• Басты
  • Үшінші тоқсандағы мектептегі оқу мен ЖОО-дағы екінші семестр қалай жүргізіледі

Үшінші тоқсандағы мектептегі оқу мен ЖОО-дағы екінші семестр қалай жүргізіледі

12 Қаңтар, 2021 13:49

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектеп оқушыларының үшінші тоқсандағы оқу форматының қалай жүргізілетіні туралы айтып берді. Мектептер мен колледж, университеттердегі штаттық режимге қайта оралу процессінің қалай жүзеге асатыны туралы Strategy 2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.



Қазақстандық мектептерде 11 қаңтарда үшінші оқу тоқсаны басталды. 20 наурызға дейін жалғасады.

Үшінші тоқсанда мектеп бітіруші сыныптар үшін пәндердің 70%-ы дәстүрлі форматта өтеді. Мектептерде бұл 9-11 сынып оқушыларына, халықаралық және Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 10-12 сынып оқушыларына қатысты.

Дәстүрлі форматты оқу бойынша шешім тиісті аумақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерімен бірлесіп қабылданады. Қазақстан мектептерінде 3,4 млн бала оқиды, 41,7% - оффлайн білім алады. Әкімдіктердің мәліметінше, 1-5 сынып оқушыларының 24% кезекші сыныптарда, 10,3% шағын жинақталған мектептерде, 260 мың 9-11 сынып оқушылары штаттық форматта оқуын жалғастырады.

«Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 2020-2021 оқу жылының III тоқсанынан бастап оқу процесі ата-аналардың немесе заңды өкілдердің өтініші бойынша 1-5 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптарда дәстүрлі форматта жалғасады. Бұл ретте мектептерде санитарлық талаптар сақталып, бір сыныпта 15 адамнан артық адам болмауы тиіс», - деді Шолпан Каринова.

Оқушылар саны 300-ден аспайтын мектептер дәстүрлі оқу форматында қалады.

Меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарының бітіруші сыныптары үшін оқыту аралас форматта ұйымдастырылады: пәндердің 70%-ы дәстүрлі форматта, ал 30%-ы қашықтан оқытылады. Биыл еліміз бойынша бітіруші сыныптардағы оқушылардың саны 440 мыңнан астам адамды құрайды.

⠀Оқу процесін аралас форматта ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталып, сабақтардың икемді кестесі құрылады. Сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін ауысымдар мен кіші ауысымдар саны ұлғайтылып, әрбір сынып үшін сабақ арасындағы үзілістер әр түрлі уақытта ұйымдастырылады. Санитарлық талаптарға сәйкес мектепке кіру кезінде білім алушылар мен педагогтердің дене қызуын күнделікті өлшеу қажет.

«Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, арнайы мектеп-интернаттардың, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттардың, мектеп жанындағы интернаттардың, дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда тұрып оқуына рұқсат етілді», - деді ол.

⠀Сондай-ақ қажет болған жағдайда педагогтердің, оқушылардың және олардың ата-аналарының қалауы бойынша штаттық форматта білім алып жатқан оқушылар үшін мектепте жеке консультациялар өткізуге рұқсат етілген. Бір топта 5 адамнан артық болмауы тиіс екенін де ҚР Білім және Ғылым министрлігінің өкілдері ескертті.

Шолпан Каринова колледж студенттерінің оқу форматына байланысты түсінік берді.

«Қазақстанда барлығы 796 колледж студенттерге білім береді. Екінші семестрде оқығандай, студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқыту форматында оқуды жалғастырады. Колледждерде оқу келесі аптада, 18 қаңтарда басталады. Колледждердің І курс студенттері штаттық форматта оқиды. Министрлік пен бас санитар дәрігердің шешіміне орай рұқсат етілді. Пәндердің 70 пайызы колледж аудиториясынан, қалғаны қашықтан оқытылады. Қай пәндерді қашықтан оқытуды білім беру мекемелері бағдарламаға сәйкес өздері қабылдайды», - деді Шолпан Каринова.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов жоғары оқу орындарындағы оқу форматы туралы айтты. Оның айтуынша, елде 128 жоғары оқу орны бар. Мұнда 619 861 студент білім алады. 2020 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары қашықтан және жартылай дәстүрлі форматта оқыды.

«Ақпан айында көктемгі семестр басталды. Біз университеттердің дәстүрлі оқытуға біртіндеп көшуіне ұмтылып жатырмыз. Бір жылға жуық уақыт студенттер қашықтан білім алса да, оқу бағасы өзгерген жоқ. Екінші семестрден бастап қазақстандық колледждерде оқу процесі дәстүрлі, қашықтан және аралас форматта жалғасады. Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 97 колледж өз студенттері үшін оқуды дәстүрлі форматта ұйымдастырады. Сондай-ақ ҚР ІІМ мен ҚР ҚМ жанындағы 14 колледждің студенттері оқу орындарында оқитын болады», - деді Мирас Дәуленов.

Қалған колледждерде бірінші курс студенттері үшін, атап айтсақ студенттерінің жалпы санының шамамен 31%-ы үшін оқыту аралас форматта ұйымдастырылады.

Бірінші курс студенттері үшін барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, оқыту пәндерінің 70%-ы дәстүрлі форматта және 30%-ы қашықтан өткізіледі. ТжКБ ұйымы оқу жұмыс жоспарларына сәйкес штаттық және қашықтан оқыту форматтарында оқытуды өткізу үшін пәндер тізбесін дербес айқындайтын болады.

Аудиториялық сабақтардың ұзақтығы 45 минуттан аспайды, колледж әкімшілігі икемді кесте құрады. Кабинеттерде үзілістер арасында және сабақтан соң санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі.

2-4 курс студенттері аралас форматта оқиды. Техникалық, технологиялық, аграрлық бағыттар бойынша оқитын студенттер үшін сабақтар қашықтан, зертханалық және практикалық сабақтар, өндірістік оқыту және кәсіптік практика дәстүрлі форматта ұйымдастырылатын болады. Қорытынды аттестаттау да штаттық режимде өтеді.

Педагогикалық, экономикалық, IT, әлеуметтік және гуманитарлық мамандықтар бойынша 2-4 курс студенттері оқуды қашықтан оқыту форматында жалғастырады.

«Барлық ЖОО-да лекциялар онлайн форматта ұйымдастырылады. Ал семинарлар, зертханалық және тәжірибелік оқулар дәстүрлі форматта болмақ. 2, 3, 4-інші курс студенттері үшін оқу форматы бұрынғыша қалады. Жоғары оқу орындары осы форматта студенттерді қабылдауға дайын», - дейді ол.

Демек, 18 қаңтарда басталатын екінші семестрде бірінші курс студенттері оқуды дәстүрлі форматта жалғастыра алады. Теориялық оқыту, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау, магистранттар мен докторанттарды қорытынды аттестаттау жоғары оқу орнының академиялық саясаты мен күнтізбесіне сәйкес қашықтан және аралас форматта жалғасады.

«Аудиторияларда студенттердің толымдылығы 40 пайыздан аспауы керек. Сонымен қатар қоңырау соғудың кестесі әр топқа әр түрлі уақытқа бекітіледі. Бір ғимаратта оқитын студенттер бір-бірімен кезігіп қалмауын қадағалау керек. Аудиториялардағы әлеуметтік қашықтық та қарастырылған, яғни парталардың арасын 2 шаршы метр аралық бөліп тұруы тиіс. Жатақханаларға келек болсақ, ЖОО-лар студенттерді 50 пайыз толымдылық бойынша қабылдауда», - деді Мирас Дәуленов.

Естеріңізге сала кетейік, колледждерде оқу процесін ұйымдастыру жергілікті бас санитарлық дәрігерлердің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Журналистер педагогтар арасында коронавирус жұқтырғандардың есебі мен сайлауға жұмылдырылған мұғалімдер туралы сұрақ қойды. Білім және ғылым минстрлігінің өкілдері бұл сұрақ олардың құзырына кірмейтінін айтты.

Коронавируспен ауырып қалған мұғалімдер туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап бере алады. Сайлауға жұмылдырылған педагогтар туралы айтар болсақ, «Педагог мәртебесі» туралы Заңға сәйкес әр өңірдегі білім департаменттеріне қарасы сапаны бақылау басқармалары бұл сұрақты реттейді», - деді ол.

«Солтүстік өңірлерде дәстүрлі форматта оқитын мектептерде дене шынықтыру сабағы өтіп жатыр. Оқушылар салқын мектеп ғимаратында сырт киіммен отыруға мәжбүр. Ал дене шынықтыру сабағы кезінде киім ауыстырады. Мектептердегі спорт залдары салқын. Қысқы уақытта әсіресе Солтүстік өңірлерде дене шынықтыру сабағын үйден оқуға ауыстыру керек деп есептемейсіздер ме? Қазіргі әр баланың денсаулығы маңызды», - деді журналист.

Шолпан Каринова дене шынықтыру пәнін мектеп бағдарламасындағы маңызды пәндердің бірі екенін айтты.

«Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда мектеп оқушыларының сабақ арасында дене жаттығуларымен айналысу қажеттігі ескеріліп, бұл пән оқу бағдарламасына дәстүрле форматта оқыту енгізілді», - деп жауап берді вице-министр.

Журналистер тарапынан мектептерде смартфон, смарт сағаттар мен құлаққапты пайдалануға шектеу қою туралы сұрақ қойылды. Министрлік өкілдері бұл мәселе мектеп әкімшілігі, ата-аналар алқысы мен қамқорлық кеңесі бірлесе қарап, бір шешімге келу керектігін айтты. Сабақтар жартылай онлайн форматта оқытылуына орай оқушыларға смартфонға шектеу қою әзірге мүмкін емес.

Барлық жаңалықтар