• Басты
  • Шолу: 2020 жылы өткен әлем елдеріндегі парламент сайлауы

Шолу: 2020 жылы өткен әлем елдеріндегі парламент сайлауы

10 Қаңтар, 2021 13:23

Бүгін, яғни 2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда парламент сайлауы өтіп жатыр. Аталмыш сайлауға еліміздің 5 партиясы қатысуда. ҚР ОСК-ның сағат 12-дегі мәліметі бойынша, сайлаушылардың жалпы санының 28,8%-ы дауыс берген. Осы орайда, былтырғы әлем елдерінде өткен парламент сайлауына шолу жасап, шет мемлекеттердегі парламент сайлауы қалай өтті, қаншалық әділ өтті деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Литвадағы парламент сайлауы

2020 жылы Литвада парламент сайлауы өткен болатын. Оның бірінші кезеңі 11 қазанда, ал екінші кезеңі 25 қазанда өтті. Алғашқы кезеңде барлық сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санағаннан кейін бес пайыздан артық алған алты партия анықталып, екінші турға өтті.

Бірінші орынды «Отан одағы - Литваның христиан-демократтары» (SO-HDL) консервативті партиясы жеңіп алды, олар 24,8 пайыз дауыс жинады. Екінші орынды 17,5 пайыз қолдауға ие болған «Литва шаруалары мен «жасылдарының» одағы» партиясы (СКЗЛ) алды. Еңбек партиясын сайлаушылардың 9,47 пайызы, социал-демократиялық партиясын - 9,26 пайызы, бостандық партиясын - 9,02 пайызы, либералды қозғалысты - 6,79 пайызы қолдады.


25 қазанда өткен екінші турда да Консервативті партия жеңіске жетті. «Шаруалар» 16 орынмен екінші орынға, «Либералды қозғалыс» 7 орынмен үшінші орынға ие болды.

Дегенмен, бұл сайлауда бірқатар заң бұзышылық орын алды. Ол туралы сайлауды бақылаушы тәуелсіз ұйымдар хабарлап отырды. Мәселен, тәуелсіз  Baltosios ұйымының басшысы Мария Шарайтенің сөзінше, Литвадағы парламенттік сайлауда 170-тен астам заң бұзушылық орын алды деген хабарлама келген. Оның сөзіне сенсек, тіркелген заң бұзушылықтарды үш топқа бөлуге болады, атап айтқанда, саяси жарнаманы таратуда, сайлау комиссияларының жұмысында және сайлаушылардан пара алды деген бағытта орын алған. Жемқорлықтың 20-дан астам фактісі, мәселен, дауыс берушілерге бір дауыс үшін 5, 6 немесе 10 евро ұсынылған. Барлық ақпарат тергеу үшін полицияға жіберілген.

Саяси жарнаманы таратуға қатысты заң бұзушылықтар негізінен әлеуметтік желілерде тіркелді. Сайлау комиссияларының жұмысындағы заңсыздықтар туралы Мария Шарайте бақылаушылар сайлау кабинасына бір уақытта екі адам бару, сондай-ақ бюллетеньдерді суретке түсіру әрекеттері сияқты жағдайлар кездескенін атап өткен.

 

Қырғызстан: биліктің ауысуына әкелді

Қырғызстанда парламенттік сайлау 2020 жылы 4 қазанда өтті. Келесі күні Орталық сайлау комиссиясы алғашқы нәтижені жариялады. Алайда, бірқатар оппозициялық партия оны мойындаудан бас тартты. Салдарынан Бішкекте жаппай наразылықтар басталды, олар түрлі тәртіпсіздіктерге ұласып, әкімшілік ғимараттарын басып алумен және белгілі саясаткерлерді түрмелер мен колониялардан босатумен жалғасты.


Осылайша, 6 қазанда ОСК сайлауды жарамсыз деп таныды, десе де тәртіпсіздіктер жалғаса берді. Колониядан босатылған оппозицияның бұрынғы депутаты Садыр Жапаров премьер-министр болды. 14 қазанда оны парламент пен Президент Сооронбай Жээнбеков мақұлдады. 

9 қазанда Жээнбеков елдегі жағдай тұрақталғаннан кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл үшін үкіметті өзгеріп, қайтадан парламенттік сайлау өткізуге күнді белгілеу керек. Ал, 15 қазанда, ол отставкаға кететінін мәлімдеді. Нәтижесінде премьер-министр Садыр Жапаров елдің президентінің міндетін атқарушы болды.


16 қазанда ОСК төрағасы Нұржан Шилдабеков журналистерге Қырғызстан парламентіне қайта сайлау болжам бойынша, 20 желтоқсанда өткізіледі деп белгіленді, алайда кейін 2021 жылдың жазына қалдырылды. Ал кезектен тыс президент сайлауы 10 қаңтарда өткізілмек.

Осылайша, Қырғызстандағы парламент сайлауының нәтижесі биліктің ауысуына алып келді.

 

Венесуэла: Халықтың 31 пайызы қатысқан сайлау

2020 жылдың 6 желтоқсанында Венесуэлада кезекті парламент сайлауы өтті, оның қорытындысы бойынша 277 депутат сайланады. Сайлаудың нитижесі бойынша, қазіргі билік партиясы жеңіске жетті. Бұл туралы Венесуэла президенті Николас Мадуро да твиттер парақшасында жазба жариялады.

Ал 20-дан астам партия, оның ішінде оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо билікті сайлауға дайындық кезінде заң бұзушылық жасады деп айыптап, сайлауға барып дауыс беруден бас тартты.


Осылайша, Венесуэла оппозициясының жетекшісі және өзін елдің президенті деп жариялаған Хуан Гуайдо өз кезегінде басқарушы режимді шантаж жасады, партияларды жойды, цензура, сайлау санәтижелеріне манипуляция жасап, қорқытты деп айыптады.

Сайлау күні көзге түскен бұзушылықтар болмағанымен, сайлау учаскелерінде халықтың аз қатысқаны айқын болған. Мәселен, Венесуэланың ОСК мәліметтері бойынша, парламенттік сайлауға қатысқандар саны 31% құраған.

Бұл сайлау нәтижелерін АҚШ, Бразилия, Канада және Колумбия билігі мойындамайтынын мәлімдеді.

 

Әзірбайжандағы парламент сайлауы

2020 жылы 9 ақпанда Әзербайжанда кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 125 орынның 71-ін президент Ильхам Әлиев бастаған билеуші ​​«Жаңа Әзірбайжан» партиясы алды. Қалған орындардың көпшілігі шағын партиялар мен Әлиевтің партиясына адал тәуелсіз кандидаттарға тиесілі болды.


Дегенмен, бұл сайлауда да бірқатар заң бұзушылық орын алған. Халықаралық бақылаушылар дауыстарды санау кезіндегі маңызды процедуралық бұзушылықтарды айтып, және сайлаудың ашықтығы мен әділдігі жөнінде күмін келтірген. Мәселен, ЕҚЫҰ бақылаушылары Әзірбайжандағы дауыс беру және парламенттік сайлау нәтижелерін санау кезінде көптеген заң бұзушылықтарды атап өткен.

 

Грузиядағы парламент сайлауы

2020 жылдың 31 қазанында Грузияда парламент сайлауы өткен болатын. Аталмыш саяси дода жаңа аралас жүйе бойынша ұйымдастырлыған. 150 депутаттың 120-ы пропорционалды жүйе бойынша, қалған 30-ы мажоритарлық жүйе бойынша сайланды. Бірінші тур 31 қазанда өтті. Содан кейін билеуші ​​«Грузия арманы» партиясы пропорционалды жүйеде 48,2 пайыз дауыс жинады, ал оның кандидаттары 13 бір мандатты округтерде жеңіске жетті. 17 округ бойынша үміткерлердің ешқайсысы 50 пайыздан аспады, сондықтан да сайлаудың екінші туры ұйымдастырылды.


Дегенмен, сайлау барысында бірқатар заң бұзушылық орын алған. Осыған байланысты Грузияда бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Мәселен, Ішкі істер министрінің орынбасары Нино Цациашвили полиция қылмыстың алты фактісі бойынша тергеу бастағанын атап өткен. Сайлау учаскелерінде сайлаушылар мен депутаттыққа түскен үйміткерлерге зорлық-зомбылықтың ықтимал жағдайлары орын алған.

Алғашқы күндері сайлау нәтижелерімен келіспеген тұрғындар Тбилисиде бірқатар наразылық шараларын ұйымдастырды, кейін наразылықтар бүкіл ел бойынша өтті.

 

Қазақстандағы парламент сайлауы

Бүгін елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихатына депуттатар сайлауы өтіп жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты саяси шарада барлық санитарлық шаралар сақталған. Таңдаушылар үшін тест тапсыру қажет емес, тек сайлаушылардың дене қызуы тексерілетін болады.

Сонымен қоса, еске салайық, сайлауға 10 халықаралық ұйым мен 31 шетелдік елден 398 халықаралық байқаушы қатысып жатыр. Байқаушы мен комиссия мүшелеріне ПТР-сынамасын тапсыру міндеттелгенін атап өту керек.


Биылға сайлаудағы басты ерекшеліктерәне тоқталсақ, алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұдан былай жастардың үлесі арта түспек. Мәселен, қазіргі таңда еліміз бойынша 3 мыңнан астам мәслихат депутатының 60-ы ғана жастар. Сонымен қатар партиялар алғаш рет партиялық тізім бойынша жасақталады.

«Бұл партиялардың өз позицияларын елдің саяси жүйесінде нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», - деп атап өткен еді мемлекет басшысы бұл хақында.

Бүгін өтіп жатқан сайлауға сағат 20-00-де дауыс беру тоқтатылады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 28,8%-ы дауыс берген.

Барлық жаңалықтар