Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 20 жылдағы жетістігі

10 Қыркүйек, 2021 17:12

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) – тұрақты жұмыс істеп келе жатқан үкіметаралық және халықаралық ұйым. ШЫҰ-ның негізгі мақсаттарына: мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенім мен тату көршілік қатынасты нығайту; өзара саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салалардағы, сондай-ақ білім беру, энергетика, көлік, туризм, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салалардағы тиімді ынтымақтастығын қолдау; өңірде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты бірлесіп қамтамасыз ету; демократиялық, әділ және ұтымды жаңа халықаралық саяси және экономикалық тәртіпті құруға ұмтылу іс-қимылдары жатады. Жиырма жылда ол консультативтік органнан беделді халықаралық ұйымға айналды. Оны ұсыну мен дамытуға Қазақстан тарапына үлкен үлес қосып келеді.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын (ШЫҰ) құру туралы шешім алғаш рет 2001 жылғы 15 маусымда Шанхайда (ҚХР) өткен Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының халықаралық жиынында жарияланды. ШЫҰ-на Өзбекстан қосылмай тұрғанда, аталған елдер Шекара ауданындағы әскери саладағы сенімді нығайту туралы келісім(Шанхай, 1996) және Шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімді(Мәскеу, 1997) бекітіп, «Шанхай бестігі» саяси одағының негізін қалаған еді. Дәл осы келісімдер мен «Шанхай бестігі» кейінгі 2001 жылғы Ынтымақтастық ұйымының құрылуына түрткі болды. Аталған маңызды аймақтық шешімдердің соңынан 2003 жылы қыркүйекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары алдағы 20 жылға арналған көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламаны бекітті. Бұл бағдарламада ШЫҰ кеңістігінде еркін сауда аймағын құру ұзақмерзімді мақсат ретінде, ал сауда және инвестициялар саласында мүше елдерге қолайлы жағдай жасау қысқа мерзімдегі перспектива ретінде қарастырылды. 2017 жылы 8-9 маусымда Қазақстанның астанасында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары кеңесінің отырысы өтті, оның барысында ұйымға мүше мемлекет мәртебесі жаңадан қосылған Үндістан Республикасына және Пәкістан Ислам Республикасына берілді.

ШЫҰ іс-қимыл жүйесі әлемнің басқа аймақтарындағы халықаралық ұйымдарға ұқсамайды, бірақ осы жылдары өзінің құрылымы қалыптасты. Сонымен қазіргі уақытта сегіз мемлекет ШЫҰ-на мүше болып саналады: Үндістан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы. Сондай-ақ мүше елдерден басқа төрт мемлекет ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін алған. Оның сыртында алты мемлекет ШЫҰ-ның диалог бойынша серіктестері болып саналады. Ұйымның жетекші органдарына тоқталатын болсақ, ШЫҰ-да негізгі шешімдерді қабылдайтын жоғары орган – мемлекет басшыларының кеңесі (МБК). Кеңес жылына бір рет жиналып, ұйым аясындағы барлық маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайды. ШЫҰ Үкімет басшыларының кеңесі (ҮБК) көпжақты ынтымақтастық стратегиясын және дамудың басым бағыттарын талқылау, экономикалық және өзге ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін жылына бір рет жиналады, сондай-ақ ұйымның жыл сайынғы бюджетін бекітеді. Ұйымның жұмысын тұрақты ұйымдастырып отыратын екі органы бар – Пекиндегі (ҚХР) Хатшылық және Ташкенттегі (Өзбекстан Республикасы) Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның атқарушы комитеті. Бас хатшы мен Атқарушы комитеттің директорын мемлекет басшыларының кеңесі үш жыл мерзімге тағайындап отырады. ШЫҰ-ның ресми жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері, бірақ Үндістан мен Пәкістан ұйым қатарына қосылған оған ағылшын тілін қосу мәселесі талқыланып келеді.

Жоғарыда айтылған ШЫҰ АТҚҚ дегеніміз не? ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының (АТҚҚ) атқарушы комитеті – ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органы. Оның Штаб-пәтері Өзбекстан Республикасының астанасы - Ташкент қаласында орналасқан. Одан бөлек ШЫҰ Іскерлік кеңесі (ШЫҰ ІК) жұмыс істейді. Іскерлік кеңес 2006 жылы 14 маусымда Шанхай қаласында құрылды және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, іскерлік және қаржы орталарының арасында тікелей байланыс пен диалог орнату, көпжақты жобаларды ілгерілету мақсатында ШЫҰ-ға мүше елдердің бизнес-өкілдерін біріктіретін үкіметтік емес құрылым болып саналады. Сонымен қоса іскерлік топтардың ынтымақтастығына септігін тигізетін ШЫҰ Банкаралық бірлестігі (ШЫҰ БАБ) инвестициялық жобаларды қаржыландыру және банктік қызметті ұйымдастыру мақсатында 2005 жылы 26 қазанда Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен құрылды. ШЫҰ банкаралық кеңесі тараптардың келісімімен қажеттілігіне қарай жылына кемінде бір рет өткізіліп тұрады. 

2016 жылы ШЫҰ-ның сыртқы инвестицияларының көлемі тарихи тұрғыдан 200 млрд. АҚШ долларына жетті. Ал 2019 жылы әлемдік экономикадағы дағдарыстың себебінен бұл көрсеткіш біртіндеп 150 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара инвестициялардың көлемі де ұлғайып келеді. ШЫҰ құрылған сәттен бастап ҚХР ұйымға қатысушы елдерге тікелей инвестициялар көлемін белсенді түрде арттырып отыр. ШЫҰ құрылуының бастапқы кезеңінде тауар айналымының жалпы көлемі 100 млн, АҚШ доллары болса, 2008 жылы ол көрсеткіш 1 млрд. АҚШ долларына жетті. 2012 және 2017 жылдары бұл көлем жаңа рекордтар жасап, 4,13 млрд. АҚШ доллары және 4,73 млрд. АҚШ доллары болды. 20 жыл ішінде Қытай ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден 1,33 млрд. АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция алған екен. Бұл ретте ШЫҰ елдерінен Ресей мен Үндістан Қытайдың негізгі инвесторлары болып саналады. 

c4162706e1b2f365bb2d88dcc8ebe3d6.jpg
ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің онлайн жиыны

Биыл ШЫҰ құрылғанына 20 жыл толуына орай халықаралық маңызды шаралар өткізіліп жатыр. Тәжікстан Президенті, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің төрағасы Э.Рахмонов ШЫҰ-ның 20 жылдық тарихында ұйым жаңа үлгідегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналды және өзекті әлемдік проблемаларды шешуде өзінің әмбебаптығын бірнеше рет дәлелдегенін айтты. «Біз Ұйым шеңберіндегі қызметімізді кеңейтіп, оның мүшелерімен қарым-қатынасымызды нығайтамыз, ШЫҰ желісі бойынша қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге, атап айтқанда, терроризмге, экстремизмге, есірткінің заңсыз айналымына және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың басқа да құбылыстарына қарсы бірлескен жұмыс жүргіземіз» - деді Э.Рахмонов.

2021 жылғы 20 тамызда Душанбе қаласында бейнеконференция форматында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының 20 жылдығына арналған «ШЫҰ-ға 20 жыл: өңірлік форумнан жаһандық мойындалуға дейін» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Тәжікстанның 2020-2021 жылдары ШЫҰ-ға төрағалық етуі бойынша өткен іс-шараны Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы ұйымдастырды. Конференцияға ШЫҰ Бас хатшысы В.Норов, ШЫҰ бұрынғы хатшысы Р.Алимов, сондай-ақ Орталық Азия елдері, ҚХР, Ресей, Үндістан, Пәкістан, ШЫҰ бақылаушы елдері мен диалог бойынша әріптестері, ТМД хатшылығы мен ШЫҰ АТҚҚ өкілдері, ғылыми-талдау институттарының басшылары мен жетекші сарапшылары қатысты. Конференция аясында келесі мәселелер қаралды:

1. ШЫҰ: ынтымақтастықтың 20 жылдық жетістіктері мен даму перспективалары;

2. Өңірдегі тату көршілік, достық және ынтымақтастық қатынастарын тереңдетудегі ШЫҰ рөлі;

3. ШЫҰ және өңірлік қауіпсіздік перспективалары;

4. ШЫҰ елдерінің сауда, қаржы және инвестициялық салалардағы ынтымақтастығын нығайту;

5. ШЫҰ кеңістігінде көлік, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту;

6. ШЫҰ шеңберінде білім, мәдениет және ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамыту.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары С.Көшкімбаев конференцияға қатысып, ШЫҰ өзінің құрамына жаңа мемлекеттерді қабылдаған соң саяси салмағын арттыра отырып, мүше елдер арасындағы, сондай-ақ басқа да азиялық құрылымдармен іс-қимыл аясын кеңейткенін атап өтті. Осы тұрғыдан алғанда ШЫҰ бағыттарының азиялық ұйымдармен және мемлекетаралық платформалармен, сондай-ақ АӨСШК-мен үйлесуі маңызды екені айтылды. Өйткені ШЫҰ-ның барлық мүшелері АӨСШК процесіне қатысады.   

жиын фото.png
2021 жылы 24-25 маусымда Шанхайда өткен халықаралық конференция

2021 жылы 24-25 маусымда Шанхайда гибридті (онлайн-офлайн) форматта Қытай халықаралық проблемалар Академиясының ұйымдастыруымен «ШЫҰ-ға жиырма жыл: өткенге және болашаққа көзқарас" атты халықаралық конференция өтті. Оған ШЫҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің, диалог бойынша әріптестердің жетекші зерттеу институттары, талдау орталықтарынан жалпы 35-тен астам дипломат, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. ШЫҰ Бас хатшысы В.Норов өз сөзінде ШЫҰ-ның осы мерейтойы ұйым кеңістігінен тыс халықаралық ауқымдағы айшықты оқиғаға айналғанын атап өтті.

В.Норов бұрын айтылған пессимистік болжамдарға қарамастан, ШЫҰ-ның әскери-саяси әлеуеті, қаржы-экономикалық қуаты және әлеуметтік-мәдени дәстүрі бойынша ерекшеленетін елдердің тұрақты және қуатты бірлестігі екеніне тоқталды. Ал Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық және аймақтық зерттеу институтының директоры Э.Ариповтің пікірінше, ШЫҰ консультативтік ұйым форматынан толыққанды мемлекетаралық бірлестікке дейін үлкен секіріс жасады. Ол ұйымның 20 жылдық мерейтойы тек өткен жолды бағалауға ғана емес,  алдағы дамудың басымдықтарын қарастыруға жол ашатынын а  йтты. 

Қазақстан Республикасының ШЫҰ мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Е.Әлидің пікірінше, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев ұйымның құрылуына және қалыптасуына, өзара түсіністік пен тең құқықты ынтымақтастықты қалыптастыруға тікелей атсалысты.  Қазақстан бастамасы бойынша ШЫҰ-ның АӨСШК-мен(2014 ж.) және "Астана" халықаралық қаржы орталығымен (2019 ж.) өзара түсіністігі туралы меморандумдарға, ШЫҰ АТҚҚ Атқарушы Комитеті мен Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға (2010 ж.) қол қойды. ШЫҰ-ның Еуразиялық экономикалық комиссиямен формальды қатынасы Еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық әлеуетін кеңейтуге ықпал ететін болады. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаевтың «үш диалогты» ілгерілету, ЕАЭО, ЕО, ШЫҰ және АСЕАН арасындағы жүйелі экономикалық диалогты нығайту бастамасы маңызды болмақ. 

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Астана декларациясы – оның қызметіндегі маңызды деген құжаттың бірі. Өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша ШЫҰ елдерінің келісілген ұстанымдарынан басқа, бұл құжатта бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін сын-қатерге қарсы іс-қимыл қадамдары көрсетілген. Әлемнің әртүрлі аймақтарындағы террористік ұйымдардың белсенділігі осы зұлымдықпен бірлесіп күресудің әдіс-тәсілдерін жетілдіру және дамыту қажеттілігін көрсетеді. Ауғанстандағы тұрақсыздықтан кейін Орталық Азия аумағындағы қауіпсіздік мәселесінің өзектілігі артып кетті. Астанада қабылданған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл туралы мәлімдемесі терроризмге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайту, әлемдік қоғамдастықты жаһандық терроризмге қарсы іс-қимылға жұмылдыруда маңызды саяси құжат болып табылады. 

ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің 20 жылдық мерейтойына арналған онлайн жиында Ел Президенті Қ.Тоқаев ШЫҰ қауымдастығы үшін Ауғанстанды қалпына келтіру мәселесі өзекті болып табылатынын, Қазақстан осы елді әлеуметтік-экономикалық оңалтуға баса назар аудара отырып, "ШЫҰ-Ауғанстан" байланыс тобы шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін білдірді. Сонымен қоса Қ.Тоқаев енді "үш зұлымдықтың күшін" қарумен жеңу өте қиын болатынын,  терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және рухани құндылықтардың девальвациясына қарсы іс-қимылда халықтарымыздың жасампаздық әлеуетін, ШЫҰ мемлекеттерінің бірегей мәдени мұрасын дамыту маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы мерейтой жылын ШЫҰ-ның мәдениет жылы деп жариялауды қолдады. 

Жалпы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жиырма жылдағы қысқаша тарихына үңіле отырып, оның кеңейіп және халықаралық салмағының артып келе жатқанын аңғаруға болады. Әсіресе 2000-жылдардың басында ғана іс-қимылын бастаған ұйымның қатарына  Пәкістан мен Үндістанның қосылуы оған үлкен бедел және халықаралық жауапкершілік алып келді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай Арктикадан Үнді мұхитына дейінгі, шығыста қытайлық Ляньюньганнан бастап батыста ресейдің Калининград қаласына дейінгі ШЫҰ алып жатқан ауқымды кеңістік жалпы әлем халқының 44%-ын қамтиды. Бұл ұйым халықаралық тұрақтылықты ұжымдық күшпен қамтамасыз ету, әлемдегі ең ірі аймақтық ұйым ретінде өзінің жауапты территориясында қауіпсіздікке төнетін сын-тегеуріндерді бірлесіп шешу міндетін қояды. Әлемдегі төрт ядролық державаны, яғни ядролық клубтың жартысын біріктіре отырып, ШЫҰ форматы әлемдік стратегиялық тұрақтылықты қолдау жүйесінің қосымша тіреуші күші болып саналады. Дегенмен, ШЫҰ осы аймақтағы климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, сумен қамтамасыз ету және климаттың өзгеруі, миграция мәселелерін терең зерттеуі қажет. ШЫҰ қауіпсіздіктің дәстүрлі емес қатерлерімен жұмыс істейтін арнайы платформа құруы тиіс. Әртүрлі өркениеттің басын біріктіріп отырған ШЫҰ «өркениеттер арасындағы үнқатысу» алаңын іске қосуына болар еді. Сонымен қоса ШЫҰ-ның үкіметтік емес ұйымдар, талдау орталықтары, тәуелсіз институттармен байланысы әлсіз деп айтуға болады.  АӨСШК мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» инициативасы қолдауға ие болып жатқанда ШЫҰ-ның осы платформалармен байланысы және ара-жігі түсініксіз болып жатады. ШЫҰ ғылыми орталықтары осы мәселені зерделеумен айналысуы тиіс деп санаймыз. 

Барлық жаңалықтар