• Басты
  • ШОБ-ты қолдау: салықтық ынталандыру, әкімшілік жүктемені азайту, қызметтерді электронды форматқа көшіру

ШОБ-ты қолдау: салықтық ынталандыру, әкімшілік жүктемені азайту, қызметтерді электронды форматқа көшіру

4 Желтоқсан, 2020 13:03

Шағын және орта бизнестің (ШОБ) ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Парламент Сенатының отырысында айтты. ШОБ-тың дамуы, кәсіпкерлікке жасалған жеңілдіктер жөнінде Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрдің дерегінше, өткен жылы, яғни 2019 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 31,7%-ды, ал 2015 жылы бұл көрсеткішті 24,9%-ды құраған. Шағын және орта бизнестің өсуі ел экономикасындағы оң өзгерістердің көрсеткіші.

ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі 50%-ға жеткізкізілмек

«Біздің міндетіміз – ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді», - деді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, бизнеспен айналысатындар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде ол 3,5 млн адамға жеткен. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қазақстандық шағын және орта бизнес құрылымында жетекші орын алып отыр.

«Оларға ЖІӨ-нің жалпы көлемінің үштен бірі, сондай-ақ ШОБ-та жұмыс істейтіндердің жалпы санының үштен бірі келеді. Айта кету керек, Қазақстандағы бизнес бөлінісінің өңірлік сәйкессіздігі біртіндеп түзеліп келе жатыр», - деді министр.

ШОБ-ты қолдау шаралары

Оның мәліметінше, ШОБ-ты қолдау бойынша бірқатар шаралар қабылданған:

-        салықтық ынталандыру

-        арзандатылған кредиттер мен оларды кейінге шегеру

-        әкімшілік жүктемені азайту

-        бизнес-ахуалды жақсарту (8-пакет)

-        бизнес мәселелерін жедел шешу

ҚР ҰЭМ дерегінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығынан үш жылға босатылды. Сонымен қоса, шағын және орта бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандырулар ұсынылып, бизнесті жүргізу жағдайын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылданды. Бизнес экономиканың зардап шеккен салалары бойынша еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен төлемдерден жарты жылға босатылған.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін әлеуметтік төлемдерден, соның ішінде зейнетақы жарналары мен МӘМС-тен босату мерзімі ұзартылды. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС ставкалары 12%-дан 8%-ға дейін уақытша төмендетілді.

«Жыл соңына дейін ШОБ-тың ең осал секторлары үшін мүлік салығының және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығының  мөлшерлемелері нөлдендірілді. Осылайша, салық жеңілдігі 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін қамтыды», - деді Руслан Дәленов.

Қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бизнесті қолдау бағдарламаларына бірқатар өзгеріс енгізілген:

-        проценттік мөлшерлеме 6% деңгейінде біріздендірілді

-        «БЖК» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды

-        микрокредиттеу енгізілді

-        «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландыру 1 трлн теңгеге артты

-        8% мөлшерлемемен кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыру бағдарламасы әзірленді

«Экономиканың зардап шеккен салаларында ШОБ кредиттері бойынша проценттік мөлшерлемені субсидиялау басталды. Зардап шеккен секторлардағы кредит алған кәсіпкерлердің 80%-інің төлемі кейінге қалдырылды», - деді министр.

Кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктеме төмендетілді

Бұдан бөлек Ұлттық экономика министрі кәсіпкерлер үшін әкімшілік жүктеме төмендетілгенін атап өтті. Оның дерегінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты тексерулерді жүргізуге үш жылдық мораторий қолданылады. 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейді. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік беріп, бизнес жүргізудегі тұрақтылыққа ықпал епек.

Сондай-ақ, оның айтуынша, басқа да салықтық тексерулер 1 маусымға дейін тоқтатылған.

Бизнеске арналған барлық қызмет онлайн-платформада жүзеге аспақ

«Бизнеске арналған үкімет» онлайн-платформасы негізінде мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа форматы іске қосылды. Екі жүзге жуық мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қолдау шарасы ұсынылады. Өз бизнесін дамыту мәселесі бойынша қызметтердің барлық спектрін онлайн-режимде пайдалануға болады», - деді министр.

Айта кетейік, еліміздің 11 өңірінде толық форматты офлайн кеңселер жұмыс істейді. Ал 2021 жылға қарай бизнеске арналған барлық қызметтерді онлайн-платформада толық интеграциялауды қамтамасыз ету және алты өңірде офлайн офистерді іске қосу жоспарланған. Бұл бизнестің барлық қызметін электронды қамтамасыз етпек. 

Министрдің мәліметінше, биылдың өзінде бірқатар қызметтер электронды форматқа ауыстырылды, жылжымайтын мүлік мәмілелерінің қауіпсіздігі арттырылып, құрылыс кезіндегі бірқатар талап алынып тасталды. Сондай-ақ, министр биыл бизнеспен кері байланыс күшейтілгенін атап өтіп, кәсіпкерлер тарапынан келіп түсетін мәселелер тұрақты түрде қаралатынын баса айтты. 


Барлық жаңалықтар