• Басты
  • ШОБ-ты қолдау: Бизнеске жүктеме азайтылып, жаңа реттеу саясаты енгізілмек

ШОБ-ты қолдау: Бизнеске жүктеме азайтылып, жаңа реттеу саясаты енгізілмек

4 Мамыр, 2021 10:35

Бүгiн үкiмет отырысында Ұлттық экономика министрi Әсет Ерғалиев шағын және орта бизнестi қолдау мақсатында қолға алынған шаралар туралы айтып бердi, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

Министр өткен жылы, яғни 2020 жылдың 3 тоқсанында экономикадағы Шағын және орта бизнестiң үлесi 30,5 пайызға жеткенiн атап өттi. Шағын және орта бизнес субъектiлерi 2020 жылы 32,7 трлн теңгеге өнiм шығарған. Ал, биыл 1 қаңтардағы Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 3,4 млн адамды құраған. Сонымен қоса, ол iскерлiк ахуалды жақсарту бойынша қабылданған реформалар Қазақстанға 2019 жылы Doing Business рейтингiнде 25 орынға көтерiлуге мүмкiндiк бергенiн тiлге тиек еттi.

«Пандемия жағдайында және кәсiпкерлер үшiн жалғасып жатқан шектеулер кезеңiнде шағын және орта бизнестi қолдау ерекше өзектi болып отыр. Осыған байланысты, биыл Шағын және орта бизнестi жеңiлдiкпен несиелендiру жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың бiрiншi тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңiлдетiлген қаржыландыру алды», - дедi Әсет Ерғалиев.

Сонымен бiрге, ол жыл қорытындысы бойынша, 2,5 трлн теңгеге жеңiлдетiлген несиемен 47 мыңнан астам жоба қамтамасыз етiлетiнiн айтты. Оның сөзiнше, экономиканың зардап шеккен секторларындағы Шағын және орта бизнес кредиттерiн қайта қаржыландыру шеңберiнде қолдау көрсетiлiп жатыр. Мәселен, 2020 жылғы 15 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшiн субсидиялар берiлген.

«Биыл аталған тiзбе 145 Экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы жiктеуiшке кеңейтiлдi. Кеңейтiлген тiзбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттiк порфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленедi», - дедi ведомство басшысы.

Сонымен қоса, биыл 1 сәуiрде мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелердi жеңiлдетiлген түрде қайта қаржыландыру, мерзiмiн 1 шiлдеге дейiн ұзартуды тапсырғанын атап өттi. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрiнiң жалпы жiктеуiшi анықталды.

«425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», - дедi ол.

«Бизнестiң жол картасы-2025» қалай жүзеге асуда

Министрлiктiң дерегiнше, биыл 1 тоқсанның қорытындысы бойынша, «Бизнестiң жол картасы-2025» және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберiнде кредиттердiң 232 млрд теңге жалпы сомасына 5 884 жоба субсидияланған. 87 млрд теңге несие сомасына 6 892 жоба бойынша кепiлдiк берiлген. Сондай-ақ, аграрлық несие корпорациясы аясында 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетiлген.

«Мемлекеттiк қолдаудың ең сұранысқа ие құралдарының бiрi микрокредит беру. Өткен жылы «Бизнестiң жол картасы 2025» бағдарламасы аясында бизнестi микрокредиттеу жаңа бағыты басталды. Осы бағыт шеңберiнде айналым қаражатына 5 млн-ға дейiн және инвестициялық мақсаттарға 20 млн-ға дейiн кредиттер берiледi», - дедi министр.

Бұл ретте, ол 5 млн теңгеге дейiнгi қарыздардың басым бөлiгi соңғы қарыз алушы үшiн 6% мөлшерлеме бойынша кепiлсiз негiзде берiлетiнiн еске салды.

Ал, оның мәлiметiнше, «Еңбек» бағдарламасы шеңберiнде қалаларда және ауылдарда бюджеттiк микрокредиттер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жылдық 6% бен берiледi.    

Сонымен қоса, ол екiншi жартыжылдықта «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберiнде шағын несиелендiру iске қосылатынын, бұл микрокредиттер «Бастау-Бизнес» түлектерiне «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен құрылатын Микроқаржы ұйымы арқылы берiлетiнiн атап өттi.

«Жыл қорытындысы бойынша аталған бағдарламалар шеңберiнде 24 мыңнан астам кәсiпкерлiк субъектiлерiн шағын несиелеумен қамту жоспарлануда», - дедi ол.

Сонымен бiрге, «Бизнестiң жол картасы 2025» және «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберiнде сыйақы мөлшерлемесiн субсидиялау және Шағын және орта бизнес кредиттерiн кепiлдендiру түрiнде қолдау шаралары көрсетiледi. Бұл бағдарламалар бойынша кәсiпкерлер үшiн несие мөлшерлемесi төмендетiлiп, 6%-ды құраған.

Бұдан бөлек, өткен жылы «Бизнестiң жол картасы 2025» бағдарламасы аясында несиенiң ең көп мөлшерi 7 млрд теңгеге дейiн субсидиялау мерзiмi 5 жылға дейiн ұлғайтылған. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие сомасы шектелмеген, ал субсидиялау мерзiмi 10 жылды құрайды.

«Бұдан басқа, 2020 жылы «Бизнестiң жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды, ал «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберiнде тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер тiзбесi 150 экономикалық қызмет түрiнiң жалпы жiктеуiшке дейiн ұлғайтылды», - дедi ол.

Бизнестi салықтық ынталандыру шаралары

Министр пандемия жағдайларын ескере отырып, Үкiмет бизнестi салықтық ынталандырудың бiрқатар шараларын қабылдағанын еске салды.

Мәселен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режимдерiн қолданатын шағын және микро кәсiпкерлiк субъектiлерiн табыс салығынан 3 жылға босату қолданылады. Осы жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап, Қызмет көрсету салаларында алынған табыстың 3% мөлшерлемесiмен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимi енгiзiлдi. Ағымдағы жылдың бiрiншi сәуiрiнен бастап, бiрiншi шiлдесiне дейiн зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеудi кейiнге қалдыру мүмкiндiгi берiлетiн болды. Сонымен бiрге, Ұлттық кәсiпкерлер палатасы өткiзген 50 мыңнан астам кәсiпкерлiк субъектiлерiне жүргiзiлген сауалнама негiзiнде Шағын және орта бизнестi қолдау жөнiндегi жаңа шаралар пакетi әзiрлендi.

«Атап айтқанда, 2021 жылға арналған экономикалық өсудi қалпына келтiру жөнiндегi өзектендiрiлген кешендi жоспар шеңберiнде 60-тан астам қолдау шаралары көзделген», - деп толықтырды министр.

Олардың қатарында:

1.              Бизнеске жүктеменi азайту, оның iшiнде бiрқатар салықтық жеңiлдiктер және салықтық әкiмшiлендiрудi жеңiлдету.

2.              Кәсiпкерлердiң қаржыландыруға қолжетiмдiлiгiн жеңiлдету.

3.              Сұраныстағы нарықтарға қол жеткiзу. Аталған бағыт Мемлекеттiк сатып алуларға және квазимемлекеттiк сектордың сатып алуларына қолжетiмдiлiктi жеңiлдетуге бағытталған шаралар көзделген.

4.              «Smart» реттеу кәсiпкерлiк саласында жаңа реттеу саясатын енгiзудi көздейтiн заңды әзiрлеу мен қабылдау

«Жаңа экономикалық жағдайда кәсiпкерлiк қызметтi жандандыру және жеке капиталды тарту үшiн ең қолайлы және ынталандыратын жағдайларды қалыптастыруға бағытталған жаңа реттеушi саясаты әзiрленуде. Бизнеске жүктеменi түбегейлi төмендету, оңтайлы және тиiмдi реттегiш жүйенi қалыптастыру мақсатында кәсiпкерлiк қызметтi «таза парақтан» реттеудiң жаңа тәсiлдерi қалыптастырылуда», - дедi Әсет Ерғалиев.

Оның iшiнде, ол мемлекет пен кәсiпкерлiктiң өзара iс-қимылының базалық қағидаттарын жетiлдiру, талаптарды белгiлеу шарттары, реттеушiлiк апелляция институты, эксперименттiк құқықтық режим, мiндеттi талаптар тiзiлiмi, есептiлiк, бақылаудағы тәуекел-талдауды автоматтандыру, мемлекеттiк бақылауды жетiлдiру басты назарда екенiн тiлге тиек еттi.

«Бүгiнгi таңда тиiстi заң жобасы барлық мемлекеттiк органдармен келiсiлiп, Үкiметтiң қарауына енгiзiлдi. Бизнестi ашу және жүргiзу үшiн әрi қарай жағдайды жақсарту мақсатында Doing Business рейтингiнде 20 үздiк елдiң қатарына кiру үшiн бiрқатар iс шаралар әзiрленуде. Осы мақсаттарды iске асыру үшiн тиiстi заң жобасы әзiрленуде. Заң жобасы бизнес қызметiнiң түрлi салаларындағы 23 маңызды реформаны қамтитын болады», - дедi министр.

Сонымен қоса, министр кәсiпкерлердi қолдау үшiн бизнес Ұлттық кәсiпкерлер палатасы, бизнес омбудсмен, бизнес қауымдастықтарымен өзара белсендi түрде жұмыс жасап iстеп жатқанын айтып, осы жұмыс Үкiмет жанындағы Кәсiпкерлiк мәселелерi жөнiндегi жобалық офис аясында жүзеге асырылатынын атап өттi. Сонымен қатар, ол Ұлттық экономика министрлiгi Шағын және орта бизнес жағдайын белсендi мониторинг жасаулы жалғастыратынын тiлге тиек еттi.

Барлық жаңалықтар