• Басты
  • Шерзод Пулатов: Сайлауға Ассамблеяның қызметіне, еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар қатысады
30 Қазан, 2020 17:22

Шерзод Пулатов: Сайлауға Ассамблеяның қызметіне, еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар қатысады

Strategy2050.kz тілшісі Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатовпен сұхбаттасты.


Шерзод Пулатов: Сайлауға Ассамблеяның қызметіне, еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар қатысады

Шерзод Аббозұлы, келесі жылы болатын Парламент сайлауына Қазақстан Халқы Ассамблеясы қатысады ма?

Иә, ҚХА атынан Мәжіліске 9 депутат сайланады. Сонымен қатар, өңірлерде мәслихатқа үміткерлер Ассамблея атынан қатысады. Олар Конституциямен бекітілген ережеге сәйкес ұсынылады. Келе жатқан сайлауға ұсынылатын үміткерлер Ассамблеяның қызметіне, еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтар болмақ. Олар кез кеген ұлттың өкілі болуы мүмкін. Тізімде этно-мәдени бірлестіктің төрағалары, белсенді жастар, қоғам қайраткерлері бар. Олар Қазақстандағы бірлікті, тұрақтылықты сақтау мен ұлтаралық келісімді нығайту жолында қызмет етеді. Алдағы парламенттік сайлауда біраз жаңашылдық болайын деп тұр. Жастар мен әйелдердің қатысу үлесі артады. Дауыс беру процесі де әдеттегідей емес. Сайлаушылар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына емес, саяси партияларға дауыс береді.

Жалпы Қазақстан Халқы Ассамблеясының қызметі туралы айтып беріңізші. Қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Елбасымыздың Ассамблея институтын құруының басты мақсаты - еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделін қалыптастыру. Бұл модель тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар бойы нығайып келеді, бұған Қазақстанның әрбір азаматының қосқан үлесі бар, сонымен қатар мемлекет тарапынан да қолдауға ие. Мәселенің маңыздылығы зор болғаны үшін және оны әрі қарай зерттеп нығайту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Халқы Ассамблеясының қызметін ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылды. Бүгінгі таңда Кеңестің құрамында 52 ғалым, оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты,зерттеу институттарының басшылары мен қоғам қайраткерлері бар. Барлық өңірде ғылыми-сараптамалық топтар құрылды. ҚХА ҒСТ ғылыми базасы аймақтық ЖОО болып табылады. Қызметке барлығы 262 адам тартылды,оның ішінде ғылым докторлары – 57, ғылым кандидаттары – 117, PhD докторлары-5. Осы барлық потенциал яғни ғұламаларымыз этносаралық келісімді сақтау үшін, қоғамдық негізінде жұмыс істеп өз үлестерін қосуда. Ескере кетсем, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы ҚХА ғылыми-әдістемелік және білім беру базасы болып табылады, онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ашылған. Сонымен бірге еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде ҚХА 40 кафедрасы/орталығы жұмыс істейді, бұл жастарды мемлекет жүргізіп отырған этносаясат рухында оқытуды қамтамасыз етеді, оларды біріктіретің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының қауымдастығы құрылған. Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА ғылыми депозитарийі жұмыс істейді. Ол 1400-ден астам дереккөздерді қамтиды, олардың көпшілігі электрондық тасығыштарда. Осының бәрі ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңестің 10 жылдық жұмысының нәтижесі. Біздің моделімізге шетелдіктер қызығушылық танытты. Мәселен, ағымдағы жылы тәжірибені зерделеуге Германия, Ресей, Қытай, Румыния, Литва, Молдова, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстантан делегаттар келді. Шын мәнінде, біздің моделіміз өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, қоғамдық келісімді 30 жыл бойы сақтап келеді.

 Ассамблея құрамында неше адам, неше этникалық ұлттар бар?

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi. Ассамблея құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларынан тұрады. Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) - оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады. Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері кіреді. Ассамблея Төрағасының этномәдени бiрлестiктерден тағайындалатын орынбасарлары алмастыру тәртiбiмен Кеңестiң ұсынымының негiзiнде ҚР Президентiнiң өкiмiмен тағайындалады. Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып табылады. Хатшылықты бiр мезгiлде Ассамблея Төрағасының орынбасары болып табылатын Хатшылық меңгерушiсi басқарады. Осы тетіктер Ассамблеяның мемлекеттік басқару мен қоғамдық қатынастардағы нақты әрекет етуі мен тиімділігінің негізі. Ассамблеяның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларының құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарын - этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестік өкілдерін, мемлекеттік органдар өкілдерін және қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғаларды қамтиды. Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар. Ассамблеяның басты ерекшеліктерінің бірі оның еліміздің жоғары заң шығару органында - Парламентте этностық топтар мүдделерінің кепілді өкілдік етуін қамтамасыз етуі болып табылады. Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Бұдан басқа қазақстандық этностық қоғамдастық өкілдері Парламенттегі өкілдігі өкілді органдарға саяси партиялар арқылы сайлауға тікелей қатысу негізінде жүзеге асырылады.

 Біз Қазақстан Халқы Ассамблеясы туралы көбінесе 1 мамыр Бірлік күнінде естиміз. Басқа уақытта БАҚ-та Ассамблея туралы ақпарат аз...

Ассамблеяның ресми сайты бар. Онда күн сайын жаңалықтар жарияланып тұрады. Сонымен қатар қазргі ақпарат заманында әлеуметтік желілер арқылы халықпен коммуникация орнатып жүрміз. Тек 1-мамырда емес, күн сайын Ассамблея туралы ғаламтор желілерінен көріп, білуге болады. Әрине, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру біздің мемлекетіміздің басты міндеті болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасының сыртқы және ішкі саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып саналатынымен байланысты. Қазақстан Республикасының ақпараттық саясатында күтілетін перспективаларды айқындау үшін елдің БАҚ-тағы ахуалды түсіну қажет. Бүгінгі таңда БАҚ пен БКҚ (бұқаралық коммуникация құралдары) үлкен билікке ие. Қазіргі заманда БАҚ-пен санаспау мүмкін емес. Ақпараттық қоғамның қалыптасуы тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарының даму перспективаларын қарай отырып, жаңа ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың даму перспективаларын анықтауымыз қажет.

 Ассамблея жанынан жасалған түрлі бағдарламалар қандай пайдасын тигізіп жатыр?

 ҚХА-ның тағы да бір бағытына назар аударғым келеді. Қазіргі таңда барлық өңірде Ассамблеяның қамқорлығымен 2789 қоғамдық келісім кеңестері бар. Олар облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындар ұжымдарында құрылған. Кеңестермен 3485 іс-шара өткізілді, 165 мың адам қамтылды. Сонымен бірге республика көлемінде 1793 Аналар кеңестері құрылды. 2019 жылы Аналар кеңестері жастарды тәрбиелеу, қайырымдылық, елде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру мәселелерінің кең ауқымы бойынша 2000-ға жуық іс-шаралар өткізді. Кез келген шара тиісті деңгейде нәтижесін көрсете алып жүр.

 Елде ұлтаралық келіспеушіліктер орын алса, Қазақстан Халқы Ассамблеясы қандай әрекет жасайды?

 Қазақстан халқы Ассамблеясы сонымен қатар этносаралық қатынастар саласындағы проблемалар, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік тақырыбы бойынша ғылыми зерттеулерді іске асырып келген. Қазіргі күнде ғылыми зерттеулерді үйлестіру үшін арнайы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты ашылып, осы бағытта жұмыс атқарып келеді. 2019 бен 2021 жылдары қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік ғылыми жобалардың конкурсын ұйымдастырып, өткізу белгіленген. Соның шеңберінде ғалымдар мен сарапшылардың халықаралық форумы да өтпек. Қазақстан халқы Ассамблеясы шетелдік қонақтардық қатысуымен «Қазіргі ментальдықтағы этикалық және конфессиялық: әдіснама және зерттеу сұрақтары» халықаралық ғылыми-практикалық семинарын өткізуді жоспарлап қойған. ҚХА жүйелі түрде қоғамның көңіл-күйін зерттеу, этносаралық келісім саласында жыл сайын түрлі кешенді әлеуметтік (социологиялық) зерттеулер жүргізіп келеді.

Ассамблея волонтерлерінің пандемия кезіндегі жұмысы туралы айтып берсеңіз.

«Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында 200 млн теңгеге жуық қаражат жиналып, Ассамблея мүшелері барлығы 200 мыңнан астам адамға көмек көрсетті. Еріктілер дегеніміз өз еркімен, яғни, саналы түрде айналасындағыларға үздіксіз көмектесіп жүретін жандар. Олар жастар да, үлкен кісілер де болуы мүмкін. Шындығында, жас айырмашылығында ешқандай шектеу жоқ. Тек, жүрегімізде өзгеге көмектесуге ниет болса болғаны. Пандемия кезінде Қазақстанның әр өңіріндегі Достық үйлері пандемия кезінде зардап шеккен әлеуметтік осал топтарға жататын отбасыларға азық-түлікпен, тұрмыстық керек-жарақпен көмектесті. Бұдан өзге коронавирустық індетке дейін де біздің ҚХА мүшелері түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп жүргенін айтқым келеді. Арыс қаласында апат болғанда, Ассамблея атынан 160 млн қаржы жіберілді. Сондай-ақ, Мақтарал ауданындағы табиғи апат салдарынан зардап шеккендерге де көмек берілді.

Сіз бір сұхбатыңызда Ассамблеяның басты міндеті мемлекеттік тілге қолдау көрсету депсіз. Осы бағытты сіздер қандай жұмыс жасап жатсыздар? Нәтиже қандай?

Мұхтар Әуезов айтқан: «Біздің заманымызда өз тілі мен әдебиетін білмейтін және бағаламайтын адамды толыққанды зиялы деп санауға болмайды. Себебі ол қандай мамандыққа ие болса да, руханият тұрғысынан ол біржақты азамат болып қала береді». Мен үшін, сондай-ақ біздің елдің әрбір азаматы үшін басты байлық пен құндылық - халықтың бірлігі болып саналады. Қазақстандықтардың топтасуын қалыптастыруда мемлекеттік тілді білу маңызды рөл атқарады деген пікірді ұстанамын. Ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керек. Сонымен қатар, қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті жас кезінен бастау керек деп санаймын, әрбір оқушы мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі үшін балабақшалар мен мектептердегі жұмысты жандандырып, оқытуды нәтижелі ету маңызды. ҚХА қазақ тілінің мәртебесін көтеруге қатысты көптеген шара өткізеді. Мәселен, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты жобамыз, «Тіл жанашыры» атты Қарағанды облысы бойынша ҚХА басшылық ететін жобасы, тілді дамытуға қатысты әкім премиялары, «Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшірудің жаңа стандарты» дөңгелек үстелдері өткізіліп тұрады. Жуырда «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумының өтті. Онда өзге этнос өкілдерінің тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, қазақ тілін білу арқылы жетістікке жеткендерін айтып, оның аясын кеңейтуге қатысты ұсыныстарын ашық алаңда ортаға салды. Тіптен, «Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттың қазақ тілін – мемлекеттік тіл есебінде, ұлтаралық тіл есебінде қолданатын кезі жетті» деген пікірлер де айтылды.

 Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Қазақстан Халқы Ассамблеясының қызметіне сәттілік тілеймін!


Барлық жаңалықтар
3.238.147.211, 192.168.88.100