидемиолог
Коронавирус індетіне қатысты елдегі жағдай тұрақты болғанымен, дәл қазір стационарлара аурумен күресіп жатқан науқастар баршылық. Коронавирус дертінен сақтану жолдары мен симптомды және симптомсыз ковидтің айырмашылығы туралы Strategy2050.kz тілшісіне С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының доценті, эпидемиолог дәрігер Марина Головенко айтып берді.

Марина Вальеревна, елдегі дәл қазіргі жағдайға қандай баға бере аласыз?
Коронавирустың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия күн сайын ресми статистиканы жариялап отырады. Өткен тәулікте 181 жағдай тіркелді, 2 жағдай өліммен аяқталды. Тәулігіне 100-ден аса адамнан аурудың анықталуы жағдайдың мәз еместігін көрсетеді. Еркінсуге болмайды. Қазақстанның стационарларында 2716 адам осы аурудан емделіп жатыр. Жағдай толық реттелді деп айтуға келмейді.
Ауру белгілері жоқ, басқаша айтқанда, симптомсыз коронавирус жұқтырған адамдар қоғам үшін қаншалықты қауіпті?
Мұндай адамдар өздері ауырмағанымен, айналасына белгілі бір мөлшерде, белгілі бір деңгейде вирус бөледі. Ол вирусты бұрыннан денсаулығы нашар адам қабылдап алса, зардабын ол көреді. Егер симптомсыз ковидпен ауырғандар қоғам үшін қауіпті болмаса, осыншама карантин шаралары енгізілмес еді. Олар ағзаларында аурудың бар екенін білмейді, өздерін қалыпты сезінуі мүмкін, бірақ вирус ауаға мұндай адамдардан тарап, өзгелерге жұғады.
Оларда ешқандай ауру белгілері болмаса, коронавирус екенін қалай анықтайды?
Қазіргі уақытта ПТР тестілеумен қамту көлемі Қазақстанда ұлғайды. Кейбір жағдайларда коронавирусты анықтайтын тестті тапсыру міндеттеледі. Мәселен, шетелге шығарда немесе шекара асып Қазақстанға келгенде. Кейде кездейсоқ медициналық тексерулер кезінде, скринингте анықталып жатады. Мысалы, ауруға шалдыққан науқаспен қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде сиптомсыз ауырып жүргендерді анықтауға болады.
Менің білуімше, ауру белгілері жоқ науқастарды емдемейді, тек үй жағдайында оқшаулануды талап етеді. Неге олай?
Иә, симптомсыз ауырған науқастарға вирусқа қарсы терапия тағайындалмайды. Өйткені, олардың иммундық жүйесі вирусқа қарсы әрекетті өз бетінше жасап жатыр. Оларға дәрі-дәрмек қажет емес. Мұндай шешімге дәрігерлер тәжірибе барысында келді. Елде коронавирус толқыны енді басталғанда симптомды-симптомсыз науқастардың бәріне ем шаралары жасалды. Алайда, егер ол емнің ағза үшін тиімділігі дәлелденбесе, симптомсыз коронавируспен ауырғандарға препарат жұмсаудың қажеттілігі жоқ. Тіпті олар препарат қабылдағанның өзінде вирустың бөлінуі тоқтамайды. Демек, ештеңе өзгермейді. Сондықтан, клиникалық тәжірибе симптомсыз ауырғандарды тек «оқшаулану» арқылы емдейді. Мен мұнымен толық келісемін. Сондай-ақ, кез келген дәрі-дәрмектің құрамында токсинді заттар болады. Антибиотик болсын, мейлі, вирусқа қарсы препараттар болсын. Препараттардың кез келгені адамның нерв жүйесіне және жекелеген органдарына әсер етеді. Сондықтан химиялық препараттармен емделу қажеттілігі туындамаса, пациенттерге оны берудің қажеті жоқ. Кез келген химиопрепарат ағзаға кері әсерін тигізеді.
Коронавирустық пневмония дегеніміз не? Өкпенің қабынуына не әсер етеді?
Кейде коронавирус екі жақты өкпенің қабынуына әкеп соғады. Мұндай потологияның емі ұзақ әрі қиын. Бұл кейбір адамдарда болады. Көп жағдайда қарттарда, созылмалы ауруы бар, жүрек талмасына ұшыраған, онкологиямен ауырған адамдарда болып жатады. Олардың ағзаларына вирус келген соң, өкпесінде фиброз пайда болады. Яғни өкпе ұлпасы өзгеріске ұшырайды. Қалыпты жағдайда ол үлпілдек болса, өкпе қабынуы – пневмония кезінде өкпе солып қолғандай болады. Адамға ауа жетпей, тұншығуы осыдан. Бұл адамдар емделіп шыққан күннің өзінде мүгедек болады. Фиброздың айқындылығы көптеген факторлардың әсерінен болады. Көп жағдайда бұрыннан өкпесінде ақауы бар адамдарда кездеседі. Қауіпті топқа өкпенің созылмалы аурулары бар немесе астма ауруымен ауыратындар жатады. Сондықтан қосалқы аурулары бар азаматтар өте сақ болуы қажет.
COVID-19 өкпе артериясының эмболиясына әкеп соғуы мүмкін бе?
Ковид өкпенің майда тамырларын зақымдау арқылы өкпенің қызмет ету жүйесін бұзатыны дәлелденген. Мұнда коагуляциялық өзгерістер болады. Өкпенің тромбоэмболиясы ірі тамырлардың жарылуы орын алғанда болады. Кейде коронавирустің соңы мұндай ауыртпалықтарға да әкеп соғуы мүмкін.
Егер адам өкпенің тромбоэмболиясынан қайтыс болса, ол коронавирустан қайтыс болғандар қатарына жатады ма?
Арнайы комиссия тексеру жұмыстарынан кейін, науқастың ауруын толық зерттегеннен кейін шешім шығарады. Егер науқас алдымен коронавирус жұқтырып, содан кейін тромбоэмболия болса, онда оның өліміне себепші – ковид. Ал егер науқас бронхиалды астмамен ауырып қалған болса, онда оның себебі – созылмалы ауруында. Бұдан басқа науқас бұрыннан бері өкпенің созылмалы ауруларынан зардап шегіп жүрген болса, коронавирус жұқтырып, жағдайын одан сайын нашарлатып алған болса, онда коронавирус тек қосалқы ауру болып саналады.
Коронавирустың екінші толқыны болады ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымы коронавирустың екінші толқыны күздің басында келеді деп болжаған. Қазір күздің қақ ортасына жеттік. Ауру бар. Бірақ жаздағыдай емес. Әлемде, әсіресе Еуропадағы жағдай мәз емес. Түркияда да күніне 1000-нан астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. Сондықтан еркінситін уақыт келген жоқ. Әрине, ел болып екінші толқын болмаса екен деп тілеп отырмыз.
Коронавируспен немесе пневмониямен ауырған адамдар қайтадан ауырып қалуы мүмкін бе?
Күн салқындағанда бұрын ауырған адамдардың өкпе қабынуы асқынуы әбден мүмкін. Бұрын ауырғандар тыныс алу жаттығуларын тұрақты жасап тұрулары қажет. Менің білуімше, бүгінге дейін Қазақстанда ковидпен екінші қайта ауырған адам жоқ. Коронавируспен ауырып болған адам ағзасында жаңа антитела қалыптасады. Антитела адам ағзасында 4-5 айға дейін сақталады. Біздің елде маусым-шілде айларында ауру күшейді. Сол кезде ауырған адамдардың ағзасында антитела тек 5 ай сақталған десек, қараша айында ол жоғалады. Қараша айында не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Алексей Цой айтқан үш сценарийдің бірі болуы мүмкін. Коронавирусқа қарсы екпе жасалғаннан кейін бұл індет әдеттегі тұмау сияқты болып қалуы мүмкін. Бірақ вакцина әзірге клиникалық тексеру үстінде.
Қандай кеңес бересіз?
Ең алдымен жеке бастың гигиенасы мен санитарлық талаптардың сақталуына мән беру керек. Үйден шығарда медициналық маска киіп, оны шешпеуге, иекке түсірмеуге тырысу керек. Вирустың жаппай таралуы әр адамның вирус бөлуі мөлшеріне байланысты. Егер адамдар маска киіп жүрсе, таралатын вирустың дозасы азаяды. Әлеуметтік арақашықтық пен қолды санитайзерлермен тазалап отыру керек. Сосын тамақтану мен ұйқы режиміне көңіл бөлген дұрыс. Майлы тамақтар өкпе үшін пайдалы. Өкпенің ішінде «сурфактант» деген сұйықтық бар. Ол өкпені майлап тұрады. Осы сұйықтың түзілуі үшін майлы сорпа ішіп күтіну керек.
Сұқбатыңызға рақмет!
-
Елордада Париж келісімі міндеттемелерінің орындалу барысы талқыланып жатыр
-
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды
-
COVID-19: Оңтүстік Кореяда коронавирус күшейді, Францияда балалар арасында вирус жұқтырғандар саны артуда
-
ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары
-
95 мыңға жуық адам жұмысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлем алды
-
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды
-
Ағзадағы темір тапшылығы: Себептері мен салдары
-
ЖОО-ларды қаржыландыру, академиялық адалдық саясаты және оқытушылар жалақысы
-
ДСМ: 1500-ден астам бала мен жүкті әйел коронавирусқа қарсы вакцина алды
-
А.Цой: Коронавируспен ауырған адамдардың 96 %-ы вакцина алмаған
-
Эпидемиолог:Ревакцинацияға азаматтардың қызығушылығы жоғары
-
Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды, ЕО Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды
-
QAZFORUM: Интернет сайттардың міндеті, «Инфодемия» мәселесі және «Фактчекинг» талабы
-
Ақтөбе облысының дамуы: Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай жүзеге асып жатыр
-
Кәсіпкерлік қызметті реттеу: Бизнеске жүктеме азайтылып, әкімшілік шығындар қысқартылады

