• Басты
  • Шымкент шаһарының дамуы: Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 54,3%-ға артқан

Шымкент шаһарының дамуы: Қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 54,3%-ға артқан

4 Желтоқсан, 2020 14:14

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың экономикалық-әлеуметтік дамуы жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, осыдан 2 жыл бұрын өнеркәсіп өнім көлемі 319 млрд теңге болса, бүгінде 523 млрд теңгеге жеткен. Республикалық статус алғалы бері қалаға 1 трлн теңге инвестиция тартылған. 1,3 миллоннан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71 пайыздан 88 пайызға жетті. Қала бюджеті 131,2 млрд теңгеден 455,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Өнеркәсіп

Өнеркәсіптің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 23 пайызды құраған. Қазіргі кезде қалада өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақ жұмыс істеп тұр. Осы үш индустриалды аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңгеге 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 170 жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Бүгінде 98,6 млрд теңгеге 5,5 мың жұмыс орны құрылған, 100 жоба жүзеге асырылып, биыл 10 айда 66,5 млрд.теңгенің өнімі шығарылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 20,9 млрд теңгеге 566 жұмыс орнымен 9 жоба іске қосылады», - деді қала әкімі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамту

Сонымен қоса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету барысында қолға алынған шараларға тоқталды. Оның мәліметінше, осы бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймақты іске қосу жоспарланып отыр. Біріншісі - аумағы 136 гектар жерге заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу бойынша 28 жобаны іске аспақ. Ал екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарлануда.

«Мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісі және сүт өндіру зауыты бой көтереді, сонымен қатар шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобалар жүзеге асады», - деді ол.

Шаһар басшысының айтуынша, Шымкентте агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілуде. Мәселен, осы жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асыру жоспарланып, бүгінгі таңда 5,3 млрд теңгеге 10 жоба іске қосылған.

Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары

Мұрат Әйтеновтың мәліметінше, індеттен зардап шеккен 26 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі мүлік және табыс салықтарынан босатылған. Сонымен бірге, кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын қалпына келтіру үшін 1 482 субъектінің 13 млрд теңге несие төлемдерін кейінге қалдыру арқылы қолдау көрсетілген.

«Қазіргі таңда қалада 72 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар, онда 160 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Қала бойынша жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 28,4 пайызды құрайды», - деді қала басшысы.

Биыл президент шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға, жұмыспен қамтылғандар санын 4 миллион адамға дейін көбейтуді тапсырған еді. Осыған байланысты, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» аясында бөлінетін қаржыны 2 есеге ұлғайтып, 5,4 млрд теңге бағытталып отыр. Ал, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 90 жобаға
1,0 млрд теңге бөлінген.

«Сонымен бірге, «Қарапайым заттар экономикасы» аясында 88,5 млрд теңгеге 90 кәсіпорыннан ұсыныстар түсіп, оның 35,6 млрд теңгеге 54-ті қаржыландыруға мақұлданды. Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банкттер тарапынан 35,0 млрд теңгеге несие берілді. Қалада кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасау үшін «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» фронт-офисі ашылды», - деді Мұрат Әйтенов.

Сонымен бірге, өала басшысының сөзіне сенсек, биыл кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық жобаларды бақылау, мемлекеттік бағдарламаларды сапалы іске асыру мақсатында пилоттық режимде «Жобалық басқару кеңсесі» құрылды. Қазіргі таңда жобалық басқару аясында 118 көрсеткіштің орындалуы автоматтандырылған.

Оның мәліметінше, инвестиция көлемі де артып келеді. Осы жылдың 10 айында қала экономикасына 223,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54,3 пайызға өскен. Өсімі бойынша Шымкент республикада 2-орында.

Баспана мәселесі

Әкімнің дерегінше, қалада алаңы 1 млн шаршы метрден астам 14 224 пәтерлі 262 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы салынып жатыр. Атап айтқанда, жеке салушылар есебінен 6 147 пәтерлі 126 көпқабатты тұрғын үй, жыл соңына дейін 911 пәтерлі 19 тұрғын үйді пайдалануға беріілмек. Бюджет есебінен 8077 пәтерлі 136 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 280 пәтерлі 5 арендалық, 4 461 пәтерлі 77 кредиттік тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда.

Ауыз сумен қамту

Халықты сапалы ауыз сумен қаматамасыз ету үшін 5 магистралдық және 16 елдімекенге ауыз су құбыры, кәріз жүйелері бойынша 3 магистралдық және 9 елді мекенге кәріз құбырлары, табиғи газ бойынша №3 АГРС және  2 магистралдық, 4 елді мекенге газ құбырлары, электр бойынша 3 подстанция және 15 елді мекенге ішкі жүйелер жүргізіләп жатыр. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту деңгейін 95,6%-ға, газбен 92,2%-ға, сапалы электрмен 95%-ға жететін болады.

Білім саласы

Мұрат Әтеновтың мәліметінше, қазір қалада 7020 орындық 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 5100 орындық 8 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

«Алдағы 5 жылда 63 882 орындық 85 мектептің құрылысын жүргізу бойынша арнайы жоспар әзірленді. Осының есебінен ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Қашықтан оқуды ұйымдастыру мақсатында ағымдағы 47 330 компьютер алынды. Нәтижесінде жыл басында 28 оқушыға бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді», - деді ол.

Қаладағы эпидемилогиялық ахуал

Ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілген. А, В, С жоспары бойынша 5 416 төсек орнына дейін ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, қалада жалпы қуаттылығы күніне 3550 теске жететін 9 ПТР зертхана жұмыс істеп тұр. Жаңадан 100 жедел жәрдем автокөлігі алынып, автопарк толығымен жаңартылған. Жаңа call-center іске қосылған.

Оның дерігінше, биыл 6,4 млрд теңгеге 7 медицина мекемесінің ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал материалдық-техникалық жабдықтауға 6 млрд 600 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда қалада 19 компьютерлік томография аппараттары жұмыс істейді. Жыл басында қалада 310 ИВЛ аппараты болса, қазір олардың саны 612-ге жеткен. Сондай-ақ, 3 оттегі станциясы орнатылған.

«Медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры қалыптасты, қорға 659 млн теңге бөлінді. Қаладағы дәріханаларға мониторинг жасалуда. Бүгінде қаланың дәріханаларында коронавирусты емдеуге қажет 1,7 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек қоры бар», - деді шаһар басшысы.

Мемқызметтердің 88 пайызы электронды түрде көрсетіледі

Оның дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мемлекеттік қызметтерді барынша цифрландыруға көшіруді қолға алынған. Нақтырақ айтқанда, қалада 165 қызмет түрлерінің 88 пайызын электронды түрде алуға болады. Осы жылдың аяғына дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін жеткізілмек.

Сонымен бірге, азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешу үшін «109» желісімен «iKomek» байланыс орталығы іске қосылып, тәулігіне 24 сағат бойына халыққа қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ, бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету үшін 2021 жылдан бастап қаладағы 4 аудан әкімдігі тарапынан «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Қаланың кез келген тұрғыны «электронды үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі жасалмақ.

Сонымен қатар, келер жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 үлкен көшенің бойында және 120 көше қиылысына «Сергек» камераларын орнату жоспарланған.

Бұдан бөлек, оның мәліметінше, 2020 жылғы қалалық бюджет өткен жылға қарағанда 1,8 есеге ұлғайып, 455,4 млрд теңгені құраған. Пандемияға байланысты мемлекеттік органдардың материалдық-техникалық базасы, мәдени және спорт, басқада басым емес шығындардан 9,5 млрд теңге қаржы оңтайландырылып, үнемделген қаржы денсаулық сақтау, қаланы дезинфекция, білім саласында онлайн режимге қатысты шығындарға қайта бағытталған.

Барлық жаңалықтар