• Басты
  • Шағын және орта бизнес: халықаралық және ішкі ахуал

Шағын және орта бизнес: халықаралық және ішкі ахуал

22 Ақпан, 2021 11:18

Былтырғы мұнай дағдарысы, АҚШ-ҚХР сауда текетіресі және халықаралық санкциялар, сондай-ақ COVID-19 пандемиясының салдарынан туындаған экономикалық дағдарыстың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті және экономиканың көптеген салаларына әсер етті. Осындай жағдайда экономикалық дағдарыстан ең алдымен шағын және орта бизнес секторы зардап шеккенін айту қажет.

Былтырғы жылдан «coronavirus crisis, coronacrisis» терминінің таралып кеткені рас. Коронавирус дағдарысынан қиыншылыққа тап болған шағын және орта бизнес клиенттерін және өз бизнестерін жоғалтып алмау үшін жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүр болды. Жаһандық коронавирус пандемиясы сауда-саттық саласын түбегейлі өзгертті. Тұтынушылар мен кәсіпкерлер интернеттегі сату-сатып алуға жаппай ауыса бастады, осыған орай шағын және орта бизнес бүкіл әлемде қарқынды өзгеріп жатыр. Бірақ бұл дәстүрлі сауда жойылып кетті дегенді білдірмейді, өйткені интернет пен электрондық төлем әлемнің барлық бөлігіне жеткен жоқ, әрі оны қолдана білмейтін егде жастағы азаматтар да көп. Жаңа жағдайға бейімделе алмаған көптеген кәспорындардың қызметкерлері қысқарып, өндірісі тоқтап, жабылуға да мәжбүр болып жатты. Сондықтан осы салаға жауапты ведомстволар мен Үкімет уақытша жеңілдіктер мен қолдау шараларын қарастырды. ЭЫДҰ елдерінде жұмыс орындарының 60%-ы және ЖІӨ-нің жартысынан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі болғандықтан, осы елдердің үкіметтері бизнесті қолдауға айтарлықтай күш жұмсады. Ондағы негізгі шаралар төлем қабілетін қалпына келтіру, ішкі сұранысты ынталандыру, банкрот рәсімдерін жеңілдету және бизнесті жедел әрі кедергісіз бастауға бағытталған. Осындай шараның барлығы коронивирус пандемиясы кезінде халықтың денсаулығын сақтап, індеттің таралуын шектеуге арналды. Ең алдымен пандемия шағын және орта кәсіпкерліктің пәрменін қалай өзгертті дегенге жауап іздеп көрейік:

Біріншіден, 2020 жылы күнделікті атқарылатын жұмыстарды автоматтандыру және роботтарды сол процеске араластыру бизнестің қиыншылықтарға жауап беруіне көмектесті. Мәселен, бизнес-процестерді зерттеушілер көршілес Ресейдің 300-ден астам ірі компаниялары – телекомммуникация операторларының, бөлшек сауда орындарының, қаржы ұйымдарының және басқа да салалардың өкілдерінен сұхбат алып, осындай тұжырымға келген. Компаниялар пандемия жағдайында бірінші кезекте бюджеттің қысқаруына (46 пайыз), қызметкерлердің тиімділігін бақылау мүмкіндігінің болмауына және шешімдердің баяу қабылдануына (40 пайыз) тап болғанын көрсеткен. "ABBYY Россия" компаниясының бас директоры Д.Шушкин «банктер қызмет көрсету режимінде жұмысты ұйымдастыруға көп күш жұмсады, атап айтқанда мобильді қосымшаларын оңтайландырып, тұтынушыларды қолдау үшін чат-боттарды іске қосты» дейді. Сату саласы бетпе-бет байланыссыз, өнімдерді экспресс-жеткізу қызметін ұйымдастыра бастады, логистикалық компаниялар заңдық күші бар электрондық құжат айналымын енгізді, электрондық келісімшарттарға назар аударды, ал кейбіреулері толығымен электрондық келісімдерге және құжаттарға қағазсыз қол қоюға көшті. Дегенмен, осы сауалнамаға қатысушылардың 14 пайызы өздерінің IT-инфрақұрылымы қашықтан оқытуға және жұмыс істеуге дайын емес екенін айтады.

Екіншіден, цифрландырудың бизнестегі орнына байланысты киберқауіпсіздіктің өзектілігі артты. 2020 жыл көптеген компаниялардың IT-стратегиясына айтарлықтай әсер еткен. пандемия бизнесті цифрландыру үрдісін күрт және бірнеше есе жылдамдатып жіберді. Кейбір сарапшылар 2020 жылы бизнесті цифрландыру саласы бірнеше жылға алға секіріс жасады дейді. Қашықтан жұмыс істеу және білікті қызметкерлердің жетіспеушілігі жағдайында роботтандырудың өзектілігі артып кетті. Бірақ ол процесс барлық компанияларда тең дәрежеде бола бермейтіндіктен, бірқатар компаниялар ең кешенді және күрделі жобаларды кейінге қалдырған. Сонымен бірге, нарықтың бір бөлігі цифрлық трансформация процестерін, атап айтқанда, бизнес-процестерді автоматтандыруды және бұрын қарастырылмаған процестерді күшейткен. Бұрын интеллектуалдық виртуалды ассистенттер, дыбыстық және мәтіндік роботтар клиентпен байланысты нығайту үшін қолданылатын қалыпты құрал болса, 2020 жылы қашықтан жүмыс істеу жағдайында клиенттермен қарым – қатынас жасаудың жалғыз және бизнестің өмір сүру құралына айналды. Тікелей байланыссыз және бет-әлпетті тану жүйелері алғашында қауіпсіздік пен қолайлылық үшін болса, пандемия кезінде бетпе-бет байланысты азайту және денсаулықты сақтау үшін қолданылды. Ал, қауіпсіздік мәселесі бұрын-соңды болмағандай өзекті. Өйткені, тұтынушыларға қызмет көрсетуді және цифрлық ортада төлемдер қабылдауды ұйымдастыру маңызды, бірақ бұл процестерді қауіпсіз ету одан да өзекті. Өйткені тұтынушылар онлайн және сандық төлемдерге дайын болғанымен, олар өздерін қауіпсіз сезінуі қажет. 


COVID-19 кезеңінде жиі қолданылған онлайн коммуникация құралдары

Үшіншіден, компаниялардың арасындағы бәсеке артты. Коронавирус пандемиясы жалпы алғанда бизнеске үлкен соққы болғанымен, кейбір елдердің экономикасындағы үрдістерге оң ықпал еткен. Мысалы кәсіпкерлер өзара бәсекелестіктің өскенін және цифрландырудың арқасында көлеңкелі бизнес-схемалардың азайғанын айтады. «Magram Market Research» зерттеу агенттігінің шағын бизнес саласы бойынша жүргізген ай сайынғы сауалнамасы көрсеткендей, қатысқан кәсіпкерлердің 48 пайызы 2020 жылы өзара бәсеке артқанын атап өткен. «Magram Market Research» мәліметтері бойынша, бәсекелестіктің өсуі пандемияның тікелей салдары болып табылады. Ол дегеніңіз – шектеулі шаралар, цифрландыру және халықтың төлем қабілеттілігін төмендету жағдайында клиенттердің мінез-құлқы мен бизнесті жүргізу әдістерінің өзгеруіне әкелді. Респонденттердің 43 пайызы бәсекелестік деңгейі өзгермегенін және тек 9 пайызы оның төмендегенін айтқан. Көптеген кәсіпкерлер (60 пайыз) бәсекелес компаниялардың саны өз салаларында өзгермегеніне тоқталған, яғни пандемия қазіргі бизнес өкілдерінің арасындағы бәсекелестіктің артуына себеп болған. Электрондық қызметтердің қарқынды дамуы ірі ойыншыларды шағын бизнес нарығына шығара бастады. Бүгінгі нарықта шағын бизнестің кеңістігі азайып, сәйкесінше бәсекенің артуын байқауға болады. Белсенді цифрландыру үрдістері мен пандемия кезеңіндегі мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары бизнестің ашықтығына ықпал етті деп санайды. 

Төртіншіден, жаңа жағдай кәсіпкерлерді бейімделуге және жаңашылдыққа итермеледі. Қаржылық мүмкіндіктері мен ресурстары бар ірі корпорациялар қашықтағы және кеңседегі жұмысты  біріктіретін форматтарды әзірлеп, жұмыс кестесін ғана емес, сонымен қатар HR-практикаларды, кеңселердің орналасуы, пайдаланылатын технологияларды жетілдіріп, өз командаларын жаңа жұмыс моделіне ынталандырды. «Visa»-ның сегіз елде жүргізген зерттеуіне сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің үштен екісінен астамы (67%) клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қандай да бір жаңашылдық енгізген. Ол – ecommerce сайты немесе сауда орындарында POS-терминалдарда электронды төлем қабылдау функциясын қосу. Кәсіпкерлердің жаңа арналарды қолданғаны таңқаларлық жағдай емес. Осындай уақытта кәсіп иелері тұрақты клиенттерін сақтауға күш салып, жаңаларын тартуы керек. Жаңа жағдайда саудагерлер клиенттердің жаңа төлем әдеттеріне назар аударуы керек. Мысалы, зерттеу көрсеткендей, адамдардың 78%-ы бұрын пайдаланып көрмеген төлем әдістеріне бейімделген. Шамамен 49% - ы интернетте сауда жасаған, ал 48%-ы POS-терминалдан wifi немесе QR код арқылы төлемдерді қалайды, ал 46% - ы қолма-қол ақшаны пайдаланғысы келмейтінін айтқан. Клиенттермен байланысын сақтау үшін аяқ асты өз бизнесін интернет пен әлеуметтік желіге аударып, физикалық операцияларын цифрландыруға жедел көшкен дүкендер көп болды.


ҚР-дағы жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны (пайызбен) 

Халықаралық шағын және орта бизнестің ахуалынан Қазақстанға қарай ойысатын болсақ, «EY» компаниясының зерттеуі бойынша Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесі ЖІӨ-нің 30,8%-ына жетеді және 3,3 млн адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 37%-ын құрайды. Өнім шығарудың ең көп үлесі (88%) шағын (15-100 адам) және орта (101-250 адам) кәсіпорындарға тиесілі, бұл ретте олар жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің 20% - ын ғана құрайды. ШОБ субъектілері мен жұмыспен қамтылғандардың жартысына жуығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда жұмыс істейді. Яғни негізгі мегаполистерде шоғырланған. ШОБ субъектілерінің 2/3-і және жұмыспен қамтылғандардың жартысы еңбек өнімділігі төмен салаларда істейді: көтерме сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары. 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекте шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығарылымы 21772,2 млрд. теңгені құрады. ШОБ субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі 63,2%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 20,3%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 16,3%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 0,2%-ды құрады. Қазақстанда былтырдан бері басқа елдердегідей қолдау шараларының көпшілігі іске қосылды. Алайда, басқа елдерде кеңінен қолданылатын кейбір шаралар Қазақстанда әлі енгізілмеген. Пандемияның ШОБ секторының кәсіпкерлеріне әсерін зерттеудің негізгі тұжырымдары:

1. Пандемия Қазақстандағы ШОБ-қа, әсіресе қызметкерлерінің саны 10 адамнан кем микробизнес өкілдеріне айтарлықтай кері әсер етті.

2. Қазақстандағы ШОБ ең ірі екі қалада шоғырланған, жұмысшылар саны 100-ден 250 адамға дейінгі кәсіпорын үлесі төмен және еңбек өнімділігінің төмен салаларда шоғырланған деп сипатталады.

3. Мемлекет ұсынған шаралардың ішінде ШОБ субъектілерінің көпшілігі салық төлеу мерзімін ұзарту, салықтар мен жарналарды төлеуден босату, сондай-ақ өтімділік проблемасына байланысты төлемдерді тоқтата тұру мүмкіншіліктерін пайдаланды.

4. Респонденттердің 15% - ы мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алмағанын, жартысынан көбі қолжетімді ақпараттың болмауы, бюрократия, немқұрайлылық және тиісті коммуникацияның болмауы сияқты кедергілерді көрсеткен.

Мемлекеттік қолдаудың қазіргі таңда аса өзекті қосымша қажетті шаралары ретінде кәсіпкерлер: пайыздық мөлшерлемені төмендету немесе қарызды созу, пайызсыз несие беру, тікелей қаржылық субсидия; тікелей қаржылық қолдау шаралары ретінде жалға алу және коммуналдық шығындарды өтеу; импорттық және экспорттық рәсімдерді жеңілдету; өсімпұлды алып тастау, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге сұранысты кеңейту үшін халықаралық және отандық компанияларды тізбекке енгізу мәселесін көрсеткен. 


Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметтерінің көрсеткіштер құрылымы (пайызбен) 

ШОБ секторын қалпына келтіру және кәсіпорындардың тоқтап қалуына жол бермеу, сондай-ақ жұмыссыздықтың артуы мемлекеттің экономикалық саясатында басымдық алып отыр. Бүгінде бизнесті мемлекеттік қолдау тақырыбы БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланады. Осы күрделі мәселенің шешімін іздестіру және жетілдірудің тиімді жолдарын ұсыну бойынша елімізде бірқатар мекемелер жұмыс істеп келеді. Жаһандық ауқымда кәсіпкерлер өз бизнесі қайтадан қалпына келуі үшін кем дегенде 6-10 ай керек екенін айтады. Сонымен қатар, олардың ең үлкен алаңдаушылығы табыстың төмендеуі, жаңа клиенттерді тарту және қызметкерлердің жалақысын төмендетумен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті қорғау барлық елдердің үкіметтері үшін басым міндеттің бірі болуы керек. Егер ШОБ дағдарыстан қалпына келмесе, көптеген экономикалар қиындықтарға тап болады. Себебі адамдардың 60%-дан астамы әдетте шағын бизнесте жұмыс істейді екен.

Пандемия жағдайындағы шағын және орта кәсіпкерліктің оң өзгерістеріне қарамастан, тұтастай алғанда ұзаққа созылған карантин шаралары бизнес саласындағы белгісіздік факторын күшейте түсті. Кәсіпкерлердің 66 пайызы дәл осы факторды басты мәселе ретінде көрсеткен. Әрбір үшінші кәсіпкер жоғары шығындар туралы айтады. Шағын бизнес сегменті үшін жалдау ақысы мен қызметкерлердің шығындары, салық жүктемесі шығындардың ең үлкен бөлігі болып саналады. Қазір коронавирус дағдарысының екінші толқыны басталып, «жаңа шектеулер енгізіліп, тіпті қазіргі шектеулер күшейтілуі мүмкін» деген де пікірлер жоқ емес. Сондықтан кәсіпкерлер екінші сценарий іске қосылған жағдайда компанияны сақтап қалудың, цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланудың жолдарын қарастыруға тырысады. Дегенмен, әр мемлекетте коронавирусқа қарсы вакциналардың пайда болуы кәсіпкерлердің алдағы алты айда карантиндік шектеулер мен шығындардан шыға аламыз деген үміт сыйлайды. Сондықтан көптеген шағын және орта бизнес өкілдері алдағы уақытқа инвестиция салады. 


Барлық жаңалықтар