• Басты
  • Шымкент қаласының дамуы: Өңірдегі эпиджағдай, инвестиция және ШОБ-ты қолдау шаралары

Шымкент қаласының дамуы: Өңірдегі эпиджағдай, инвестиция және ШОБ-ты қолдау шаралары

24 Маусым, 2021 13:42

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласының әкімі Айтенов Мұрат өңірдегі эпидемиологиялық жағдай мен аймақ экономикасының дамуы туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай

Облыс басшысының сөзінше, пандемия басталғалы бері өңірде 7228 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 6 829 адам емделіп шыққан. Жыл басынан бері 157 адам қайтыс болған.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайған. Нақтырақ, бұл мақсатқа осы екі жылда 13,1 млрд. теңге бөлінген. 14 157 медицина қызметкері оқу тәжірибесінен өткен. Жыл басынан бері Шымкент 129 күн жасыл аймақта, 34 күн сары аймақта, 18 күн қызыл аймақта болған.    

«Желтоқсан айында Шымкент қаласы дағдарыс жағдайында 5 456 төсек-орынға дейін ұйымдастыруға дайындалғанымызды айтқан едік. Қазір стационарларда дайын төсек-орынның 25% пайызында адам бар немесе 327 адам ем алып жатыр», - деді Айтенов.

Соынмен бірге, Сонымен бірге, ол халықты вакциналау мәселесі ерекше бақылауда екенін атап өтті. Осы жылдың ақпаннан бастап Шымкенттің 239 506 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін, ал 141 328 тұрғыны екі компонентін де алды. Бұл – вакциналанатын тұрғындардың 44%-ы.

Экономика өсімі

Бұдан бөлек, облыс басшысы Шымкент қаласының экономикалық өсімі инфрақұрылымға қарқын бергенін атап өтті. Соңғы үш жылда 853,5 шақырым жол төселген. Бұрын мұнша көлемдегі жол 10 жылда салынған екен.

Сондай-ақ оның айтуынша, 18 тұрғын алабы ауыз суға қосылып, 60 мың адамның қолы сапалы ауыз суға жетеді. Үш жылда 7 тұрғын алабы табиғи газға қосылып, 29 500 адам қызығын көруде.

«2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады», - деді ол.

Өнеркәсіп саласы

«Қалалың негізгі экономикалық көрсеткіштері 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 295 млрд. теңгені құрап, 2020 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артты », - деді Айтенов Мұрат.

Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында үлесі 84,4%-ды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 251 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп,   10-ға өскен.

Оның айтуынша, өнеркәсіп – қала экономикасының негізін құраушы сала. Жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 24,6%.

Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта бірнеше бастама жоспарланып отығанын атап өтті. Соның ішінше, «Жұлдыз» индустриалды аймағында инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталған. Оның айтуынша, 306 гектар жер аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. 200 млрд. теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнымен 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделуде. Бұдан бөлек, жеке индустриалды аймақтарды ашу бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

«Шымкенттің 3 индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд. теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд. теңгеге 754 жұмыс орнымен 13 жоба іске қосылады», - деді Мұрат Айтенов.

Ауыл шаруашылығы

Облыс басшысы мемлекет басшысының жолдауындағы басым бағыттардың бірі – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Осы бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймағын іске асыру жұмыстары басталған. Бірі – заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы.

«Қазір екі агроөндіріс аймағының да Жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатыр. Алдағы айда құжаттамасы сараптамадан шыққан соң, құрылыс жұмысы басталады», - деді ол.

Жалпы, әкімдіктің мәліметінше, Шымкентте агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілуде. Мәселен, осы жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд.теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба іске асырылылуда. Есепті кезеңде 12,8 млрд. теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға артқан.

«Ауыл шаруашылығы саласына бағытталған экспорт көлемі 39 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 10% артық», - деді Мұрат Айтенов.

ШОБ

Мұрат Айтенов өз сөзінде, алдағы 5 жылда Президент елдегі шағын және орта бизнестің жалпы өнім үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырғанын атап өтті.

Оның дерегінше, Шымкентте жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34%-ды құрайды.

«Бұл бағытта 69 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі бар, 163 мыңнан аса адам жұмыс істейді. 2025 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 100 мыңға дейін, осы салада жұмыспен қамтылғандар санын 190 мың адамға дейін, жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 40%-ға дейін жеткізу жоспарлануда», - деді ол.

Оның айтуынша, биылғы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бөлінетін қаржыны 2 есеге ұлғайтып, 6,9 млрд.теңге бағытталып отыр. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражат көлемін 25 млрд. теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Бұдан бөлек, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 55 жобаға 816,1 млн. теңге бөлінген.Сонымен қатар, шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банкттер тарапынан 17,8 млрд. теңгеге несие берілген.

Сонымен қатар, өңірде кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасау үшін «Кәсіпкерлерге арналған Үкімет» фронт-офисі жұмыс жасауда. Жыл басынан бері фронт-офистің көмегіне 2325 кәсіпкер жүгінген.

Инвестиция

«Осы жылдың 5 айында қала экономикасына 96,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,7 пайызға артты», - деді Мұрат Айтенов.

Жалпы, әкімдіктің мәліметінше, президенттің инвесторлар пулын жасақтау тапсырмасы бойынша, құны 2,5 трлн.теңгені құрайтын 261 инвестициялық жобаның базасы әзірленген. Оның ішінде, биылғы жылы 171,6 млрд.теңгеге 2 500 жаңа жұмыс орнымен 68 жобаның іске асырылу жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысы

«Биыл өзімізге бір миллион шаршы метр тұрғын үй саламыз деп міндет алдық. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге жуық артық», - деді облыс басшысы.

Оның дерігінше, қазіргі таңда қалада жеке салушылар есебінен 8639 пәтерлі 178 көпқабатты тұрғын үй, бюджет есебінен 5912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары алғашқы 5 айда 28 млрд теңгегені, өткен жылдың тиісті кезеңіне 115,3 пайызды құраған.

Білім беру

Облыс басшысының дерегінше, өңірде 18 732 орындық 32 мектептің құрылысы жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін 10 222 орындық 20 мектеп пайдалануға беріледі. Оның 16-сы жеке инвесторлардың есебінен.

«Нәтижесінде, Шымкент жаңа оқу жылын апаттық мектепсіз бастайды. Үш ауысымды мектеп саны 14-тен 9-ға дейін төмендейді. Жалпы 2025 жылға дейін Шымкентте 68 500 орындық 72 мектеп бой көтереді», - деді Мұрат Айтенов.

Сонымен қатар, биыл білім ұйымдарының материалдық-техникалық базасына көп көңіл бөлінуде. Жабдықтауға 7 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған.

Оның айтуынша, қала мектептеріндегі оқу кабинеттерінің небәрі 32%-ы жабдықталған. Сол себепті мектептер физика, химия, биология, робототехника, СТЕМ-ге арналған 278 арнайы пәндік кабинетпен жабдықталады. Жабдықталу 32%-дан 60%-ға өседі.

«Балаларымыз қауіпсіз ортада білім алу үшін, іште әжетханасы жоқ 36 мектепке қосымша әжетхана салынып, бұл мәселе толығымен шешімін тапса, соңғы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау (545,8 млн. тг) мен адамның түр-тұлғасын анықтайтын кіргізіп-шығару жүйесін (359,4 млн. теңге) жаңа оқу жылына дейін 100%-ға орнатылатын болады», - деді облыс әкімі.

Инженерлік инфрақұрылым

Облыс басшысының айтуынша, халықты сапалы ауыз сумен қаматамасыз ету үшін 3 магистралдық және 10 елдімекенге ауыз су құбыры, кәріз жүйелері бойынша 3 магистралдық және 16 ішкі орамдық нысандардың, табиғи газ бойынша №3 АГРС және 2 магистралдық, 11 елді мекенгегаз құбырлары, электр бойынша 3 подстанция және 15 елді мекенге ішкі жүйелер құрылысы жүргізіп жатыр.

«Алдағы айдың басында қала дамуы үшін аса маңызды жоба Бозарық қосалқы станцияның құрылысы аяқталады. Нәтижесінде, биыл жыл соңында ауыз сумен қамту деңгейін 98 пайызға, газбен 93 пайызға, сапалы электрмен 97 пайызға жететін болады», - деді ол.

Жол және көлік мәселесі

Облыс басшысы қазіргі таңда Шымкент қаласында жол құрылысы бойынша 295,3 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырғанын еске салды. Оның ішінд 92,2 шақырым магистралды, 203,1 шақырым ішкі орамдық көшелер екен.

Соның ішінде, көлік кептелістерін болдырмау мақсатында 4 ірі жолайрықтың құрылысы жоспарланып, алдыңғы жылы 2-уінің құрылысы басталған. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі жыл соңына дейін 63,6%-ға жетеді.

«Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін, былтыр 590 жаңа автобус сатып алынып, оның 300-і жолға шықты, жыл соңына дейін 290 жаңа автобус қосылады. Сонда қоғамдық көлік 80%-ға жаңарады. Бұл автобустар газбен жүреді, кондиционері бар, мүгедектерге қолайлы», - деді облыс басшысы.

Сондай-ақ оның айтуынша, Шымкентте 92 гектар жерге сауда-логистикалық аймағы құрылған. Бұдан бөлек, тағы да 3 логистикалық жобаның құрылысы жүргізілуде.

Барлық жаңалықтар