• Басты
  • Шетелдегі диаспоралармен байланыс саясаты: әлемдік және отандық тәжірибе

Шетелдегі диаспоралармен байланыс саясаты: әлемдік және отандық тәжірибе

25 Қараша, 2020 10:39

Әлемде моноұлтты мемлекеттер саны көп емес. Мұның есесіне полиэтносты құрамдағы елдер жеткілікті. Мемлекеттің полиэтносты болу себебі түрлі тарихи, саяси оқиғалардың жемісі деуге болады. Осы ретте, өз мемлекетінен жырақта қалып қойған этникалық туыстарымен қарым-қатынас процесі әр елде әр түрлі. Бүгінгі мақаламызда осы мәселе жайлы қалам тербемекпіз.

Әлемдегі диаспоралар

Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде 3-4 мың этностық топ бар. Олардың аз бөлігі ғана ұлт деңгейіне жетсе, қалғаны этнос күйінде немесе тайпа, ру деңгейінде қалып қойған. Тек 310 халықтың ғана саны 1 миллионнан асады. 

Ал жер шарындағы мемлекеттердің санына келсек, БҰҰ мойындаған, өзіндік шекарасы бар 200-ден астам ел бар. Яғни, әрбір ұлт немесе ұлыстың маңдайына мемлекет құру бақыты жазылмаған. Сәйкесінше мемлекеті жоқ этностар мен диаспоралар әлемде жетерлік. Олардың да ықпал ету әлеуеті, саны және сапасы жағынан ерекшеліктері бар.

Сондай-ақ, көптеген моноұлтты мемлекеттің өзі шетелдерде тұратын өз ұлтының өкілдерімен немесе сол жердегі туыс диаспоралармен байланыс орната бермейді. Алайда мемлекеттік деңгейде шетелдегі диаспораларымен тығыз қарым-қатынас құрып, бейресми түрде оларды мемлекеттің лобби күші ретінде пайдаланатын мемлекеттер бар. Бұл ретте, диаспорамен тек туыстық байланыс орнатумен қатар, оларды мемлекеттің шетелдегі «жұмсақ күші» ретінде пайдалану да жемісін беретін саясат екені даусыз.

Технология дамып, жаһандану процесі қарқын алған сайын әлем халқының бір-бірімен тығыз араласуына жағдай жасалуда. 1960 жылы әлемдегі мигранттардың саны 75,5 миллион болса, 2000 жылы бұл көрсеткіш 176 миллионға жеткен. Ал 2010 жылы әлемде 214 миллион мигрант бар екені айтылады. БҰҰ сарапшыларының дерегінше ХХІ ғасырдың басында әлемнің әрбір 35-ші тұрғыны мигрант саналады. Қазіргі таңда оқу, жұмыс, бизнес, туризм мақсатымен әлем халқының араласуы, көші-қоны артып келеді. Бұл болашақта да мигранттар санын ұлғайтып, әр елде шоғырланатын диаспоралардың көбеюіне әкеледі деп болжауға болады.

Әлемде өз мемлекетінен тысқары елде орналасқан және ықпалға ие диаспоралар ретінде еврей, армян, кәріс, күрд, неміс, үнді, қытай, орыс, мексикалықтар, ирланд т.б. саналады. Кейбір елдер шетелде тұратын диаспоралары арқылы кіріс табуды да жүйелі түрде жолға қойған. Диаспоралардан пайда табу үлес шамамен жалпы ішкі өнімнің 2-3 пайызын құрайтын елдер бар. Ал кейбір диаспоралары әлеуетті мемлекеттерде жалпы ішкі өнімнің 9 пайызы шеттен келетін қаражаттарға негізделген. Тіпті, Үндістан, Израиль сияқты мемлекеттер ел бюджетін толтыру мақсатында шетелдегі диаспоралары үшін арнайы қарыз міндеттемелерін енгізген («Привлечение потенциала диаспор в систему высшего образования: зарубежный опыт», И.Д. Лошкарёв*, Е.А. Захарова, Integration of education. Vol. 21, no. 3. 2017, стр. 397).

Ендігі кезекте әлемде үлкен ықпалға ие кейбір диаспоралар жайлы аз-кем тоқталсақ.

 

Еврей диаспорасы

Еврейлер әлемде диаспора ретінде үлкен күшке ие. Тарихи деректерге сүйенсек, еврей диаспораларының әлемге таралу үрдісі ерте замандардан басталады. Израильдің Орталық статистикалық бюросының дерегіне сәйкес бүгінгі таңда әлемдегі еврейлердің саны 14 миллион 500 мыңға жуық. Ал Израиль халқының бүгінгі саны 6 миллион 500 мыңды құрайды.

Израильден кейін еврейлер ең көп шоғырланған мемлекет АҚШ. АҚШ-та тұратын еврейлердің саны 5 миллион 700 мың. АҚШ-тан кейін Франция (456 мың), Канада (390 мың), Ұлыбритания (290 мың), Аргентина (181 мың), Ресей (176 мың), Германия (117 мың), австралия (113 мың) сияқты елдерде еврей диаспоралары үлкен ықпалға ие. 

Еврей диаспорасының ықпалы туралы мысалдар өте көп. Мұның бір мысалы ретінде фашистік Германиядағы Холокоста зардап шеккен халық ретінде 1948 жылы 14 мамырда тәуелсіз Израиль мемлекетінің құрылуы және оған әлемнің ірі мемлекеттерінен жасалған саяси және экономикалық қолдауды атап өтуге болады. Жаңадан құрылған Израиль мемлекетінде сол кезде халық саны 650 мың болса, бүгінге дейін бұл сан 10 есеге дейін өскен. Өйткені Израильде шетелдегі еврейлерді Израильге көшіруге бағытталған мемлекеттік бағдарлама іске қосылған.

Айта кетерлік жайт, Израиль мен шетелдегі еврей диаспоралары арасында тығыз қарым-қатынас жолға қойылған.

 

Армян диаспорасы

Әлемдегі ең беделді диаспоралардың бірі – армяндар. Олар еврейлерден кейін АҚШ-та екінші ықпалға ие диаспора саналады. Арменияның өзінде саны 3 миллионға жетпейтін армян тұрса, әлемнің өзге елдеріндегі олардың саны 5 миллионнан асады. Оның ішінде АҚШ-та 700 мың, Францияда 270 мың, Иранда 200 мың, Сирияда 170 мың, Түркияда 150 мың, Ресейде 2 миллионнан аса армян диаспорасы мекен етеді. Армян диаспорасының әлемде беделі зор.

Армян халқының шетелге иммиграциясы ХVІІ ғасырдан басталған. Бұл үрдіс әсіресе ХХ ғасырдың басында Осман империясымен арада орын алған кикілжіңнен кейін үдей түсті. АҚШ бастаған елдердегі армяндардың көпшілігі бүгінде сол жердің жергілікті тұрғындарына айналып, экономика, медиа, мәдениет, саясат салаларында үлкен күшке ие болып үлгерді.

Олар көптеген халықаралық ұйымдар мен мемлекеттердің 1915 жылғы түрік әскері мен армяндар арасында болған үлкен трагедиялық қақтығысын «Армян геноциді» деп тануға ықпал еткенін айта кету керек. Бұл ресми Анкараның сыртқы саясаттағы үлкен қарсылығына қарамастан, әлемде кең тараған терминге айналып үлгерді. Сондай-ақ, Таулы Қарабақта инфрақұрылымның жақсаруына армян диаспораларының қолдау көрсеткені, Қарабақ қақтығында кейбір халықаралық ұйымдардың Әзірбайжанға қарсы мәлімдеме жасауына ықпал еткені айтылады. Шетелдегі армян дисапораларының тілі, салты көп жыл атажұртынан жырақта жүргені себепті Армения тұрғындарынан өзгешеленсе де ұлттық тамырын негізге ала отырып, ресми Ереванды қолдауға келгенде бірлігі бекем, белсенділіктері жоғары.

 

Қытай диаспорасы

Қытай диаспоралары да әлемде үлкен ықпалға ие. Қытай мемлекеті де әлемде халқының саны ең көп ел саналады. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінде бейресми «China Town» аталатын этникалық қытайлар тұратын анклавтар жыл санап көбейіп келеді. Ол жерді білім алу, кәсіп жасау т.б. мақсатты көздеп, ҚХР-дан көшкен этникалық қытайлар толтыруда. Мұндай анклавтардың ең көбі Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде, Еуропа мен Америкада орналасқан. Мысалы тек АҚШ-тың өзінде бүгінде 12 қытай аудандары болса, сол жерде тұратын этникалық қытайлардың саны 1 миллионға жуық. Қытай мигранттарының көпшілігі экономикасы күрт нығайған Қытай компанияларының шетелдегі өкілдіктерінде және жұмыс күші ретінде өзге елдерде қызмет етеді.

Қытай мигранттарының батыс елдерінде саяси салмағы үстем болмағанымен, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінде саяси, мәдени және экономикалық ықпалы тегеурінді. Еңбек нарығындағы үлкен бәсеке қытайлардың барған жерінде жемісті еңбек етуіне, күшті экономикалық құрылым қалыптастыруға, мықты диаспоралық әлеуетке ие болуына әсер етуде. Ресми Пекинде шет мемлекеттердегі қытайлармен айналысатын құрылымдар бар. Оның бірінішісі сыртқы істер министрлігі болса, екіншісі Репатрианттардың жалпықытайлық федерациясы. Бірінші шетелдегі қытайлықтардың құқығын қорғау, оларға қолау көрсету болса, екінші Қытайдың ішкі сұранысына қажетті этникалық қытайларды ҚХР-ға қайта алдырумен айналысады.

 

Үнді диаспорасы

Үндістан халық саны жөнінен Қытайдан кейін әлемде екінші орында. Осы ретте, үнділердің шетелдегі диаспорасы үлкен ықпалға ие. Үнділердің әлем нарығына тез бейімделуінің бір себебі олардың Англия отарлығында ағылшын тілін меңгеруі деуге болады. Қазіргі таңда Еуропа елдеріне барған кісі үнділердің түрлі салаларда еңбек етіп жүргенін көре алады.

Үнділердің үлкен диаспорасы АҚШ-та мекендейді. 1990-2005 жылдар аралығында АҚШ-тағы үнділердің саны 184 пайызға өскен. Осы арқылы үнділер АҚШ-тағы ең қарқынды өсіп келе жатқан диаспора саналады. Сондай-ақ, жоғары сапалы біліктілігі бар еңбек нарығындағы адамдарға берілетін H-1B визасын алған шетел азаматтары арасында үнділер көш бастап тұрғанын айта кету керек. Сондай-ақ, үнділер АҚШ-та жоғары білім бар диаспоралар арасында көш бастап тұр. Олардың көпшілігі Microsoft, Appleи Intel сияқты ірі ІТ компанияларында, кейбірі Үндістанның ірі трансұлттық компанияларына жетекшілік етеді, сол жерде қызмет етеді. 

Бұл үнділердің АҚШ нарығындағы саяси, экономикалық, мәдени тұрғыдағы рөлінің нығайып келе жатқанын білдіреді. Үндістанда сыртқы істер министрлігі бастаған бірқатар құрылым шет мемлекеттердегі үнді диаспораларымен қарым-қатынас мәселесімен айналысады.

 

Шетелдегі қазақ диаспоралары

Қазақ халқы да тарихтағы түрлі себептермен дүниежүзіне тарыдай шашыраған ұлттардың бірі. Деректерге сүйенсек Қазақстанның сыртында 5 миллионға жуық қазақ диаспорасы өмір сүруде. Олардың ең көбі Қытайда (1,5-2 миллионға жуық), Өзбекстанда (миллионға жуық), Ресейде (700 мыңға жуық), Моңғолияда (117 мыңға жуық), Түркияда (30 мыңға жуық) және Еуропа, АҚШ сынды мемлекеттерде шоғырланған.

Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елдеріндегі қазақтар негізінен автохтонды ұлт ретінде тарихи отанында қоныс тепкеніне қарамастан, шекара айқындау кезінде саяси себептермен Қазақстаннан жырақта қалып қойғанын айта кеткен жөн. Сондықтан шетелдегі қазақ ұлты өкілдерін ирредент ретінде бағалауға толық негіз бар.

Қазақстанның шетелдегі диаспоралармен байланыстағы маңызды тұс – шетелдегі қандастарды елге көшіру саясаты. Тәуелсіздік жылдары шетелден Қазақстанға қоныс аударған қазақтардың саны 1 миллионнан асты. Шетелдегі қандастарын өз мемлекетіне арнайы бағдарламамен шақыратын елдердің қатарында Израиль мен Германия сияқты санаулы елдер бар. Қазақстанға келген қандастарды еңбек күші қажет ететін өңірлерге көшіру және оларды бейімдеу, әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Нұрлы көш бағдарламасы да шетелдегі қазақтардың кедергісіз Қазақстанға қоныс аударуына, олардың орнығып кетуіне қолдау жасауға арналып, өзінің жемісін берген маңызды мемлекеттік жоба болды.

Қазақстанда шетелдегі қазақтар мәселесімен айналысатын екі негізгі ұйым бар. Олар 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және 2018 жылы құрылған Отандастар қоры. Екі ұйым да шетелдегі қандастарды, қазақ диаспораларын елге көшіру, олардың Қазақстанмен қарым-қатынасын жақсарту, тіл үйренуіне жағдай жасау, Қазақстанда басылған кітаптарды шетелдегі қазақ диаспораларына тарату сияқты мәселелермен айналысады.

Қазақстанның шетелдегі диаспорасы жоғарыда келтірілген еврей, армян, қытай, үнді диаспоралары сияқты ықпалды күшке ие емес. Сондай-ақ, Қазақстанның да сыртқы саясатта алпауыт акторлардың қатарында бола алмауы сыртқы саясатта шетелдік қазақтардың құқықтарын ашық қолдау, олардың мәселелермен жүйелі түрде еркін айналысуға мүмкіндік бермейді. Бұған қарамастан Сыртқы істер министрлігі, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және Отандастар қоры жүйелі жұмыстармен айналысуда.

Қорыта келгенде, диаспоралық саясат әлемдік деңгейде маңызға ие. Оны тиімді пайдаланып отырған мемлекеттер жеткілікті. Қазақстан да мұны мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде үнемі басты назарда ұстауы және тиісті шараларды жүйелі түрде іске асыруы қажет.

Барлық жаңалықтар