• Басты
  • Шетелдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыс, білім гранттары және қазақ жастарының клубы

Шетелдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыс, білім гранттары және қазақ жастарының клубы

12 Шілде, 2021 13:05

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қордың қызметі, шетелде тұратын қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, білім саласындағы гранттар, шетелдегі қазақ жастарының клубы жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

«Отандастар қоры» немен айналысады

Қордың вмце-министрi Дүниежүзi қазақтарының V Құрылтайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi - Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев көмек көрсетуге тапсырма бергенiн атап өттi. Сол негiзде Елбасының тапсырмасымен «Отандастар Қоры» КЕАҚ құрылған.

Қоғамның құрылтайшылары - Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгi мен Сыртқы iстер министрлiгi.

«Қоғам өз жұмысын 2018 жылдың қыркүйектен бастады. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2018 жылы 18 мамырдағы № 280 қаулысына сәйкес «Шетелдегi этникалық қазақтарды қолдау жөнiндегi 2018 - 2022 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары» бекiтiлiп, Қоғамның атқаратын жұмыстары айқындалды», - дедi Мағауия Сарбасов.

Бүгiнде қоғам 4 бағытта жұмыс атқарады. Атап айтсақ:

-        шетел қазақтарының ұлттық бiрегейлiгiн сақтау мақсатында мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру

-        шетелге қоныс аударған қандастарымызға ақпараттық-консультациялық қолдау жұмыстары ұйымдастырылып, олардың қоғамға интеграциялануына, өзектi мәселелердi шешуiне ықпал ету

-        шетелдегi қазақтарды және елге қоныс аударған қандастардың мәселелерi бойынша талдамалық зерттеу жұмыстарын жүргiзу.

-        шетелдегi қазақ жастарымен байланыс орнату

Әлемде 250-ге жуық қазақ мәдени орталығы бар. Бүгiнде «Отандастар Қоры» мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру мақсатында 71 қазақ мәдени орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған.

«Abai Uii» мәдени-iскерлiк үйi

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгiнiң қолдауымен «Abai Uii» мәдени-iскерлiк үйi жобасы iске қосылды. Аталған жоба шетелдегi қандастармен мәдени-гуманитарлық және iскерлiк байланыстарды дамыту мақсатында әрекет етедi. Жоба аясында гуманитарлық, мәдени, ғылым, бiлiм беру, спорт және басқа саладағы түрлi бағдарламалар жүзеге асырыла бастады», - дедi мекеменiң вице-президентi.

Өткен жылы, оның мәлiметiнше, «Abai Uii» мәдени-iскерлiк үйi Ресейдiң Омбы, Өзбекстанның Ташкент, Түркияның Стамбул, Германияның Берлин, Украинаның Киев қалаларында ашылды. Биылғы жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында, Ресейдiң Астрахань, Қырғызстанның Бiшкек қалаларында ашу жоспарланып отыр.

Қандай iс-шаралар өтiп жатыр

«Қоғам ұйымдастыруымен 2019 жылы әлемнiң 25 елiнен келген отандастардың қатысуымен 5000 адамды қамтыған 20-ға жуық iс-шара өткiзiлсе, 2020 жылы әлемдi жаулаған пандемияға орай барлық жобалар онлайн форматқа көшiрiлдi. Осы ретте әлемнiң 26 елiндегi отандастардың қатысуымен 5 800-ден астам адамды қамтыған 13 онлайн iс-шара және 6 онлайн-жоба ұйымдастырылды», - дедi ол.

2021 жылы ZOOM бағдарламасы арқылы 20 елдi қамтыған 20 онлайн кездесу өткiзiлген. Бұл шаралардың барлығында сырттағы ағайынның көшi-қон, iскерлiк, мәдени-гуманитарлық мәселелер мен жобаларға қатысты ұсыныстары мен өтiнiштерi талқыланған.

Шетелдiктер үшiн қазақ тiлi

Шетелде тұратын отандастарымыздың қазақ тiлi курстарын ұйымдастыру үшiн, атылмыш қоғам 2019-2020 жылдары 12 елде 31 онлайн-сынып ашқан. Онлайн-сыныптар теледидар, ноутбук, камера, тағы басқа қажеттi заманауи техникалармен қамтылды.

«2020 жылы Қоғамның ұйымдастыруымен қазақ тiлiн үйрету бойынша 333 онлайн тегiн сабақ өткiзiлдi. Курсқа жалпы 1163 адам қатысып, оның 400-ге жуығы қазақ тiлi курсына қатысқаны туралы сертификат алды», - деп толықтырды ол. 

Ал 2021 жылдың маусым айына дейiн 350 тегiн онлайн сабақ өткiзiлген. Қазақ тiлiн үйренуге 900-ге жуық шетелде тұратын отандастар тестiлеуге қатысып, шыққан нәтижесiне сәйкес деңгейлiк топтарға бөлiндi. Шетелдегi отандастар үшiн қазақ тiлiн үйрететiн ортақ әмбебап әдiстемелiк құрал жасалынып жатыр.

Шеттегi қазақ балаларына арналған лагерьлер

«Шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына Қазақстанда әртүрлi жазғы лагерлер, атап айтсақ, Назарбаев зияткерлiк мектептерi ұйымдастыруымен, Балдәурен, «Туған елге саяхат» Балалар туристiк пойызы», «ZEREN» республикалық жазғы лагерi ұйымдастырылды. Жалпы 2019 жылы шетелден 600 бала Қазақстанға жазғы лагерлерге келдi. 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты жобалар уақытша тоқтатылды», - дедi ол.

Шетелдiк қазақ студенттеріне 3500 грант бөлiнген

Сонымен қатар, шетелдегi қандас талапкерлерге мемлекеттiк гранттан арнайы квота бөлiнедi. Қазiргi уақытта қандас талапкерлерге бөлiнетiн квота саны 2 пайыздан 4 пайызға ұлғайды. Соңғы 3 оқу жылында дайындық бөлiмiне 3500 грант бөлiндi. Оған 3055 жас қандас оқуға түскен.

«2020 жылы пандемияға байланысты Қоғамның тiкелей ұсынысы және ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қолдауымен шетелдегi отандастарымыз Ұлттық бiрiңғай тестiлеудi онлайн тапсыру құқығына ие болды. 2021 жылы да сол тәжiрибеге сүйенiп, 15-17 маусым күндерi ҰБТ онлайн форматта өттi», - дедi вице-президент.

Мемлекеттiк квота аясында соңғы 5 жылда 3643 талапкер ҰБТ-дан шектiк бал жинап, жоғарғы оқу орындарына түскен. Барлық шетелдiк студенттерге яғни, қандастарға жатақхана мiндеттi түрде берiледi. Сонымен қатар колледжде оқу үшiн де мемлекет тарапынан 4% квота қарастырылған. 2020 жылы 539 қандасымыз құжат тапсырып, 539-да грант иегерi атанған.

«2020 жылдан бастап «Отандастар Қоры» ұсынысымен «Назарбаев университетiне түсу үшiн қандастарға Абай атындағы гранттар берiле бастады. АҚШ, Канада, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия қатарлы мемлекеттерден 56 үмiткер қатысып, 13 талапкер грант иегерi атанды», - дедi Мағауия Сарбасов.

Сондай-ақ, «Отандастар қоры» КЕАҚ мен отандық жоғары оқу орындары бiрiгiп «Отандастар» грантын әзiрлеп жатқанын атап өттi. Бүгiнгi таңда «Қайнар» университетi, «Қорқыт Ата» атындағы мемлекеттiк университет Қоғаммен бiрлесiп, атаулы гранттар бөлуге дайын.

«Жас қазақ» халықаралық қазақ жастары клубы

Жастармен жұмыс барысында, «Жас қазақ» халықаралық қазақ жастары клубы құрылды. Клуб құрамына шетелдегi белгiлi жас блогерлер, жастар ұйымдарының төрағалары, белсендiлер қосылған.

«Киелi Қазақстан» жобасы

«Жастардың бас қосуы «Киелi Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып келедi. 2019 жылы – Ақтау қаласы, 2020 жылы – Түркiстан облысы және Шымкент қалаласында ұйымдастырылды. Негiзгi мақсаты, шетелдегi этникалық қазақтардың Қазақстанның киелi жерлерiне экскурсия жасап, олардың тарихи отанымен байланысын орнату», - дедi қор вице-президентi.

2020 жылы «Отандастар қоры» жүргiзген зерттеу аясында шетелдегi қазақ тiлдi БАҚ бойынша деректер базасы әзiрленген. Зерттеу нәтижесiнде 96 БАҚ пен қандастар пайдаланатын белсендi әлеуметтiк желi парақшалары бар.

«Алдағы уақытта, қандастарға қатысты өткен iс-шаралар туралы ақпараттардың таралуына қолдау көрсету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында «Отандастар Қоры» жанынан «Шетелдегi қазақ тiлдi БАҚ ассоциациясын» құру жоспарлануда», - дедi ол.

Оның айтуынша, елiмiзге көшiп келген қандастардың бейiмделуiне, жәрдемдесу және шетелдегi отандастарға ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету мақсатында 2019 жылдан бастап «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» (әрi қарай - ҚАҚО) құрылған болатын. Орталық қызметi «Байланыс орталығынан» және облыстардағы «Фронт-кеңселерден» тұрады. Қандастарымыз «Отандастар қоры» бiрiңғай ақпараттық орталығының 1404 телефон нөмерiне тегiн қоңырау шалып, кеңес ала алады.

Қандастар мен этникалық қазақтардан 10690 өтiнiш түскен

Қор вице-президентiнiң мәлiметiнше, 2019-2021 жылдың маусымына дейiнгi аралықта Орталыққа елiмiзге қоныс аударған қандастар мен шетелде тұратын этникалық қазақтардан барлығы 10690 өтiнiш келiп түскен, атап айтсақ, 2019 жылы – 3448, 2020 жылы – 5065, ал 2021 жылдың 5 айында – 2177.

«Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлiгiнiң тапсырмасына сәйкес, билбордттар әзiрленiп өңiрлердегi әуежайлар мен темiржол вокзалдарында, автобекеттерде, әлеуметтiк нысандарда және негiзгi көшелердiң бойына орналастыру жұмысы жүрiп жатыр», - дедi ол.

1 млн 77,3 мың этникалық қазақ Қазақстанға оралды

Жалпы, 1991 жылдан берi республикаға 1 млн 77,3 мың этникалық қазақ оралды. Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбi, яғни 76,3% - Өзбекстаннан келсе, 10,4% – Қытайдан, 6,2% – Түрiкменстаннан, 2,7% – Моңғолиядан, 1,2% – Қырғызстан, 0,5% – Иран, 0,3% – Ауғаныстан және қалған 2,5% басқа елдерден қоныс аударған.

«Келген этникалық қазақтар негiзiнен Алматы (30,5%), Түркiстан (15%), Маңғыстау (17,7%) және Жамбыл (8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (11%) қаласына қоныстанды», - дедi ол.

2019 жылы 17 661 этникалық қазақ немесе 9 993 отбасы тарихи отанына оралды және қандас мәртебесiне ие болған. Елiмiзде жыл сайынғы қандастарды қабылдау квотасы тоқтаған жоқ. ҚР Үкiметiнiң қаулысымен қандастарды қабылдаудың өңiрлiк квотасы 2019 жылы 2031 адам болды.

«2020 жылы 13 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесiн алды. 2020 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбi (53,1%) ҚХР – дан, 31,3% – Өзбекстаннан, 8,7% – Түркiменстаннан, 3,7% – Моңғолиядан және 3,3% - басқа елдерден келген. Келген этникалық қазақтар негiзiнен Алматы (51,3%), Маңғыстау (13,3%) және Түркiстан (5,6%) облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент (3,9%) қалаларында қоныстанды», - дедi ол.

2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбекке қабiлеттi жастағы қоныс аударушылар саны 57,1% – ды, еңбекке қабiлеттi жастан кiшi 31,9% - ды және зейнеткерлер 11% - ды құрайды.

2021 жылғы 1 маусымдағы мәлiмет бойынша, елiмiзде 6935 адам «Қандас» мәртебесiне ие болды. Олардың iшiнде 404 қандасымыз бүгiнгi күнi Қазақстан азаматтығын алды. 2021 жылға арналған қандастарды қабылдаудың өңiрлiк квотасы 1 426 адамға жоспарланған. Олар: Ақмола обл – 258 адам, Қостанай обл – 350 адам, Шығыс Қазақстан обл – 195 адам, Солтүстiк Қазақстан обл – 123 адам, Павлодар обл – 500 адам.

Барлық жаңалықтар