• Басты
  • ШЫҰ-ға 20 жыл: Тұрақтылық пен өркендеу жолындағы ынтамақтастық

ШЫҰ-ға 20 жыл: Тұрақтылық пен өркендеу жолындағы ынтамақтастық

23 Шілде, 2021 09:01

Тәжікстан Республикасының Президенті, 2021 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің төрағасы Эмомали Рахмонның “Ховар" ТҰАА-ға шыққан “ШЫҰ-ға 20 жыл: Тұрақтылық пен өркендеу жолындағы ынтамықтастық” атты мақаласын ұсынамыз.

Тәжікстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күндерінен бастап, "ашық есік", бейбітшілік пен риясыздық саясатының қағидаттарына сүйене отырып, әлемнің көптеген елдерімен тең құқықты және өзара тиімді ынтымақтастықтың достық қатынастарын, ал олардың бірқатарымен стратегиялық әріптестік қатынастарын орнатып одан әрі нығайтты.

Тәжікстан Республикасының халықаралық стратегиясында Орталық Азия мемлекеттерімен тату көршілік және жан-жақты ынтымақтастық саясаты басым орындардың бірін алуда. Ел шекараларының бүкіл периметрі бойынша сенім мен қауіпсіздік атмосферасын қалыптастыру - осы саясаттың негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.

Сонымен қатар, мемлекетіміздің сыртқы саясаты елдің тиісті халықаралық және аймақтық ұйымдарға кеңінен және нәтижелі қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған. Осындай саясатты жүзеге асыру арқылы Тәжікстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті, жасампаз халықаралық ынтымақтастықты және құрылымды сұхбатты қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда, сондай-ақ елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету және оның халықаралық алаңдағы ұстанымын нығайту мүддесінде халықаралық және аймақтық ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдалануда.

Биыл Тәжікстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Біздің республика тарихи өлшем бойынша қысқа мерзім ішінде әлемнің 179 елімен толық дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, беделді халықаралық және аймақтық ұйымдардың белсенді мүшесі болып үлгерді.

Халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде әлемдік қоғамдастықпен әріптестік қатынастарды жолға қоя отырып, Тәжікстан Республикасы БҰҰ-мен және оның мамандандырылған мекемелерімен, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ, ЭЫҰ және ИЫҰ, сондай-ақ даму жөніндегі әріптестермен, халықаралық және өңірлік қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтті.

Тәжікстан Республикасы көпжақты дипломатия саласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (бұдан әрі - ШЫҰ/Ұйым) шеңберінде баянды байланыстарды дамытуға ерекше назар аударатыны белгілі. Тәжікстан Республикасының қазіргі қолданыстағы сыртқы саясат тұжырымдамасында: "Тәжікстан Республикасының ШЫҰ-ға белсенді қатысуы мүше мемлекеттер мен ұйым жанындағы байқаушылар арасындағы тату көршілік қатынастарды, сенімді және достық байланыстарды нығайту, сондай-ақ өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық және орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатын көздейді" деп жазылғаны кездейсоқ емес.

Сондықтан Тәжікстан Республикасы осы Ұйым шеңберіндегі өз қызметінің басым бағыттарын қауіпсіздік пен экономикалық өзара іс-қимыл салаларында ғана емес, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту және нығайту тұрғысынан да қарастыруда.

Тәжікстан сондай-ақ ШЫҰ шеңберінде қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы күрес саласына бақылаушы мемлекеттердің тартылуын жақтайды.

Құрылуының жиырма жылдығын ағымдағы жылы атап өтетін ШЫҰ өзінің қызметінің бірінші күнінен бастап өзін белсенді Ұйым және өңірде ғана емес, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі беделді халықаралық институт екенін растағанын атап өту қажет.

Өзінің жиырма жылдық тарихында ШЫҰ жаңа үлгідегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне, өзекті әлемдік мәсеселерді шешуде өзінің әмбебап сипатын талай рет дәлелдеген бірегей өңірлік құрылымға айналды. Жаһандану дәуіріндегі оқиғалардың ағымы бірде-бір мемлекеттің өзі жалғыз қазіргі заманғы сын-қатерлерімен нәтижелі күресе алмайтынын айқын көрсетті. Бұл жағдайда тек барлық мемлекеттердің келісілген шаралары мен бірлескен күш-жігері ғана тиімді болуы мүмкін.

"Дос басыңа күн түскенде танылады" деген халық мақалы бекер айтылмаған. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер КОВИД-19 пандемиясы таралуының аса қиын жағдайларында өздерінің ауызбірлігін көрсетті, көптеген пкүрделі мәселелер бойынша бір-біріне тиімді қолдау көрсетті. Әлем Ұйымға мүше мемлекеттердің "Шанхай рухының" құндылықтары мен қағидаттарына адал екендігіне тағы да бір мәрте көз жеткізді.

Дамудың қазіргі дәрежесіне шығу және қуатты халықаралық ұйым болу үшін ШЫҰ қалыптасудың ұзақ процесін бастан кешті. Ұйымды құру үшін баянды және жан-жақты ынтымақтастық кезеңінен өту қажет болды.

Халықаралық жағдайдың дамуын және өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында өңірдегі қауіпсіздік сын-қатерлерінің күрт өсуін ескере отырып, "Шанхай бестігіне" мүше мемлекеттердің алдында жауапты шешім қабылдау туралы мәселе тұрды. Күш жинап келе жатқан жаңа қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндерге қарсы іс-қимылдың маңызды құралдарының бірі ретінде жетілдірілген жаңа ұйым құру туралы келісу қажет болды.

Іс жүзіндегі жағдайды назарға ала отырып, мемлекет басшылары "Шанхай бестігі" базасында Қытайды, Ресейді және Орталық Азияның барлық елдерін бірыңғай өңірлік ұйымға біріктіре алатын неғұрлым толыққанды құрылым құру үшін негіз қалыптастыруға кірісу жайлы шешім қабылдады.

Қойылған міндеттерді ескере отырып, бірлескен үкіметаралық комиссия құрылды, ол өз кезегінде кең ауқымды консультативтік жұмыс жүргізді.

1999 жылғы 25 тамызда Бішкек қаласында "Шанхай бестігінің" төртінші саммиті өтті. Осы форумда мемлекет басшыларының бесінші саммитін өткізу жөніндегі бастаманы Тәжікстанға беру туралы шешім қабылданды.

"Шанхай бестігіне" Тәжікстан Республикасының төрағалығы 1999 жылдың қыркүйегінен 2000 жылдың шілдесіне дейін созылды.

Төрағалық ету кезеңінде біз Өзбекстан Республикасының басшылығы шақырылған "Шанхай бестігі" саммитін өткізу бойынша үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік.

2000 жылдың 5 шілдесінде Душанбе қаласында өткен "Шанхай бестігі" мемлекет басшыларының кездесуі ерекше маңызды оқиға болды. Душанбеде "Шанхай бестігі" "Шанхай форумы" деп аталды. Дәл осы душанбелік шешіммен ШЫҰ құру үшін негіз қаланды.

Осылайша, Тәжікстанда "Шанхай бестігін" қазіргі таңда "Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы" деген атаумен белгілі аймақтық халықаралық ұйымға қайта құру туралы ұсыныс жасалды. 2000 жылғы Душанбе декларациясында бүгінгі таңда әлемдік саяси болмыста лайықты орын алған болашақ беделді өңірлік ұйым — ШЫҰ қызметінің мақсаттары, міндеттері мен негізгі бағыттары туралы негіз салушы идеялар қаланды.

Бұдан әрі, 2001 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында Мемлекет басшыларының кездесуі болып өтті, онда Өзбекстан Республикасының "Шанхай бестігіне" қосылуы туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды және "Шанхай бестігі" шеңберінде жинақталған тәжірибе негізінде ШЫҰ құру туралы Декларацияға қол қойылды.

Адамзаттың жаңа ғасырға қадам басуымен әлем жаңа қуатты халықаралық құрылымның пайда болуына куә болды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының қалыптасуы мен дамуындағы маңызды қадамдардың бірі 2005 жылғы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы болды: онда ұйым шеңберінде Азияның үш ірі державасына - Үндістан, Иран және Пәкістанға байқаушы мәртебесін беру туралы қағидатты шешім қабылданды. Бұған дейін, 2004 жылы Моңғолияға осындай мәртебе берілген болатын. Ұйымның географиялық кеңеюі орын алды, бұл оның халықаралық беделін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.

Бұдан әрі 2007 жылы ШЫҰ елдері арасында ұзақ мерзімді Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.

2009 жылы Шри-Ланка мен Беларусь елдеріне сұхбат бойынша әріптес мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.

2012 жылы ШЫҰ елдерінің көшбасшылары ұзақ мерзімді бейбітшілік пен бірлескен өркендеу өңірін құру туралы декларациясын қабылдады. Сол жылы ШЫҰ-да Ауғанстан бақылаушы мәртебесін алды, ал Түркия сұхбат бойынша әріптес болды.

2014 жылы Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға мүшелікке ресми түрде өтініш берді. Бұл Тәжікстанның 2013-2014 жылдары ШЫҰ-ға төрағалық етуімен тұспа-тұс келді. Дәл осы кезең ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы мәселені қарастыру рәсіміне жаңа серпін берді. Душанбе қаласындағы мүше мемлекеттер басшыларының саммиті ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру рәсімінің құқықтық базасын әзірлеу үшін маңызды негіз қалады. Бұл рәсім мүше мемлекеттер басшыларының келесі саммитінде қосымша талқыланып, түпкілікті бекітілді.

ШЫҰ елдерінің көшбасшылары 2015 жылы Үндістан мен Пәкістанды ұйымға мүшелікке қабылдау рәсімін бастау туралы шешімді бекітті, сондай-ақ Беларусь еліне ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесін беру туралы, Әзербайжанға, Арменияға, Камбоджаға және Непалға сұхбат бойынша әріптес мәртебесін беру туралы шешімдерге қол қойылды. Осылайша, ШЫҰ тез арада стандартты өңірлік ұйымнан ірі халықаралық ұйымға айналды. Ұйымның құрылым бойынша да, қызмет бағыттарының спектрі бойынша да жиырма жыл ішінде осындай жылдам кеңеюі ШЫҰ-ның мақсаттары мен игі ниеттерін айқындаудағы анықтықты көрсетеді.

2017 жылғы маусым айында Астана қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінде бұл процесс өзінің алғашқы нәтижелерін берді. Аймақтағы ең ірі екі ел — Үндістан мен Пәкістан ұйымға мүше мемлекеттер мәртебесін алды.

Атап өтерлік жәйт, көптеген сарапшылардың әділ пікірінше, қазіргі әлемдегі мұндай ұйымдар - халықаралық мәселелерді шешуге көмектесу үшін мемлекетаралық қарым-қатынастың негізгі ұйымдастырушылары болып табылады. ШЫҰ іргетасы қаланған күннен бері қазіргі заман талабына сай қажетті құрылымдар жасалды. Мысалы, тараптардың өзара келісімі бойынша 2004 жылғы қаңтардан бастап жұмыс істейтін тұрақты жұмыс істейтін органдар немесе құрылымдар ШЫҰ Хатшылығы мен ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының (АТҚҚ) Атқарушы комитеті құрылды. ШЫҰ Хатшылығының орны болып Бейжің қаласы, ал ШЫҰ Атқарушы комитетінің орны болып Ташкент қаласы белгіленді.

Жалпы алғанда, ШЫҰ-ны құрудың жалпы шарттарын және оның дамуының барлық кезеңдерін талдай отырып, Ұйымның Еуразияның саяси кеңістігінде пайда болуына көптеген саяси, тарихи және экономикалық факторлар себеп болғанын атап өткен жөн, олардың ішіндегі ең маңыздылары мыналар:

— халықаралық қатынастардағы биполярлық жүйенің күйреуі;

- бұрынғы КСРО-ның ыдырауы салдарынан жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасуы;

- жаңа сын-қатерлердің артуы, олардың ішіндегі ең қауіптілері - терроризм, экстремизм және сепаратизм;

- "Шанхай бестігі" шеңберінде аймақ елдері арасында қалыптасқан өзара қарым-қатынастар тәжірибесін ескере отырып, бірлесіп дамытуға ұмтылыс басым болатын әділ әлемдік тәртіп қағидаттарын жүзеге асыру;

- елдердің аймақтық интеграциясын күшейтетін жаңа тиімді механизмдерді бірлесіп іздестіру;

- қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық өзара әрекеттестік және барлық салалардағы ынтымақтастық басым бағыттар болып табылатын өңірдегі ынтымақтастықтың жаңа стилін қалыптастыру.

Шынында да, ШЫҰ құрылған жылдары әлемде жаһандық саясаттың мазмұны мен векторларын толығымен өзгерткен елеулі өзгерістер орын алды. Осы себепті, бұл Ұйымды құруға бастамашы болған елдер оны жаңа әлемдік шындыққа, жылдам өзгеретін жағдайларға бейімдеп, әлемдік саяси алаңда лайықты орын табуға мәжбүр болды. Жаңа жағдайлар жаңадан құрылған өңірлік халықаралық ұйым — ШЫҰ-дан басқаша жұмыс істеуді, өзекті өңірлік мәселелерді шешуге неғұрлым белсенді жәрдемдесуді талап етті.

Келесідей мәселе туды: Ұйым мүше мемлекеттердің мүдделеріне жауап беретін, күрделі халықаралық жағдайларда экономикалық, сауда және мәдени-гуманитарлық интеграцияны жүзеге асыратын күш пен қабілетке ие болуы керек.

ШЫҰ-ның одан арғы қызметі ұйымның осы мәселелерді шешуге табысты кірісіп қана қоймай, сондай-ақ халықаралық саяси кеңістікте берік позицияға ие құрылымға айналғанын анық көрсетті.

Маңыздысы ШЫҰ қызметі тек саяси мәселелерге ғана емес, экономикалық байланыстарға ден қояды. Ұйым шеңберінде мүше мемлекеттер арасында мақсаты барлық мүше мемлекеттер арасында тауарлардың, көрсетілетін қызметтер мен технологиялардың еркін айналымына жәрдемдесу болып табылатын ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастық жоспарлары қабылданды. Елдердің қылмысқа қарсы күрестегі, мәдениет және білім, ғылым және инновациялық технологиялар салаларындағы, сондай-ақ денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалардағы өзара әрекеттестік да күшеюде.

ШЫҰ қызметінің жиырма жылы аймақтық және халықаралық өзекті мәселелерді талқылау және шешу үшін бұл Ұйымның лайықты және ықпалды алаң болып табылатынын растайды.

Сондықтан Тәжікстан ұйым қызметіне, оның ішінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына, басқа да салаларда түрлі жобаларды іске асыруға белсеңді қатысуда.

ШЫҰ халықаралық саясат саласындағы қызметінің жиырма жылы ішінде тиімді ұйым деп танылды және қарыштап дамып келе жатқан әлемде үлкен беделге ие болды. Оның БҰҰ Бас Ассамблеясында бақылаушы ретінде танылуы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығымен және АСЕАН-мен нәтижелі ынтымақтастығы Ұйымның жаһандық саясаттағы беделінің өсіп келе жатқанын айғақтайды.

Екінші жағынан, ШЫҰ-ның одан әрі ілгерілеуі мен кеңеюі көптеген өңірлік және халықаралық факторларға байланысты. Бұл, ең алдымен, әлемдегі геосаяси жағдай, өңірлік қауіпсіздік және сауда-экономикалық даму мәселелеріндегі ынтымақтастық.

ШЫҰ құрылтайшыларының бірі ретінде Тәжікстан Республикасының ұйымның қалыптасуы мен дамуы процесіндегі рөлі маңызды болып табылатынын атап өту орынды болады.

Тәжікстан 2008 және 2014 жылдары мемлекет басшыларының кеңесіне, 2006, 2010 және 2018 жылдары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларының кеңесіне төрағалық етті.

Біз Ұйым шеңберіндегі қызметімізді кеңейтіп, оның мүшелерімен қарым-қатынастарымызды нығайтып, қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге, атап айтқанда, терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да көріністеріне қарсы тұру саласындағы ШЫҰ желісі бойынша бірлескен қызметті одан әрі жалғастырамыз.

Тәжікстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер тату көршілік дәстүрлерін сақтап қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қазіргі таңғы немесе туындайтын мәселелерді шешудің жаңа оңтайлы жолдарын табуы керек деп санайды.

Қазіргі уақытта біздің елдеріміз аталған барлық салаларда оң нәтижелерге қол жеткізді, бірақ жылдам өзгеретін әлем жағдайында біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, одан әрі ілгерілеп, саяси, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелерді шешуге тиіспіз. Өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және әлемнің барлық елдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне барлығы бірге ұмтылулары тиіс.

2020 жылы ұйымға төрағалық ету Ресей Федерациясынан Тәжікстан Республикасына өтті. Тиісінше, ШЫҰ мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті 2021 жылғы 16-17 қыркүйекте Душанбе қаласында өтеді. Бұл өз кезегінде үлкен мәнге ие, себебі ШЫҰ құру туралы бастапқы шешім еліміздің астанасында қабылданған болатын.

Өз мерейтойын тойлағаннан кейін ШЫҰ белсенді құрылым, пікір алмасу, ортақ ұстанымдарды әзірлеу және әртүрлі көзқарастарды келісу үшін тиімді алаң болып қала беретініне, сондай-ақ өз саясатын уақыт талаптарына сәйкес жетілдіретініне біз кәміл сенімдіміз.

ШЫҰ қызметі біздің мемлекетіміздің сыртқы саяси стратегиясының негізгі қағидаттарына толық көлемде сәйкес келеді. Біз оның бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөніндегі негізгі міндеттерді шешудегі рөлінің одан әрі нығаюына мүдделіміз.

Қорытындылай келе, ШЫҰ өзінің құрылған сәтінен бастап әділетті халықаралық қатынастар орнатуға ұмтылып отырғанын атап өткім келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы қызметінің жиырма жылы халықаралық қатынастардағы өте күрделі кезеңмен тұспалдас келіп, Ұйым жаһандық саясат алаңында шынайы күшке айналғанын көрсетті. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер саясат, экономика және қауіпсіздік мәселелерін шешуде ынтымақтастық пен сенімнің жоғары деңгейіне қол жеткізді. Түрлі деңгейдегі жыл сайынғы кездесулер өзекті мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, лезде өзгеріп тұратын әлемде қажетті шараларды тез қабылдауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі құрылуына біздің мемлекетіміз де ат салысқан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы шынымен де аймақтық және жаһандық ауқымдағы болашағынан зор үміт күттіретін құрылым екенін көрсетеді.

Барлық жаңалықтар