• Басты
  • Шомылу маусымы кезіндегі қауіп-қатер мен өрт қаупін алдын алу шаралары

Шомылу маусымы кезіндегі қауіп-қатер мен өрт қаупін алдын алу шаралары

29 Шілде, 2021 13:13

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Төтенше жағдай министрлігінің мамандары өрт қаупі және шомылу маусымы кезеңдерінде барынша сақ болуға шақырып, өрт пен шомылау кезінде болатын қауіп-кетерлердің алдын алу шаралары жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитет төрағасы Бауыржан Сыздықов Төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, су айдындарында төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту жөніндегі жұмыстарды алдын ала бастады және іс-шаралар кешенін жүргізіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында ТЖ министрінің «Ағымдағы жылдың шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» бұйрығымен мемлекеттік органдарға, олардың аумақтық бөлімшелеріне және әсіресе барлық деңгейдегі әкімдіктерге нақты міндеттер қойылған.

«Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы жылғы шомылу маусымын өткізуге дайындығы туралы» мәселесі бойынша ТЖ алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өткізілді. Жергілікті атқарушы органдардың облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ТЖ жөніндегі облыстық (қалалық, аудандық) комиссиялардың отырыстарында қаралды, онда міндеттер айқындалды және адамдардың қаза болуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар кешені орындалуда», - деді Бауыржан Сыздықов. 

Жалпы, оның мәліметінше, еліміз бойынша ағымдағы жылдың 25 шілдесіндегі жағдай бойынша, шомылуға рұқсат етілген 515 орын бар, оның ішінде 131 коммуналдық және 303 жеке жағажай анықталды (81 орын бойынша меншік иелері анықталуда), яғни шомылуға рұқсат етілген орын 2020 жылға қарағанда 70-ке көп екен.

Үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүріп жатыр

«Ағымдағы жылы әкімдіктер қосымша 43 коммуналдық жағажай, ал кәсіпкерлер жабдықталған 33 жағажай құрды. Ал, 2020 жылы суда 445 ресми демалыс орны жұмыс істеді», - деді комитет төрағасы.

Сонымен қоса, ол министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша халықтың барлық топтарымен профилактикалық және үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын еске салды. Мәселен, БАҚ-та 258 брифинг өткізілген, радио және теледидар арқылы 4 107 сөз сөйлеу жарияланған, газеттер мен журналдарда 1 283 мақала жарияланған, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бойынша 150 бейнеролик орналастырылды және күн сайын трансляциялануда.

«Халық арасында 480 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі (парақшалар, жадынамалар, бүктемелер) таратылды, су айдындарында 5 504 қауіпсіздік белгісі орнатылды. Әуежайлар мен теміржол вокзалдарында су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бейнероликтер көрсетілімі ұйымдастырылды. Шомылу маусымы басталғаннан бері әуежайларда 16 618 және теміржол вокзалдарында 16 076 бейнеролик көрсетілді», - деді ол.

Оның сөзінше, "2GIS" картографиялық платформасында еліміздің барлық өңірлерінде су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындар туралы деректер орналастырылған. Әкімдіктердің сайттарында да осындай жұмыстар жүргізіліп, БАҚ құралдары арқылы шомылу үшін қауіпті, тыйым салынған орындар туралы деректер мерзімді түрде орналастырылған.

«Жұмыс істеп тұрған кинотеатрларда фильмдерді көрсету алдында профилактикалық роликтер көрсетіледі. Мәселен, шомылу маусымының басында еліміздің 59 кинотеатрында 10 мыңнан астам ролик көрсетілді. Халықтың қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында оқушылармен 954 интерактивті сабақ және 85 мыңнан астам адамды қамтитын халықпен 2 457 жиын ұйымдастырылып өткізілді», - деді комитет төрағасы.

Сонымен қоса, қалалық жағажайларда шомылуға арналған қауіпсіз балалар жағажайлары (таяз сулар) жабдықталған, онда құтқарушылар шомылу маусымының барлық кезеңінде балаларды жүзу дағдыларына үйрету бойынша жұмыс жүргізеді, бүгінгі күні онда 4 625 бала оқытылды. Ал, өңірлерде (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) балаларды стационарлық бассейндерде жүзуге тегін оқыту ұйымдастырылған. Осы мақсатта 42 қаңқалы-модульдік бассейн сатып алынды және орнатылған.

30 мыңнан астам патруль мен рейд жүргізілді

«Жүйелі негізде күн сайын тыйым салынған орындарда азаматтардың қоғамдық орындарда болу және ортақ су пайдалану қағидаларының, сондай-ақ судағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарын бұзу фактілерінің жолын кесу бойынша ТЖМ және ІІМ бірлескен рейдтер мен патрульдеу жүргізіледі. Жыл басынан бері құтқарушылар полицейлермен бірлесіп 30 мыңнан астам патрульдер мен рейдтер жүргізді, 3 328 заң бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол.

Ағымдағы жылы су айдындарында 214 адам, оның ішінде 43 бала құтқарылды, бұл ретте құтқарылған 41 адам белгіленбеген орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, ағымдағы жылғы 24 шілдеде Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары Сайран көлінің жағалауын патрульдеу кезінде жағалаудан 15 метр қашықтықта суға шомылу үшін жабдықталмаған орынға қарай әлсіз жүзіп келе жатқан жасөспірімді байқаған. Жақын жүзіп келіп құтқарушылар, бұл әлсізденген бала суға бата бастағанын байқап, дереу құтқарып алады. Белгілі болғандай, 12 жастағы бала көлге шомылуға достарымен ересектердің қарауынсыз келген екен.

«Осыған ұқсас жағдай, ағымдағы жылғы 25 шілдеде 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Семей қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауын патрульдеу кезінде өзен бойы бойынша күшті ағыс алып кеткен жігітті байқады. Қатардағы жауынгер С.Мұхтаров пен ефрейтор А. Молдашев дереу көмекке асығып, суға батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді құтқарды. Бақытымызға орай, жасөспірім аман, тек аздап қорқып қалған», - деді комитет төрағасы.

Жүргізілген профилактикалық және алдын алу жұмыстарына қарамастан қайғылы статистика да орын алып жатқанын да атап өтті. Ағымдағы жылы су айдындарында адамдардың қаза болу фактілері тіркелді, 27 шілдедегі жағдай бойынша 312 адам, оның ішінде 109 бала суға батып кетті.

«Жыл басынан бері адам өлімі 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті, бала өлімінің өсуі 31%-ды құрады. Шомылу маусымында 233 адам, оның ішінде 70 бала суға батып кетті. Шомылу маусымында адамдардың қаза болуы 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18%-ға ұлғайды, балалардың қаза болуының өсуі 21%-ды құрады», - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, қаза болудың негізгі себептері су айдындарындағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін бұзу болып отыр, оның ішінде:

- өз күштерін жете бағаламау – 139,

- су қоймаларына құлау – 65, оның ішінде 31 жағдай баланы қараусыз қалдырған ата-аналардың немқұрайлылығы бойынша орын алды,

- балық аулау кезінде ережелерді бұзу – 19,

- мас күйінде шомылу – 47,

– жүзе алмау - 27,

- жүзу құралдарында сырғанау кезінде - 7,

- суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде - 8.

Сонымен қоса, ол суға бату өлімнің алдын алуға болатынын атап өтті.

«Біз бәріміз — мемлекеттік органдар, коммерциялық емес ұйымдар, компаниялар, ата-аналар және мүдделі азаматтар-суға батудың алдын алуға қолғабыс жасай аламыз. Сонымен қатар, біз тиісті алдын алу шараларын бірлесіп қабылдағанға дейін су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеуге қол жеткізе алмаймыз», - деді Бауыржан Сыздықов.

Бұл шаралар, оның сөзінше, мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдар деңгейіндегі іс-шараларға қарағанда өзгеше сипатта болады, яғни, күндізгі уақытта балаларға қарау, шомылуға арналған ресми орындар құру, қауіпті жерлерге суға баруға болмайтынын ескертетін тыйым салу белгілерін орнату, су объектілеріндегі қауіпсіздікке қатысты тиімді заңнама және ең бастысы азаматтардың өздері демалу кезінде және су айдындарында жүзу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін сақтау.

Өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзғаны үшiн 2 589 адам әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды

Бұдан бөлек, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марат Хасенов министрліктің табиғи өрттердiң туындау тәуекелiн болдырмау және азайту мақсатында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар алдын алу шараларының кешенiн жүргiзіп жатқанын атап өтті. Оның дерегінше, 3,7 мыңнан астам елдi мекенде құрғақ өсiмдiктер мен жанғыш қоқыстардан тазарту жұмыстар жүргiзiлген, 21 мың шақырымнан астам минералданған алқаптар жасалған.

«Жергiлiктi атқарушы органдардың табиғатты қорғау және орман мекемелерiмен 212-ден астам өрт-тактикалық сабақтар мен оқу-жаттығулар өткiзiлдi. Жергiлiктi атқарушы органдарға елдi мекендердiң өрт қауiптi кезеңге дайын еместiгi туралы 2 260 ескерту берiлдi. Орман мен дала өрттерiн уақтылы анықтау мақсатында әуеден барлау жұмыстары жүргiзiледi», - деді ол.

Оның айтуынша, азаматтық қорғау, iшкi iстер органдары, табиғатты қорғау және орман мекемелерi мен жергiлiктi атқарушы органдар қызметкерлерiнiң iшiнен саны 3 мыңнан асатын 661 мобильдi топ құрылған. Аталған топтар 9 056 рейд жүргiздi, рұқсат етiлмеген жерлерде от жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптiң бақылаусыз жануы, орылған шөптi жағу және басқа да өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзғаны үшiн 2 589 адам әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған.

«Халықты өрт қауiпсiздiгi талаптарын сақтау туралы ақпараттандыру мақсатында орманды дала алқаптарында 170 мыңнан астам адамды қамти отырып, 36 мыңнан астам нұсқаулық пен жиын, 986 дөңгелек үстел өткiзiлдi. Өрт қауiптi кезең басталғаннан берi (1 сәуiрден бастап) қабылданып жатқан шараларға қарамастан 485 орман (Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау және Батыс Қазақстан, Түркiстан және Жамбыл облыстары) және 35 дала өрттерi, сондай-ақ дала алқаптарының 2 015 жануы тiркелдi. Жалпы аумағы 132 мың гектардан асты», - деді ол.

Сонымен қатар, ол Алматы және Солтүстiк Қазақстан облыстарында орман-дала өрттерiнен басқа 200 гектар егiс алқаптары үш рет жанғанын атап өтті. Ағымдағы жылы Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы табиғи өрттердiң салдарынан 4 адам қайтыс болып, 3 адам жарақат алды.

«Алдын алу шараларының уақтылы қабылданбауы салдарынан өрттiң дала алқаптарына көшуi, минералдандырылған жолақтарды жасау және күтiп-ұстау, халықтың өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзуы, орман қорын тұрақты патрульдеудiң болмауы, орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган мен жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан бақылау мұнараларының, аэровизуалды мониторингтiң жеткiлiксiз болуы 55 орман өртiнiң орын алуына себеп болды», - деді комитет төрағасының орынбасары.

Табиғи өрттердiң пайда болуының негiзгi себептерi:

-        сөндiрiлмеген темекi

-        жерошақ

-        шыны бөтелкелер

-        көлiк құралының сөндiргiшiнен шыққан ұшқын, құрғақ ескi шөптi жағу

-        жай түсу (найзағай)

Сонымен қоса, ол азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде өрт қауiпсiздiк қағидаларын сақтау қажеттiгiн ескертті.

Барлық жаңалықтар