• Басты
  • Шомылу маусымында нені ескеру қажет

Шомылу маусымында нені ескеру қажет

18 Мамыр, 2021 17:31

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басшысының орынбасары Есен Байыров суға шомылу кезеңінде апатты жағдайлардың орын алуының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларымен таныстырды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Суға шомылу маусымы жыл сайын 1 маусымда ашылады. Арнайы жабдықталған орындарда: жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылармен патрульдейтін орындарда шомылу керек.

Спикер мәлім еткендей, көп жағдайда мас күйінде суға шомылған адамдар су апатына ұшырап жатады. Статистика бойынша, суда қаза болудың 80% - ы азаматтардың мас күйінде шомылуына байланысты. Және де жабдықталмаған әрі тыйым салынған орындарда шомылуына байланысты болады.

«Жағажайда да тәртіп ережелерін қатаң сақтау керек. Күн ысығанда жағажайда 1000 адам бір мезгілде демалады. Қауіпсіз демалыс өзін-өзі дұрыс ұстау және азаматтардың «судағы қауіпсіздік ережелерін»орындауына байланысты», - деді ол.

Елордада халық көп шомылатын жерлерге тексеру жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындардың шомылатын 23 орны анықталды, оның ішінде 3-і Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің қаулысына сәйкес рұқсат етілген орындар. Олар: Орталық жағажай, «Астаналық аула» және «Три пескаря» демалыс орындары. Ал қала ішінде 20 орынға шомылуға рұқсат етілмеді.

Өткен жылы шомылу кезінде Нұр-Сұлтан қаласының су айдындарында 5 адам қаза тапқанын да Есен Байыров хабарлады.

«Соңғы 3 жылда өлім статистикасы 31 адамды құрады. Солардың ішінде 10 бала қаза тапқан. Шомылу маусымында құтқарушылар қаланың су айдындарында 41 адамды құтқарды. Олардың 9-ы балалар мен жасөспірімдер болатын. Сараптама мен талдау жасалды. Нәтижесінде суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтамауына байланысты. Нақты айтсам, рұқсат етілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға шомылғандар мен мас күйінде суға түскендер апатты жағдайға тап болады. Және де жүзе алмайтындар мен өз күштерін дұрыс бағаламайтын демалушылар оқыс оқиғаға кезігеді», - деді ол.

Coнымeн қatap, жыл сaйын рұқcaт eтiлмeгeн шoмылy opындаpы санының ұлғаюы байқалған. Мәселен, 2018 жылы 12 орын, 2019 жылы 18орынға, ал 2020 жылы 20 орынға ұлғайды.

«Pұқсaт eтiлгeн қaлaлық жaғaжaйлapдың caны мен қaшықтығы жeткiлiксiз. Сонымен қатар қaлa aквaтopиясы бoйындағы жаңа тұрғын үй алаптары мен көп қабатты үйлердің құрылысы, халық санының да өсуі апатты жағдайларға себеп болуы мүмкін», - деді ол.

Мамыр айынан бастап қала аумағында қала әкімдігімен бірлесіп тыйым салу белгілері мен ақпараттық стендтер орнатылды. Спикер айтқандай, 60 белгі мен 6 стенд орнатылыпты. Демалыс аймақтары мен қалалық жағажайлардың иелеріне ақпараттық хаттарды тапсыру жұмыстары жалғасып жатыр. Есіл өзенінде барлығы 90 тыйым салатын белгі, 30 ақпараттық стендтер, 20 қалқымалы буйкалар орнатылатын болады. Департамент қызметкерлері елорда тұрғындары мен қонақтарымен судағы қауіпсіздік ережелері туралы алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті суда болған кезде ескертеді:

Суда болған кезде буйкадан жүзбеңіз, мас күйінде шомылмаңыз. Есіңізде болсын: судағы жазатайым оқиғалардың 80% осы себеп бойынша орын алады, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, су қоймаларының жанында және таныс емес жерлерде шомылмаңыз. Жүзуге арналмаған заттарды пайдалануға болмайды (автомобиль камералары, пенопласт, пластикалық бөтелкелер және т.б.). Бейтаныс жерлерде жалғыз шомылуға болмайды.

Бұған дейін Елорданың құтқарушылары судағы қауіпсіздік бойынша алдын алу және оқыту сабақтарын өткізуде. Қала полицейлері және Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бірігіп, тәжірибелік жұмыстар жүргізді. Олар суда зардап шеккендерді құтқару, алғашқы көмек көрсету және көмекші құтқару құралдары туралы айтып, практикада көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Есен Байыровтың төрағалығымен алдағы шомылу маусымы кезеңінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша дөңгелек үстел де өткен болатын. Шараға Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы, ішкі саясат басқармасы және жастар саясаты мәселелері басқармасы, сондай-ақ Департаменттің құрылымдық бөлімшелері қатысты. Балаларды құтқару мен қауіпсіздік шаралары туралы кең насихаттау мәселелері айтылды.


Барлық жаңалықтар