• Басты
  • Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары

Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары

3 Тамыз, 2021 10:13

Бүгін үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында қолға алынған шаралар туралы айтып берді. Толығырақ Strategy250.kz тілшісінің материалында.

Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев пандемия жағдайында кәсіпкерлер үшін жалғасып жатқан шектеулер кезінде шағын және орта бизнесті қолдау өзекті мәселе болып отырғанын жеткізді. Сол себепті ағымдағы жылы Ұлттық банктің айналым капиталын толықтыруға жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары, сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек» және «жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Министрдің мәліметінше, кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6 %-ды құрайды. Сонымен қатар, айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру едәуір кеңейтіліп, кредиттер сомасы ұлғайтылған. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылған.

«Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1 триллион теңгеден астам сомаға 31 мыңнан астам жоба жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізді.Осы жылдың қорытындысы бойынша жеңілдетілген несие берумен жалпы несие қоржыны 2,5 триллион теңге болатын 47 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», - деді Әсет Ерғалиев.

Сонымен қатар, ол экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпкерлерді қолдау үшін шағын және орта кәсіпкерлік кредиттерін қайта қаржыландыру жүзеге асырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтіліп, субсидиялау мерзімі 3 айға ұзартылған. Осы іс-шараға бюджеттен 18,4 миллиард теңге бөлінген.

«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары

Министрдің дерегінше, ағымдағы жылдың шілде айында «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жаңа бизнес жобаларын субсидиялау үшін бюджеттен қосымша 13,2 миллиард теңге бөлінген.

«Екі бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 186,3 миллиард теңгені құрап отыр», - деді Әсет Ерғалиев.

Ағымдағы жылдың шілде айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасының түлектеріне шағын несие беру басталған. Оған 22,5 миллиард теңге бөлінген.

Сонымен қатар, министр ауылдағы өз кәсібін жаңадан бастайтын кәсіпкерлердің 5 мыңдай жобасын қаржыландыру жоспарланып жатырғанын атап өтті. Оның мәліметінше, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде жалпы сомасы 441 миллиард. теңгеге 12 447 жоба субсидияланған.

«187 миллиард теңге болатын несие сомасына 10 788 жобаға кепілдік берілді. Аграрлық несие корпорациясы шеңберінде 5,9 миллиард теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілді», - деді Әсет Ерғалиев.

Несиелерді субсидиялау

Министр ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында несиелерді субсидиялау құралы бойынша қолдау көрсетілген жобалардың ең көп саны Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Жамбыл облысында екенін атап өтті. Соның ішінде, кепілдік беру құралы бойынша жобалардың басым бөлігі Жамбыл, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында қолдау тапқан.

Министрдің айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізген сауалнама негізінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жаңа шаралар пакеті әзірленген.

«2021 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру бойынша өзектендірілген кешенді жоспар іске асырылуда. Осы кешенді жоспарда 60 астам қолдау шараларын, оның ішінде бизнеске жүктемені азайту, сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, жаңа реттеушілік саясатты енгізу салаларында іске асыруды көздейді», - деді министр.

Сонымен қатар ол ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап зардап шеккен салаларда түскен табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режимі енгізілгенін атап өтті. Ал, осы жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесіне дейін еңбекақы төлеу қорынан зардап шеккен салаларда салықтарды төлеуді кейінге қалдыру ұсынылған екен.

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңадан құрылған өндірістік компаниялар үшін 70% мөлшерінде қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке алу құқығы берілген. Сонымен қатар, сынылған қорғау құралдарының құны арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері жеке табыс салығынан босатылды. Келесі жылдан бастап бизнесті жаңа негізгі қорларға қайта инвестициялауға пайдаланылатын табысқа корпоративтік табыс салығынан босату жөніндегі шаралар көзделген.

Сондай-ақ, министр бизнеске жүктемені түбегейлі төмендету, оңтайлы және тиімді реттегіш эко жүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдері жасалып жатырғанын айтып өтті. Олар мемлекет пен кәсіпкерліктің өзара іс-қимылының базалық қағидаттарын жетілдіруді көздейді.

«Қазіргі таңда тиісті Заң жобасы Парламентте қаралуда. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бизнес-омбудсмен және бизнес-қоғамдастықтармен өзара тығыз жұмыс жасалуда», - деді Әсет Ерғалиев.

«Ashyq» қосымшасы

Оның айтуынша, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе шеңберінде бизнес мәселелері тұрақты негізде талқыланып жатыр. Соның ішінде, күрделі эпидемиологиялық жағдай кезінде бизнестің толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін сақтау үшін негізгі тәсілдердің бірі – бұл «Ashyq» қосымшасын кеңінен пайдалану. Сондай-ақ, қазіргі таңда бұл бизнестің кәсіпкерлік қызметтен табыс табу және азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі екенін атап өтті.

«Осы мәселе бойынша кәсіпкерлер түсіністік таныту қажет. Аshyq қосымшасын қолдану кезінде бизнес осы тұрғыда жауапкершілікпен қарау керек», - деді министр.

Минитр осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары кәсіпкерлердің Аshyq қосымшасын енгізу және дұрыс пайдалану жұмыстарын белсенді жүргізу қажеттігін ескертті. Сөз соңында ол Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнес ахуалының мониторингі бойынша жұмысты әлі жалғастыратынын жеткізді.

Барлық жаңалықтар