• Басты
  • Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары

Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары

24 Тамыз, 2021 17:27

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының негізгі тетіктерін атап өтті. Оның дерегінше, осы жылдың 7 айында 25 мыңнан астам жобаны жеңілдікпен қаржыландыруға 801млрд теңге жұмсалған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы 2010 жылдан бастап табысты іске асырылуда. Осы орайда, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламалар ішінде ең сұранысқа ие бағдарлама екенін атап өтті. Бағдарлама бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдауды қарастырады.Сондай-ақ, «БЖК-2025»-тегі қолдаудың негізгі қаржы құралдары проценттік мөлшерлемені субсидиялау және кәсіпкерлердің кредиттеріне кепілдік беру, мемлекеттік гранттар беру, сондай-ақ бизнес жобаларына жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жеткізу болып табылады.

«Ағымдағы жылы ШОБ-ты жеңілдікті кредиттеу жалғасуда. «БЖК-2025» бағдарламасы шеңберіндегі жеңілдікті кредиттеу жылдық 6% мөлшерлемемен, 5 жыл мерзімге беріледі, кредит сомасы 7 млрд. теңгеге дейін, салалық шектеу жоқ»,- деді Тимур Жақсылықов.

Сонымен бірге, 2019 жылдан бастап «БЖК-2025» бағдарламасы шеңберінде басым жобаларға кредит беру тетігі енгізілген. Оның сөзінше, бағдарлама халық тұтынатын тауарларды қолдауға бағытталған.

«Қарапайым заттар экономикасы»

«Қарапайым заттар экономикасы» жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын жүктеуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларға халықтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Тимур Жақсылықовтың айтуынша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге 6% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру ұсынылады.

«Кредит сомасы шектелмейді, ал субсидиялау мерзімі 10 жыл. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша кредиттеудегі басым жобаларды іріктеудің негізгі критерийі тауарлар тізбесі болып табылады»,- деді ол.

Сондай-ақ, ол экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін ШОК кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылатынын атап өтті. Сонымен бірге, экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілген.

«Субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылды (жалпы қаржыландыру кезеңі 15.03.2020-01.07.2021 аралығы). Бұл мақсатқа бюджеттен 18,4 млрд. теңге бөлінді»,- деді вице-министр.

Бизнесті микрокредиттеу

Ол жиында мемлекеттік қолдаудың ең сұранысқа ие құралының бірі микрокредиттеу екенін айтып өтті. Өткен жылы «БЖК-2025» шеңберінде бизнесті микрокредиттеу бағдарламасы басталған. Осы бағыт шеңберінде 5 млн теңгеге дейін несие, инвестициялық мақсатқа 20 млн теңгеге дейін айналым қаражаты берілетінін жеткізді.

«5 млн.теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде беріледі. Ағымдағы жылғы 7 айда «БЖК-2025» және ҚЗЭ шеңберінде 801,2 млрд. теңге сомасындағы 25,3 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландырылды»,- деді Тимур Жақсылықов.

Оның дерегінше, жалпы несие сомасы 603,7 млрд теңге, 14,4 мың жоба субсидияланған. Сондай-ақ, экономиканың зардап шеккен саласында және жалпы кредит сомасы 50 млрд теңге 467 жоба субсидияланып, 62 млрд. теңге сомасында 10 мыңнан аса микрокредит берілген.

Сондай-ақ, оның мәлімдеуінше «БЖК-2025» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап 10,3 млрд теңге сомасына 4 155 мемлекеттік грант берілген және 162 млрд теңге сомасына бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша 930 жоба іске асырылған.

Тимур Жақсылықовтың айтуынша, «БЖК-2025» шеңберінде кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау болашақ және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді бизнесті жүргізуді оқыту мен консультациялық сүйемелдеу секілді жобалар кешенін қамтиды.

Ағымдағы жылы қаржысыз қолдау шараларын іске асыруды қамтамасыз ету масқатында:

- сервистік қызметке 14 мыңнан аса кәсіпкерге (іске асырылғаннан бері 318 036) 16,5 мың теңге (іске асырылғаннан бері 535 575) берілген;

- Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 41 мыңнан аса клиентке (іске асырылғаннан бері 690 432) 85 мың консультация (іске асырылғаннан бері момента 1 329 855) берілген.

Сондай-ақ, оның айтуынша бағдарламаларды іске асырудың барлық кезеңінде ШОК субъектілері 109 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрған және 49 трлн теңге сомасында өнімдер шығарылып, қызмет көрсетілген. Бюджетке жалпы сомасы 3,1 трлн теңге салық төленген.

«Орта есеппен бюджеттен бөлінген 1 теңге субсидияға 6 теңге салық аударымы қайтарылады»,- деді Тимур Жақсылықов.

Оның сөзінше, мемлекеттік қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларынан басқа, үкімет бизнеске жүктемені азайтуға, сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, жаңа реттеушілік саясатты енгізуге «Smart» реттеу бағытталған бірқатар өзге де шараларды қабылдаған.

Табыс салығынан босату

Сонымен бірге, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы салық режімі пайдаланылатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін табыс салығынан босату қолданылатынын айтып өтті.

«Бұл шара жалпы сомасы 382 млрд. теңгеге шамамен 1,2 млн. микро және шағын бизнес субъектісін қамтиды. Бұл үнемделген қаражатты айналым қаражатын толықтыруға жұмсауға мүмкіндік береді»,- деді Тимур Жақсылықов.

Оның мәліметінше, биыл 1 қаңтардан бастап зардап шеккен салаларда алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режімі енгізілген. Бұл жүктемені азайтады және салықтарды есептеу мен төлеу тәртібін жеңілдетеді. Сондай-ақ, шығыстардың күрделі есебін жүргізу талап етілмейді.

2021 жылғы 1 сәуірден бастап 2021 жылғы 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан салықтарды төлеу кейінге қалдырылды. Бұл шараны 925 мың жұмысшыдан 137 мыңға жуық бизнес субъектісі пайдаланған.

Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу құқығы берілген. Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлеріне ұсынылған қорғау құралдарының құны ЖТС-тен босатылғанын айтып өтті.

«Келесі жылдан бастап бизнесті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялауға пайдаланылатын табысқа КТС-тен босату жөніндегі шаралар көзделген»,- деді ол.

Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу

Оның сөзінше, бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері қалыптастырылуда.

Олар мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді көздейді:

- негізсіз реттеушілік талаптарға жол бермеу;

- мемлекеттік реттеудің жүйелілігі, бірізділігі және сабақтастығы.

Оның айтуынша, мемлекет енгізетін кез келген реттеушілік талап негізділік, тұрақтылық, тәуекелдер деңгейіне мөлшерлес болу, айқындылық, ШОК субъектілері үшін де, мемлекет үшін де әкімшілендірудегі жеңілдік шарттарына сәйкес келуі тиіс.

«1 in, 2 out» қағидаты - жаңа реттегіш құралын енгізу құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі құралды алып тастауды талап етеді. Міндетті талаптар тізілімі – бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурс.

«Бұл ретте реттеушілік талаптардың бүкіл ауқымы 12 мыңнан астам)Ъ базалық қағидаттарға сәйкестігі тұрғысынан қайта қаралатын болады. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламентте қаралуда»,- деді Тимур Жақсылықов.

Сонымен қатар оның айтуынша, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОК субъектілерінің 2021 жылғы 1 сәуірге дейін берілген банктік қарыздар мен микрокредиттер төлемі қарыз алушының таңдауы бойынша 30-дан 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдырылады. Сондай-ақ, ШОК субъектілері мемлекеттік мүлік нысандары және квазимемлекеттік сала мүлкі бойынша 2021 жылғы 1 шілдеге дейін жалдаудан босатылған.

«Аshyq» қосымшасы

Ол өз сөзінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жұмыс «Атамекен» ҰКП-мен, бизнес-омбудсменмен және бизнес-қоғамдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе шеңберінде бизнес мәселелері тұрақты негізде талқыланатынын жеткізді. Күрделі эпидемиологиялық жағдайда бизнестің толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін сақтаудың негізгі тәсілдерінің бірі «Ashyq» қосымшасын кеңінен пайдалану екенін атап өтті.

Оның сөзінше, жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары кәсіпкерлердің «Аshyq» қосымшасын енгізу және дұрыс пайдалану жұмысын жандандыруда. Сондай-ақ, қазіргі таңда бұл бизнестің кәсіпкерлік қызметтен пайда алу және азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатындағы бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі.

«Бұл жерде кәсіпкерлердің аталған мәселеге түсіністікпен қарауы және жәрдемдесуі қажет. Аshyq-ты пайдалануда бизнестің адал ниеті мен жауапкершілігі маңызды»,- деді Тимур Жақсылықов.

Барлық жаңалықтар