• Басты
  • Шығыстың жарық жұлдызы – Шоқан Уәлиханов
20 Шілде, 2020 10:21

Шығыстың жарық жұлдызы – Шоқан Уәлиханов

Биыл көрнекті ғалым, саяхатшы, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 185 жыл толып отыр. Қазақ жері Патша үкіметіне кіріптар болған уақытта жергілікті халықтың ішінен еуропалық біліммен сусындаған, шығыс тілдерін жетік меңгерген, халықтың ауыз әдебиетінен нәр алған, шығыс өркениеті мен әлемін жаңа биікке көтерген ғалым шықты. Қазіргі зерттеушілер Шоқан Уәлихановты тарихшы, фольклортанушы, ағартушы-демократ ретінде танып, еңбектерін жариялап жатады. Біз ғалымның шығыстанушы ретіндегі қырын қарастырып көруді жөн санадық. 

Шығыстың жарық жұлдызы – Шоқан Уәлиханов

Үлкендердің қасында тапжылмай отырып әңгіме тыңдайтын зерек баланы әжесі Айғаным «Шоқиғаным, шоқиғаным» деп еркелетеді екен. Ақырында оны бүкіл ағайын-туған осылай атап кетеді. Сол Шоқан шығыстың аспанында жарық жұлдыз болып жанды.

Әр тұлғаның азамат ретінде қалыптасуына оның шыққан тегі, өскен ортасы тікелей ықпал ететіні анық. Абай хәкімнің тұлғалық өсуіне әкесі Құнанбай, апасы Зере мен анасы Ұлжан, шығыс және орыс әдебиеті қалай әсер етсе, Шоқанның шоқтығы биік ғалым болуына әкесі Шыңғыс, әжесі Айғаным да солай ықпал еткен еді. Шоқан Уәлихановтың ата-бабалары ежелгі сұлтандар әулетінен тарайды. Оның арғы атасы, Орта жүздің ханы Абылай Ресеймен сауда және саяси байланыста болған. Абылайдың үлкен ұлы Уәли де бұл байланысты жақсы қолдаған. Уәли – Шоқан Уәлихановтың туған атасы. XIX ғасырдың екінші жартысында Г.Н. Потанин жазған Уәлихановтар әулетінің шежіресінде Уәли ханның екі қыстауы болғаны айтылады. Бірі – Көкшетаудың шығысындағы Хан көлінде, екіншісі – Сырымбетте болған. Уәли хан мен оның ұрпақтарына мұра ретінде қалған бас орда Бурабайда болды. Сырымбет деген жер Уәлидің кіші әйелі Айғанымнан туған балалардың иелігіне тиеді. Шоқанның әкесі Шыңғыс осы Айғанымнан туған. Шоқанның Айғаным әжесі ақылды, көреген, бірнеше шығыс тілін меңгерген, орыс мәдениетімен таныс, жергілікті халық ортасында беделі жоғары адам болады. Шоқанның әкесі Шыңғыс 1827 жылы Сібір әскери шекаралық казак училищесіне оқуға түскен. Училищеде кәсіби аудармашы және топограф маман дайындауға арналған арнайы шығыс тілдері сыныбы да болды. Шыңғыс Уәлиханов орыс тілін жақсы меңгерген, әдебиет пен өнер, тарих, жағрапия және статистика секілді салалардан мәлімет жинаған білімді қазақтардың алғашқылары еді. Училищені тәмамдаған соң, небәрі 23 жасында Аманқарағай округінің, кейін Құсмұрын округінің аға сұлтаны болып тағайындалып, алдымен майор, кейін полковник шенін алады. 1860 жылы Шыңғыс Уәлиханов Көкшетау округінің аға сұлтаны болып сайланады. Шоқанның Қашғарға жасаған сәтті сапары әкесінің беделінің өсуіне ықпал еткен екен.


1.png

Шоқан ауқатты отбасынан шыққаны белгілі. Мәселен, Далалық комиссия мүшесі, бас штаб офицері А.К. Гейнс былай деп жазады: ...Шыңғыс пен әйелі тұратын үй помещиктердікіне ұқсайды. Залда он екі пьеса тартуға арналған орган тұр, аралық қабырғалар айналы, хрусталь салпыншақты қола шамдар, бралар да сондай, шағын жібек перделер жұқа, бірақ жалпақ әшекейлермен өрнектелген. Қонақ бөлмеде Гарднер немесе Корнилов құмыраларының орнына қытай құмыралары қойылған, лампа үстел үстінде, диван, тағы басқалар иін тіреседі. Еденге түгелдей Ташкент немесе парсы кілемі төселген, жиһаздардың үстіне жолбарыс, қабылан және аю терілері жабылған. Жалпы жақсы әсер аласың» дейді. Яғни, Шоқан бала күнінен әртүрлі мәдениетпен, оның ішінде алыс-жақын Шығыс елдерінің материалдық және рухани құндылықтарымен таныс болды.

Шоқанның шығыстану саласына жақындай түсуінде оның алған білімі де маңызды орын алады. Шоқан әуелі Құсмұрындағы жеке меншік қазақ мектебінде оқиды. Мектептің дәстүрі бойынша Шоқан онда араб және ұйғыр жазуын меңгереді, қарындашпен сурет салуды үйренген. Шоқанның кейінгі суреттерінде өзінің туып-өскен өлкесінің тамаша табиғаты көрініс тапқан. Мәселен, Шоқан Құсмұрын мен Сырымбетке демалысқа барғанда 1847-1852 жылдары салған  суреттерін «Корпустан елге, отпускіге барғанда язмыш суреттер» деп атайды. Шоқанның ғылымға деген ықыласының артуына әкесінің орыс зиялылары, жер ауған декабристермен қатынасы тікелей ықпал етті. Академик А.И. Шренк, С.М. Семенов, В.И. Штейнгель, Н.В. Басаргиндер Уәлихановтар әулетінде болған. Қазақстанды зерттеуші орыс оқымыстыларының жұмысына Шоқанды қосып, халық аузындағы ән-жырларды, аңыздарды хатқа түсіріп отырған.  Шоқанның Сібір кадет корпусына орналасуына да әкесінің достары қолғабыс еткен. Сібір кадет корпусы сол уақыттағы атақты оқу орны, танымал әскери қайраткер, ғалым-публицистер тәмамдаған, жағрапиялық жаңалықтар ашқан орда еді. Сондықтан бала Шоқанды қызықтырмай қоймады. Кадет корпусының оқыту бағдарламасы шығыс елдерін қай жағынан болмасын тереңдетіп меңгеруге жол ашқан. Жас кадеттер ол жерде тарих пен әдебиетті, түрік, моңғол, араб, парсы, шағатай, татар тілдерін, жоғары сыныпта әскери тактика мен артиллерияны оқыған. Мәселен, Азия елдерінің ішінен Қытай империясы: жері, құрылымы мен басқару жүйесі, Қытайдың ықпалындағы жерлер, Тұранның тарихы, Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары, Үндістан мен Араб елдері оқытылған. Әрине, негізгі орын Қазақстан жағрапиясына берілді.(20 бет). Г.Н. Потанин: «Шоқан тез есейді, өзімен қатар орыс балалардан озып кетті. Оны бәрі қызықтыратын, ол ерекше қабілетті, тіпті оқуға түспей тұрған кезінде-ақ сурет салумен шұғылданатын болған» деп еске алады.(22 бет). Оқушының Қазақ даласы мен Орта Азияның, Шығыстың тарихына қызығушылығы осы кезде оянады.

3.jpg

Шоқан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын, «Манас» жырын қағазға түсіреді. Ол оқуда жүргенде шығыстанушылар Н.Ф. Костылецкий, Н.И. Березинмен, әдебиетші В.П. Лободовскийден тәлім алып, шығармашылық байланыста болды. Осы ғалымдардың ықпалымен жас Шоқан Белинский мен Герцен, Чернышевский мен Добролюбовтың сын мақалаларымен сусындады. Кейін П.П. Семенов-Тянь-Шанский, Г.Н. Потанин, Н.М. Ядринцевтер Шоқанның білімдарлығын жоғары бағалады.

Оқуды тәмамдаған соң ол Сібір казак әскерінің 6-шы кавалерия полкының офицері болып бекітілді. Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарының басшысы генерал Г.Х. Гасфорттың адъютанты болды. Осындай қызметте жүріп Шоқан Қазақ даласына бөтен ниетпен келгендердің көп екенін аңғарады. Қара басының қамын ойлайтын патшаның итаршылары туралы Шоқан: «Осы офицерлер мен шенеуніктерді Батыс Сібір мен Қазақсанға алып келген не? Тек оңай олжа ғана, «шеті, шегі жоқ тәуелсіз татар даласында» байысам, қазақтардың бар-жоғын сыпырып алып, соның ақшасына әйелдеріне арнап жібек баулы қамқа көйлек тіктірсем деген ниет» деп Ф.М. Достоевский досына жазады.  Генерал-губернатордың сапарында жүріп Ш.Уәлиханов терең білімін іс жүзінде көрсетіп, өлкенің географиясы және этнографиясы туралы бай материал жинап алды.

Шоқан Уәлихановтың саяхатшылығы бөлек және үлкен тақырып. Экспедициялардың құрамында жүріп ол Шығыс туралы білімін тау мен тасты, орман мен шөлді, елді-мекендерді аралай жүріп бекіте түсті. Ол Жетісуды, Ыстықкөлді, Жоңғария мен Қашқарияны, Тянь-Шаньді алғаш зерттеушілердің бірі еді. Саяхаттарының ғылыми нәтижелері оның «Ыстықкөлге саяхат күнделігі», «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы», «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбектерінде көрсетілген. Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданған соң, ғылым алдындағы еңбегі жалпыға таныла бастады. Ал, 1856-1859 жылдары Құлжа, Қашқар, Жаркентке жасаған сапарлары Марко Поло заманынан кейін Орталық Азияның түкпір-түкпіріндегі бай рухани қазынасын еуропалық ғылыми қауымдастыққа таныстырған алғашқы қазақ ғалымы болды.

4.jpg

Ш.Уәлихановтың Құлжа(1856ж.), Қашқар(1858-1859жж.), Жаркент(1858ж.) сапарының бағыттары 

 

«Қытай империясының Батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деген жазбасында Шоқан былай деп жазады: «Қытай өзінің алажабыр алаң тіршілігі, мәжусилік философиясы мен өзімшілдігі жағынан да, титықтап қалған күш-қуатының дәрменсіздігі мен қорғаншақ әрі жалтақ, сыртқы саясаты жағынан да, құдды баяғы құлап, мерт боларының қарсаңындағы қиын-қыстау кезеңін бастан кешіріп отырған көне Рим сияқты. Қытай тарихына үңілген сайын бұл ұқсастыққа таң қаласыз. Варварлар Қытайға талай рет қысымшылық көрсеткен. Бірақ Қытай оларға қарсы төтеп бере алмай, жалпы әлсіздерге тән әдіс қолданып, қулық жасайды да, сыйлықтарын үйіп-төгіп, олардың көңілін аулайды, салық төлейді және оны солардың еңбек ақысы деп мардымсиды; варварларды қызметке қойып, бір-біріне айдап салады, бір кездегі Римнің патриций атағын үлестіргені сияқты князь, вань, гун атағын беріп, даңққұмарлық сезімдерін қоздырып отырады. (Ш.Уәлиханов. Алтышаһарға сапар. – Алматы: Атамұра, 2006. – 174 бет.) Бұл Шоқанның Шығыс елдерінің ежелгі тарихы, философиясы, этнографиясын жан-жақты білетіндігін көрсетеді. Қытай ғалымдары Шоқанды Батыс Қытайдан құнды жәдігерлер: сирек қолжазбалар, мүсіндер мен монеталарды алып шыққан еуропалық саяхатшылармен қатар қояды. Қытай зерттеулерінде Шоқанның Алтышарға барып сол өңірдің әскери, саяси, экономикалық, сауда және мәдени жағдайын барлап, Сатұқ Боғра хан, Тұғлық Темір, ұйғыр қожалары, Әбу-Муслим молда туралы қолжазбаларды «алып кеткенін» жазады. Қалай болғанда Шоқан қатысқан саяхаттардың Шығыс тарихын зерделеуде үлкен орын алатыны сөзсіз. Кезіндегі Қытайдың Чжан Цянь, Чжэн Хэ, Сюань Цзан деген саяхатшылары «варварларды» танып, жазба деректерін қалдырса, Шоқан да өз заманындағы шоқтығы биік саяхат-ғалым болды. ҚР ҰҒА академигі Б.Көмековтің пікірінше «Ш.Уәлиханов – өз дәуірінің ұлы. Оның шығармашылығына патша өкіметінің дәуірі және идеологиясы әсер етті. Осылайша, ғалымның көзі тірісінде орыс әдебиеттерінде бұратана текті ұлт-ұлыстарды кемсіту мақсатында экзоэтноноимдер қолданылды: мысалы, «қазақтың» орнына  «киргиз-кайсак», «қырғыздың» орнына «дикокаменные киргизы», «буруты».

Шоқанды зерттеу тұрғысынан бірқатар еңбектердің шыққаны белгілі.  И.А. Иминов «Путешествие по Алтышару(по караванному пути Чокана Валиханова в наши дни), Х.Айдарованың еңбегі, С.Мұқановтың «Нить ариадны», С.Бегалиннің «Шоқан асулары», Н.Қанафияұлының «Түнекті түрген найзағай», К.Ш. Диярованың «Шоқан Уәлиханов. Аққан жұлдыз», Ш. Уәлихановтың көп томдық шығармалар жинағы шыққан. К. Алпысбаеваның «Шоқан Уәлиханов – фольклортанушы», Т.Қаупынбайұлының «Қыран тағдыр. Жарық жұлдыз туралы жыр», әртүрлі сериядан және баспадан шыққан таңдамалы шығармалар жинағы, мақалалары мен жазысқан хаттары да бар, Қадыржан Абуевтің «Шоқан Уәлиханов және оның замандастары», Ш.Қ. Сатпаеваның «Чокан Валиханов и русская литература», Ә.Марғұланның «Шоқан және Манас» деген іргелі еңбектері бар.

Газетке де шыққан материалдардан: З.Ахметовтің «Ой тұнығы», «Қашанда халық жүрегінде» мақаласы, Р.Әбсаттаровтың «Шоқан Уәлиханов – саяси зерттеуші», «Шоқан Уәлихановты өсірген әлеуметтік-саяси орта», Д.Дулатованың «Шоқан – тарихшы», К.Ш. Хафизовның «Чокан Валиханов в китайской историографии», Ж.А. Ермекбайдың «Федор Достоевский и Чокан Валиханов в эпистолярном наследии», «Чокан Валиханов – путешественник и ученый», «Исследования и домыслы» атап өтуге болады. Жарылқап Бейсенбайұлының «Шоқан», «Шоқан ізімен», «Жасын тағдыр жарқылы» атты еңбектері бар. Жарылқап Бейсенбайұлы көп жылдар бойы Шоқан өмірін зерттеп, оның Ыстықкөл сапарының ізін қайталай жүріп өткен, ұлы тұлға ғұмыр кешкен мекендерді аралап, осы тақырыпқа арналған кітаптар, мақалалары жарық көрген журналист-зерттеуші, жазушы. Оның «Шоқан» атты еңбегінде ғалымның өмірі мен оның заманына қатысты бұрын беймәлім болып келген сұрақтарға жаңаша барлау жасалып, тиянақты байыптау түйілген.

Шоқан айналдырған отыз жыл ғұмыр кешті дейтін болсақ, өмірінің он жылында жүздеген жылдарға азық болатын еңбек атқарып кетті деуге толық негіз бар. Осы аралықта ол жүздеген еңбек, мақала, естелік, қолжазбалар, суреттер дайындады. Оның еңбектері туған өлкесі мен Шығыс халықтарының тарихы, материалдық және рухани байлығына деген терең сүйіспеншілігі, табиғаты мен географиясын мұқият зерделеуі, Дала халқының бай мұрасын теріп жүріп қағазға түсіріп, ғылыми айналымға енгізуімен, көрген-білгенін шебер баяндау стилімен аса құнды. Белгілі орыс ғалымы Н.И. Веселовский «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану аспанында жарқыраған құйрықты жұлдыздай ағып өтті» деп әсерлі баға берген. Тәуелсіз Қазақстанда Шоқанның атындағы мекемелер, жер-су, көшелер мен ескерткіштер орнатылған. Дегенмен, оның ғылыми мұрасын зерделеу әлі де жалғасуы тиіс. Қорытындылай келе, Шоқанның шығыстанушы болуына отбасылық тәрбие, шығыс тілдері және мәдениетімен етене таныстығы; сонымен қоса Кадет корпусында Азия тарихы мен жағрапиясын, бірнеше шығыс тілдерін меңгеруі, белгілі шығыстанушы-ғалымдармен байланысы; ең соңында бірқатар маңызды саяхаттары нағыз шығыстанушы-ғалым болып орнығуына ықпал етті. 

Барлық жаңалықтар