• Басты
  • Шынар Мұратова, мұғалім: Онлайн оқу оқушыларды жауаптылыққа үйретті
30 Қыркүйек, 2020 16:58

Шынар Мұратова, мұғалім: Онлайн оқу оқушыларды жауаптылыққа үйретті

Ұстаздар мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындаға №84 мектеп-лицейінің 1-сынып мұғалімі Шынар Мұратова Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында оқушыларға сабақ берудегі өзгерістер, онлайн білім берудің қиындығы мен артықшылығы туралы айтты.


Шынар Мұратова, мұғалім: Онлайн оқу оқушыларды жауаптылыққа үйретті

Шынар апай, Сіз ұстазсыз. Қандай пәннен сабақ бересіз. Жалпы ұстаздық жолыңызды қысқаша айтып берсеңіз.

Менің мұғалім болып жүргеніме 32 жылға жуық уақыт болды. Бастауыш сынып мұғалімімін. Қазіргі таңда Елордадағы №48 мектеп-лицейінде 1-сыныпқа сабақ беремін. Сынып жетекшісімін. Әрбір 4 жыл сайын ең жас оқушыларды қабылдап алып, жоғары сыныпқа дайындаймын. Қалам ұстатып, әріп пен сандарды танытып, оқуды үйретемін.

1-сыныпқа сабақ беру ең қиын жұмыс сияқты.

32 жыл бойы бүлдіршіндермен жұмыс істеп келе жатқан мен үшін бұл қиын емес. Керісінше, қызықты әрі көңілді.

Биылғы жаңа оқу жылы басқаша басталды. Жалпы пандемия білім беру саласын қалай өзгертіп жатыр?

Менің мұғалімдік тәжірибемде алғаш рет төртінші тоқсанда 4-сыныбым бастауышпен, алғашқы ұстазбен қоштаспай, бесіншіге өтті. Әрине, коронавирус індеті Қазақстанның білім беру саласы үшін сынақ болып жатыр. Қазір біз бас санитар дәрігер, Денсаулық министрлігі, Білім министрлігі жақтан келген бұйрықтың бәрін орындаймыз. Жалпы білім беру саласында көп өзгеріс болып жатыр.

Қандай қиындықтар болып жатыр?

Әр өзгеріс бір қиындығымен және бір артықшылығымен келеді. Қиындығы – интернет жылдамдығының төмендігі, жауапкершілігі төмен оқушылардың сабақты ашпауы, бастауыш сынып балаларының онлайн оқуды қабылдай алмауы. Бұл жерде бастауыш сынып оқушыларына екіжақты қатаң қадағалау қажет. Үйде ата-аналар, мектепте немесе компьютердің арғы жағындағы мұғалімдер. Себебі, алғашқы сыныптарда алатын білім – жалпы білімнің, сауаттылықтың негізгі фундаменті.

Сонда қашықтан оқудың артықшылығы да бар ма?

Әрине бар! Артықшылығы – онлайн оқу жоғары сынып оқушыларын жауапты адам болуға тәрбиелеп жатыр. Оны мен өзімнің жоғары сыныпта оқитын ұлымнан көріп отырмын. Олар білімнің өзі үшін, болашағы үшін керектігін түсінді. Бұл өте маңызды. Сонымен қатар 11-сынып оқушыларында төртінші тоқсанда өз бетінше ҰБТ-ға дайындалатын уақыт көбірек болды.

Кезекші сыныпта балаларды дәстүрлі форматта оқытып жатырсыз. Қандай қиындық туындады?

Сыныбымда 29 оқушы бар. Олардың 15-і алғашқы топта, олар таңертең келіп оқиды. 10 оқушым түстен кейінгі топта. 4 оқушы қашықтан онлайн оқып жатыр. Балаларым сабақтан қалмайды, білімге құштар. Биыл балалар сабаққа дайын болып келген. Қазір ата-аналар жас әрі сауатты. Олар балаларының сабағына асқан жауапкершілікпен қарайды. Бұл мұғалім үшін үлкен көмек.

Сонда сіз кезекші сыныпқа да, онлайн топқа да сабақ өтесіз бе? Өзіңізге, отбасыңызға уақыт қалады ма?

Онлайн сабақты мен беріп жатқан жоқпын. Себебі, менде уақыт жоқ. Сондықтан 4 оқушыны басқа мұғалімнің тобына қостық. Олардың ата-аналарымен байланыстамын, олар уақытылы сабаққа қосылып, бәрін ұқыпты орындап жүр. Мұның бәрі уақытша деп ойлаймын. Бұрынғыдай 30 оқушыммен бір сыныпта отырып сабақ оқитын уақыттың оралатынына сенімдімін. Қиындығы тек бір сыныпты бірнеше топқа бөліп, әр уақытта сабақ өтетініміз ғана.

Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында «мұғалімдердің жалақысы өсін» деген тапсырма берді. Жалпы мұғалімдер жалақысының өсуі көп айтылады. Жалақы өсіп жатыр ма?

Биылғы менің жалақым өткен жылғымен салыстырғанда 9000 теңгеге өсті. Жалақы көлемі мұғалімдердің сағат санына орай есептелетін болар. Биыл мен бірінші сыныпқа аптасына 18 сағат сабақ берем. Соған сәйкес жалақымды алып отырмын. Жыл сайын жалақымыз артып келе жатыр. Бұл мұғалімді жігерлендіреді. Президентке мұғалімдердің еңбегін елеп, жалақыны өсіріп жатқаны үшін шын жүрегімнен алғыс білдіремін.

Мұғалім мәртебесі туралы Заң қабылданғалы, мұғалімдер өзіне тиісті емес артық жұмыстан арылды ма?

Мен жұмыс істейтін №84 мектепте бұрыннан бері артық жұмысқа тарту деген болған емес. Көше сыпырып, үй аралау сияқты жұмыс істеп кеткен кездерім есімде жоқ. Ал қағазбастылыққа келетін болсақ, бұрынғыдай көп есеп сұралмайды бізден. Бірақ мұғалім егер сынып жетекшісі болса, әр оқушысы үшін есеп, мінездеме сияқты құжаттарды жазады. Және мұны қағазбастылыққа жатқызбаймын.

Осы аптада Ұстаздар мерекесі тойланады. 32 жылдық тәжірибесі бар мұғалім ретінде ұстаз қандай болу керек деген түйін шығардыңыз?

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп айтады. Ол рас. Мен мектепте оқушылармен сабақ өтіп, үйге келіп, дәптер тексеріп, жоспар жазып, көп уақытымды жұмысыма арнаймын. Ұстаз болу үшін шыдам керек. Қазіргі жастар мұғалімдік мамандықтың келешегін көрмейді. Керісінше, қайсыбір елде болмасын мұғалім мен дәрігердің болашағы бар. Өздеріңіз білетіндей, еңбекақымыз жыл сайын өсіп жатыр. Қазір жақсы мұғалім болу үшін балаларды түсіну керек. Олармен дос болу керек. Жақсы көріп, мейірім көрсетсек, баланың ұстазына деген махаббаты оның оқуға ынтасын арттырады. Ал үнемі ескерту айтып, ұрыса беретін ұстаз оқушысының сабаққа ынтасын қашырады.

Ең алғаш өткен сабағыңыз есіңізде ме?

Әрине есімде. Бұл Қостанай облысының ауылындағы мектеп еді. Осыдан 32 жыл бұрын, енді университет бітіріп, алғаш рет бастауыш сыныпқа математикадан сабақ өттім. Қобалжыдым, бірақ өзіме сенімді болдым. Содан бері бұл мамандықтан бас тартқан емеспін. Ауылда ұстазға құрмет ерекше. Оқушылар мұғалімді кәдімгідей сыйлап, одан қорқып тұратын. Сондай сәттерде дұрыс мамандық таңдағаным үшін қуанатынмын. Қалада мұғалімдерге сый-құрмет аз деп айта алмаймын, дегенмен ауылдағыдай емес.

Сабақтан бөлек уақытта немен айналысасыз?

Отбасыммен, келіндеріммен бірге уақыт өткіземін. Немере бағамын. Ағайын-туыс, құдаларға қонаққа барамыз немесе үйге шақырып қонақ етемін. Солай өтеді ғой бос уақыт.

Ұстаздарға талап күшейіп жатыр. Олардың ағылшын тілін білуі, біркелкі форма киюі, біліктілігін арттырып отыруы міндеттелді. Бұған көзқарасыңыз?

Назарбаев зияткерлік мектебі немесе сондай халықаралық немесе жеке мектеп мұғалімдеріне мұндай талап қойылуы заңды деп ойлаймын. Сонымен қатар мұндай талаптар бірден орындалып кетпейді. Ақырындап келер. Жас мұғалімдер бейімделгіш келеді. Олар тілді оңай үйренеді. Ал бізге қиын болады. Біркелкі киінетін мектептер бар. Мұндай талап қойлымаса да шәкірт алдында сабақ беретін кез келген ұстаз эстетикалық ұқыпты киіну керектігін жақсы біледі деп ойлаймын. Мұғалім біліктілігін арттырып отыру талабымен келісем. Қазір ғылым, білім, ақпараттық технология қарқынды дамып жатыр. Заман көшіне ілесу керек.

Шынар апай, сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет! Сізге зор денсаулық, еңбегіңізге жеміс тілеймін. Қоғам үшін пайдалы еңбегіңізге алғыс білдіреміз! Ұстаздар күні құтты болсын!


Барлық жаңалықтар