• Басты
  • Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қабылданды
12 Мамыр, 2020 12:37

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қабылданды

Төтенше жағдай кезеңінде үкімет мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнесті қолдау үшін жедел шаралар қабылдады. Бұл туралы кәсіпкерлікті қолдау үшін салықтық жеңілдіктер жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілішісі. 

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін қандай шаралар қабылданды

Мәди Тәкиевтің сөзінше, олар бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, қосымша салықтық ынталандыруды іске асыруды, бизнесті тексерулерден шектеуді көздейді.

"Мемлекет басшысының "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" жарлығына сәйкес бизнесті қолдау үшін мынадай салықтық шаралар қабылданды. Олар саудадан бастап туристік бизнеске дейін экономиканың түрлі секторларын қамтиды. Жыл соңына дейін сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен спорт объектілері бойынша; қоғамдық тамақтану, қонақ үй және туристік қызмет салаларында жұмыс істейтін салық төлеушілер бойынша мүлік салығынан босату белгіленді", - деді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, жеке практикамен айналысатын тұлғалар да, атап айтсақ нотариустер, адвокаттар, сот орындаушылары, медиаторлар 2020 жылдың 1 қазанына дейін мүлік салығынан босатылды.

"Жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жылдың соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды. Ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын агроөнеркәсіптік кешендегі биологиялық активтерінің импортына қосылған құн салығы салынбайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығын төлемейді", - деді вице-министр.

Сонымен бірге оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 2020 жылдың 1 қазанына дейін 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді.

"Микро, шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 қазанға дейін 29 қызмет түрі бойынша еңбекақы төлеу қорынан салық және басқа да міндетті төлемдерден босатылды. Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлерге төленетін үстемақы еңбекақы төлеу қорына салынатын барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерден босатылды", - деді Мәди Такиев.

Бұдан бөлек вице-министр төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер тоқтатылғанын атап өтті.

"2020 жылдың 1 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер мен әлеуметтік жарналарды төлеуге, сондай-ақ салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу бойынша жұмыс мерзімін ұзарту енгізілді. Төтенше жағдай кезеңінде салықтық тексерулер тоқтатылды. 2019 жылғы міндеттемелер бойынша салық есептілігі нысандарын тапсыру мерзімі 2020 жылғы 31 наурыздан 2020 жылғы 31 мамырға ауыстырылды", - деді ол.

Оның сөзінше, жоғарыда аталған салықтық шаралар 700 мыңнан астам салық төлеушілерді қамтиды.
Барлық жаңалықтар
100.24.113.182, 192.168.88.100