• Басты
  • Шетелдердегі қазақтармен жұмыстың өзектілігі

Шетелдердегі қазақтармен жұмыстың өзектілігі

24 Қыркүйек, 2021 15:41

Түрлі тарихи процесстердің салдарынан тарыдай шашыраған қазақ ұлтының өкілдері әлемнің бірнеше елінде этникалық азшылық болып отыр. Шетелдерде қоныстанған қазақтармен жұмысты жандандыру олармен әлеуметтік және мәдени байланыстарды сақтау тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына атсалысуға тарту аспектісінен де маңызды. Бұл мемлекеттің қуатын арттыруға үлес қоса алатын қосымша ресурс. Осы ресурстың әлеуетін барынша кең қолдану үшін түрлі тетіктерді іске қосып, бұл бағыттағы саясатты бір жүйеге салу өзекті.

Диаспорамен жұмысты екі бағытта қарастырған жөн. Мемлекеттік саясаттың бір тармағы қандастарды елге әкелуге бағытталса, екінші тармағы шетелдердегі қазақтармен байланысты нығайтуға арналуы тиіс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан алғышқы бағытқа көбірек көңіл бөлді. Бұл кезеңде елдегі миграцияның теріс сальдосын азайту және Қазақстан атты мемлекетте тұруды көздеген қандастардың ұмтылысын қолдау сияқты бірнеше факторлардың ықпалымен сырттағы қазақтарды елге көшіру мемлекеттік саясатқа айналғаны белгілі. 1993 жылдан бастап шетелден келуге ниеттенген қазақтарды қолдау үшін арнайы квота енгізілді. Жалпы, ресми мәліметтер бойынша 1991 жылдан бері – 315,8 мың отбасы немесе 1 062,2 мың қазақ көшіп келген.  Бұл тек мемлекеттік квота шеңберінде арнайы мәртебемен келген қазақ иммиграциясының саны. Оның тысында өз бетімен Қазақстанға қоныс аударған халықтың да бар екенін ескеру қажет. Сол себепті, нақты қандастар санын анықтау қиындық тудырады. Елге оралған этникалық қазақтардың көшу динамикасы 1-диаграммада берілген. Динамика қазақ иммиграциясының бір қалыпты еместігін, түрлі факторларға байланысты құбылғанын көрсетеді. Жалпы, қандастар ең көп қоныс аударған жылдар 2005-2008 аралығы, бұл уақытта тек квотамен жылына 15 000-ға жуық отбасы көшіп келген. Одан кейінгі жылдары көш қарқыны біраз бәсеңдеген. Дегенмен, көш қаншалықты қарқынды жүрсе де, сырттағы бүкіл қазақты елге көшірудің мүмкін еместігі тағы айқын. Оның үстіне, тәуелсіздікке дейін түрлі себептермен шекара тысында қалған қандастардан бөлек, тәуелсіздік алғаннан кейін эмиграцияға кеткен азаматтарымыздың саны да бір қауым. Мұның барлығы сырттағы диспорамен жұмыстардың өзектілігін арттырады. Қазақстанға сырттағы диаспораны елге пайдалы бағытқа жұмылдырудың оңтайлы тетігін жасау маңызды.

fffffffffffffff.png
Әлемдегі қазақтардың нақты санын айту қиын. Бір деректер 5 миллион деген ақпарат ұсынса, екінші деректерде 7 миллион көлемінде деп айтылады. Деректердің бұлай алшақ болуының бір себебі әр елдегі статистикалық көрсеткіштердің ерекшеліктерімен, санақ өткізу жылдарындағы айырмашылықтармен байланыстыруға болады. Мысалы, Өзбекстан елі тәуелсіздік алғалы бері санақ өткізбеген. Қазақтар көп шоғырланған Ресей, Қытай сияқты басқа елдерде де санақ осыдан он жылға жуық уақыт бұрын өткен. Мұндай жағдайда шеттегі қазақтардың саны туралы тек белгілі бір мөлшер шегінде ғана айтуға болады.

Сырттағы қазақтың санын айқындаудың екінші күрделі факторы этникалық топтарды айқындау критерийлерін қоюдан туындайды. Бұл жерде этникалық топтарды қазақтар диаспорасы тұратын мемлекеттің анықтауы бөлек, Қазақстанның тануы мүлдем бөлек түсінік екені анық. Әр елдің өз аумағындағы этникалық және басқа да азшылықтарды айқындау критерийлерін ең бірінші кезекте мемлекеттік мүддесіне орайластырып белгілейді. Сол себепті бір елде қазақ ретінде танылған индивид, екінші елдің өлшемдері бойынша бұл ұлтқа енбей қалуы ықтимал. Осыған байланысты Қазақстанның шеттегі қазақ ретінде кімді танитынын айқындаудың өзіндік индикаторлары болуы маңызды.

Диаспорамен жұмыс үшін қазақ ұлтын танудың өлшемдерін айқындау мәселесі өзекті. Бұл жерде пікірталас «қазақ ретінде кімді анықтауға болады?» деген философиялық сұрақтың төңірегінде туындайды. Қазақтарды генетикалық-биологиялық фактор бойынша, дәлірек айтқанда ата-анасының қазақ болуына қарай айқындаймыз ба? Алайда оның ата-анасының қазақ екенін қалай ажыратамыз? Өйткені бірқатар мемлекеттерде төлқұжатта этникалық шығу тегі көрсетілмейді. Қазіргі таңда мұндай мемлекеттердің азаматтары өзінің қазақ екенін дәлелдеу үшін бірнеше туыстарынан ұсыным жинау практикасы қалыптасқан. Бұл жерде ата-анасының бірі ғана қазақ болса немесе қазақ деген ресми анықтамасы болғанымен ұлттық құндылықтарға шорқақ индивидтерді қалай қабылдау керек деген сұрақ туындайды. Егер ұлтқа тиесілігі ұлттық құндылықтар негізінде айқындалатын болса, дәлірек айтқанда тілді жақсы білуі, әдет-ғұрыптарды меңгеруі, басқа да мәдени идентификацияларының сәйкестігі бойынша қабылданатын болса, онда ол қасиеттерді меңгерген кез келген тұлғаны қазаққа жатқызуға бола ма? Бұл мәселе қоғамдық деңгейде пікірталасқа негіз болатын тақырып болғандықтан, ресми органдардың көтермей отырғаны түсінікті. Алайда академиялық орта мен медиада осы тақырып төңірегінде ой қозғау мәселенің біртіндеп ресми дискурсқа ауысуына ықпал етері анық.

Этникалық қазақтардың басым бөлігі республикамен шекаралас Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан елдерінде тұрып жатқандығы және бұл аумақтардың Қазақстан отар болған кезеңдегі шекара белгілеу кезінде сыртта қалғаны белгілі. Сол себепті бұл елдерде тұрып жатқан қазақтарды ирредента ретінде қарайтындар да табылады. Дегенмен, шекара шегеленгеннен кейін, ендігі жерде тарихи мүмкіндіктерге налумен күн өткізгенге қарағанда, осында қалып қойған халықпен қоян-қолтық байланыстарды кеңейтудің тетіктерін жасау әлдеқайда прагматикалық жұмыс екені анық. Бұл тұрғыдан алғанда Балтық елдерінің диспорамен жұмыс тәжірибесі қызықты. Литва, Латвия және Эстония тәуелсіздікке дейін және тәуелсіздік жылдары шетелге кеткен өз отандастарымен байланысты күшейтуге барынша көңіл бөліп отыр. Шет елдерде тұратын 1,3 млн. Литвалық диаспора өкілдерін елдің экономикалық, мәдени және әлеуметтік дамуына атсалысуын қамтамасыз ету мақсатында Литва мемлекеті арнайы «Жаһандық Литва» аталатын бағдарлама қабылдады. Осы бағдарламаның аясында литвалық диаспорамен жұмыс бір жүйеге түсіп, нақты мақсат пен бағдар алды. Осындай саясатты Литваның көрші елдері де жүргізіп отыр. Балтық мемлекеттерінен басқа Польша мен Ирландия елдері де сырттағы қандастарымен жұмыс жасаудың өзіндік тәжірибесі қалыптасқан. Осындай мемлекеттердің тәжірибесіне үңілу, олардың күшті және әлсіз жақтарын талдау маңызды.

Қазақстанның да бұл салада бірқатар оң нәтижелері бар екенін айта кету керек. «Отандастар» қорының ашылуы қандастармен жұмыс істеуге жаңа серпін әкелгені байқалады. Бұл ұйым құрылғаннан кейін қордаланған мәселелер шешіліп кетпесе де, осы саладағы проблемалардың ашық талқылауға шығуына, жұмыстардың бір арнаға түсуіне ықпал етті. Оның үстіне, Қазақстанның жоғарыда аталған Еуропа құрлығындағы елдерден ерекшелігі, біздің этникалық қазақтар ассимиляция саясаты қарқынды жүріп жатқан қоғамдарда тұрып жатыр. Шығыстағы да, солтүстіктегі де көршілеріміздің соңғы жылдары этникалық азшылықтардың мәдениетін қолдауға қарағанда, титулды ұлттың құндылықтарын сіңіруге көбірек көңіл бөліп отырғаны жасырын емес. Сол себепті бұл елдердің Қазақстанның өз диаспораларымен жұмыс жасауына қырын қарайтыны да жасырын емес. Қазақстанның осы елдердегі қазақтармен байланысы өте күрделі мәселе болып отыр. Мұндай жағдайда Қазақстанның сыртқы қазақтармен байланысы солар тұрып жатқан елдің нормативтік-құқықтық жүйесінің шеңберінде жүріп, ең басты

мақсаты ассимиляцияға ұшырамауына, ұлттық құндылықтарды сақтауына көмектесуді көздегені абзал.

Ассимиляциялау саясаты қарқынды ортада қандстарымыздың идентификациясын сақтау мәселесі өте өзекті. Сырттағы қазақтардың өз мәдениетін сақтауына септігін тигізу үшін шет мемлекеттердің стандарттары аясында кез келген жолмен құндылықтарды насихаттап, әлеуметтік байланыс каналдарын кеңейту пайдалы. Осы бағытта «Отандастар» қоры бастаған «Абай үйі» жобасы диаспорамен байланысты сақтаудың бір құралы болып отыр. Бұл мәдени орталықтар желісін кеңейтіп, қазақтар жиі шоғырланған әрбір елдімекенде ашу маңызды.

Келесі бір мақсат шетелдегі қандастарға арналған арнайы БАҚ ашу мәселесі де өзекті. Бұл бағытта этникалық қазақтар шоғырланған әр елге арналған ақпарат тарату көзін іске қосу маңызды. Бұл медиа өз ақпарат тарату елінің құқықтық нормаларын сақтай отырып Қазақстан туралы ақпарат тарату көзіне айналуы қажет. Бұл этникалық қазақтармен арадағы байланыстардың сақтаудың тағы бір құралына айналады.

Шетелде тұрып жатқан қазақтарға қатысты ақпаратты саралау барысында бұл бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарының аздығы байқалды. Қазіргі таңда «Отандастар» қоры ЕҰУ-мен келісіп отырып жаңа зерттеу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл орталықтың шын мәнінде әлеуетті инстиуттқа айналуына мән беру маңызды. Мұндай орталық қазақ диаспорасының жай-күйі мен өзекті мәселелерін зерттеу тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар мемлекеттегі шешім қабылдаушыларды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету тұрғысынан да қажет.

Қорыта айтқанда, шетелдердегі қандастармен жұмыс бір тараптан олардың өз идентификациясын сақтауына қолдау көрсетуге бағытталса, екінші жақтан олардың Қазақстанның өрлеуіне атсалысуын қамтамасыз етуге көңіл аударылуы қажет. Бұл саладағы жұмыс өнімді болуы үшін Литаның тәжірибесін ескеріп, арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, оса бағыттың нақты мақсаты, индиаторлары мен күілетін нәтижесі айқындалуы өзекті.

Барлық жаңалықтар