• Басты
  • Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр
23 Маусым, 2020 09:39

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр

Қазақстанда елдегі коронавирус инфекциясының таралуына айланысты шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бірқатар шара қабылдануда. Бұл жөнінде үкімет отырысына қатысқан Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтып берді, деп хабарлады Strategy250.kz тілшісі. 

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр

Министрдің сөзінше, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы әртараптандыру, жұмыспен қамту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, сондай-ақ халық үшін тауарлар мен қызметтер өндірісінің басты факторы. 

"Ағымдағы жағдайда шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі өзекті. Сондықтан шағын және орта бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандырулар берілді. Несиелендіру кеңеюде және бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету бойынша шаралар қабылдануда. 2019 жылы экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 30,8 пайызды құрады. Өткен жылы шағын және орта бизнес 31,2 трлн теңгеге дейін өнімін өндірді. Республика бойынша 3,4 млн адам шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді", - деді Руслан Дәленов.

Оның пайымынша, бизнес климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан реформалар Қазақстанның Doing Business рейтингінде 25-орынға көтерілуіне мүмкіндік берген.

"Кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін бизнес климатты жақсарту бойынша бірқатар шара қабылданғанды. Бұның қатарына салықтық ынталандыру, тексерулерді қысқарту және несиелеуді кеңейту. Сонымен қатар экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі 2020 жылдың соңына дейінгі кешенді жоспар және бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар қабылданды. Арнайы Мемлекеттік комиссия жұмыс істеуде. 2020 жылдың 18 маусымында парламент бизнес климатты жақсарту жөніндегі заңнамалық реформалардың 8-пакетін қабылдады. Орта мерзімді перспективада кәсіпкерлік қызметті дамытуда жаңа күн тәртібі әзірленетін болады. Шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту бағыты Қазақстанның 2025 жылға дейінгі жаңа стратегиялық жоспарында көзделеді", - деді министр.

Сонымен қатар министр салықтық ынталандыру бойынша қабылданған шараларға тоқталды.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап арнайы салық режимін қолданатын шағын және микробизнес субъектілері үш жылға табыс салығынан босатылды. 1-қазанға дейін еңбекақы төлеу қорына салынатын салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүлік салығы бойынша нөлдік мөлшерлеме белгіленді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының өлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді. Сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруышылығы саласында импорттау кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісімен төлеу мүмкіндігі берілді", - деді министр.

Сонымен бірге Руслан Дәленов азық-түлік тауарларына да қсылатын құн салығының төмендетілгенін тілге тиек етті.

"2020 жылғы 1-қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 12 пайыздан 8 пайызға төмендетілді. Сонымен қатар 1-маусымға дейін салықтық активтендеру және бақылау шаралары тоқтатылды. Барлық шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді", - деді ол. 

Бұдан бөлек министр баяндамасында тексерулерді қысқарту бойынша қабылданған шараларға тоқталып өтті.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап үш жылға шағын және микрокәсіпкерлікке тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізілді. Сонымен қатар жылдың соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектілері үшін жаңа жоспарлы салықтық тексерулер жүргізілмейді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін кәсіпкерлердің "адалдық" презумпциясы қолданыста. Бұл заңнамадағы әртүрлі түсініктерді адал кәсіпкерлердің пайдасына қолдануға мүмкіндік береді", - деді Руслан Дәленов.


Cонымен бірге министр жеңілдетілген кредит беруді кеңейту бойынша қабылданған шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, "Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер үшін қарыз қаражатының соңғы құны енді 6 пайызды құрайды.

"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Субсидиялау мерзімі 5 жылды құрайды. "Қарапайым заттар экономикасы" бойынша несие сомасы шектелмейді. Ал субсидиялау мерзімі - 10 жыл. Кепілдік беру құралы жақсартылды. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша кепілдік қарыз сомасының 85 пайызын құрауы мүмкін. "Қарапайым заттар экономикасы" бойынша кепілдік несие сомасының 50 пайызын құрайды. "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында салалық шектеулер алынып тасталды", - деді Руслан Дәленов


Бұл, министрдің сөзінше, шағын және орта бизнеске қызмет түріне қарамастан,барлық бағдарламаға қатысушы болуға және жеңілдетілген қаржы алуға мүмкіндік бермек.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша тауарлар мен қызметтер тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Осы бағдарлама бойынша несиелеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар Ұлттық банк шағын және орта бизнеске, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге салалық шектеусіз жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 1 жылға 8 пайызбен беріледі. Бұл бағдарламаға 600 млрд теңге бөлінеді. Жалпы несиелеуді ұлғайту үшін көптеген шектеулер алынды. Тетіктер жеңілдетілді және қаражат көлемі ұлғайтылды", - деді ол.



Бұдан бөлек министр бүгінде барлық бағдарлама бойынша кредиттік портфель 1,1 трлн теңгені құрайтынын, сонымен бірге16 мыңға жуық жоба қаржыландырылғанын атап өтті. 

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа бағыт іске қосылады. Бұл микро және шағын кәсіпкерлікті микрокредиттеу. Бизнестің осы санаты үшін субсидиялау есебінен кредиттер 6 пайыз мөлшерлеме бойынша қолжетімді болады. Кредиттер айналым қаражатты толықтыруға 5 млн.теңгеге дейін, өндірістік қажеттіліктерге – 20 млн. теңгеге дейін берілетін болады. Қызмет түрлері бойынша шектеулер болмайды. Сонымен қатар, мемлекет кредит мөлшерінің 85 пайызына дейін кепілдік беруді қамтамасыз етеді. Кредиттерді коммерциялық банктер мен микроқаржылық ұйымдар береді. Субсидиялау және кредиттерді кепілдендіру рәсімдері барынша жеңілдетіледі. Бағдарламаның негізгі мақсаты микро және шағын бизнесті жеңілдетілген кредитпен малсималды қамту болып табылады", - деді министр.



Сондай-ақ Руслан Дәленовтың пайымдауынша, экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша қабылданған Кешенді жоспар және Бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар кәсіпкерлікті дамыту үшін жаңа серпін береді. 

"Кешенді жоспар ағымдағы жылдың 20-шы мамырда қабылданды. Ол салықтық ынталандыру және әкімшілендіруді оңайлату, экспортты дамыту және импортты алмастыру, Өнеркәсіпті дамыту қорын құру және басқаларды көздейді. Бизнес ұсыныстары бойынша Кешенді жоспарға қосымша Бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар әзірленді. Олар ағымдағы жылдың 18-маусымда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданды. Еліміздің барлық өңірлеріндегі бизнес өкілдерінен өзекті мәселелер бойынша келіп түскен ұсыныстар жүйеленді", - деді Ұлттық экономика министрлігінің басшысы. 


Сонымен қоса оның айтуынша, қосымша шаралар сатып алу, қазақстандық үлесті қамту, ауыл шаруашылық техника лизингі, кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндіктерін, тауарларды экспортқа шығаруды және рәсімдерді оңайлатуды көздейді. Жалпы шаралар кәсіпкерліктің ағымдағы мәселелерін шешуге бағытталған. Барлық шаралар бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар анықталды және мерзімдері белгіленді.

Бұдан бөлек министр 2020 жылғы 18-ші маусымда Парламентпен бизнес климатты жақсарту жөніндегі заңнамалық бастамалардың жаңа пакеті қабылданды. Бұл реформалардың 8-ші пакеті екенін айтып өтті.

"Жаңа заң жылжымайтын мүлікпен жасалатын келісімдердің қауіпсіздігін арттыруға және кәсіпорындарды тіркеуді жеделдетуге бағытталған. Сондай-ақ  заңмен бірқатар қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру, электр желілеріне қосу және техникалық жағынан күрделі емес объектілерді салу кезінде рәсімдерді қысқарту көзделген. Бұл жұмыстың алдында реформалардың жеті пакеті қабылданды. Бұл лицензиялардың санын екі есе қысқартуға, өзін-өзі реттеуді енгізуге және бизнесті тексеру үшін негіздер тізбесін екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді", - деді Руслан Дәленов.

Қазіргі уақытта оның сөзінше, 2025 жылға дейінгі Cтратегиялық даму жоспарының жаңа редакциясын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жаңа экономикалық бағыттың негізгі бағдарлары айқындалатын болады.

"Экономиканың одан әрі бағытының маңызды бөлігі кәсіпкерлікті дамытудың "жаңа күн тәртібі" болады. Бұл бойынша реттеушілік апелляция институтын енгізу. Кәсіпкерлер мен бизнес-ассоциациялардың шағымдары бойынша апелляциялық тәртіппен орталық және жергілікті атқарушы органдар актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру тетігін енгізу ұсынылады. Яғни, бизнеске кедергі келтіретін шешімдер тез жойылуы және түзетілуі мүмкін. Бақылау мен қадағалаудан түсетін жүктемені төмендету. Бұл жоспарлы тексерулерден "кәсіпорындарды диагностикалауға" көшу", - деді министр.

Оның айтуынша, бизнестің мұндай диагностикасы жауапкершілікке тартпай жүргізілетін болады және жоспарлы тексерулер санын азайтуға мүмкіндік береді.

"Нарыққа кіруді жеңілдету үшін лицензиялар мен рұқсаттарды максималды қысқарту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Қызметтерді цифрландыру шеңберінде бизнес үшін барлық қызметтерді электрондық нысанда толық қамтуды қамтамасыз ету ұсынылады. Мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Шағын және орта бизнес пікір «жетекшілерімен» тікелей өзара іс-қимыл күшейтіледі. Жаңа орта мерзімді шараларды іске асыру кәсіпкерліктің сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз етеді", - деп түйіндеді министр
ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды